Елімізде сот жүйесін халыққа қолжетімді ету мақсатында біршама жұмыстар атқарылғаны баршамызға мәлім. Соның ішінде сот жүйесіне енгізілген заманауи технологиялар құрылым жұмысына серпін беруде.
Заманауи ақпараттық технологияны сот жүйесіне енгізу және оны одан әрі жетілдіру сөзсіз сот билігінің беделін жоғарылатып, халық сенімін арттыруға өз септігін тигізері анық. Сот жүйесіндегі заманауи ақпараттық технологиялар арқылы электронды іс қағаздарын жүргізу бойынша үлкен жұмыстар атқарылып келеді. Оған дәлел, тараптар «Smart Sud» арқылы оның ішінде өзінің қалта телефонын пайдала отырып жер бетінің қай түкпірінде болмасын, бейне бақылау құрылғысы арқылы сот отырысына қашықтықтан қатысу мүмкіндігі қарастырылған. Сондай-ақ, сотқа қандай да болмасын талаппен жүгінгісі келетін азаматтар үйінен шықпай-ақ «Сот кабинеті» ақпараттық сервисі арқылы талап арыз беруіне болады. Бұл қызмет сот органдарының сервисіне электронды түрде кіруге арналған бірыңғай терезе. Аталған қызметтің мобильді нұсқасы да бар. Бұл сервис сот өндірісін жеңілдетумен бірге саладағы ашықтықты қамтамасыз етеді. Ол арқылы азаматтарға сот актілерін жүктеу және басқа да қажетті ақпараттармен танысу мүмкіндігі туындады. Сот кабинетіне кіру үшін Қазақстан Республикасының Ұлттық куәландырушы орталығынан электронды сандық қолтаңба алу жеткілікті. Енгізіліп жатырған ақпараттық технология шалғайда тұратын азаматтардың қаржыларын әрі уақыттарын тиімді пайдалануына үлкен мүмкіндік тудырады.
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаменті (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты аппараты) «Сот кабинеті» сервисіне QR-кодтарының жаңа технологиясын енгізген болатын. Халыққа ыңғайлы болу және бірыңғай стандартқа көшу мақсатында сервистегі авторизациядан өту және ұсынылатын құжаттарға қол қою тетігі өзгертілді. Енді авторизациядан өту және құжаттарға қол қою үшін Egov mobile мобильді қосымшасының Face ID және Touch ID арқылы мүмкіндік бар. Енгізілген жаңашылдық сервиспен жұмысты айтарлықтай дәрежеде жеңілдетті деуге болады. Неге десеңіз, ЕGOV mobile арқылы ЭЦҚ алуға, компьютерде ЭЦҚ қажеттілігінің болмауы, яғни, тұрақсыз NCALayer арқылы қол қою мәселесінің шешілуі, мобильді гаджеттердің қосымша параметрлерінің қажет болмауы және т.б. артықшылықтары қарастырылған.
Қазіргі таңда ІТ жобасы аясында құжат айналымы жетілдіріліп, соттарға «Төрелік» ақпараттық жүйесі енгізілді. Бұл жүйе мемлекеттік органдармен ақпарат алмасуға қолайлы, сондай-ақ оны қолдану жеңіл.
Сонымен қатар, тағы бір ауқымды ақпараттық технологияға тоқталсақ, ол соттағы электронды шақырту қағаздары. Бұл технология қарапайым халық мүддесіне қызмет атқарып жатыр деп айтуға болады. Себебі, бұған дейін сот отырысына қатысатын тұлғаларға шақырту қағаздарын арнайылап жазып, қолма-қол немесе пошта арқылы жөнелту қажет болса, қазіргі таңда электронды шақырту қағазы іске қосылды. Пошта қызметі арқылы жолданылған шақырту қағаздары иесіне табысталып болғанша біраз уақытты қажет ететін болса, ал, SMS хабарламасын ұялы байланыс нөмірі арқылы жолдау уақытты үнемдеумен қатар, жұмыстың оңтайлы ұйымдастырылуын қамтамасыз етіп отыр.
Сот жүйесінде жаңа технологияларды пайдалану сот ісін жүргізуді жеңілдетеді әрі сот қызметкерлерінің азаматтармен байланысын азайтады. Бұл сыбайлас жемқорлықтың қысқаруына да септігін тигізеді.
А.Төлеу
Ақтөбе облысының
мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының
кеңсе маманы сот отырысының хатшысы