Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты Темір аудандық Пробация қызметінің есебінде тұрған 37 жастағы сотталған азаматша қайта құқықбұзушылық жасағаны үшін Сот үкімімен 2 жыл 3 күн мерзімге бас бостандығынан айырылды. Сотталған азаматша бұдан 9 ай бұрын бөтеннің мүлкін жасырын жымқырғаны үшін істі болып, 2 жыл 6 айға сотталған болатын.
Пробация қызметіне есепке алу барысында Темір аудандық пробация қызметкерлері сотталған азаматша Ю.-ге жазаны орындау тәртібі, сот жүктеген міндеттер мен пробациялық бақылаудың шарттарын егжей-тегжейлі түсіндіріп, жаза тәртібін бұзған жағдайда бас бостандығынан айырылатынын ескерткен болатын. Бұған қоса, аудандық пробация қызметі сотталған Ю.-дің түзелу жолына нақты тұруы үшін оған бірқатар әлеуметтік- құқықтық көмектер көрсетеді: тұрғылықты жері бойынша ақылы- қоғамдық жұмысқа орналастырады және тұрғылықты мекен- жайын тексеру барысында сотталғанмен ылғи профилактикалық әңгімелесулер жүргізіп отырады.
Алайда, сотталған азаматша Ю. пробация қызметкерлерімен өзіне көрсетілген осыншалықты қолдауды ескерместен, ішімдікке салынуын тоқтатпай, аяғына тағылған электронды бақылау құралын қасақана бұзады.
«Сотталған азаматша жаза өтеу тәртібін бірнеше рет бұзғаны және пробация қызметкерлері таққан электронды бақылау құралын бұзғаны үшін түзеу мекемесіне қайтарылды. Өзгелерге де сабақ болсын деген мақсатпен, онлайн форматта өткен сот отырысына құқық бұзушылыққа бейім Пробация есебінде тұрған басқа да сотталғандар қатыстырылды. Осы ретте сот талаптарын орындамаған сотталған азаматша Ю.-дің аталған заңбұзушылық әрекеті басқа да есепте тұрған сотталғандарға сабақ болады деп сенеміз»,- дейді Темір аудандық пробация қызметінің аға инспекторы әділет капитаны Хамзат Отарбаев.