– Алмат Нұрмұратұлы, азаматтық істер өндірісінде қазіргі таңда қандай мәселелер өзекті?
– Еліміз егемендік алған соңғы отыз жылдың ішінде Қазақстан өзiн демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтiк мемлекет ретiнде танытты. Ең қымбат қазынамыз – адам және оның өмiрi, құқықтары мен бостандықтары екендігі Ата Заңда атап көрсетілді. Ата Заң бойынша, республикамыздың кез келген азаматы, азаматтығы жоқ адамдар және шетел азаматтары халықаралық шарттарға сай, өзіне тиесілі құқықтары мен бостандықтары бұзылған жағдайда, оларды сот арқылы қорғауды талап етіп, бұзылған құқықтарын қалпына келтіруге құқылы. Сот өз кезегінде олардың арыздары мен шағымдарын заң шеңберінде, бейтарап түрде қарап, заңды әрі әділ шешім қабылдайды. Бұл – құқықтық мемлекеттің басты қағидасы.
Тәуелсіздік алған 30 жыл ішінде еліміздегі барлық саласында қомақты реформалар жүзеге асырылуда. Соның ішінде сот жүйесінде Қылмыстық-процессуалдық, Азаматтық процестік, Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс, Еңбек кодексі және басқа да қоғамдық қатынастарды реттейтін заң актілері мен кодекстер қабылданды. 24 маусым – Судья және сот қызметкерлерінің күні болып белгіленді. Судьялар мен сот қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайы жақсартылып, қызметі материалдық-техникалық жағынан толықтай қамтамасыз етілді. Облысымыздағы барлық сот мәжіліс залдарына түгелдей дыбыс-бейне жазатын құрылғылар қойылды. Заманауи ақпараттық технологияны енгізудің басты ерекшелігі – арызданушы азаматтар мен сот қызметкерлерінің тікелей қарым-қатынасқа түсуіне жол берілмейді. Сол сияқты «100 нақты қадам» Ұлт жоспары, «Рухани жаңғыру», «Цифрлы Қазақстан» бағдарламалары жұмысымызды анағұрлым жеңілдете түсті. «Мінсіз судья», «Үлгілі сот», «Әділ процесс», «Е-СОТ», «Оңтайлы орта», «Сапалы нәтиже», «Сотсыз татуласу орталығы» жобалары өздерінің тиімділігін көрсетуде. Нәтижесінде халықтың сотқа деген сенімі нығая түсті. Ал енді азаматтық істер өндірісіндегі өзекті мәселелерге келетін болсақ, жеке, заңды тұлғалар арасында жер телімін пайдалануға байланысты туындайтын дауларды айтар едім. Облысымызда ушығып тұрған даулы істердің қатарында жеке, заңды тұлғалар арасында жер телімін пайдалануға байланысты туындайтын дауларды атап өткен жөн. Оның басты себебі – сотқа жүгінуші екі жақтың жер туралы заңдардың баптарын жете білмеулері, оның талаптарын дұрыс орындамауы. Заңда атап көрсетілгендей, сотқа жүгінуші тарап өзіне берілген жер учаскесін көрсетілген уақытта жəне нысаналы мақсатта пайдаланбаса, құжаттары заң талаптарына сəйкес заңдастырылмаса, мемлекеттік акт алынбаса жəне ол құжаттар дер кезінде тіркеу органдарынан өтпесе, ондай шағымдар сот шешімімен қанағаттандырылмайды. Сондықтан азаматтарымыз жер туралы заңдарды, өздерінің талаптарын жете біліп, құқықтық құжаттардың қажеттілігін дер кезінде, толықтай қамтамасыз етсе, жерді өз меншігіне алуда заңсыздыққа жол берілмейтіндіктерін әрдайым ескергені дұрыс. Көп азаматтар ол жерді бірінші иесі уақытысында пайдаланбағандықтан, заңды түрде екінші адамға бергенде, «жер менікі» деп дау шығарады. Жер берілген екінші адам жерді алған күннен бастап, сол жерде құрылыс жұмыстарын жүргізеді. Әрі ол жерді заң талаптарына сай өзінің атына заңдастырып алады. Құжаттары толық жасақталған мұндай жер учаскелерін мәжбүрлеп қайтаруға заң бойынша жол берілмейді. Себебі, жер телімін бірінші алған адам ол жерді уақытында мақсатты игермегендіктен, жерді пайдалану құқығынан айрылады. Болашақта мұндай түсінбестіктерге жол бермес үшін, азаматтарымыз жер туралы заңдарды, өздерінің құқықтарын жете біліп, тиісті құжаттарды дер кезінде, толықтай қамтамасыз етсе, жерді өз меншігіне алуда заңсыздыққа жол берілмейді.
– Қарапайым азаматтар тарапынан банктерге қатысты өкпе көп. Оларды халықтың қаржылық тұрғыда сауаты аздығын жиі пайдаланады деп айыптайды. Шын мәнінде, банктерге қатысты осындай заңсыздықтар анықтала ма?
– «ҚР банктер және банк қызметі туралы» заңда банктік қарыз шарттарынан туындайтын даулар бойынша дауды сотқа дейін реттеу тәртібі жанжақты, түсінікті етіп жазылған. Банктер қарыз алушылар арасында туындаған дауларды сотқа дейін реттеу кезінде олармен әңгімелесу жүргізіп, қарызды екі жаққа тиімді жолмен өтеу жайлы ұсыныстар жасап, шараларды заң аясында жүзеге асырулары шарт. Егер азаматтар банктік қарыз шарты бойынша міндеттемені орындау мерзімін өткізіп алған жағдайда не білуі керек десек, біріншіден, қарыз шарты бойынша міндеттемені орындау мерзімі өткен күннен бастап 20 күннен кешіктірмей, банк банктік қарыз шартында көзделген тәсілмен және мерзімінде қарыз алушыны қарызы барынан хабардар етуі керек. Содан кейін міндеттемені орындау бойынша мерзімін өткізіп алудың туындағаны және хабарламада көрсетілген күні жинақталған берешек мөлшері көрсетілуі тиіс. Банкке қарыз алушыға өздеріне өтініш жасау құқығы бар екенін түсіндіріп, шарт бойынша өз міндеттемесін орындамаудың салдарынан хабардар етуі міндетті. Өкінішке қарай, мұндай дауларды соттан тыс реттеуге мүмкіндік бар екенін банк, қаржы орталықтары көп жағдайда ескере бермейді.
– Отбасылық соттардың жұмысы туралы айта кетсеңіз. Бүгінгі таңда отбасы институтын нығайту, шаңырықты сақтау тұрғысынан қандай жұмыстар атқарылып жатыр? Ажырасушылар статистикасы жоғары ма?
– Жоғарғы Соттың бастамасымен тәжірибеге енген «Отбасылық сот» пен «Отбасы орталығы» жобалары бабалар дәстүрін одан әрі жалғастырудың жарқын бір көрінісі деуге болады. Облысымызда жанұяны сақтау мен отбасы институтын нығайтуда біраз жұмыстар тындырылды. Отбасылық дау-жанжалды өзара бітімгершілікпен шешіп, балалардың ата-анасымен бірге өмір сүруін қамтамасыз ету – жұмысымыздың ең басты өзегі. Атап айтқанда, неке бұзу туралы талап арыз түскен сәттен бастап, судья жанұя мүшелері, олардың сәбилері моральдық күйзеліске түспес үшін істі бітімгершілікпен шешуге бар күш-жігерін жұмсайды. Отбасылық дауларға тәжірибелі психолог, адвокат, сондай-ақ, халық арасында беделді медиаторлар тартылады. Солардың көмегімен судья баланың тұрғылықты жерін, жеке-жеке тұратын ата-ананың балаларымен кездесу тәртібін, күтіп-бағуға қажетті алимент мөлшерін анықтау, мүлікті бөлуге қатысты дауларды қарап, екі жаққа дауды бейбіт келісімге келу арқылы реттеу әдістерін түсіндіреді, ерлі-зайыптыларды ортақ мәмілеге келтіру үшін бар мүмкіндікті пайдаланады. Дауды шешу барысында ерлі-зайыптылар бірін-бірі тыңдағысы келмейді. Сотқа жүгінушілердің заңмен қорғалған тәуелсіздігі мен құқығына ешкімнің де қол сұғуға қақысы жоқ. Солай бола тұра, соттар екі жақты татуластыру ұстанымын берік ұстанады. Өйткені, отбасылық соттарда бірінші кезекте баланың мүддесі мен қалауы есепке алынуы керек. Сотта тараптарға ойлануға, мәмілеге келуге уақыт беріледі. Тәжірибе көрсеткендей, көп жағдайда ерлі-зайыптыларда ортақ мақсат жолындағы түсіністік, балалардың болашағына деген аладаушылық жетіспей жатады. Мұның соңы шаңырақтың шайқалуына, ажырасуға әкеліп соқтырады. Ажырасуға қатысты дауларды сотта немесе соттан тыс шешу тәсілдерінің негізінде отбасы құндылықтары дәріптеліп, жанұядағы жарасымдылықты сақтауға үлкен көңіл бөлінеді. Шындығын айту керек, бұл күнде жастарымыз қиындыққа шыдамайды. Сәл нәрсеге бола ұрыс туғызып, ажырасуға дайын тұрады. «Үйлену оңай, үй болу қиын» деген мәтелдің астарына үңіле бермейді. Қазақы тәрбие алып отырған ауылдық жерлердің өзінде соңғы жылдары ажырасудың көбейіп кетуі – алаңдатарлық жағдай. Бұрындары қаймағы бұзылмаған қазақы жерлерде «бәленшенің отбасында ұрыс-керіс болыпты, кеше үйленген балалары айырылысып жатқан көрінеді» дегенді мүлдем сирек еститін едік. Ондай жағдайлар туындағанда, ауылдың ақсақалдары сол үйге келіп, ақылын айтып, ерлі-зайыптыларды жарастырып жіберетін. Енді келіп жастарды татуластыруға ауылдың қарттары тұрмақ, екі жақтың ет жақындары да, ата-анасы да араласпайтынын көріп жүрміз. Соның салдарынан қаншама шаңырақ ортасына түсіп, қаншама бала тірі жетім атанып жүр?! Сотқа ажырасуға келгендерге білгенімізді айтып, айрылысудың зардабы екі жаққа да, әсіресе, балаларға үлкен соққы болатынын түсіндіру – біздің парыз. Бұл орайда облыс орталығында, ауылдық, аудандық жерлерде құрылған билер кеңесі, медиаторлар қауымдастығы ерлі-зайыптыларды татуластыруға барынша атсалысып келеді. Олардың көмегімен осы жылдың басынан 203 жас отаудың айырылысу жөніндегі талап арыздарынан бас тартып, қайта табысқандарын атап өткен жөн. Деректер мен дәйектерге көз жүгіртсек, үйленгендеріне бес жыл толмаған жастардың ажырасуы жиі кездеседі. 2021 жылдың 20 желтоқсанында «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне азаматтық процестік заңнаманы жетілдіру, дауларды соттан тыс және сотқа дейінгі реттеу институттарын дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қабылданды. Соған орай, бірнеше заңнамаға өзгеріс енгізілді. Жаңа өзгеріске орай, некені бұзу туралы талап қою Азаматтық процестік кодекстің 148-бабының талабына сай болуы тиіс. Ендігі жерде соттар неке бұзу дауларына қатысты ортақ мүлікті бөлу, балалардың тұрғылықты жерін анықтау, алимент өндіру секілді барлық мәселелерді процесті жүргізу барысында қарайды. Егер тараптардың арасында алимент бойынша немесе ортақ мүлікті бөлу бойынша мәселелер болмаған жағдайда, олар келісім құжатын жасақтау қажет. Мұның барлығы азаматтардың уақытын үнемдеуге, сот жұмысын женілдетуге бағытталған.
– Сот шешімдеріндегі тілдік мәселелер жиі сөз болады. Мемлекеттік тілдегі іс қағаздары мен сот шешімдерінің сапасы сын көтермейді. Бұл тұрғыда қандай іс-шаралар атқарылуы керек деп есептейсіз?
– Ата Заңымыздың 7-бабында «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі. Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» деп көрсетілен. Мемлекеттiк тiл – мемлекеттiң бүкiл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттiк басқару, заң шығару, сот iсiн жүргiзу және iс қағаздарын жүргiзу тiлi. «Тіл туралы» заңның 4-бабы, Азаматтық процестік кодекстің 14-бабы, Қылмыстық процестік кодекстің 30-бабы осы қағидаларды қуаттайды. Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттiк тiлдi меңгеру – Қазақстандағы әрбiр тұрғынының азаматтық парызы. Біздің әрқайсысымыз мемлекеттік тілде сөйлеуде және жазуда өзгелерге үлгі көрсетуіміз керек. Себебі мемлекеттік тілді білудің қажеттілігін тудырмай, тілдің мәртебесі өз деңгейіне көтерілмейді. Сот саласында сот ісін жүргізу тілінің тәртібі Азаматтық процестік кодекстің 14-бабында, Қылмыстық-процестік кодекстің 30-бабында нақты көрсетілген. Аталған баптарға сәйкес, Қазақстанда сот iсiн жүргiзу қазақ тілінде жүргiзiледi, сот ісін жүргізуде қазақ тілімен қатар ресми түрде орыс тілі, ал, қажет болған кезде, басқа тiлдер де қолданылады деп көрсетілген. Қостанай облысының соттары мемлекеттік тілді дамыту саясатын, оның қолдану аясын кеңейте отырып насихаттауға бағытталған іс-шараларды жоспарлы түрде жүзеге асыруда. Құқық қорғау, мемлекеттік органдар мен өзінөзі басқару салаларының, жергілікті бұқаралық-ақпарат құралдары өкілдерінің қатысуымен дөңгелек үстелдер, семинарлар өткізілуінің арқасында мемлекеттік тілде қаралып жатқан істердің үлес салмағы арта түсуде. Азаматтық-процестік кодекстің 14-бабының 1,2-бөліктерінің талабына сәйкес, азаматтық істер бойынша сот ісін жүргізу негізінен қазақ тілінде жүргізіледі. Жыл басынан бері Қостанай облысы соттарының мемлекеттік тілде қараған азаматтық істердің барлығы 10 пайызды құрап отыр, ал өткен жылдары 2-5 пайыздан аспаған. Азаматтық іс бойынша іс жүргізу бастапқы белгіленген сот ісін жүргізу тілінде жүзеге асырылады. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында: «Тіл – ұлттың тұғыры, ұрпақтың ғұмыры. Қазақ тілі қазақты әлемге таныта алады. Халықтың тілі – халықтың төлқұжаты. Мұны әрдайым есте ұстау керек. Біле білсек, ұлттық қауіпсіздік тілімізді қадірлеуден басталады», – десе, біртуар ақиық ақынымыз Қадыр Мырза Әлінің «Ана тілің – арың бұл, ұятың боп тұр бетте, өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте!» деген қанатты сөзін бір сәтке де естен шығармағанымыз абзал. – Судьялардың әлеуметтік жағдайы туралы не айтар едіңіз? Бұл мәселеге қатысты қандай проблемалар бар? – Соңғы бес-алты жылдың көлемінде соттардағы барлық өзгерістердің басты мақсаты – халықтың сотқа деген сенімін нығайтуға, елімізде құқық үстемдігін қамтамасыз етуге, судьялар мен сот қызметкерлерінің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларын одан әрі жақсартуға бағытталған. 2000 жылы қабылданған «ҚР сот жүйесі және судьялар мәртебесі туралы» Конституциялық заң сот жүйесін қалыптастыру мен жетілдірудің маңызды қадамы болды. Судьялардың әлеуметтік жағдайы ескеріліп, қызметі материалдық-техникалық жағынан толық қамтамасыз етілді. Республикамызда тәуелсіз сот жүйесін одан әрі жетілдіруге аталған заң өз үлесін қосты. Осы уақыт аралығында барлық облыстарда мамандандырылған соттар құрылып, Алқабилер институты енгізілді. Күдіктілерді қамауға алу құзыреті прокуратурадан соттарға берілді. Барлық деңгейдегі соттарда электрондық терминалдар мен бейнебайланыс жүйелері, ғылым мен техниканың заманауй жетістіктері қолданысқа енді. Жоғары кәсіби сот корпусын қалыптастыру, судьяларды қызметтік пәтермен қамтамасыз ету, уақыт талабына толықтай жауап беретін сот ғимараттарын салып, пайдалануға беруде де ұлан-ғайыр істер тындырылды. Сот төрелігін атқару кезінде судьялардың заңнамалық, құқықтық және материалдық жағдайлары анағұрлым жақсара түсті. Басқа да өзекті мәселелер кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда.
– Маман біліктілігіне қатысты ойыңызды айта отырсаңыз. Судья біліктілігін арттыруға қатысты қандай ұсыныстар айтар едіңіз?
– Сот қызметін ұйымдастыру және материалдық-техникалық қамтамасыз ету мәселелерімен облысымызда Соттар әкімшісі айналысады. Сот персоналының кадрлық әлеуетін арттыру, соттарда штаттық құрылымды және әкімшілік рәсімдерді оңтайландыру, соттардың инфрақұрылымын жақсарту, теңгерімделген көрсеткіштер жүйесін құру, қоғамның және басқа да қажеттіліктерге қарай соттарды қаржыландырудың оңтайлы үлгілерін анықтау мәселелері нақты шешімін табуда деп сеніммен айта аламын. Меритократия принципі бойынша мамандарды қызметке қабылдайтын конкурстық іріктеу кезінде, яғни ішкі және жалпы конкурста жариялылық пен ашықтық барынша қамтамасыз етіліп, оған тәуелсіз бақылаушылар, үкіметтік емес ұйымдар мен БАҚ өкілдері тұрақты түрде қатысып отырады. Конкурс барысында дыбыс-бейнебақылау жүйесі іске қосылып, әр қызметкердің еңбегі арнайы комиссия арқылы сараланып, бағаланады. Жоғарғы оқу орнын бітіріп, сотқа келген жас мамандар жұмыс жауапкершілігінің ауқымы мен айлық жалақының сәйкес келмеуінен басқа қызмет орындарына кетіп жататыны жасырын емес. Жоғарғы сот басшылығының тікелей қолдауымен сот қызметкерлерінің жалақысын көтеру арқылы, мемлекеттік қызметке ынталандыру және соттар әкімшісінде кадр тапшылығын болдырмау мәселесі өз шешімін тапты. Болашақ судья заңгер, маман ретінде соттарда кәсіби шыңдалудан өтеді, тәжірибе жинақтайды. Сот қызметкерлеріне Судьялар одағының мүшесі ретінде қолдау жасалып, әлеуметтік және құқықтық жағынан қорғалады. «Тура биде туған жоқ» қағидатын берік ұстанған судьялар әділдіктің айнасы, адалдықтың символы болумен қатар, жоғары мәдениеттің, биік адамгершіліктің үлгісі бола білуі шарт. Судьялар тек сот ғимаратында, сот отырысында ғана емес, соттан тыс жерлерде де, тұрмыстық жағдайларда да кісілік келбетіне, антына адалдығына күман келтірмей, жат әдеттерден аулақ жүргендері дұрыс деп есептеймін. Ауыр науқасты ажалдан арашалап қалуға тырысқан дәрігер сияқты судьяның да сот процесінде қателесуге қақысы жоқ. Себебі екеуі де адам тағдырына араласады. Судьяның бір ғана қате шешімі бүкіл судьялар корпусының жылдар бойы жинаған атақ,абыройына кері әсерін тигізеді. Сондықтан судьяларға қойылатын талап ерекше болуы керек. Судьялық лауазым үнемі ізденісте болып, ерінбей еңбектенуді, кәсіби біліктілікті ұдайы көтеріп отыруды қажет етеді. Заңғар жазушы Шерхан Мұртаза ағамыз «Заң – мемлекеттің тоғыз қабат, тор көзді сауыты» дегенді тегін айтпаса керек. Ал, тоғыз қабат тор көзді сауыттың мықты болуы судьяның біліктілігіне тікелей байланысты.
– Шынайы әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Шолпан РАҚЫМҚЫЗЫ