12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

МЕДИЦИНАЛЫҚ ҚАТЕЛІК ҮШІН ДӘРІГЕРДІҢ ЖАУАПҚА ТАРТЫЛМАҒАНЫ ДҰРЫС ПА?

Елімізде медициналық қателік үшін дәрігерлер түрмеге қамалмауы мүмкін. Сонымен қатар, қолданыстағы заңнамада ақ халаттылардың ұқыпсыздығына қатысты жаза да жеңілдеуі ғажап емес. Парламент Мәжілісінде тұсауы кесілген «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының негізгі жаңалықтары осындай. Жаңа құжатты депутаттар алдында таныстырған Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният сөзін біздегі заңның ақ халаттылар үшін тым қатал екенін мәлімдеуден бастаған еді.

Оның айтуынша, қатаң талап салдарынан бүгінгі таңда денсаулық сақтау саласына келетін мамандар азайып бара жатыр. Бұл өте қауіпті үрдіс. Сондықтан дәрігерлердің ұқыпсыздығынан денсаулыққа ауыр зиян келмесе айыппұлдар көлемін екі есеге дейін азайтып, абайсызда адам өліміне душар еткен жағдайда дәрігерді қамамай, бостандығын шартты түрде шектеу қажет. Бұл шешімді министр «Әдейі емес, яғни, сырқаттың ауыр жағдайы, отаның күрделі өтуіне байланысты, медициналық қажетті аппараттар хаттамаға сәйкес болмаған жағдайда осындай шешім қабылдану керек» деп тәпсірледі. Кәсіптік міндетін тиісінше орындамағаны үшін жазаны ізгілендіру бірінші кезекте азаматтардың құқығын қорғауға, медициналық қызметтерді алу кезінде денсаулығы мен өміріне келтірілген зиянды өтеуге, сондай-ақ, медицина қызметкерлерін заңдық және қаржылық қорғауға, науқасқа көмек көрсету кезінде қызметі қоғамдық-пайдалы тәуекелмен байланысты саладағы жоғары білікті мамандардың кетуін азайтуға жол ашады. Ал, шынында да медициналық қызметкерлер қатесінен зардап шеккендер құқын қорғау үшін медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігін арттыруда міндетті сақтандыру жүйесін кезең-кезеңімен енгізу жоспарланып отыр. Министр ханым бұл реформа көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыруға мүмкіндік беретініне және республикадағы денсаулық сақтау саласының халықаралық аренадағы жақсы рейтингіне ықпал ететініне сендіруге тырысты. Жалпы, медицина қызметі қауіп-қатермен байланысты мамандықтарға жатады. Өкінішке қарай, бұл ауыр еңбек лайықты бағаланбай отыр. «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекстің 270-бабында медициналық көмек көрсету кезінде пациенттің өміріне және денсаулығына зиян келтірілген жағдайда медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігін сақтандыру құқығы заңнамалық түрде бекітілген. Әлемде сапасыз медициналық қызмет көрсету кезінде медицина қызметкерлерінің жауапкершілігін реттеу үшін әртүрлі тәсілдер бар. Министр ханым олардың бірқатарын айтып өтті. Мысалы, Францияда заңды тұлғалар, яғни, медициналық ұйымдарда медициналық қылмыстық құқық бұзғандығы үшін қылмыстық, Англияда медициналық мекеменің әкімшілігі медициналық қателік жіберген медицина қызметкерінің тиісті жұмысын қамтамасыз етпегені үшін азаматтық жауапкершілікке тартылады. Израильде медицина қызметкері қызметін жүзеге асырған мекеме немесе ұйым азаматтық-құқықтық жауапты болады. Қателіктің құны АҚШ-та медициналық мекемемен бірге сақтандыру компанияларынан да сұралады. Германияда 2013 жылдан бастап емдеу кезінде жіберген қателігіне байланысты дәрігердің жауапкершілігі бойынша міндетті медициналық сақтандыру институты енгізілді. Канадалық жүйеде қызметін теріс пайдаланған дәрігерлерді провинциялық лицензиялау органы жазалауы мүмкін. Тәртіп – қызметті тоқтатудан бастап дәрігерлік практиканы жалғастыруды жоғалтқанға дейін созылып, ауруханалар да өз қызметкерлерінің мінез-құлқы үшін жауапты болады. ТМД елдерінде медицина немесе фармацевтика қызметкерлерінің кәсіптік міндеттерін тиісінше орындамағаны туралы нормалар Украина мен Беларусьтың Қылмыстық кодексінде көзделген. Қазақстанмен қатар, медициналық құқық бұзушылықтар туралы дербес тарау тек Қырғызстанның Қылмыстық кодексінде ғана бар. Ресейде қылмыстық заңда көрсетілген қылмыстар және жалпы медициналық қылмыстар үшін арнайы норма жоқ. Адамға қарсы қылмыстар туралы тарауда адамның өзінің кәсіптік міндеттерін тиісінше орындамауы салдарынан жасалған іс-әрекет үшін жауапкершілік көзделген. Таныстырылған заң жобасын әзірлеу барысында 2018–2020 жылдары жеке және заңды тұлғалардан келіп түскен және қаралған 14 123 өтінішке, сондай-ақ, 2017–2020 жылдары медицина қызметкерлеріне қатысты қозғалған қылмыстық істерге талдау жүргізіліпті. Жыл сайын медицина қызметкерлеріне қатысты кәсіптік міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін Қылмыстық кодекстің 317-бабы бойынша 300-ге жуық іс ашылады екен. Қылмыстық істер көбінесе хирургиялық бейіндегі өлім қаупі бар мамандарға қозғалады. Зардап шеккендердің пайдасына моральдық және материалдық залал өтемақысын төлеудің жалпы мөлшері 40 миллион теңгеден асты.

Сақтандыру төлемдері соттың шешімі бойынша сақтандыру полисі болған кезде жүзеге асырылады, қылмыстық жауаптылық танылған жағдайда төленбейді. Осылайша, медициналық инцидент туындаған кезде медицина қызметкері жалақысының деңгейі пациенттің денсаулығына келтірілген зиянды өз бетінше өтеуге мүмкіндік бермейді. Ал, сақтандыру жүйесін дамыту процесінде шағымдар санының біртіндеп азаюымен медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігін сақтандыру жүйесін енгізуге байланысты пациенттің немесе оның туыстарының тарапынан шағымдардың өсуі болжанады, оны сақтандыру нарығы реттейді. Министрлік медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігін сақтандырудың түрлі модельдеріне талдау жүргізіпті. Халықаралық практикада медицина қызметкерлерін қорғау үшін қорлар мен қауымдастықтар (Швеция, Канада, Дания) құру, сондай-ақ, жеке нарықтар (АҚШ, Германия, Жапония, Түркия) арқылы кәсіптік жауапкершілікті міндетті сақтандыру жүйесі қолданылады. Медицина қызметкерлеріне немесе денсаулық сақтау ұйымдарына арнайы заңмен немесе кәсіптік одақтар мен қауымдастықтардың нормативтік актілерімен өзінің кәсіптік жауапкершілігін сақтандыру міндеті жүктелген. Кінәлі не кінәсіз болу жүйесін қолдану сақтандырудың негізгі критерийлері. Осы халықаралық тәжірибенің негізінде қазақстандық қоғамның дамуын ескере отырып, медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігін сақтандырудың оңтайлы тетігі ретінде Швеция, Канада, АҚШ, Жапония және Түркия модельдері бойынша бейімделген нарықтық сақтандыру моделін қолдану ұсынылып отыр. Министрлік 2017 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, Дербес кепілдік беру қорын құру шеңберінде ынтымақтастық қағидаты бойынша сақтандырудың әлеуметтік моделін ұсынған болатын. Алайда заң жобасы қолдау таппай, қабылданған жоқ. Алдыңғы жылдардың тәжірибесін ескере отырып, халықаралық тәжірибені талдаудың негізінде, сондай-ақ, жұртшылықтың, мемлекеттік органдардың және сақтандыру компанияларының қатысуымен жүргізілген талқылаулардың қорытындылары бойынша жұмыс істеп тұрған сақтандыру компаниялары арқылы медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігі жүктелген сақтандыру моделі қабылданды, жұмыс беруші – медициналық ұйым сақтанушы болады, ал медицина қызметкерлерін лицензиялауды енгізу болашақта медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігін сақтандыру жүйесіне қатысушылардың жауапкершілігін бөлуге мүмкіндік береді. Осы модельге сәйкес шағымды қарауды медициналық ұйым медиация элементтерін қолданып, сондай-ақ, бейінді медициналық қауымдастықтарды тарта отырып, ішкі аудит қызметінің деңгейінде жүзеге асыратын болады. Бұл кезеңде мәселе медициналық ұйымның өзінде реттелуі мүмкін. Пациент шешіммен келіспеген жағдайда шағым сараптамалық қорытынды беру үшін Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің аумақтық бөлімшесіне беріледі. Оң нәтиже шығарылған жағдайда шағым бойынша материалдар, оның ішінде сот-медициналық сараптаманың қорытындысы медициналық ұйым сақтандырылған сақтандыру компаниясына жолданады. Пациентке келтірілген зиян үшін өтемақы төлеуді Денсаулық сақтау министрлігі айқындаған жағдайлар бойынша сақтандыру компаниясы жүргізеді. Төлемнен бас тартқан және қанағаттанбаған жағдайда пациент сотқа жүгінуге құқылы. Сотқа жүгінген кезде төлем жүргізілмейді.

Сақтандыру жарнасының мөлшері тиісті қаржы жылына арналған айлық есептік көрсеткіш көлемінде тәуекел дәрежесіне, бейіндік бағытқа және жалақыға қарай бекітілген есептеулердің негізінде медицина қызметкерінің жауапкершілік дәрежесі ескеріле отырып айқындалады. Заң жобасы аясында 2023 жылдан бастап сақтандыруды жұмыс берушінің есебінен жүзеге асыру ұсынылды. Ал 2025 жылдан бастап сақтандыру сыйлықақысының сомасы медициналық ұйым мен медицина қызметкерлерінің арасында бөлінеді. Министрдің айтуынша, бұл ортақ кәсіптік жауапкершілікті сезінуге әкеледі. Жиынға қатысқан тәуелсіз сарапшылардың бірқатары заң жобасындағы дәрігер қателігіне байланысты жазаны жұмсарту жөніндегі талапты алып тастау қажет деген пікір айтты. Негізінде қолданыстағы өлшем тек ұқыпсыз, өз міндетін немқұрайды атқаратындарды жазалауды көздейді. Сондықтан жаңа талаптардың қабылданылуына күмән көп. Қалай дегенде де бұл шешімге терең зерделеп, саралау арқылы келудің қажеттігі айқын көрініп тұр.

Айша ҚҰРМАНҒАЛИ, «Заң газеті»

На грани безработицы

ПАРЛАМЕНТАРИИ ПРЕДУПРЕДИЛИ О РИСКАХ РОСТА БЕЗРАБОТИЦЫ И УСИЛЕНИЯ СОЦИАЛЬНОГО НАПРЯЖЕНИЯ В СЕЛЬСКОЙ МЕСТНОСТИ В СВЯЗИ С ИЗМЕНЕНИЯМИ ПОРЯДКА ОРГАНИЗАЦИИ ОПЛАЧИВАЕМЫХ ОБЩЕСТВЕННЫХ РАБОТ.

Перизат Қайрат колонияда жұмыс істей ме?

Жарты жыл бұрын Перизат Қайрат алаяқтық қылмысына байланысты 10 жылға сотталды.

2029 жылғы қысқы Азия ойындары Алматыда өтеді

Алматы қаласы 2029 жылы өтетін қысқы Азия ойындарының ресми ұйымдастырушысы болып бекітілді.

Астанада оқушылар түстен кейін онлайн оқитын болды

Бұл туралы қаланың білім басқармасы мәлімдеді.

Ерлан Өтегенов Бас прокурордың орынбасары болып тағайындалды

Ерлан Өтегенов Бас прокурордың орынбасары лауазымына тағайындалды,