12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

ҮТІКТЕГІ  ҚАН

«Бір прокурор балконнан секіріп өліпті…»

Осы бір әңгіме желді күнгі қауға тиген оттай шалқып, қала көшелері гуілдеген әңгімеге толды да кетті. «Өзіне де сол керек. Талай адамды нақақтан соттатып еді, көз жасы жіберсін бе» дегендер де, «Қызға таластан болған екен» деушілер де әлгі өсектің үстіне май құя, өздерінше түрлендіріп жатты. Аймақ басшылары мұны дабыра қылмай, өзіне-өзі қол жұмсау фактісі ретінде қарағанды жөн санады, облпрокуратураның ауызы да солай қисайған еді, алайда бұған марқұмның әкесі, ішкі істер органындарының ардагері келіспеді. Ақсақал мұның астарында қылмыс жатқанын сезіп, бұл істі баласының қызмет бабымен және кезінде өзіне өшіккендер әрекетімен байланыстыра қарауды ұсынып, қайта-қайта департамент басшыларын мазалап, істі қайта қозғады.

Қала халқы да түрлі жорамал жасағанмен, ақыры «Е…Бейшара… Талайлар жылады ғой…жылатты ғой… Солардың көз жасы жібермей тұр ғой. Жан азабына шыдамаған болды…» деген тоқтамға келіп, әлеуметтік желі бір шулап, басылған болатын. Санасындағы сапырылысқан ойлардан шекесі солқылдаған облыс прокуроры сағатына қарағыштағанмен жанын жегідей жеп бара жатқан ойдан арыла алар емес. «Бұл не болып кетті…Бір қырсық айналдырмаса болар еді. Өткенде Ақтөбеге ауысып кеткені дұрыс екен…Бұлай боларын кім білген… Анау…Он күн бұрын бір прокуроры әйелінің інісімен төбелесіп, оны өлтіріп тынғаны…Енді мынау…». Безілдей жөнелген телефон тұтқасын көтеруі мұң екен, полиция департаменті басшысының қарлығыңқы дауысы ойын басқа жаққа сүйрелей жөнелді.

  • Бәке! Өткендегі бәтуа болмайтын түрі бар. Ана шал облыс әкіміне кіріп шығыпты. Істі қайта қозғадық.
  • Апыр-ай ә?! Өлер адам өлді, енді соны тірілтіп алам деп жүр ме екен. Өзін де, баласын да осы кісі кристальный деп ойлайды-ау, сірә. Біздің жұмыстарда тазалық дегенің… Төбеңнен біреу результат, показатель деп тоқпақтап отырса көрер едім…Енді не істедің?
  • Істі өзіміздегі важнякқа тапсырдық. Көрейік… Не тындырар екен…

                                                     ***

 Жұмысқа ерте келген ол тапжылмастан іспен танысып, пайымдарын, тексеру керектерін бөлек қағазға түсіруде. Түстікке де бармастан әр құжат, әр параққа шұқшия қарайды. Алғашында барлығы дұп-дұрыс сияқты көрінгенмен, біршама уақыттан соң санасында күмәнді ойлар, сұрақты түйіндер желкен кере бастады. «Апыр-ау… Мына бір тұс… Төртінші қабаттан құлайды… Ештеңеге соғылмай… Ол абайсызда денесіне ие бола алмай, құлап кетсе екінші, бірінші қабаттарға соғылу керек қой… Аман қалу үшін балконнан ұстамақ боп қарманып қалмай ма… Егер өлесі мас болса – әңгіме басқа. Сап-сау адам, ағзадағы аз мөлшердегі алкогольге бұлайша құлауы мүмкін бе? Егер өзі секірсе  аяқпен, не баспен түсуі керек. Бұл арқасымен құлаған. Сонда оның бетіндегі, маңдайдан төмен қиғаштай ойылған соққы қайдан түскен? Неге ол құлаған жердегі қан мөлшері өте аз? Бұл анық көрініп тұр ғой, неге бұрынғылар мән бермеген… Әлде… Жоқ, ж– о – оқ, бұл жерде біз білмей тұрған бір гәп бар-ау. Ветерандікі дұрыс болып шықпаса неғылсын…».

Ойын рұқсат сұраған дауыс бұзды, қылмысты іздестіру бөлімінің инспекторы екен. Есіктің сыртын бір қарап, өзінің осы кабинетке кіргенін көрген жан бар-жоқтығын бір тексеріп алған капитан орындығын жақындата отырып, баяу сөзге кірісті.

  • Бека! Мен бірдеңенің ұшын шығарған сияқтымын. Мұны әзір құпия ұстаған дұрыс болар. Байқамасаң – ертең өзіңді айыпты қыла салады бұлар. Әуелі анық-қанығына көз жеткізейік. Мәселе мынадай: Мына қайтыс болған жігіт сырттай жуас көрінгенмен, карьера үшін кім-кімді де аямайтын еді. Иә… Жер айтып бармасын. Баяғыда ол қалада тергеуші болған кезде бір жас сержантты подстава жасап, соттатып жіберген. Сол жазасын өтеп келген ол  үш-төрт жылдан бер таксист болып жүр. Тоқтаров өлетін күні ол соның үйінің маңына барыпты…Сол үйге. Мен қазір оның кімді апарғанын анықтаудамын. Осы тұста бір кәдік бар сияқты. Кешке бір оңашалау жерде кездесерміз…

  Ол шығып кеткен соң бұл қайта қағазға үңілді. «Машинасы есік алдында тұр. Оны жігіттер қараған, көңіл аударарлық ештеме жоқ…Тоқта… тоқта. Ал, мына әйел сақинасы ше…Та-а-ак… Марқұмның әйелі таныпты, өзінікі екенін айтқан, сосын, тергеу бітті – деп өзіне қайтарған…». Ол қойын дәптеріне «Таксист.Сақина» деп жазып қойды.

Телефон шырылдады. Қазіргі кезде байланыс негізінен қалта телефоны арқылы жүреді ғой, қызмет телефонына қол соза, бастықтардың бірі болар деп ойлаған еді, дәл түсіпті. Сөйлер алдында бір жөткірініп алатын әдетімен тергеу басқармасының бастығы іс барысын сұрады. Бұл іспен танысып жатқанын айтты, күдіктері мен мана келіп кеткен Ғазиз Дәулетов әңгімесі туралы тіс жарған жоқ. Онысы дұрыс болыпты, аздан соң ол бастықтың іске қатысты ойын сөз ауанынан байқап үлгірген еді.

  • Ана шал ғой бүлдіріп жүрген. Әйтпесе жаба салатын іс. Мейлі, әбден қара. Шамасын біліп отырсың ғой. Асықпа, уақытың мол. Әйтпесе ана шал атүсті қарады деп тағы шағымданып жүрер. Сосын угродаға Дәулетов деген капитаннан байқарсың. Ол өзінше бір Шерлок Холмс сияқты болып жүретін қияли адам. Айтқанына еріп кетіп, негізгі бағыттан айрылып қалма деп отырғаным ғой. «Мұның өлімі күдікті» – дейтін көрінеді, сволоч, жалғыз сол ма екен іс жайын білетін. Жақсы. Жұмысыңды істей бер.

                                                       ***

Күн көкжиек асып кеткенмен, аптап ыстығы бірден қайта қоймайтын бұл аймақтағы өзіндік тіршілік қалпының бірі – елдің көшеге ыстық қайта шығуы. Соған орай қаладағы кафе, мейрамхана, шайхана атаулының жұмыс ырғағы жиілеп, отырарға бос орын болмай қалатын кездерінің бірі еді. Аса маңызды істер жөніндегі тергеуші Бек Ізбасовтың келісілген кафеге бас сұққаны сол еді, даяшы жігіт жетелей жөнелді де, араның ұясындай гуілдеген залдан оңаша, бардың сыртындағы кабинаны көрсетіп: «Сізді күтіп отыр», – деді. Бұл келгенде Дәулетов бір саптыаяқ сыраны еңсеріп тастаған екен.

  • Кел… Осы жерден оңашасын таба алмадым. Шөл баса отыралық. Манағы шаруа біраз жылжыған сияқты. Тоқтаровқа қатысты іс қиынға кетеді-ау. Ана жігіт, Марданды айтамын, сол күні таксимен Тоқтаровтың үйінің қасына барғаны нақтыланды. Тоқтаровтың өз үйінде де бейне бақылау бар ғой, не көрім көрінгенін, сол күні іске қосылмай қалыпты. Тіпті…түсініксіз… Тоқтаровтың көршілері Марданның машинасын көрген, нөміріне дейін естерінде сақтапты. Барлығын құжаттап қойдым.
  • Оныңыз дұрыс болған екен. Аға, шынында да да мына іс созылатын сияқты. Оның кімді апарғанын анықтай алдыңыз ба?
  • Ие…Оны білдім. Келесі подъездегі Зухра деген келіншектің үйіне Қармақшыдан келген қонақты жеткізіпті. Зухраның бүкіл айтқандарын қағазға да түсірдім, аудиозапись та бар. Қармақшылықпен де сөйлестім телефон арқылы. Оның да записі бар. Бұл тұстағы бір ойланатын нәрсе – Марданның Тоқтаровтық сыртынан қарап тұрғаны. Көршілері солай деп тұр, олар Зухраның подъезінде тұрады екен, ал, Тоқтаровтың есігінің алдында жан болмаған, қараңғылық қоюлана түскен кез екен. «Есіктің алды қаракөлеңке еді, прокурор әйелімен екеуі машинадан түсіп үйге беттеген кезде әлгі таксист жолаушысын түсіріп болса да жүрмей, олар үйге кіргенше сыртынан қарап тұрды», – дейді.Такси олар отырған скамейкаға жақын тоқтаған ғой, олардың такси нөміріне дейін естеріне сақтап қалғаны содан…
  • Сол Мардан деген жігітпен сөйлесіп көрсек қайтер екен. Оны ішке шақыртсақ шындығын айта қоймас, талай өткелектен өтті ғой. Ретін тапсақ дұрыс болар еді. Егер қатысы барлығы байқалса бірден ұстауымыз керек.

Екеуі осыған келісті, Марданмен кездесудің жоспары құрылды. Ертеңіне түсте Бек техникалық құралдар пайдалануға рұқсат алуға кіріскен кезде Ғазиз жоспар бойынша ескі базар маңындағы таксистер арасында  жүрген еді. Бір сағат өтер-өтпесте Ғазиздің тапсырмасымен жиырмалардағы жігіт Марданның машинасына отырып, бұлар белгілеген жерге бет алған болатын. Бек пен бірнеше полиция қызметкері межелі маңға жетіп, арнайы жабдықталған машина ішінде бейне, аудио жазбаға дайындық жасап, егер ол қашатындай болса ұстаудың жоспарын пысықтап бола бергенде ішкі істер департаменті ғимаратында да қозғалыс пайда болған – ды.

Қаншама дабыра қылмаймын десе де, оның видео-аудио құрылғылар алғаны, қасына оперативтік топты ала белгісіз жаққа бет алғаны туралы әңгіме кабинет аралап кетті. «Ойбай, Ізбасов қылмыскерді тауыпты. Группа алып, ұстауға кетіпті»  деген сөз тергеу басқармасының бастығына да жетті. Мұны естіген ол күйіп кетті, қолы дірілдей қалтафонға жармасты, «Рұқсат жоқ, басқа жоқ…Нахал!» деген дауысы да шығып кеткен ол байланыстың арғы басындағы Бекке зеки жөнелді. Бастықтың біраз айқайын естіп болған Бек тездете жауап қатты. Әйтпесе күтіп отырған адамдары келіп те қалуы мүмкін ғой.

  • Полковник мырза! Бұл әдеттегі шаруа ғой. Ветеран түк істемепті демесін деген оймен жасап жатырмыз. Нәтижесін өзіңізге жеке баяндаймын. Өзіңіз берген бағыт осы емес пе…

Бастықтың лезде жұмсарғаны байқалды. «Сволочтар, ә! Өсек айтпаса осы жұрт өле ме екен?! Тіпті… қырылып қала жаздадық қой. Түсінікті. Бәсе…Үміт күтіп жүрген жігіттің бірісің…Дұрыс. Біреулер дікеңдесе – мен рұқсат етті де».

Бек «уһ!», –деп терең дем ала, көшеге көз тіккенде діттеген мезгілдің соққанын білді. Бұлар күткен такси көше қиылысынан бері бұрылған еді.

***

Жолақысын төлеп жас жігіт түскен бойда оның орнына Дәулетов отырып үлгерген-ді. Мардан мұны таныды, өңі сәл сұрланғаны болмаса сабырлы қалпын жоғалтпады. Бір кездері қызметке екеуі қатар келген еді, екеуі де қатардағы полиция қызметкерінен бастаған.

  • Оу, Мардан! Қалайсың? Шаруаң қалай?
  • Шүкір…Құтылып келдік…Өзің баяғы жердесің бе?
  • Сол жердемін.
  • Полковник болған шығарсың?
  • Қайдағы?! Капитанмын.
  • Е…Өсе алмапсың ғой…Өсіре қоймас… Өшірмесе.

Бұл кезде Бек те таксидің артқы орындығына жайғасқан-ды, Мардан бұған бұрыла қарады. Ол бұлардың неге  келгенін түсінген болатын.

  • Мана-ақ, базарда… Ғазеке сенің айналшықтап жүргеніңнен-ақ кіп алғанмын. Осында тоқтаған кезде ана тұрған спецмашинаны, үйлер арасында шығар жолды бөгеуге дайын тұрған патрульдік машиналарды да аңғардым. Дұрыс…Менде нелерің бар? Ә… Айтпақшы… Тоқтаровқа байланысты келдіңдер ме? Онда бұларың – далбаса.
  • Иә. Ол өлетін күні сен соның үйінің маңайында болыпсың ғой.
  • Болдым. Оның көрші подъезіндегі үйге клиент апардым.
  • Тоқтаровты көрдің бе?
  • Көрдім…Ә…Ім… Сол күннің ертеңіне балконнан құлап өліпті деп есіттім.

Ол қозғалақтай бастады, қолын машинаны от алдыру тетігіне қарай созды. Бек тапаншасын суырды. Ол Мардан қашуға дайындала бастаған болар деген ойда еді. Соны сезгендей Мардан енді бұған бұрылды.

  • Сірә, сен тергеуші шығарсың…Түрің, әрекетің соған келеді.Тапаншаңды әрі тық…Мен қашпаймын. Қашатындай қылмысым, не кінәм жоқ.
  • Онда неге Тоқтаровтың соңынан ұзақ қадала қарап тұрдың?
  • Ә…Қатындар жеткізген екен ғой. Түсінікті…Иә…Қарағаным рас. Қарағым келгесін… Немене, оған қарауға болма ма? Қалай қараймын, қанша уақыт қараймын – менің шаруам. Басқа сұрақтарың болмаса машинадан түсіңдер. Бала-шаға асырау керек. Онсыз да менің зардабымды аз тартқан жоқ олар. 

Оның түрі де, даусы да өзгере бастады. Бек енді әңгімеге басқа қырынан келуді жөн санады.

— Аға! Күдігіміз бары рас…Бірақ, сізді мұндай іске қолын былғамайды деп ойлаймын. Сізді сыртыңыздан есіттім…Ғазекеңдер де айтты…Тоқтаров нақақ күйдірді деп. Сосын ғой сізге сеніп отырғанымыз… Тоқтаровты айтам-ау кешкісін үйіне келеді әйелімен… сосын балконнан құлайды…Түсініксіз…

— Әйелі несі?

— Сіз көргенде қасында әйелі бар емес пе?

— Жо-ға. Қасындағысы любовницасы ғой…Оны көріп тағы да қаным басыма шапты. Зонада жүргенде бүкіл ойым одан кек қайтару, өзімді заң алдында ақтау  болатын. Бірақ, кейін өзгердім…Заманның түрі мынау. Ақталу үшін де көп шығындалуым керек екен, ондай қаржы менде жоқ. Сосын, ананың көзін құртқым келді. Тағы да ойлана келе одан да бас тарттым. Қарап тұрсам, ол шірік менің ондай әрекетіме тұрмайды екен…Ұсталып қалсам тағы да отбасым азап тартады екен. Содан күнде жатар алдында Алладан соған жаза бере гөр деп тілейтін болдым. Мың мәрте тәуба Аллаға! Тілекке жеткізді.

— Әйелі емес дейсіз бе? Мұны қағазға түсірсек қарсы емессіз бе?

-Қарсымын. Ешқандай қағазға қол қоймаймын. Бірақ, айтқаным – айтқан. Қалғанын өздерің біліңдер. Өй, сендер оны білмейсіңдер ғой…Ол деген…барып тұрған… Келгеннен бері сыртынан біраз бақылағанмын…Құдай сақтасын… Жалпы «Керуен» деген мейрамханаға барыңдар…Тоқтаровтың броньдап қойған оңаша кабинасы бар…Даяшылар да біраз нәрсе айтып қалар… Ал, енді болды, менің уақытымды алмаңдар…

***

Істің барған сайын қиындап бара жатқанына қиналғанмен, Бек жаңа деректер ашылғанына риза еді. Ендігі қиыны бастықтар болып тұр. Олар мұның бағытын білсе не дер екен?! Осы ойын Ғазизге айтып еді, ол мұртын сылай әдемі жымиды да: «Бала саспа! Мына ағаң угродан пәлен жыл босқа жүрді дейсің бе. Запас вариант жасап қойғанмын. Сенімен кеше келіскен соң техотделдің жігіттерімен сөйлесіп, бірнеше жігітті рөлде ойнаттық. Бірі таксист болып, бірі сен болып дегендей. Бастықтар алдырып тыңдаймын десе, жігіттер соны береді. Мұнымыз, әрине, дұрыс емес. Бірақ іс мүддесі үшін осылай істеуіміз керек. Мұны да тиісті құжаттар арқылы заңдастырып қойдым. Сен ештеңе білмейсің. Ал, мен туралы сұрай қалса – көрмегеніңді айтасың ғой.  Да… Мардан кінәлі ме деп күдіктеніп едік, енді олай болмай шығатын сияқты. Жігіт өзіне сенімді. Байқаған шығарсың», – деді.

  • Иә, Ғазеке. Бізге енді «Керуен» мейрамханасына бару керек сияқты ғой.
  • Ол жаққа мен барармын. Сенде басқа қандай бағыт бар?
  • Тоқтаровтың үйі маңын қайта қарау керек сияқты. Қазір көп үйлерде бейнебақылау камералары бар ғой. Оның машинасынан табылған сақина мен таксистің «Әйелі емес, любовницасы» – дегені маза бермей тұр. Егер оны бейнебақылау арқылы нақтыласақ, онда Тоқтаровтың өліміне қатысты біз білмейтін адамдар болуы мүмкін. Сіз мейрамхана  жағын анықтасаңыз, мен мына жағынан қарап, деректерді салыстыралық.
  • Мұның дұрыс. Өзің де байқадың ғой, оқиға орнынан түсірілген суреттерден де анық көрінеді, мәйіттің жатқан қалпы маған күмән туғызды. Сенің де қай күнгі сөзіңнен соны аңғардым. Бұл менің туыс не жақыным емес. Саған көмектесіп жүргенім – қырттарға сөзімнің дұрыстығын дәлелдеу. Мәйіт туралы ойымды айтсам «Шерлох Холмс» – деп мазақ қылады ғой сәбәкілер. Істі саған берді дегенде қуанып кеттім. Көмектесемін және өзімнің болжамымды дәлелдеймін деп ойладым. Іс осындағы қаламын сорып, бастықтарға ләппайлап жүрген біреулерге түсе ме деп қорыққаным да рас. Әлгі мейрамханада басқа да істер бойынша шаруам бар еді, қоса қамтитын болдым. Ал қозғалайық.

Сол күні кешке жалдамалы пәтерде бас қосқан жігіттер қиын түйінді тарқата бастады. Шаршағандары өңдерінен анық байқалса да, барлығы да риза кейіпте. Кабинетте, не үйде кездесуге болмайды деп шешкен соң, техотдел жігіттері тапқан еді пәтерді. Шай үстінде айтылған әңгімеден Бек ол жігіттерді ішкі істер қызметіне әкелген Ғазиз екенін сезді. Әңгімені Ғазиз бастады:

  • Ойпыр – ой… Мардан дұрыс айтқан екен… Марқұм сойқан екен ғой… Аптасына екі рет мейрамханаға барады екен… Екі қызбен жүреді дейді…мынау тажал ғой… Жұрт семьясын қалай асыраймын деп басы қатып жүрсе… Бұл сонда ақшаны қайдан алады, ә… Қайтыс болатын күні де сонда болыпты, Ерке атты көңілдесімен. Сағат кешкі тоғыздан өте шығыпты…Даяшы қыздар Еркенің тек сенбі күні ғана келетінін және Түркістаннан екендігін айтты. Сенде қалай?
  • Тоқтаровтікі көп қабатты «Г» типтес үй ғой. Ауқаттылар тұратын үй, лоджия аулаға қараса, балкон үйдің келесі бетінде, үлкен көшеге қараған.  Оныкі «Г»- нің ұзын жағында. Қысқа басында тұратын бір кәсіпкердің үйіндегі бейне бақылауда олар анық көрінеді екен. Кәсіпкер өзін атамауды өтінді, жазбаны толық көшіріп алдым. На всяки случай деп құжаттадым, бірақ, анау да тіс жара қоймас өзі үшін. Қазір жігіттер қосып берсін…

Бейне бақылау құрылғысы шетелдік сапалы дүние болса керек, жазба анық екен. Міне, Тоқтаровтың үй алдындағы автотұраққа келіп, машинадан түскен сәті, машинаның келесі есігінен көңілдесі түсті. Жүрісінен аңғарылары сәл масаңдау сияқты. Еркек машина есігін пультпен жабамын деп кідірген тұста ол төңірекке көз салып, бейнекамераға тура қарай қалған. Ажарлы –ақ екен. Екеуі қолтықтасып бірінші подъезге бет алды. Міне, такси келіп, екінші подъезге тоқтады. Барлығы тура Марданның айтқанындай. Олар үйге кірген соң такси кетіп қалды. Бір сағаттай уақыт өте Тоқтаровтың машинасы жанына ақ түсті «Ланд Крузер Прадо» автокөлігі келіп тоқтады. Мемлекеттік нөміріне дейін көрініп тұр, Жамбыл облысынікі. Одан түскен еркек пен әйел де бірінші подъезге беттеді. Жарты сағаттан соң әлгілер оралған үлкен кілемді әкеліп, көлік жүк салғышына салды да, жүріп кетті.

Жігіттер ойға кетті. Тыныштықты Бек бұзды.

— Әлгі джиптің біздің іске қатысы бар сияқты. Оның ауладан кеткен уақыты мен сараптамадағы мәйітке қатысты өлу уақыты шамалас.

-Дұрыс. Ғазиз сәл ойланып қалды да: -Жігіттер бұл туралы ешкімге…Сендер записьті көрген жоқсыңдар. Түсінікті ме?

-Түсінікті.

-Егер біреуімізден сөз шықса – онда тізбектеле бәріміз жауап береміз. Сондықтан сақ болыңдар. Жақсы жұмысқа барып, бастықтардың көзіне түсіп, көрінгендерің дұрыс. Олардың да барлығы бірдей емес, іштерінде нағыз азаматтар да бар. Қырттар да аз емес…

Олар кетісімен Ғазиз Бекке қарап бір уақ үнсіз қалды. Сосын шылымын шиырып біраз отырды да әңгімеге оралды.

— Бек! Жаңағы видеодағыны мен таныдым. Ол бұрын осында прокуратурада істеген, кейін сотқа ауысты, қазір Тараз қаласында сот, марқұм Тоқтаровтың қайнағасы, оны прокуратураға апарып жүрген де осы. Қасындағы Тоқтаровтың әйелі. Түн ішінде ағалы-қарындастылар неғып жүр, қайдан келді, көтеріп шыққан үлкен кілемі несі? Егер олардың бұл іске қатысы болса – онда бізге өте қиын соғатын сияқты. Сенгім келмесе де, осылар бірдеме бүлдірді-ау деп ойлаймын. Жүрегім сезеді… Нәлет-ай, адам азды ма, заман азды ма?! Қазір тіпті шошисың ғой адамдар әрекетінен… Өзін өртеу, туған баласын туалетке тастап жіберу, өзіне-өзі қол салу, кісі өлтіру деген тауық сойғаннан да жеңіл болып кеткен сияқты ма. Тіпті, туысын, туған бауырын, әке-шешесін өлімге қиғандар да кездесуде. Ай…Алла –ай…

***

Бек пен Ғазиз тағы да бұрынғы пәтерде бас қосты.

— Ғазеке! Іс өзін-өзі қол салу емес, кісі қолынан болған өлім бағытына бұрылды. Енді тездетіп қылмыскер құтылып кете алмайтындай жағдайда әрекет етуіміз қажет. Беделді, дүмді адамдардың араласуы да мүмкін. Осы іске кіріскенде мұны сездік және барлығына дайын болдық қой. Басшылар әзірге мұнымен тек мен ғана айналысып жүр деген ойда.Түркістандықтар іздеуі де бізге келіп тірелді. Мейрамханадағылар олар жіберген суретті Ерке деп танып отыр. Қырық күнге таяп қалды. Сонда ол қайда кетті? Бұл жерде бір емес, екі адамның өлімі болған сияқты.

— Иә. Мен де біраз жәйтті анықтадым. Осыдан екі күн бұрын Тоқтаровтың үй жағын шола өтейінші деп бара қалмаймын ба. Подъезден бір әйел шығып келеді екен, көзі қызарған, жылағаны көрініп тұр. Аз айтып, көп айтып не керек, қатарласа жүріп әңгімеге тарттым. Сөйтсем…Тоқтаровтың әйелінің жеңгесі екен, Тереңөзектен келіпті. Пай-пой, бір сөзуар жан екен, біраз дүниені ақтарып салды. Жалпы картина ашылуға жақын сияқты. Мына әйел екі-үш күнде қайын сіңлісіне келіп кетіп тұрады екен, анаған жаны ашып: «Есі ауып кетпесе болар еді, адамға мәңгіріп қарайды да отырады», – дейді. Бұлар, жылда осы уақытта әке-шешелеріне ас беріп, құран оқытады екен. Тараздағы судья қайнысы, Ақмешіттегі қайынсіңілісі өткенде соған қатысыпты, марқұм күйеу балаларының жұмыстан қолы тимепті. Ал, оның әкесі туған құда ғой, бірнеше адам болып басқа машинамен барыпты. Ас тарағасын ағасы мен қарындасы құдалардан біраз кеш шыққан көрінеді. Олардың Тереңөзектен шыққан уақыты мен қалаға жету уақытын есептесек тура ана видеозапистегі уақытқа келіп тұр.  Мен байқатпай барлығын сотканың диктафонына жазып алдым. Енді алғашқы хаттамада бұлар Айдарлыға қонып, ертеңгісін келдік дегенін анықтау керек.

— Мен алғаш шақыртумен барған топ Тоқтаровтың пәтерін толық зерттемеді-ау деген ойдан арыла алмай жүрмін. Бір талып, бір жылап әйелі отырса, түнеріп судья жүрсе, қайғыға батып ветаран-полковник тұрса қалай толық қарай алады. Сол пәтерде қайта қарауға рұқсат алатын шығармын. Оның үстіне мәйіттің іші мен арқасындағы іздерді біздің жігіттер құлаған кезде сырылғаннан деп таныпты, сол негізі тырнақ іздері болуы да мүмкін, маған солай көрініп тұр. Мен осыны тағы бір ақылдасайын сарапшылармен. Сосын дабыра қылмай Айдарлыға барып келу керек шығар. Алғашқы жауаптарында ағалы-қарындасты екеуі де Тереңөзектен шыққасын Айдарлыға кеттік дейді. Ал уақыт сәйкес келмейді. Олардың сонда қонбақ ойлары болса неге жолға        апа-жезделерімен бірге шықпаған? Бұлар неге ол ауылға бөлек барады?

— Оның қажеті бола қоймас. Жұртты шулатпай-ақ қоялық. Екі күннен соң Тоқтаровтың қырқы екен, жаңағы әйелден есіттім. О жақтағылар соған келуі тиіс. Сол кезде  анықтаймыз. Тараздық қонақ та, әлгі Тоқтаровтың қайнағасы Бейсенбаевты айтамын, ол да қайтпапты. Еңбек демалысында екен, күнде тойлатып жүр. Күйеу баласының қырқынан кейін қайтпақ шамасы… Сонан соң, әлгі қайта қарау керек дегеніңе қосыламын. Қазақ салты бойынша өлік шыққан үйді қырқына дейін тазалап, қағып-сілкімейді. Ас өту бойына кіріскен дұрыс болар, одан кешіксек көп нәрседен айрылып қалуымыз мүмкін.

Осы келісімге тоқтаған екеуі Тоқтаровтың асынан кейін Айдарлыдан келген оның үлкен бажасымен де, қайынбикесімен де кездесіп, жауаптарын хаттамаға түсірді. Олардан бұл туралы жарияламауға келіскен соң Бек барлығын ой елегінен тағы бір өткізді. «Апырай, бағыт бұлай бұрылар деп кім ойлаған… Әлгілердің айтуы бойынша ағалы-қарындасты екеуі олар жатып қалғасын барыпты. Шамамен түнгі он екілерде. Егер Тоқтаровтың өлген уақытымен бұларға Айдарлығы дейін кететін уақытты салыстыра қараса сәл ғана, он бес минуттай айырмашылық қана шығады. Тездету керек енді».

Сол күні түс ауа ол әлгі үйді қайта қарауға қалай рұқсат аламын деп ойлана бастыққа кірмек болып тұрғанда қабалдау бөлмесінде Тоқтаровтың әкесі жолыға кетті. Ардагер жүзіндегі әжімдер тереңдей түскен, ұйқысыз талай таңды атырғаны көзінен аңғарылады. Мұны танитынын аңғартты. Екеуі қабылдау күтіп қатар отырды. Ақсақал баяу, бірақ зілді үнмен тіл қатты: «Іс не болып жатыр?» Бек онымен оңаша сөйлеспек ойын ыммен аңғартып, екеуі коридорға шыққан кезде  ардагерге өлімнің кісі қолынан болуы мүмкіндігін баян етті. Бұрын тергеу, қылмысты іздестіру саласында көп жыл қызмет атқарған тәжірибелі адам бірден түсінді.

  •  Осы туралы зам по следствиеден білейін деп келген едім. Енді оған кірудің қажеті болмай қалды.
  • Мен сол кісіден балаңыздың үйін қайта қарауға рұқсат алғалы келіп едім.
  • Рұқсаттың қажеті жоқ. Ол үй менің атымда. Қазір кіші баламен бірге тұрғанмен бұл үйге фактический қожайын менмін. Мен беремін рұқсатты. Құрал-жабдықтарыңды дайында да келе бер. Мен сол үйде боламын.

Бек істің сәті түскеніне қуана өз кабинетіне қарай беттеді. Ойын бір қорытып, марқұмның үйіне барғандағы жұмысты да жоспарлап қоймақ. Шіркін, сол үйден айғақ табылса ғой. Өзінің ішкі ойы – мәйіт құлаған жердегі қанның аз болуы ол пәтер ішінде өлген дегенге саяды…

***

Бұларға есікті ардагердің өзі ашты. Залдағы диванда отырған қаралы киімдегі келіннің бұларды жақтырмағаны қабағынан аңғарылады. Бек залға кіргеннен-ақ оқиғаның бұл жерде болмағанын түсінді, себебі, оның терезесі лоджияға шығатын және ол аула бетте еді. Ал, бұған керегі келесі көше бетке қарайтын балконы бар бөлме болғандықтан бұл ардагерге жатын бөлмені көргісі келетінін айтты. Көз астымен марқұмның әйелін бақылауда. Жатын бөлмені қарау туралы айтылғанда ол дір ете қалғандай болды, өңі сәл сұрлана түсті. Тергеуші мұның тегін емес екенін сезді. Ақсақал келініне қарап: «Бөлмең жинаулы ма еді? Жігіттер қарай берсін бе?» – деді. Әйел басын изеді, саусағын тістелегенімен онысы қолының дірілін баса алар емес.

Табалдырықта тқрып Бек жатын бөлмені шола қарап шықты. Кең бөлме, жатын төсек төрде. Қабырғалық киім жиһазы мен төсек арасын көзбен өлшеді, үш метрден асар, ұзындығы төрт метрдей. «Сонда бұл жер төсенішсіз жатқан ба? Өткендегі кілем осы жердікі болмасын?» Оның санасына алғаш келген ой осы болды. «Марқұм қайтыс болғалы бөлме төсеніштері мен жиһаздар орнынан қозғалды ма, не алынып тасталғандары жоқ па?» –деген мұның сұрағына әйел «Жоқ» – деп қысқа жауап берді.

Криминалистер іске кірісті. Он бес жылдан аса осы салада қызмет еткен майор бөлменің жақсы тазалаудан өткенін мәлімдеді.

  • Мұны неге сүйене айтып тұрсыз?
  • Әдетте терезе жақтауларында саусақ іздері қалатын. Мұнда бірде-бір із қалмаған. Үй иелерінің саусақ іздері де қалмауы осыны көрсетеді.

Бек бір сәт өзін жатын бөлмеге тосыннан кіріп келген жанның орнына қоя қарады. Мұның болжағанындай Тоқтаров көңілдесімен төсекте жатты десек,  кіріп келгендер қандай әрекетке барады? Әрине, әйелдің күйеуін бас салары анық. Олай болса, марқұмның арқасындағы, ішіндегі тырнақ іздері әйелінікі. Ал, күйеу тұрды, не әйеліне қол жұмсады делік, онда әйелдің ағасы қандай әрекетке барады? Сөз жоқ, ол күйеу баласына қол жұмсайды, қолына түскенмен ұруы мүмкін. Бек оң қол жақта киім үтіктеу үстелінің үстінде тұрған үтікті көрді. Осымен ұруы мүмкін. Ол бірден шешім қабылдады, криминалистке үтіктің ішін ашып қарауды тапсырды. Әйелдің түрі өзгері кетті, жүрегі қысылғандай кейіп танытты.Бек бағыты дұрыс екенін ұқты. Жатын төсекті аударып қараған тұста олар мұнда да толық тазалау жүргенін сезді. Бірақ, матрац тігісіне қыстырылып қалған тырнақтың сынығы тергеушіге «Іздегеніңді таптың» деп тұрғандай болды. Әне-міне дегенше ашылған үтік ішінен көрінген қанға ұқсас жұғынды барлығын күрт өзгертті. Әйел боп-боз болып кетті.

Бек сол жерде марқұмның әйелінен жауап алмақ болды. «Оперативтік топ бар, куәлер бар, алса несі бар. Қайта, бұрылуға мұрса бермей, дәл осы кезде тергеу нәтиже берері анық», – деп ойлады ол. Осыны айтуы мұң екен әйел адвокатсыз жақ ашпайтынын айтты. Ардагер іс бағытын түсінген болар, келініне жиіркенішпен қарап: «Мен адвокат боламын. Лицензиям бар. Қайтыс болған менің балам. Мынау менің келінім. Жауабыңды ала бер», – деді.

Тергеуші іске кірісті. Бір сағатқа созылған тергеу нәтижесі Бектің күткеніндей болды. Алғаш «Білмейміннен» басқаны айтпай отырған әйел кәсіпкер үйінен алынған бейнематериалмен, апа-жездесінің, Тереңөзектегі жеңгесінің жауаптарын тыңдағаннан кейін бір уақ үнсіз отырды да, жылап жіберді. Әлде үтіктен табылған қан дағы әсер етті ме, әлде жан азабы шыдатпады ма, болған оқиғаны толық жайып салды.

Иә, сол күні Тереңөзектен кештете шыққан олар қаннен-қаперсіз үйге кірген болатын. Жатын бөлмедегі ыңғайсыздау дыбыстар ағалы-қарындасты екеуіне іштей бұйрық бергендей болып,  жүгіре жетті. Келсе…Ой, қасиетсіз –ой, күйеуі бір жас қызбен…Бұл бара күйеуінің арқасынан, ішінен тырнай тартты. Ол умаждап жатқан көңілдесі құшағынан шыға көзі қанталай әйелін маңдайдан қойып жіберген болатын. Осы сәт ағасы шыдамай, оң қол жағында тұрған үтікпен күйеуін бастан соқты. Ол оғаштау қисайып, сылқ ете қалды. Содан соң ағасы барды да күйеуінің көңілдесін қылғындыра бастады. Осының барлығы көзді ашып-жұмғанша болды, бір дем алып қараса, екеуі де ана дүниеге аттанып кетіпті. Бұдан соң ағасының айтуымен жанталаса барлық іздерді өшірді, шашыраған қан дақтарын жуып алды, әйелді жатын бөлмедегі кілемге ораған ағасы, күйеуін көтеріп апарып, балконнан сыртқа тастап жіберді. Сосын кілемді арқалай машина жүк салғышына салып, Айдарлыға тартып кетті. Жолда толып ағып жатқан канал тұсында тоқтап, оралған кілемге сол төңіректен үлкен-үлкен екі тас байлай суға домалатып жіберді. Бұлар барса апасынікі жатып қалған екен.

Бек барлығын хаттамаға түсірді. Үйден шығып бара жатқанда ардагерге көзі түсіп кеткен тергеуші оның шөге түскенін байқады. Иә, бүгін оған аз салмақ түскен жоқ. Қария баласын кінәларын, не келінін кінәларын білмей тұрғандай, көз нұры да бұрынғыдай емес, көмескілене қалған. Иә, Алла осындайыңнан сақтай гөр та!

Екі күннен соң дайын болған сараптама қорытындысы бойынша лактелген тырнақ марқұмның әйелінікі екендігі, ондағы қан Тоқтаровтың қаны екендігі, бу шашатын тесіктері бар үтіктің үшкі бетіне жұққан қан да Тоқтаровқа тиесілі екендігі, көлікте түсіп қалған сақина марқұмның көңілдесінікі екені нақтыланды. Арнайы топ әйелі айтқан межеден канал бойын сүзе, кілемге оралған әйел денесін тапты, мәйіт бұзыла бастапты.

***

Департамент басшысындағы кеңесте Бек Ізбасов іс жүргізілген сәттен бастап тергеу туралы барлығын толық баян етті. Кабинет іші тым-тырыс. Бастық та оқиғаның нәтижесі мынадай болып шыққанына сене алмай отырғандай. Бірақ, сенбейін десе, барлығы нақты, дәлелді, құжатталған. Аудиовидео жазбалар жүргізілуі, сол бойынша жұмыс жүргізу заңға сай. Енді не дейді. Бәрінен бұрын оқиғаға прокуратура мен сот қызметкерлерінің араласқанын кайтерсің. Ел не дейді? Бірақ, олар да жұмыр басты пенде ғой, қателесу де, жазатайым қылмысқа бару да олардан тыс болмайды ғой. Бұл бір адам мен адам, адам мен қоғам қатынасындағы күрделі мәселес емес пе?!

Орындық сықырлады, орнынан тұрған бастық: «Жігіттер! Жақсы жұмыс істелді. Қылмыс ашылды. Капитандар Ізбасов пен Дәулетовке және осы жұмысқа көмек берген жігіттерге департамент атынан алғыс айтамын», – деп кеңесті қорытты.

Кейін сотта Бейсенбаев барлығын өз мойнына алды, қарындасы шартты жазаға кесілді. Бұл оқиға Бекке қатты әсер етті. «Неге бұлай болды? Кінә кімде, Тоқтаровтікі азғындық, алайда соған бола өлтіру…Бірақ анадай жағдайда шыдау да оңай болмас…Асқа келмесе Бейсенбаев бұл оқиғадан сырт қалар еді ғой… кім білген… Негізі бұл дандайсу, менмендік пен масығудан болар…Әйелі де сұлу, бәденді жан, екі баласы бар…Не дерің бар?! Тез әрекет еткеніміз мұндай жақсы болар ма…Үтіктің ішін сол жерде аштырғаным қандай оңды болды…Ондағы қанды көрмесе әйелдің мойындауы да оңай емес-ау. Апыр-ай, осы біз қайда барамыз?!». Көз алдына Мардан бейнесі елестегендей, бейне «Алланың қаһары, Алланың жазасы осылай болады. Біреуге жасалған қиянат айналып келіп иесін табады», — деп тұрғандай…

Алдажар ӘБІЛОВ

ӘЗ-НАУРЫЗДА ТӨГІЛГЕН НӘРЕСТЕНІҢ БЕЙКҮНӘ ҚАНЫ

«Счастье всего мира не стоит одной слезы на щеке...

Қаралы сырлар

Кешкі сағат сегіздер шамасы. Аспанды көмкерген қалың бұлттанба, жоқ...

ҚОРҚАУЛАР

...Елді қарық қылмай, сананы сансыратқан нарық заманы қысқан сәтте,...

Риэлторы

Эта драматическая история произошла осенью в начале 2000-х. Группа...

САБЫР ИЗ «УБОЙНОГО»

ВЫСТРЕЛ У ПОДЪЕЗДА Время на панели автомобиля высвечивало 05.10,...