12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img

Қызыл

І

Бүгін ол күндегісінен сергек оянды. Ұзақ жол бойы арқасына асқан ауыр жүкті иығынан түсіргендей немесе өнебойы қаудырлап бос қалғандай өзін сондай жеңіл сезінді. Қабырғаға салынған шым-шытырық суреттер мен шимай-шатпақ жазуларды да алғаш көруі-тұғын. Сол сәтте жанындағы төсекте жатқан бейтаныс адам ары қарап жатқан күйі күрк-күрк жөтелді, денесінің селкілінен оянып кетсе керек, тыныс алуы өзгерді.

– Қалай демалдыңыз? – деді ол бұған бұрылмаған күйі.

Өте жақсы демалдым. Және бұл өмірімде алғаш рет…

ІІ

1992 жыл. Қызылорда.

Бибісара сол күні «бешірге» барам деп қатты қуаныпты. Жасы отыздан асқан қыз үлкен ағасының үйіндегі етжеңді Сәлима жеңгесінің көлкілдеген кең көйлегін киген, басқа іле қояры да жоқ, өзге жеңгелерінікі бата қоймайды. Ал көйлектің үстіндегі бедері әйнектің бетіне тамған жаңбыр тамшысы тәрізді, өзінің де көзінен сондай соңғы тамшы ағатынын сезді ме екен, тәйірі…

ІІІ

Үлкен әскери жасыл шатырдың ішінде той. Жағалай тізілген үстелдер. Жұрт әрегідік шатырдың алдына шығып, ию-қию билеп келіп, қайта орындарына отырғанда Бибісараның дәл қасына тағы бір бейтаныс жігіт келіп жайғасқан. Айнала ырду-дырду. Зыр-зыр еткен асабаның жеңіл әрі жаттанды әзілдері, шиқылдап кейде өшіп қалатын микрофон үніне де қынжылған ешкім жоқ. Бибісараның жанынан орын алған әлгі бейтаныс жігітке «әй, бұл кім? Қайдан жүр екен?» деген ешкім табылмады. Елеусіз отыра берді. Бибісара ғана «тойға кештеу келген құда балалардың бірі шығар» деп ойлаған да қойған. Бейтаныс жігіт бір-екі рюмканы қағып салғаннан кейін барып, қызға батыл тіл қатты:

– Құдаша, таныса отырайық! – деп әңгімесін бастаған жігітті Бибісара құдалар жақтың адамы деген жорамалын шындыққа балаған.

– Есімім Қали болады. Қалада техникумда оқимын.

– Сара.

– Есіміңіз ерекше екен.

– Ілтипатыңызға рақмет.

Бибісара кеш бойы шет жақта елеусіздеу отырған. Енді ғана бір сымбатты жігіттің назары түсіп, бүйірі жабыса сөйлесіп отырса да бұған сәп салып қараған ешкім болмады. Оған қиналған Бибісара да жоқ. Іштей осыларға қас қылғанда тап осы жігіттің етегінен ұстармын да кетермін деген. Тағдыр шығар… Жігітің қайсы десе, мынау дейтіндей өзі қалада оқитын жігіт, жауырыны қақпақтай азаматтың жылы шырай танытып, іші бауырына кіріп бара жатқанына Бибісараның көңілі алабұртып, жүрегі аузына тығылардай, аяқ-қолы дірілдеп, бетінің ұшы қызарып, жүзі талаурап алған.

Осы кезде асаба жастарды махаббат вальсіне шақырды. Жұрт жаппай жұптасып, дөңгелей биледі. Кейбір жастар вальсті сылтау қылып, көзі түскен қыз-келіншекті құшақтай қалған, кештеу болса да өзін Қали деп таныстырған жігіт алғаш рет Бибісараны биге шақырады. Бұлар Шәмші әніне баяу ғана ырғатыла билеп шеттеу тұрған. Қали қыздың құлағына аузын тақап, ыстық демімен өртеп, бердеңелер айтқан болады. Қыз жауап қайтарған кезде ол оның аузына құлағын тақайды.

Музыка тез бітіп,  екеуі өздерін әлдебір қызыққа қанбай қалғандай сезінген. Елеусіздеу орынға қайта келіп жайғасқан соң Бибісараны бұрын-соңды бастан кешіпеген сезім билеп алғандай күйге түсті. Осы кезде шатырдың сыртында шу көтерілді. Әлдебіреулер араққа сылқия тойып алып, төбелеске басса керек, жұрт жапырыла солай қарай жүгірді. Осы кезде Қали да Бибісараға «енді отыра бергеннің мәнісі болмас» деген ыңғай танытқан. Екеуі той болып жатқан маңнан қатты алыстамай, далада сөйлесіп тұрды.  

– Дала қараңғы. Бұдан ары жүре алмаймын. Қанша дегенмен бейтаныс адамсыз.

– Біз танысқан жоқпыз ба?

– Сонда да жақын танымаймын ғой.

– Мен сені алып қашсам деп шештім!

– Тым қызба екенсіз, таныспай жатып…

Жігіт шап беріп қызды қапсыра құшақтай алған, бұл Бибісараның өмірінде алғаш сүйісуі еді… Біраздан соң естанды күйден айығып:

– Мен отырып қалған кәрі қызбын.

– Мейлі, бола берсін…

Бұдан кейінгісін Бибісара қалай қабылдады, ол жағы беймәлім. Әйтеуір екеуі тұрған жердің қасында үюлі шөп болған…

ІҮ

Той бітіп, адамдар үйді-үйіне тарқасып жатқанда «апыр-ау, осы Бибісара қайда?» дейтін жан табылмады. Тағдыр шығар… Кіреберістегі бөлмеден үйге қарай жамырай шешілген шәркей, гәлөш, аяқ-киімдердің арасынан Бибісараның жапырайған туфлиі көрінбеді. Әлгі түнгі елес секілді бейтаныс жігіт шынымен алып кетті ме екен?

Қорадағы екі сиырды сауып келгенде де кіші жеңгесі «Бибісара қайда екен?» демеді. Сиыр түсте ғана кіші жеңгесі оның бөлмесіне кіргенде бір-ақ жоқтапты.   

Содан бері Бибісараның жоғалғанына екі күн өтті. Ауыл іші, ауыл маңы, көрші ауыл, аудан адақтамаған жер қалмады. Жұрт назары Бибісараға бұл жолы шындап түсті… Әне-міне табылып қалар деген. Басында үй іші «Егер алып қашса, ендігі аяққа жығылып келер, алдымыздан өтер, сол кезде қыз ұрлап кетуді көрсетеміз, көзіне көк шыбын үймелетерміз» деген еді. Енді ол райынан қайтты, «қалқайып тірі жүрсе жарар, бақытын тілеп қала берерміз» деген. Бірақ құдамыз қауынтып келген де ешкім болмады.

Үшінші күні Сәлима жеңгесі ауыл шетінде жалғыз өзі тұратын Жармағамбет деген құмалақшыға барып бал аштырыпты. Ол өз-өзімен біраз күбірлеп, түсін суытып, «қыз денесі мұздай» депті.

– Ойпыр-ай, Еркем жаураған екен ғой, әлде бір суық жаққа алып кетті ме екен, – дейді үміттеніп.

– Ешқандай суық жер емес, үйіңнен алпыс қадам жерде, бір үйілген шөптің астына жатыр. Кеш қалыпсыңдар…

Сәлима жеңгесі ойбайға бассын.

– Жарымаған қубас, жағыңа жылан жұмыртқалағыр! Әдірам қалғыр, қу Жармағамбет!

Айтып ауыз жиғанша суық хабар ауылға тез тарады, облыстан арнайы итпен келген бір топ полицей әп-сәтте-ақ той болған үйдің қасындағы бір мая шөптің астынан бейбақ Бибісараның мәйітін тауып алады. Суық жерді паналайтын әдеті ме, Бибісараның бауырында иіріліп жылан жатыпты. Құшағында ең соңғы рет жылан ғана болды ма екен, кім білсін…

Заң тылсымға бағынбайды, заңдылыққа сүйенеді. Сол күнгі тойда тұтанған төбелестің бел ортасында Жармағамбет те болыпты, оған мас біреулер соқтыққан көрінеді. Жармағамбеттің өзі құмалақ аштыра барған адамға Бибісараның шөптің астында мұздай боп жатқанын, қанша метр жерде екеніне дейін айтуы күмән тудырмай қалмасы анық еді. Оның үстіне, әубаста, Бибісараның қасында осы құмалақшы отырыпты. Ал бөтен жігітті көргендер болса да «көрдім деген көп сөз» деп үнсіз қала береді. Осылайша Жармағамбет жиырма жылға жазасын өтеуге түрмеге тоғытылып кете барды…

Ү

2009 жыл. Қызылжар.

Түнгі елес секілді Бибісараның ең соңғы үміт шырағы болған Қали қазір қиян шетте, суық жақта, Қызылжарда егістік алқабында трактормен дақыл сеуіп жүргені осы. Түс әлеті болатын. Ол тракторының көлеңкесіне отырып, торсыққа құйып алған суынан жұтып, кенезесін жібітіп отырған. Кенет егістіктің маңына бір көкала нива келіп тоқтады да ішінен екі пойлицей түсті. Жүрістері суыт, бұған қарай ызғытып келеді. Тіпті, бет бәдені салқын. Бұл жақсылықтың нышаны емес деп ойлаған Қали орнынан атып тұрды. Өздері дәл осыған қарай беттеп келеді. Қалидың көз алдынан барлық өткен-кеткен оқиға зуылдап өте шыққан… Айнала мидай жазық, қозы қарын екі полицейге ілестірмей кетермін деп ойлады да, жалма-жан бет ауған жаққа тұра қашты.

Алғашында екі полицей аңтарылып бір-біріне қарайды. Мүмкін, іздеп шыққан жұмысы басқа шығар, әйткенмен полицейді көріп тұра қашқан ересек адамның бұл әрекеті күдік тудыратыны анық. Бір полицей ниваға қарай жүгірді де, бірі Қалидің артынан қуалай жөнелді. Қали қашып келеді, полицей табандап қуып келеді. Көз қиығын салып еді, жеткізбей кеттетіндей, енді сәл шыдаса, алыстағы қайыңды орманның арасына сіңіп кетсе, ары қарай тағы көре жатармын деген. Содан жол тауып, елге Қызылордаға жетіп алсам деп ойлады. Сөйткенше болған жоқ, алдынан сайтандай сап етіп көкала нива шыға келді. Сонымен Қали қапияда қолға түсті.

Сол күні Қызылжар түрмесінен бір адам қашып кетіпті де, екі полицей егістікте жүргендерден өткен-кеткен жалғыз-жарым бейсауат адам көріне ме деп, жан-жақтан сұрастырып жүрген екен, ал қолға түскен Қалидан жырынды тергеуші Қасен сауалды басқаша қойыпты:

– Азамат Айтқали Аллағұлов, біз сіз жайлы барлығын білеміз! Енді бәрін өз аузыңызбен айтып беріңіз, – деген.

Қаншама жыл жанын азапқа салған және оны жан баласына тіс жармаған оқиғаны Қали қапысыз әрі қуана-қуана баяндап береді…

ҮІ

Аралдан қалаға қайтып бара жатқан бетім, жолшыбай сол ауылға түсіп қалдым. Оның да бір себебі бар-тұғын. Сол ауылдың шетінде тұратын адам наркотикалық өсімдік сататын. Мен оны қалаға алып жеткізіп жүретін едім. Келісілген жерге келдім. Түн болатын. Белгіленген орында үлкен терек бар еді, оның тек біз ғана білетін қуысында қалтаға салынған шөпті алдым. Өзім де бір орамасын шегіп алғаным есімде. Көңілім сергіп, айнала біртүрлі жұмбақ күйге бөленіп сала берді. Әсіресе, қарным қатты ашты. Сөйтіп келе жатыр едім, бір шатыр өртеніп жатқандай көрінді. Өртті өшіре қояйын деп жақындасам, өрт емес, далада шатырда той болып жатыр екен. Іздегенге сұраған, қарнымның ашқаны есіме түсті. Тыңқиып тойып алдым, өмір тіпті ғажап, айналам өте көңілді, күллі жұрттың назары менде сияқты. Байқасам, қасымда бір сұлу қыз отыр екен. Екі көзі менде, мен солай ойлаған шығармын. Таныстық. Бірақ ол әйел маған қорқынышты көрінді, мен ол әйелден қорқып отырдым. Кенет ол менің көзіме шанышқы тығып алатын секілді болды. Біраздан кейін ол мені оңаша ертіп шықты, қол-аяғым дірілдеп, тіпті, жылағым келді. Есімді бір жинасам, онымен өте жайлы әңгелесіп отыр екенмін, бірақ ол бір сұрақ қойса, мен оған ұзақ ойланып жауап беріп отырғандай болдым. Содан соң ол мені бас салып ұстай алды, әлде біз құшақтастық… Бір анығы, менің бойымда еркектік қуатым қатты тасып, бойымды бір дүлей күш-ағын билеп, тулатып ала жөнелгені сонша, ол қызбен шөптің үстіне умақ-шумақ құладық. Қыз қатты алқынды. Мүмкін, жүрегі ауыратын шығар, мүмкін, ондай оқиғаны күтпеген шығар.  Кенет  ол баж ете қалды да, астынан бір сұп-суық затты маған қарай лақтыра салды. Оның суық екенін қолыма тигенде ғана сездім. Өзі дір-дір етеді, қарасам жылан екен. Ол сылқ етіп шөпке құлады. Менің зәрем қалмады. Қызды жыланнан қорғағым келді ме, білмеймін, оның үстіне қарай шөпті жалма-жан құлатып көме бастадым, сосын артыма қарамай қаштым. Жүгіріп келем, жүгіріп келем, артымнан біреу қуып келе жатқандай тоқтамай жүгіріп келем. Көп жүгірістен кейін ғана есімді жиып, өз-өзіме келдім. Енді қайтіп ауылға бара алмайтыным анық еді. Бір аптадан кейін газеттен бір қыздың мәйіті шөптің астынан табылғанын оқып, өзімнің не істеп қойғанымды ұқтым. Жан дүнием алай-дүлей, ішімде бірдеңе үзіліп кеткендай болды. Тек ұйықтай беремін… Ақыры алыс жаққа кетейін деп шештім, сол кеткеннен мол кеттім. Қырғызстанда тұрдым, Өзбекстанға өттім, одан Ресейге, қайда барсам қызыл көйлекті қыз қасымнан қалмады. 17 жыл елестен қаштым. Ол түні бойы жанымнан шықпайды. Сосын қайта елге оралып, солтүстікте өмірімді далада егістік алқабында өткізіп жатқам…

ҮІІ

Бүгін ол күндегісінен сергек оянды. Ұзақ жол бойы арқасына асқан ауыр жүкті иығынан түсіріп, өне бойы қаудырлап бос қалғандай өзін сондай жеңіл сезінді. Қабырғаға салынған шым-шытырық суреттер мен шимай-шатпақ жазуларды да алғаш көруі-тұғын. Жанындағы төсекте жатқан бейтаныс адам ары қарап жатқан күйі күрк-күрк жөтелді, денесінің селкілінен оянып кетсе керек, тыныс алуы өзгерді.

– Қалай демалдыңыз? – деді ол бұған бұрылмаған күйі.

– Өте жақсы. Әрі өмірімде бірінші рет. …Ол бүгін келмеді…

Қали қасында жатқан бейтаныс адамның Жармағамбет екенін білген жоқ…

Бақытбек ҚАДЫР,

Қосшы қаласы, Ласная поляна

Риэлторы

Эта драматическая история произошла осенью в начале 2000-х. Группа...

САБЫР ИЗ «УБОЙНОГО»

ВЫСТРЕЛ У ПОДЪЕЗДА Время на панели автомобиля высвечивало 05.10,...

Үкілі кер

Үш күн өтсе де, Нұржан үйіне оралмады. Ат та...

СОВЕСТЬ

Начинался новый ХХІ век. Стояла морозная снежная зима, последние...

Екі әріптің әлегі немесе опердың опасыз операциясы

Жұман бүгін ұйқысынан көңілсіз оянды. О бастан далада туып,...