Өзбекстанда халықаралық адвокаттардың конференциясы өтті. Онда адвокатура институтының даму перспективалары талқыланды. БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссары басқармасы және Адам құқықтары саласындағы еуропалық оқыту бағдарламасы (HELP) бірлесіп ұйымдастырған шарада маңызды мәселелер көпшілік талқысына салынды.
Ауқымды форум жұмысына Өзбекстан, Әзірбайжан, Грузия, Тәжікстан, Қазақстан, Қырғызстан, Армения, Молдова, Ресей, Үндістан, Корея адвокаттық қоғамдастықтарының басшылары қатысты. Қазақстан Адвокаттар алқасы атынан төраға Айдын Бикебаев, РАА төралқасының мүшелері Гүлнар Байғазина және Әсел Тоқаевқа өкілдік етті. Конференция қазіргі әлемдегі адвокатура мен адвокаттық қызметті цифрландыру, Өзбекстан тәжірибесі мен халықаралық тәжірибе аясындағы ақысыз заң көмегі, адвокаттар қызметінің кепілдіктері, кәсіпкерлікті құқықтық сүйемелдеу, адвокаттардың біліктілігін арттырудың мәселелеріне арналған төрт сессиядан тұрды. Өзбекстан Республикасы адвокаттар палатасының төрағасы Әлім Эрназаров конференция қатысушыларына өзінің құттықтау сөзінде адвокатура уақыттың сын-тегеуріндеріне жауап беретінін және оның дамуының жаңа үрдістері конференция тақырыбында көрініс тапқанын атап өтті. Өзбекстан Сенаты төрағасының бірінші орынбасары Содик Сафоев 2016 жылдан бастап Өзбекстанда адвокатура институтын нығайтуға бағытталған реформалар жүргізіліп жатқанын және осы жылдың басында Өзбекстан Президентінің жарлығымен жаңа Өзбекстанның 2022–2026 жылдарға арналған даму стратегиясы қабылданғанын хабарлады. РАА төрағасы өз сөзінде адвокаттық қызмет кепілдіктерінің орындалуын қамтамасыз ету бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар және адвокатураны одан әрі дамыту перспективалары туралы айтты. Гүлнар Байғазина адвокаттардың біліктілігін арттыру жүйесі аясында Қазақстанның тәжірибесімен бөлісті. Ал Әсел Тоқаева кәсіпкерлікті құқықтық сүйемелдеумен байланысты мәселелерді талқылау барысында осы бағытта жүргізіліп жатқан жұмыстар бойынша еліміздегі оң істерді ортаға салды. Ресей Федерациясының Федералды палатасының президенті Юрий Пилипенко «Тегін заң көмегі» панельді сессиясында сөйлеген сөзінде жақын уақыттан бері Ресей Федерациясының барлық аймақтарында мемлекеттік заң бюроларын құру бойынша жұмыс жүргізіліп жатқанын, бұл саланы мемлекеттің өзі монополиялау перспективасы бар екенін атап өтті. Оның айтуынша, ресейлік адвокатура бұл тәсілдің жақтаушысы емес, өйткені бүкіл ел бойынша мемлекеттік заң кеңселерін құру «мемлекеттік адвокатураның» қалыптасуына әкелуі мүмкін, бұл білікті заң көмегінің табиғатын айтарлықтай бұрмалауға әкеледі. Әзірбайжан Адвокаттар алқасының төрағасы Анар Багиров 2020 жылдан бастап елдегі адвокаттар алқасы ақысыз заң көмегін көрсетуге арналған қаражатты есепке алып, мониторинг жасаумен айналысатынын айтты. Ақысыз заң көмегін көрсету жөніндегі жұмысты үйлестіру үшін Әзірбайжан Адвокаттар алқасы арнайы орталық құрған. Қырғыз Адвокаттар алқасының төрағасы Билим Райымқұлов өткен жылы Қырғызстан Президенті адвокаттар съезіне қатысқанын, оның шеңберінде адвокатураның мәселелері бойынша жекелеген тапсырмалар берілгенін хабарлады. Қазіргі уақытта Қырғыз адвокатурасы ақысыз заң көмегін көрсетуге қатысу үшін ақы төлеу тарифтерін әзірлеуде. Бұл ретте қылмыстық істер бойынша ақысыз заң көмегін алуға Қырғызстан азаматтары да, шетел азаматтары да құқылы, ал азаматтық істер бойынша ақысыз заң көмегін тек Қырғызстан азаматтары ғана ала алады. Форумды ұйымдастырушылар конференцияның негізгі мақсаттарына қол жеткізілгенін атап өтті. Түрлі елдер адвокатураларының өкілдері тәжірибе алмасты. Цифрландыру дәуіріндегі адвокаттық қызметтің болашағы туралы сараптамалық пікірлерге шолу жасалды, үздік тәжірибелер және тегін заң көмегін көрсету саласындағы проблемалардың шешімдерін іздеу қарастырылды. Конференция соңында Өзбекстан Адвокаттар палатасының Қазақстанның Адвокаттар алқасымен ынтымақтастығы туралы меморандумға қол қойылды.
Республикалық адвокаттар алқасының баспасөз қызметі