12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

«Шеврон» қаржыландырылған жобаның жемісі

                «Шеврон» компаниясы жастардың ғылымға және жаңа технологияларға қатысы бар жобаларын белсенді түрде қолдайды. Компанияның шынайы демеуші болуымен жүзеге асқан ауыз толтырып айтарлықтай әлеуметтік жобалар жетерлік. Оған қомақты түрде қаржы бөліп отыруды және жыл сайын оны арттыра түсуді компания дәстүрге айналдырған.

            Білім мен ғылым кез келген мемлекеттің даму және өркендеу көрсеткіші. Сондықтан оларды әлемдік өркениет талаптарына сай сапалық жағынан жақсарту – мемлекеттің міндеті. «Шеврон» компаниясы  әлеуметтің алдындағы бұл жауапкершілікті терең сезініп, еліміздің білім және ғылым саласы айрықша даму жолына түсіп, жоғары талап деңгейінен көрінуі үшін бұл бағыттағы түрлі жобаларға қолдау көрсетуде. Ғұлама ғалым әл Фараби «Ғылымы жоқ елдің – болашағы жоқ» деген екен. Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында: «Бұл дәуір – ақыл-ойдың, ғылым мен білімнің, еңбектің дәуірі», – деген болатын. Мемлекет басшысы айтпақшы, біздің заманымыз – ғылым мен білімнің дамуына білек түріп белсене кірісетін кезең.

                «Шеврон» компаниясы «Орталық Азияның Еуразия қорымен» бірге 2022-2023 жылдары Атырау қаласындағы Абай орталығында балалар мен жастардың әлеуетін дамыту үшін «Jas Space: Атырау қаласы жастарын дамыту бастамасы» бағдарламасын іске қосты. Мақсаты – STEAM (ғылым, технология, инженерия, өнер, математика) бағыттары бойынша білім беру және  STEAM саласындағы кәсіптерді танымал ету. Аталмыш бағдарлама бойынша Абай орталығының базасында жастарды кәсіби, тұлғалық және  STEAM дағдыларына үйретуді міндеті санайды. Оған мектептің 7-11 сынып аралығындағы оқушылар, студенттер, мүмкіндігі шектеулі жастар және STEAM оқытушылары қатыса алады. Ғылым, технология, инженерия, өнер, математика бағыттары бойынша жаңаша білім алуға барлық жағдай қарастырылған.  Бүгінде әлем технологиялық, экономикалық және әлеуметтік салалардағы терең және қарқынды өзгерістер кезеңіне қадам басып келеді. Қоғам сәт сайын жаңаруда. Осыған орай мамандықтар рөлі де өзгеріске ұшырауда. Жаһан жылдамдығымен тың жаңалықтар одан әрі күшейіп, шамамен 5 жыл сайын бүгінгі жаңамыз ертең ескіге айналып жатады. Бүгін сұранысқа ие мамандықтар қажетсіз және ақысыз болып қалуы әбден мүмкін.

Еліміздегі табысы ең жоғары мамандық киберқауіпсіздік немесе ақпараттық қауіпсіздік саласының мамандары екен. Яғни, ІТ мамандары. ХХІ ғасыр жаңа технологиялардың дәуірі болғандықтан, осы салаға деген сұраныс та өте жоғары. Көш басындағы елдердің көз ілеспес жылдамдықпен дамуы осы ақпараттық технологияның жетілуімен тікелей байланысты. 2015 жылы Оксфорд университетінің  ғалымдары Ричард  пен Дэниель Сасскин алдағы жылдарға жасаған болжамында: «Болашақ­та, бүгінгі мамандықтарды  екі түрлі өзгеріс кү­тіп тұр. Жаңа тех­но­логия­лар дәстүрлі жұмыс түрін жеңілде­туі мүмкін. Айталық, дәрігер емделу­ші­мен Skype арқылы байланысады, сәулетші дизайн жасау үшін компьютерлік бағдарламаларды қолданады. Екіншіден, технологиялар кез келген салада проблемаларды шешудің тиімді тәсіліне айналады. Мысалы, жоғарыда айтылған медициналық онлайн диагностикалау маманының жұмысын жеңілдетсе, кейбір жаңа технологиялар кесірінен қызметкерлер жұмысынан айырылуы мүмкін. Олай болса, алдағы уақытта әрбір мамандық озық технологияны меңгеруге  бейімделеді. Ең бастысы қандай оқу ордасында оқығаны емес, мамандықты тереңінен білуінде», деген болатын. Болашақты бағдарлап, ІТ-технологияның күш-құдіретін  пайдаланар болсақ, әлеуеті артқан, экономикасы жанданған, ең бай мемлекеттер қатарында көш бастап, дамыған елдермен терезе теңестірер күнге жетеміз.

            Міне, осы мақсатта балаларға жаңа технологияларды үйретуді, зияткерлік машығын дамытуды,  құлтемірді бағындыруды  көздеген бағдарламаның жемісін көріп жатқан оқушылар компанияның қаржыландырып отырған бұл жобасына дән риза.

              Jas Space кеңістігіндегі заманауи құрылғылармен жабдықталған зертхана: STEAM, ғылым, медиа зертханасы, shop-bot, компьютерлік зертхана, амфитеатр, Лаунж сынды 7 аймақтан тұрады. Олардың әрқайсысының материалдық-техникалық базасының жабдықталуы тіптен ерекше. Кабинеттердегі заманауи құрылғылар көздің жауын алады. Балалардың қызығушылығын арттыру мақсатында облыстағы STEAM мұғалімдері де оқытылады және бұл жоба облыстық білім беру басқармасымен бірге іске асырылады.  Айта кетейік, кеңістіктің жұмысын «Шеврон» компаниясы 2023 жылдың соңына дейін қолдайды. «Орталық Азияның Еуразия қоры» Абай орталығымен бірлесе отырып, кеңістіктегі STEAM бағдарламаларын жүзеге асырады. Маусым айынан бастап жазғы мектеп, шілдеде шебер-сыныптар ұйымдастырылып, курсқа қатысушылар жаңа технология бойынша дүниетанымдарын кеңейтті. Өздеріне таңсық дүниелерді көзбен көріп, қолмен ұстап көрді. Оларға дәріс берген білікті менторлармен бірге зертханада түрлі тәжірибелік жұмыстар жасап, жазғы демалыстарын тиімді өткізді.   

            Енді, тамыз айында STEAM бағыты бойынша оқытушыларға арналған тегін біліктілікті арттыру курстары сәтті ұйымдастырылуда. Мақсаты – Jas Space кеңістігінде аталмыш бағыт бойынша мұғалімдердің құзіреттілігін дамыту және кіріктірілген STEAM жобаларын жүргізу. Курс онлайн және оффлайн форматта да жалғасуда. 1 мен 19 тамыз аралығында STEAM бағыты бойынша тегін біліктілікті арттыру курстары өтеді. Курс мақсаты: STEAM бағыты бойынша оқытушылардың оқыту құзыреттілігін дамыту және кіріктірілген STEAM жобаларын жүргізіп үйренеді. Сабақтар Online және Offline форматында ұйымдастырылады.

Online курстары 1 мен 5 тамыз аралығында 36 сағаттық бағдарлама негізінде 

“Caravan of Knowledges” ұйымымен бірге  іске асуда. Offline курстары 8 бен 19

тамыз аралығында 72 сағаттық бағдарлама негізінде, Қазақстандық білім беру және спорттық робототехника федерациясы РҚБ «Казроботикс» ұйымымен бірге

жүзеге асқалы отыр. Біліктілікті арттыру курстарында қатысушылар Сертификатқа ие болады және Arduino, 3D принтер, лазерлік кесі және гравировка құралдарында жұмыс жасап үйренеді. STEAM – кіріктірілген проекттерді жасау дағдыларын еркін меңгереді.  

            Атырау облысы, Құрманғазы ауданында Еңбекші және Гагарин атындағы жалпы орта мектептер  STEAM кабинеттерімен жабдықталған. Аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Еділ Баяровтың айтуынша, енді алдағы оқу жылында Бегәлиев және Әуезов атындағы жалпы орта мектептер аталмыш кабинетпен қамтылмақ. Инновация мен технологияның тілін түсініп, оны лайықты жүргізе білген білім ошақтарында  мамандардың саны саусақпен санарлықтай. Әсіресе ауылдық жерлерде мұндай кадрлар тапшы. Алайда, осы саланың қыры мен сырына үңіліп, озық технологияны барынша игеруге тырысып, өзінің білімін үнемі жетілдіріп жүрген жас мамандардың бірі, Гагарин атындағы жалпы орта мектептің мұғалімі  Нұржан Евниенов STEAM технологияларын түрлі пәндердің мұғалімдері де қолдана алатынын айтты.

 – Мен 2014 жылдан бері Гагарин атындағы жалпы орта мектебінде информатика пәнінен сабақ беремін. Жалпы өзім осы компьютер саласына мектепте жүргенде қызығып, оны терең меңгергім келіп осы мамандықты таңдадым. Содан, 2014 жылы мектепте сабақ бергеннен бастап ауылдың балаларын қала балаларының деңгейіне жеткізуді алдыма мақсат етіп қойдым. Себебі, өзім қалаға барғанда компьютерлік сауаттылықтан қиындық көрдім. Өйткені ауыл баласы меңгерген компьютерлік сауаттылық деңгейі қаладағы қатарластарымен салыстырғанда төмендеу болды. Сондықтан осы ұстаныммен жұмысқа кірістім. Қазір технология дамып, мектебімізге 2017 жылы робототехника, 2019 жылы STEAM кабинеттері келді. Бұл кабинет келгеннен бастап жұмысқа қызығушылығым артты. Себебі әртүрлі жаңа технологиялар, 3D принтерлер, робототехника саласында құлтемірдің басқа түрлері, модулдау, өмірімізге енді, технология пәнінен шағын, қауіпсіз бірлескен станоктармен қамтамасыз етілдік. Осы технология пәнінің мұғалімі Біржан Шамашев екеуіміз өзіміздің деңгейімізді білейік, оқушылардың жетістігін көрсетейік деп ғылыми жобаға қатысуды жөн санадық. Аудандық, облыстық, республикалық шараларда жұмыстарымыз көрінді. Одан бөлек, 2021 жылы «Шеврон» компаниясы оқытқан Fusion 360 бағдарламасы 3D принтерлік модельдеуі бойынша  «3D модельдеу және Pyton» бағдарламасынан екі курс өттім. Жаңа технологияны еркін меңгерген білікті де тәжірибелі менторлардың дәрістерін тыңдап, көптеген жаңа нәрсені, өзіме таңсық дүниелерді, түрлі техникалармен жұмыс жасауды меңгердім. Курс онлайн өтсе де, оның маған берген білімі мол болды. Тіпті, осы салаға деген қызығушылығымды одан әрі арттырды десем артық айтқандығым емес. Аталмыш курстан оқыған-тоқығанымды тәжірибе жүзінде сынайын деп сол жылы қыркүйекте Алматы қаласында өткен «Балбөбек» оқу және сайыстық шарасына екі оқушыны қатыстырдым. Нәтижесінде STEAM және робототехника саласынан ең үздік нәтиже көрсетіп, сертификат алдық. Жекелеген оқушыларымнан Аман Аташев өнертапқыштық қадам жасап STEAM және жаңа технологияларды пайдалана тікұшақтың үлгісін 3D принтерден шығарып, кейбір құрылымдарына, мотор, қозғалысына Ардуин роботының мотор элементтерін жалғау арқылы қосып, ауданнан, облыстан І орын алып, республикаға шығып Алғыс хатпен марапатталды. Одан кейін «Ауылым – алтын бесігім» аталымы бойынша сайыста Арсен Талғаров медиа саласында «Сайт, робототехника, STEAM бағдарламасы» жөнінде сайт жасап ауданнан, облыстан І орынға қол жеткізіп, республика бойынша сайыста Алғыс хат иелендік. Біржан Шамашев киіз үй элементтеріне STEAM технологияларының станогін пайдалану жобасымен облыстық, аудандық сайыстарға қатысып І орын алдық, республикадан да осындай жетістіктер көрсеттік. Енді, биылғы оқу жылында да республикадан бір нәтижемен оралсақ деген үміттеміз. Себебі, 20 қыркүйекте  өтетін «Ұлы өнертапқыш, алғашқы қадам» сайысының «3D модельдеу» аталымы бойынша бір оқушымыз дайындалып жатыр. Жаңағы  STEAM технологияларын физика, химия, биология, география пәнінің мұғалімдері кеңінен қолданып балалардың білім жетістіктерін көбейтуде. Өзім басқа да мамандардан аталған технология бойынша біраз нәрселерді үйрендім. Оның бәрін күнделікті жұмысымда қолданып, шәкірттерімнің заманауи құрылғылардың қыр-сырын меңгеруде қала балаларынан кем түспеуі үшін күш салудамын. Қазақта «Тұрып қалған су бүлінеді», деген сөз бар, қарыштап дамыған ғасырымызда білгенімізбен шектеліп қалмай, алға қарай да дами түсу оқытушының да, оқушының да парызы деп санаймын. Бүгінде оған даңғыл жол ашылып, мүмкіндік туып отыр. Соның бірі, «Шеврон» компаниясы қаржыландырған әлеуметтік жобаның жемісі, — дейді  STEAM технологияларын меңгерген ұстаз  Нұржан Евниенов.   

             «Білімге деген көзқарасымызды өзгертуіміз керек. Гуманитарлық мамандықтарға қызығудың  дәурені  өтті. Техникалық мамандықтарға басымдық берілуі  тиіс. Өнеркәсіп инженерлерінің жаңа буынын тәрбиелеу қажет», деген болатын еліміздің Президенті. Міне, бүгінгі «Шеврон» компаниясының қолдауымен Атырау қаласының Абай орталығында жүзеге асып жатқан «Jas Space: Атырау қаласы жастарын дамыту бастамасы» бағдарламасы Мемлекет басшысының айтқан мәлімдемесімен үндеседі.

Айнагүл Шакупова,

Атырау облысы, Құрманғазы аудандық «Serper» газетінің бас редакторы

Қате аудармалар мұндалап тұр

Көзі ашық, көкірегі ояу адамның қазіргі заманға ашынуы дұрыс...

«Қазақ тілі — қазақ халқының ана тілі»

Мемлекеттік тіл тәуелсіздік ұғымымен тікелей байланысты, себебі ата-бабамыздан келе...

Пробация есебіндегі азаматтармен “Отбасы құндылықтарын сақтау” тақырыбында кездесу өткізілді

Атырау облысы бойынша ҚАЖ департаменті Мақат аудандық пробация қызметі...

Қызылорда да қауіпсіздігі барынша төмен мекемесіндегі жазасын өтеушілер облыстық тарихи-өлкетану мұражайына экскурсия жасады

Қызылорда облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің №37 мекемесінің тәрбие...

Кітапхана – білімнің көзі, кітапханашы оның тірегі!

Кітап адамзат мәдениетінің ең ұлы туындыларының бірі, кез келген...