Пандемия қайта оралды. Қазақстанда соңғы аптада коронавирус жұқтырғандар саны 3640 адамға жетті. Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры Тедрос Гебрейесустың айтуынша әлемде соңғы екі апта ішінде бұл індеттің тырнағына ілінгендер қатары 30 пайызға көбейген. Вирус жұқтырушылықтың күрт артуы ұйымның алты аймағында айрықша байқалып отыр. Оларда омикронның ВА,4 және ВА,5 штамдары көп тарауда. Бұл жағдайға себеп болып отырған факторлар ретінде Гебрейесус көптеген елдерде коронавирус инфекциясын тестілеу деңгейінің құлдырап кеткенін, вирусқа қарсы жаңа дәрілердің кедей елдерге жеткізілмейтінін айтуда.
Гебрейесус осы ретте екпе вирустың ауыр өтуінен сақтап, өлімнің алдын алуда тиімді екенін айтып, соған орай вирус жұқтыру қаупі жоғары, созылмалы дертке шалдыққан қарттар және медициналық қызметкерлерді бустерлік дозамен вакцина егуге шақырып жатыр. Осындай шара қолданбаса пандемияның әрбір толқыны адамдардың денсаулығына кері әсер етіп, денсаулық сақтау саласының, экономиканың, тұтас қоғамның дамуын тежей береді. Қазіргі таңда Италияда тәулігіне 130 мың, Германияда 150 мың, Францияда 200 мыңға жуық адам вирус жұқтырған. Алайда бұл елдердің билігі әзірге коронавирусқа қарсы шара қабылдамай отыр. Коронавирустың тарауы көршілес елдерде де қарқын алды. Мысалы Ресей астанасы Мәскеуде соңғы тәулікте коронавирустың 559 оқиғасы тіркеліпті. Бұл 11 шілдеге қарағанда 8,75 пайызға артық. Елдің бас дәрігері тұрғындарға жабық қоғамдық ұйымдарда бетперде кию қажеттігін айтуда. Өйткені, вирустың ВА.4 и ВА.5 түрлері адамнан адамға тез жұғады. Мәскеулік құзырлы орын өкілдері де ауру жұғу қаупі жоғары тұрғындарды екпе алуға шақырып жатыр. Қазақстандықтар әзірге бетін тұмшалай қойған жоқ. Десе де, бірқатар жиын өтетін орындарда ұйымдастырушылардың бетперде таратып жатқанын көріп жүрміз. Ал, екпе алу қажеттігі Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан қайта көтеріле бастады. Жалпы коронавирустың жазда өршу мүмкіндігі жайлы бұған дейін Денсаулық сақтау министрлігі санитарлық-эпидемиялық комитеті тарапынан айтылған болатын. Бүгінде шілде-тамыз айларында жағдайдың ушығу мүмкіндігі қатаң ескертілуде. Журналистермен өткізген брифингтерінде аталмыш құзырлы орынның ресми өкілі Ержан Байтанаев айтқандай, осы кезеңге бірінші жасалған екпенің мерзімі дәл келеді. Сондықтан қазіргі таңда ауырып жатқандар негізінен екпе алмағандар немесе бір жыл бұрын егілгендер. Демек, барлық азаматтар тез арада екпе алып немесе қайта егілуі керек. Өйткені, ауруға тосқауыл қоюдың жалғыз жолы екпе арқылы қол жететін ұжымдық иммунитеттің қалыптасуы. – Көптеген адамдар пандемия бітті, барлық шектеулер алынып тасталды деп ойлап, қайта егілуді қажет етпей жүр. Бұл – үлкен қателік. Жағдай қайтадан ушықпас үшін тұрғындар толықтай коронавирусқа қарсы егілуі керек. Қазақстанда екпенің тапшылығы жоқ. Оның үш түрі яғни QazVac, Vero Cell және Pfizer екпелері қолжетімді, барлығы да қазақстандықтарға тегін салынады, – дейді ол. Жалпы, пандемия басталғаннан бері 1 310 370 адамның коронавирус жұқтырғаны белгілі болып отыр. Тек соңғы тәулік ішінде 205 жағдай тіркеліпті. Оның 123-і Алматы қаласының тұрғыны. 9 шілдеден бастап оңтүстік астана «сары аймақ» деңгейінен түспей, күніне 120-дан астам адам вирус жұқтыруда. Қалған өңірлердегі көрсеткіш 30 адамға жетпейді. Қостанай мен Солтүстік Қазақстан облыстарында мұндай бір де бір жағдай тіркелмеді. Қуаныштысы пандемиядан ажал құшқан ешкім жоқ. Бүгінгі таңда 3211 адам ем қабылдауды жалғастырып жатыр. Оның 401-і стационарлық, 2810 адам амбулаториялық режимде емделуде. Алайда жағдайы ауырлар саны 16-ға жетіп отыр. Осы ретте көпшіліктің көкейінде алаң да бар. Ол қайтадан карантиндік шектеулердің енгізілуіне қатысты туып отыр. Биліктің бұл тұрғыда қандай шешімге келері әзірге белгісіз. Ал, қазақстандық эпидемиолог мамандар инфекцияның жаңа толқынына тосқауыл қою үшін карантиннің қажеті жоқ деген пікірде. Мысалы Қазақстанның Профилактикалық медицина академиясының президенті Алмаз Шарманның айтуынша, елімізде негізінен Америка мен еуропалық елдердегідей омикронның BA-2 и BA-3 түрі тарап жатыр. Олар тез жұғатын инфекция болғанымен, баяу жайылады және «дельта» штамы секілді қатерлі емес. Бұл вирустар тек созылмады дерті бар емделушілер үшін қауіпті болуы мүмкін. Сондықтан, тұрғындардың осы категориясы бақылауға алыну керек. Егер алда коронавируспен ауыратындарды ауруханаға жатқызу мәжібүрлігі артып, жағдай қиындайтын болса, талапқа сай шектеу шараларын қолдануға болады.
Бірақ қазіргі уақытта карантин жайлы айту әлі ерте. Осы ретте маман қазіргі тарап жатқан штамның жұқпалылық деңгейінің жоғарылығына байланысты созылмады ауруы бар адамдар немесе қарттар қоғамдық орындарға, адам көп жиналатын жерлерге барудан тыйылуы керек. Мұндай орындарда өз денсаулығы үшін алаңдайтын адамдар бетперде киіп алғаны жөн – дейді. Коронавирус жұқтырушылардың артуына бірнеше фактор себеп болып отыр. Көп адамдар коронавируспен ауырып алған немесе екпе жасатып алғандардың иммундық қорғанысы біртіндеп әлсірейді. Қазір бұл осы кезеңге тура келіп тұр. Сонымен қатар вирустың анағұрлым жаңа түрінің шығып, таралуы да осы сәтте басталды. Алайда оның маусымдық сипаты байқалмады, бұл инфекция толқынды түрде бірде басылып, бірде өршіп отырады. Тұрғындардың біраз бөлігі ауырып, екпе жасалғаннан кейін оны жұқтыру тағы да азаяды. Алмаз Шарманның айтуынша, Денсаулық сақтау минстрлігі екпенің жаңа науқанын бастауды омикронға қарсы арнайы екпе ұсынылғанға дейін немесе кешенді екпе жасалғанға дейін кейінге қалдыра тұру керек. Қазіргі кезеңде тек мүлде егілмегендерге ғана бұл шара қолданылғаны жөн. Осылайша аурудың өсуінің алдын алуға болады. Вирус өзгеріске түсіп, оның жаңа түрлері үнемі пайда бола береді. Сондықтан уақыт өте келе тұмауға қарсы егілгендей, әрбір маусымда екпенің жаңа нұсқаларын қабылдауға көшуіміз мүмкін. Эпидемиология саласының тағы бір маманы Рафаиль Қыпшақпаев та осы пікірде. Қазіргі ахуал қоғамдық орындарға баруға тыйым салып, шағын және орта бизнесті шектеулермен тығырыққа тіреуге еш себеп емес. Өйткені, өткен жылдармен салыстырғанда қазір бұл вируспен күресуде тәжірибе бар. Қыпшақбаев сонымен қатар маска киюге мәжбүрлеуге де қарсы. Оның айтуынша, вирусқа қарсы екпені де қазіргі штамға қаншалықты тиімді әсер ететіндігін зерделеп барып, жасау керек.
А.ТҰРМАҒАНБЕТОВА, «Заң газеті»


