12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

ҚАЗАҒА ИТЕРМЕЛЕГЕН ҚАРЫЗ

Әдетте қарыз алуға шеберміз. Алайда қайтарымы қайыра соғар қарыз деген аждаһа алқымнан алған сәтте өзімізді қоярға жер таппаймыз. «Қарыз күліп кіріп, жылап шығады» – дейді халық даналығы. Осы сөздің салмағын кейде ұмытып кететініміз өкінішті.

Алмақтың да салмағы бар

Қазақ үшін қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтындай болып көрінген жылымық сәтте бәріміз қос-қостан несие қамытын мойнымызға іліп, дағдарыс дарбазасын айқара ашқанда қарызды қалай қайтарудың есебін таппай судан шыққан балықтың күйін кешкеніміз рас. «Жаны ашымастың жанында басың ауырмасын» демекші, қара халықтың жай-күйімен санасар банк жоқ. Жан алатын әзірейілдей қасына коллекторлық мекеме қызметкерлерін қосып алып жан алқымға алады-ақ. «Сөзімді ұғар пенде жоқ», – деп Абай айтқандай, жағдайды түсінбей басыңды дауға салады, сотқа сүйрейді. Баспанаңды тартып алып, берекеңді ұшырады. Алар кезде алмақтың да салмағы барын өзіміз де ойламаймыз. Ішкі мүмкіндігімізбен санаспаймыз. Алмас бұрын сарқа саралап сарасын тауып барып судың да сұрауы бар екенін есте ұстасақ құда да тыныш, қой да аман болмас па? Жалпы пенденің болмысындағы әлсіздік – алған қарыздың уақытын созу.

Қажет сәтте өлердегі сөзімізді айтып, беруші көпшік қойып нандырамыз. Қайтарар сәтте иесін соңымыздан жүгіртіп әуре-сарсаңға саламыз. Орынсыз зарықтырамыз. Мұндай сәтте о баста берген уәде, айтылған серт те адыра қалады. Осыдан барып ағайындар арасына ала мысық жүгіріп, талай жылғы достар ажырайды. Кей жағдайда арты тіпті қайғылы жағдайға ұласып жатады. Қытымыр қыстың қыспағы қажытқан адамдар «Әбдікейдің» кірісінен көп үміт күткен. Торғай тұмсығы шыланар су болса көктем жылы және ерте шығады деген сенімнен Ләззат та ада емес-еді. Таңертең жұмысқа жиналған ол таңғы жылымық ауа лебін сезіп, түске қарай күн жылынып жер бусанатынын сезді. Оған іштей қуанды. Көтеріңкі көңілмен келе іске кірісті. Аяққа тұсау болған дағдарысқа қарамастан, олар өндірген тауарға әзірге сұраныс бар. Былғары-мех комбинатында дайын өнімдерді өткізумен айланысатын Ләззат жұмысқа келе саласымен қордаланып қалған тапсырыс құжатын ыңғайлап жатқанда, есепшілер бөлімінде істейтін Наташа телефон шалды. Жұмысын жауаптылықпен атқаратын қыз көңілін бөлген қоңырауға елеңдеп, тез жиналып шығып кетті.

Үрей мен күдік

Ләззаттың жұмыстан сонша кешіккенін неге жорырын білмей үйдегілердің дегбірі кеткен. Жұмысында шаруалары көп болып кешікті ме деп телефон шалып, көріп еді, онда да хабар жоқ. Өз ісін соңына жеткізбей тынбайтын Ләззаттың кейде бүгінгі шаруаны ертеңге қалдырмау үшін кеңседе қона-жататынына туыстарының әбден көзі үйренген. Алайда, мұндай сәттерде Ләззат үнемі ескертіп, туыстарын алаңдатпауды әдетке айналдырған еді. Жұмыс орнында жоқ болған соң, Ләззатты құрбыларымен бірге ме деп жорамалдаған туыстары өздері білетін бірнеше қызға хабарласып көрген. Олар да Ләззаттың қайда жүргенінен бейхабар болып шықты. Үрей мен күдік қабаттасқан отбасы таңды көзімен атырды. Түнімен тың тыңдап, есікке қарап елең деген жақындары таңертеңмен Затон полиция бөліміне арыз түсірген болатын. Арыз қабылданған соң қылмысты іздеу қызметкерлері дереу іске кірісті. Затон полиция бөлімі бастығының орынбасары Бейсен Серғазин осы істің түйінін тарқатуды жедел уәкілдер Атанов Арман мен Қорабаев Бауыржанға жүктеді. Әдетте осы түйіндес істердің жедел ашылуы хабарсыз кеткен адамды соңғы рет кім, қай жерде, қандай жағдайда көргенін анықтауға байланысты. Бұл мәліметтер бұлыңғыр нәрсеге бедер беруге жақсы сеп. Олар осы ниетпен іздеу амалдарын Ләззаттың жұмыс орнынан бастауды жөн көрді. Бірге істейтін әріптестері мен ұжым мүшелерін сұрастыру барысында Ләззаттың соңғы рет таңертең шамамен сағат тоғыздың кезінде Наташамен бірге шығып кеткенін білді. Тіпті, бір азамат екі қызды өз машинасымен жолшыбай Сәтбаев көшесінің бойындағы «Парус» аялдамасына түсіріп кеткенін алға тартты. Осыны негізге алған жедел уәкілдер дереу Наташадан жауап алуға кіріскен-ді. Наташа ізкесушілерді жайбарақат, ештеңе болмағандай қарсы алды. Қыздың көзінде ешқандай үрей жоқ. Полицияға берген түсініктемесінде ол Ләззатпен бірге жұмыс орнынан шығып, жолда туыс апайынан 420 мың теңге алып, оны құрбысына бергенін айтты. Қарыз ақшаны алған соң Ләззат сұр түсті Ауди автокөлігіне отырып кеткен. «Айтпақшы, көлікте орта жастағы ер адам мен әйел адам отырды» деп сендірді Наташа. Қолында ірі көлемді ақшасы бар қыз қаскөйлердің құрбаны болды ма деген күдікпен дереу Наташаның суреттеуімен қос күдіктінің портреті жасалып, жеке құрамға таратылды. Суреттер сонымен бірге аялдамаларға, кісілер көп жүретін орындарға жапсырылады. Жақын маңдағы ішкі істер бөлімдері де тегіс құлақтандырылды. Бұған қоса, барлық сұр түсті Ауди автокөліктері тексеруден өткен болатын. Осы мақсатқа жол полициясы да жұмылдырылды. Алайда атқарылған ауқымды шараларға қарамастан бірінші күні дәйек болар дерек қолға ілінбеді.

Сан сауал

Өздерін қоярға жер таппаған Ләззаттың ата-анасы, туған-туыстары да іздеу шараларынан қалыс қалмады. Сырғыған күн сорабын саралау мақсатында өткізілетін лездемеде Бейсен Сергазин хабарсыз кеткен қызды табу жұмыстарының есебін талқылауда күрмеуді шешер жіптің бір ұшы Наташада екенін алға тартқан. Деректі соның төңірегінен іздеу қажетін ұққан басшы осы іс бойынша іздеу жұмысына жедел уәкілдер Айдын Ақжігітов пен Данияр Жағыпаровты қосады. Оларға алғашқы күні шешімі табылмаған сұрақтарға жауап іздеу тапсырылды. Әсіресе, Наташа ақша алдым деген әйелді тауып жауап алу маңызды екені түсіндірілді. Сонымен бірге шындыққа көз жеткізу үшін екеуін беттестіріп, Ләззаттың қарыз ақшаны алғаннан кейін қайда кеткенін анықтау керек. Қарамағындағыларға осы сұрақтар төңірегінде жұмыс жүргізуді тапсырған соң тәжірибелі ізкесуші бір сәт ойға батқан. Наташаны кінәлі дейін десе 420 мың теңге қолды қандауға татитын ақша емес. Алайда, кәнігі қылмыскерлердей бет бақтырмай отырған осы жас қыздың жанарында бір құпия бар. Бұл қыздың өлімге тікелей қатысы болмағанымен, Ләззаттың қазасына байланысты мәліметтерді білуі әбден мүмкін. Ішкі түйсігі Ләзаттың із-түзсіз жоғалуына осы қыздың жанама болса да қатысы барын пайымдайды. Әйтсе де, ұсталмаған ұры емес демекші, қылмысты мойындату үшін бұлтартпас айғақтар табу қажет.

Куәгер

Ертесінде қылмысты іздеу қызметкерлері ақша берді деген әйелді анықтаған. Бір қызығы жауап алғанда ол Наташаға ешқандай ақша бермегенін ашық айтты. Тіпті, ол күні Наташаны да, Ләззатты де көрмеген. «Өзім әрең жанымды бағып жүргенде, біреудің қарызын қайтаруға қайдан көмектесемін?» деп алақанын жайды келіншек. Осыдан кейін Наташа қайта бөлімге шақырылып, қайыра жауап алынған-ды. Ол болса шімірікпестен бастапқы жауабынан танар емес. Қасқайып отырған қыз «Маған сенбесеңіз, қарыз берген әйелмен беттестіріңіз» деп қасарыса жауап берген. Осыдан кейін ізкесушілерге «Суға кеткен тал қармайды» дегендей, прокурордың келісімімен Ләззаттың қалта телофонына соңғы сәттерде кімдердің қоңырау шалғанын анықтау үшін ұялы телефон операторына сұраныс жолданады. Қолдарына тиген анықтама қағазында Ләззат жоғалған 14 наурыз күні шамамен сағат 9 кезінде ақырғы рет қоңырау соққан телефон номері белгілі болады. Дереу бұл номердің иесі де анықталды. Номер қаланың Затон аумағында тұратын 1990 жылы туған Иван деген азаматқа тиесілі екен. Дереу Иванды бөлімге жеткізген ізкесушілердің бірінші сауалы: «Ләззатпен не туралы сөйлестің?» болды. Ал Иван 14 наурызда мұның телефоны арқылы Наташаның сөйлескенін жайып салады. Наташамен Ләззатпен талайдан бері кездесіп жүрген жігіт қыздың не туралы сөйлескеніне, мән бермеген. Абдыраған жігітке шындықты жасырмай айтқызу үшін тез қимылдап, ойлануына, өтірік айтуына мүмкіндік бермеу керек. Өйткені, махаббатқа мас болған жігіттердің кейде сүйіктісін қылмыстан арашалау үшін небір өтірік айтып, жалған мәліметтер ұсынатынын көз көріп жүр. Сөйтсек, қылмыстың күрмеуі соншалықты тереңде емес екен. Қаладағы жоғары оқу орнының бірінде сырттай оқитын Наташа оқу ақысын төлей алмай, жақындарының бәрінен көмек сұрайды. Бірақ, жаңа жылдан кейін кімде артық ақша бола қойсын. Наташа өтініш айтқан жандардың бәрі қол қусырып, көмектесе алмайтындарын алға тартады. Амалы таусылған қыз ақыры бірге жұмыс істейтін Ләззаттан ақпан айының басында қарыз сұрайды.

14 наурызға дейін қарызын пайыздық үстемемен 420 мың етіп қайтаратынын айтқан Наташаның неге, кімге сенгені белгісіз. Әлде қомақты қаржыны алған кезде-ақ онда қылмыстық жоспар болды ма екен…

«Тығырықтан шығар жол»

Қашанда айналасына көмек қолын созатын, пейілі кең Ләззат тығырыққа тіреліп тұрған құрбысының жайын ұғып, сұраған ақшасын тауып берген болатын. Бірақ, өзінің жаңа бастаманы қолға алғалы отырғанын айтқан ол Наташаға ақшаны уәде етілген мерзімде қайтар деп шегелеп тапсырады. Уағдаласқан мерзім тақаған сайын жеме-жемге келгенде қайтарар ақшасы жоқ Наташа саса бастайды. Сол кезде қарыздан құтылудың ең төте жолын тапқандай болады. Тығырықтан шығар жол біреу. Ол – қарыз берген адамның көзін жою. Адам жоғалса, қарыздың мәселесі де өз-өзінен шешіледі емес пе? Санасын шырмауықша шырмаған осы әзәзіл ой әй-шайға қаратпастан ақша иесінің көзін жою жоспарын құруға итермелейді. Бір өзі ойға алғанын іс жүзіне асыра алмайтынын сезген Наташа серік етіп жанына Иванды қосып алады. Жетелеген бұйдалы ботадай өзін төңіректеп сөз айтып жүрген Иванның мұның айтқанынан шықпасы белгілі. Қарызынан құтылудың басқа жолы жоқтығын айтып, жоспарымен бөліскен сәтте Иван ер тоқымын бауырына алып тулады. Алайда, беріле салатын қыз бұл емес. Жігіттің осал тұсын жақсы білетін Наташа алдап-сулап, жылап-сықтап жүріп ақыры айтқанына көндірді. Осылайша ол таңертеңгі сағат 9-дың кезінде Иванның телефонынан Ләззатпен хабарласады. Ойында ештеңе жоқ Ләззат ақша дайын дегенде кәдімгідей қуанып қалған. Тіпті, қолына қаржы тимесе де, қиналған кезіңде менен ақша алып тұр, көмектесуге әзірмін» деген ағынан жарылып. Алайда ақшаны жұмысқа келген соң туысқан апайының үйінен алып беретінін айтқан Наташаға Ләззатты қалайда жұмыстан тысқа алып кетуге асықты. Қармаққа оңай түскен Ләззат жұмыстағыларға өзінің біраз уақытқа шаруалармен жүретінін ескерткен соң, Наташа жазған қолхат пен кепіл ретінде берген үй құжаттарын сөмкесіне салып сыртқа беттейді. Орталыққа бара жатқан әріптесінің көлігіне отырып «Парус» аялдамасынан түскен қызды келісім бойынша Иван күтіп тұрған болатын. «Парус» аялдамасынан Ләззатты көлікке отырғызған екеудің ендігі мақсаты мүлде бөлек. Ертеңінен қорықса да қыздың айтқанынан шыға алмаған Иван осылайша көлігін зырылдатып елсізге тартады. Ләззаттың қайда барамыз деген сауалына, «Туысқан апайым шет жақта тұрады. Ол кісі ойланып қалмай тұрғанда ақшасын алып, сенің қарызыңнан құтылуым керек» деген Наташа барынша сөзін сенімді жеткізуге тырысқан. Көңіліне күдік алмаған аңғал қыз екеудің бір-бірімен ымдасып отырғанын да елең қылмады. Ал екеудің мақсаты қалтарыста арам ойларын жүзеге асыру.

Мезгілсіз солған гүл

Олардың жымысқы әрекетінен бейхабар Ләззат шұғыла шашқан күнге, оның нұрына шағылыса жалт-жұлт еткен ақша қарға сүйсініп қаннен-қаперсіз отырған еді. Аялдамадан түскен қыз Наташаның сөзіне сеніп жатақ үйлер жаққа бет алады. Үйлер бітер кезде түкке түсінбей сұраулы көзбен қараған Ләззатты тарпа бас салған Иван аяғынан шалып құлатады. Осы сәтте көзіне қанды шел қаптаған Наташа жемтікке қонған құзғынша Ләззаттың кеудесіне қонады да екі қолымен тамағынан шеңгелдей ұстап қылқындыра бастайды. Бұлардан ондай қылық күтпеген Ләззат бәлендей қарсылық көрсете алмай, ауа жетпей тұншыға бастайды. Ойға алған ісін соңына дейін жеткізуді мақсат еткен Наташа Ләззаттың тамағына тас кенеше жабысып, қанша бұлқынса да қолын босатар емес. Әлгінде ғана нұрын шашқан нұрлы күн сәулесі біртіндеп күңгірттене берді. Осы сәтте соңғы күшін жинап қорқаулармен күреспек болған Ләззаттың да сәулесі сөніп бара жатты. Дегендеріне жеткен соң екеуі жанталаса сумкадағы құжаттар мен қолхатты, қалта телефонын, ақшаларды алады да сумканы су ағар трубаның ішіне лақтырады. Ләззаттың қолынан, құлағынан әшекей бұйымдарын жылдам шешуге кіріскен екеу артынша мәйітті шала-шарпы қармен көме салады. Олар «іс бітті, қу кетті» деген Крылов мысалындағы айлакер түлкіше мәселе осымен оңай шешілді деп ойлаған. Алайда олар оңбай қателескен-ді. «Адалдан тапқан тиынды Сал да, сақта қапшыққа. Қолдағыңды қорғап бақ, Мал арзан деп аптықпа» – деп Абай дана айтқандай, өзінің табан ет, маңдай терімен тапқан ақшасын алам деп адамға сеңгіш адалдығының арқасында арамзалар шеңгеліне түсіп қалған періште ниет арудың жазықсыз қаны о дүниеде де, бұл дүниеде де жібермесін сана сәулесімен сабақтай алмаған. Қазіргі таңда олардың жасаған ауыр қылмысы толық мойындарына қойылып, Тергеу бөлімінің тергеушісі Ержан Отарбаев ҚР Қылмыстық кодексінің 96-бабы бойынша іс қозғап, тергеу амалдарын жүргізді. Полиция қызметкерлерінің кәсіби шеберлігінің арқасында қалада орын алған жантүршігерлік қылмыс ізін суытпай ашылып, кінәлілер өзінің әділ жазасын алды. Өкініштісі, көктемгі қызғалдақтай құлпырған жас ғұмырдың мезгілсіз солғаны.

Елубек ОСПАНОВ

ӘЗ-НАУРЫЗДА ТӨГІЛГЕН НӘРЕСТЕНІҢ БЕЙКҮНӘ ҚАНЫ

«Счастье всего мира не стоит одной слезы на щеке...

Қаралы сырлар

Кешкі сағат сегіздер шамасы. Аспанды көмкерген қалың бұлттанба, жоқ...

ҚОРҚАУЛАР

...Елді қарық қылмай, сананы сансыратқан нарық заманы қысқан сәтте,...

Риэлторы

Эта драматическая история произошла осенью в начале 2000-х. Группа...

САБЫР ИЗ «УБОЙНОГО»

ВЫСТРЕЛ У ПОДЪЕЗДА Время на панели автомобиля высвечивало 05.10,...