12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

Аман КУНИКЕЕВ, Алматы облыстық өңірлік комиссиясы №2 жұмыс тобының жетекшісі: «РСФСР ҚЫЛМЫСТЫҚ КОДЕКСІНІҢ 61-БАБЫМЕН СОТТАЛҒАН ШАРУАЛАРДЫ ДА АҚТАУ КЕРЕК»

– Аман Дәулетұлы, әңгімемізді өзіңіз жетекшілік ететін жұмыс тобының негізгі қызметінен бастасақ.

– Біздің жұмыс тобының толық атауы – Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның Алматы облыстық өңірлік комиссиясының №2 жұмыс тобы. Ол шаруа қожалықтарын күштеп ұжымдастыруға және қазақ отбасыларын отырықшыландыруға ұшыраған кулактардың, байлардың, жартылай феодалдардың (орта шаруалардың) және шаруа қожалықтарының тәркіленген шаруашылықтары бойынша қозғалған қылмыстық істерді, әкімшілік материалдарды зерделеумен айналысады. Бұл бойынша 83 тәркіленуші шаруаның тізімін анықтап, оның 30-ы ақталмағаны дәлелденіп отыр. Алматы облысының шекаралық аудандарынан мал-мүлкі тәркіленіп, жер аударылған 273 шаруаның тізімі бар. Мамандардың тиісті талдауынан өтіп жатқан түрлі шаруашылық-саяси науқандарда жазаланғандар мәселесі бойынша 1932 жылғы 7 тамыздағы заңына сай Алматы облысында 1634 шаруа сотталғаны анықталған. Ал 1947 жылғы 4 маусымда қабылданған осыған үндес жарлық бойынша жазаланғандар саны 181 адамды құрады.

– Осы арада тәркілеуге ұшыраған байлардың тізіміне арнайы тоқтала кетсеңіз. Өйткені, қазақ пен орыс ұғымындағы бай мен богач сөздерінің айырмасы бар екенін көп адам біле бермейді?

– 1928 жылғы Жетісудан тәркілеуге ұшыраған ірі байлардың тізімі мұрағат қорында «Байлардың жеке ісі» деген атпен сақталған. Аталған тізім кейіннен осы өлкеге тарайтын орыс тіліндегі «Жетісу ұшқыны» газетінің 23 қыркүйектегі №106 (398) саны мен қазақ тілінде жарық көретін «Тілші» газетінің 26 қыркүйектегі №56 (383) санында жарияланған. Тізімде әр ауданның мүлкі тәркіленген азаматтардың аты-жөні ретімен берілген екен.

– Жұмыс тобы соңғы жылдары ғана Алматы және Жетісу деп екіге бөлінген бұрынғы Алматы облысы аумағын толық қамтыған ғой.

– Оныңыз рас. Комиссия құрылған кезде олар бөлінбеген болатын. Жетісу облысында өңірлік жаңа комиссия әлі құрылмағандықтан біз бұрынғыша өз жұмысымызды қазіргі екі облыс аумағында да жалғастырып келе жатырмыз.

– 1930 жылғы 14 қыркүйектегі шекаралық аудандардан бай-кулактарды жер аудару туралы ВКП (б) Қазақ өлкелік комитеті қаулысы қалай жүзеге асырылғанын анықтадыңыздар ма?

– Қазақ өлкелік комитеті қаулысына сәйкес ОГПУ Алматы округінен 263 іс бойынша 273 шаруаны әртүрлі жазалаған. Жұмыс тобының мамандары осы 273 адамның тізімін анықтады. Бұл құжат 21.01.1931 жылғы дерек. Мәселен, Қазақстан өлкелік бақылау комиссиясы – ҚАССР жұмысшы-шаруа инспекциясы халық комиссариаты мәліметтерінде Калинин ауданындағы бір ауылдық кеңес 4 кулакты өлім жазасына кескенін көрсеткен. Есік ауданында колхоздың рұқсатынсыз кез келген мүлік пен азық-түлікті сатуға және сатып алуға тыйым салынды. Колхозға кіруден бас тартқандар да жазаланды. Калинин ауданында бір уәкіл 16 орташа мен кедейлерді барлық сиырларды ортақтастыруға қарсы шыққаны үшін қамаған. Өлкекомнан уәкіл болып Қастек ауданына жіберілген Қубасов Алматы округінде жаппай ұжымдастырылған аудан саналып, кулактарды жою шаралары жүргізілген Есік ауданында 138 шаруашылық тәркіленіп, сотқа берілді. Кулактарға қатысты 58 көрнекі сот өткізіліп, олар әртүрлі мерзімдерге қамауға алынып, жер аударылу мен жерден айыруға кесілді. 1930 жылдың 22 ақпаны қарсаңында ауданда 3647 шаруашылық (84%) ұжымдастырылды.

– Оның ішінде Жедел үштік шешімі бойынша жер аударылғандар саны қанша?

– 1930 жылдың 1 наурызындағы округком Жедел үштігі шешімімен округ аумағынан тыс жерлерге жер аударылатын 2-категориялы кулак шаруашылықтар Есік ауданынан – 120, Калинин ауданынан – 200, жалпы көлемі 320 шаруашылық және 1600 жан (бір шаруашылыққа 5 жаннан есептегенде) деп белгіленді. 1930 жылдың 10 сәуіріндегі құпия анықтамаларға сәйкес, Өлкеком комиссиясы қаулысымен Алматы округінен басқа округтерге 2-категория бойынша 320 кулак шаруашылығы жер аударуға жатқызылса, соның 153 шаруашылығының (771 адам) өкілдері жер аударылған. Ал округтің өзі ішінде жаппай ұжымдастырылған аудандардан басқа аудандарға жер аудару межесіне үшінші категориялы 365 шаруашылық жатқызылып, оның 86-сы жер аударылған.

– 1929 жылдың қарашасында Өлкеком отырықшыландыру бойынша жоспарлы жұмыстарды бастау жөнінде арнайы шешім қабылданғанын білеміз…

– Оныңыз рас. Соның нәтижесінде 1930 жылдың басында ХКК жанынан республикалық отырықшыландыру комитеті құрылды. Алматы округінен отырықшыландыруға жататын көшпелі және жартылай көшпелі шаруашылықтар саны 18046 құрады. БК(Б) П Орталық комитеті 1929 жылдың 20 желтоқсанында «Ет проблемасын шешуге байланысты шаралар» туралы қаулы қабылдады. 1929 жылдың 6 қаңтарындағы Алматы округтік атқару комитеті Орталық өлкелік өкіметтің 34 мың мүйізді ірі қара шығару жөніндегі тапсырмасын, округтік атқару комитеті төмендегіше жоспарды қабылдайды. 1932 жылы 7 тамызда Орталық Атқару комитеті мен КСРО Халық Комиссарлар Кеңесінің «Мемлекеттік кәсіпорындардың, колхоздардың және кооперациялардың мүлкін қорғау және қоғамдық (социалистік) меншікті қорғау туралы» қабылдаған қаулысына сай («Бес масақ» заңы) Алматы облысы бойынша сотталған 1634 шаруаның есімі анықталды.

– Алматы облысы аймағында бай-кулактарды жою бойынша жазаланғандардың саны белгілі ме?

– Архив құжаттарына сәйкес Алматы облысы бойынша бай-кулактарды жоюда 1103 адам жазаланған. Олардың ішінде 1031-і бай, 18-і молда, 51-і орташа, 3-уі кедей болған. Жазаланған, тәркіленіп, жер аударылған шаруалар ішінде шекарадан өтіп кету мақсатында келіп, тұрақтап қалған «Сібір кулактары» деген категория болған. Деректерде олардың саны 65 адам деп көрсетілген. Шаруаларды сот арқылы қуғындауға большевиктер 1926 жылғы РСФСР Қылмыстық кодексінің 61-бабын да пайдаланды. Онда міндеттемелерден, қоғамдық маңызы бар жалпымемлекеттік міндеттемелерден немесе істерді атқарудан бас тартқандарға қылмыстық жаза көзделген. Бұл баптың да мәнісі азаматтық құқықтарға қол сұғу. Бұл баппен сотталған шаруаларды да ақтау керек деген ойдамыз.

– Сұхбатыңызға рақмет.

Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ, «Заң газеті»

Украина төңірегіндегі жағдай ушықты: Тоқаев тапсырма берді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Украина төңірегіндегі жағдай ушығуына байланысты тапсырма берді.

ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ АЛАЯҚТАРДЫҢ АЗЫҒЫ БОЛМАУЫ ТИІС

Қазақ халқының дәстүрінде қайырымдылық пен жомарттық ерекше орын алады. Жетімін жылатпай, жесірін қаңғытпай, мұқтажға қол ұшын созу – ұлтымыздың асыл қасиеттерінің бірі. Алайда соңғы уақытта қайырымдылық саласында орын алған кейбір келеңсіз оқиғалар осы түсініктерге қаяу түсірді.

Что угрожает единству общества? 

Депутат Мажилиса Парламента подозревает некие скрытые силы в проведении целенаправленной кампании по дестабилизации политической ситуации в стране с использованием социальных сетей и других онлайн-платформ.

Елімізде қаңтардағы демалыс күні ауыстырылды

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2025 жылдың қаңтарындағы демалыс күнін ауыстыруды көздейтін бұйрық дайындады.

Депутат мектеп бағдарламасына жаңа пән енгізуді ұсынды

Мәжіліс депутаты Аманжол Әлтай мектеп бағдарламасына балалар Қазақстанның материалдық емес мәдени мұрасын зерттейтін жаңа пән енгізуді ұсынды.