Шымкент қаласы және Түркістан облысына қарасты ҚАЖД бойынша Келес аудандық пробация қызметінің бастығы әділет майоры Нұрдәулет Аширбаев үстіміздегі жылдың жеті айда атқарылған жұмысты ұжым құрамында талқылады. Пробация қызметкерлерінің қатысуымен өзекті мәселелер көтерілді.
Аталған шарада қылмыстық жазасын өтеп жүрген сотталғандардың адамдарға әлеуметтік және өзге де көмекті ұйымдастыру жөніндегі мәселер назардан тыс қалмады.
Күн тәртібінде пробация қызметі бөлімшесінің есебінде тұрған азаматтарға әлеуметтік құқықтық көмек көрсету мәселелері туралы, сотталғандардың құқық бұзуының алдын алу шаралары жайында да сөз қозғалды. Яғни аудан көлемінде пробация есебінде қанша адам есепте тұр, олардың бүгінгі әлеуметтік, психологиялық жағдайы және оларға пробация тарапынан көрсетіліп жатқан көмектер туралы да сөз қозғалды.
Келес аудандық пробация қызметінде жалпы 7 айда 20 азамат тұрақты жұмысқа орналасқан. Оның ішінде 2 азамат ауылдық округтерге ақылы қоғамдық жұмыстарға, 5 адам аудан әкім квотасы бойынша, қалған 13азамат әр түрлі шаруа қожалықтарға жұмысқа тартылған. Осы күнге дейін квота бойынша Келес ауданы әкімдігінің «Келес қызмет» комуналдық мемлекеттік мекемесіне 1 адам жұмысқа орналастырылды.
Пробация есебінде тұрғандардың 58-іне психологиялық көмек берілген. Сонымен қатар, 10 сотталған азаматтың жанұясына бір реттік азық-түлік үлестірілген. Қазіргі таңда Келес ауданының пробация қызметінде 141 адам есепте тұр. Олар пробация есебіне алынған күнен бастап жүйелі түрде жұмыстар жасалуда.
Әрбір тіркелген азаматы тіркеуге алған күні тұрақты-мекенжайы болмаса, тұрақты мекен-жайға тіркейміз, егер ол адам жұмыссыз болса Жұмыспен қамту орталығана ертіп барып бос жұмыс орнына тіркетеміз. Жұмысқа орналасатындары жұмысқа орналасады. Сондай-ақ, қысқа мерзімдік оқуға да жіберіледі. Сондай-ақ, өзінің бизнесін ашуға мүмкіндік алып, грант ұтып алып бизнесін дөңгеліт отырған азаматтар да бар. Тіркеуге тұрған азаматтардың басым бөлігінің тұрақты жұмысы болмайды. Жұмыспен қамту орталығының ұйымдастырумен өтетін «Бос жұмыс орындары» жәрмеңкесіне қатысып тұрамыз. Ол жерде ұсынылған жұмыстарға пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтарда қатысып, өздерінің өтінішін бере алады. Әрине, егер ол адам жұмыс берушінің талабына сай болса, құжаттарын сол жерде тапсырып кетуіне болады. Мұндай шараларды ұйымдастырудағы басты мақсатымыздың бірі, өмірде қателік жасап, шалыс басқан жандарды қоғамға бейімдеу болып табылады. Сонымен қатар, жұмыссыз үйде бос жатпай, отбасын асырауға да мүмкіндігі бар. Қылмысқа бой алдырған адамдардың басым бөлігі, жұмыссыздықтың салдарынан барады. Жұмыссыз үйде отырған адам ақша табу үшін ұрлыққа, тонауға баратыны айдан анық. Осындай қылмыстарды болдырмау үшін сотталған азаматтарды жұмысқа орналастырып, оларды өзіміз бақылап отырамыз, — деді пробация қызметі бөлімінің бастығының Нұрдәулет Аширбаев.
Осы тіркеуде тұрған азаматтардың бүгінгі жағдайлары пробация ұжымы отырысында назарға қойылды. Жазасын өтеп, қатесін түсінген азаматтарға қоғамда қай уақытта да қолдау бар. Жиналыс барысында пробация қызметінің есебінде тұрған сотталған азаматтарға барынша қолдау көрсету, көмек беру кеңінен сөз болды. Жеке кәсібін ашамын дегендерге мемлекет тарапынан қайтарымсыз грант алуына мүмкіндік беру, еңбекке жарамды азаматтарды жұмысқа орналастыру, отбасылық жағдайларына қарай әлеуметтік көмек көрсетуге ұсыну сияқты мәселелер көтеріліп, ұсыныс пікірлер ортаға салынды.
Раушан НАРБЕК
Түркістан облысы