Кез келген мемлекеттің қалыптасуы мен дамуы жолында мемлекеттік қызметтің алар орны айрықша. Өйткені, мемлекеттің қызметтің, алға қойған келелі міндеттерін іске асыратын да мемлекеттік қызметкер. Сондықтан, мемлекеттік қызметшіге қойылар талап, артылар жауапкершілік қашан да жоғары.
Осынау мәртебелі қызметтің тұтқасын ұстап, ел игілігі жолында аянбай еңбек етіп жүрген адамдар жайында сыр шертудің өзі бір ғанибет. Бүгінгі әңгімемізге арқау болып отырған Жаңақорған аудандық сотының бас маманы сот отырысының хатшысы Бақытжан Асқарұлы Қалдыбаев, ол еселі еңбегімен абырой биігіне көтеріліп, білікті маман, тәжірибелі тәлімгер атанған жан.
Оны өрге жетелеген еңбек асуларын табандылықпен бағындыра білген бүгінгі кейіпкеріміздің өнегелі өмір жолы көпке үлгі. Ол Жаңақорған аудандық сотында 13 жыл қызмет етіп келеді. Бақытжан Асқарұлы 1985 жылы 27 қараша күні Қызылорда облысы Жаңақорған ауданында дүниеге келген. 1991-2002 жылдары кенттегі №110 орта мектепті аяқтаған зейінді Бақытжан сол жылы арман қуып Алматы қаласындағы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Құқықтану мамандығы бойынша оқуға түсіп, оны 2007 жылы ойдағыдай бітіріп шығады.
Кейіпкеріміз Жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін, 2009-2016 жылдары Қызылорда облысы, Жаңақорған аудандық сотында 7 жыл бойы жетекші маман болып, ал 2016 жылдан бастап қазіргі кезге дейін, яғни 6 жыл осы сотта бас маман сот отырысының хатшысы болып жұмыс жасап келеді. Ұжымда Бақытжан Асқарұлы көзіміз көріп жүргендей мінезі салмақты, өмірде қайратты, табанды, жігерлі жəне алдына қойған мақсатына жетпей тынбайтын қажырлы мінез иесі. Осы жерден ол өзіне көп тəжірибе жинақтап.«Адамзат –қанша биік болғанымен заң астында, Алатау – қанша биік болғанымен ай астында», – деп халық даналығында айтылғандай, заң барлық адамдарға ортақ қасиетті ар таразысы екенін түсінді.
Азаматтардың шынайы теңдігі тек осы жерде ғана анық көрініс табатынын ұғынды. Күні-түні заң тармақтарын ақтарып, адам тағдыры таразыға түсетін сəтте əділдік жолынан таймауға тырысатын сот саласының жұмысы ауыр да жауапты екенін өз көзімен көрді. Міне көп жылдан бері Жаңақорған аудандық сотында қызмет жасайтын білгір маман Бақытжан Асқарұлы заң саласындағы ойға түйгендерін республикалық, облыстық және жергілікті басылымдарға мақала жолдап, мемлекеттік тіл мəселесі жөнінде ой-толғамдарын оқырмандармен бөлісіп отырады. Сонымен қатар, облыс, аудан көлеміндегі қоғамдық жұмыстарға да белсене араласып тұратын, сотпен ұйымдастырылған барлық іс–шараның белсенді қатысушысы болған Бақытжан Қызылорда облыстық соты төрағасының, Қазақстан Республикасы судьялар одағының Қызылорда облыстық филиалы төрағасының, Қызылорда облысы бойынша Соттар әкімшісі басшысының, Қызылорда облысы әкімінің, Жаңақорған ауданы әкімінің «Алғыс хаттарымен» және «Мақтау қағаздарымен» сан мəрте марапатталған.
«Іс тетігі білікті маман қолында» екені бесенеден белгілі. Өз қызметінің қыр-сырын жетік меңгерген Бақытжан білімді де білікті маман ретінде таныла біліп, лауазым биігіне сатылай көтерілді. Әрине, қызмет жоғарылаған сайын қойылар талап, жүктелер міндет, атқарар шаруа да ауқымды болары заңдылық. Сот саласының қаншалықты маңызды екені айтпаса да түсінікті. Еңбек, тек адал еңбек қана абыройға жеткізетінін жас кезінен-ақ көңіліне тоқып, көкейіне түйіп өскен Бақытжан өзіне сеніп тапсырылған осынау міндетті үлкен жауапкершілікпен еңсеріп келеді.
Осындай жауапты қызметтің ауыр жүгін арқалай жүріп, Бақытжан бойына біткен адамгершілік асыл қасиеттерден еш айнымай, өзінен кейінгі жас мамандарға білгенін үйретіп, бағыт-бағдар беріп, тәлімді тәлімгер ретінде қамқорлық танытып отырады.
Дана халқымыз «Алмас қанжарды жұмсақ қайраққа қайрайды», «Түсі жылыдан түңілме» деп тегін айтпаған. Табиғатынан кішіпейіл, жүзінен шуақ шашып күлімсіреп жүретін кейіпкеріміз байыпты да байсалды мінезі мен жұмыстағы табандылығының арқасында өз ортасына сыйлы, ұжымында зор құрметке ие.
Әр отбасыда әкенің орны ерекше, әке-отбасының асыраушысы, отбасы мүшелерінің тірегі, қамқоршысы. Әкенің мінез-құлқы, өзгелермен қарым-қатынасы, өнері мен білімі әр балаға үлгі, өнеге алатын, оған қарап өсетін нысана. Отбасының береке ынтымағы үшін әкенің әділ, ұстамды болуы перзент үшін орасан маңызға ие. «Әкең барда орындалар арманың» деген қазақ даналары өмірдегі керегіңді әуелі Алладан, екіншіден әкең беретінін анық бір ауыз сөзбен айтып кеткендей. Бақытжан отбасында адал жар, асқар тау әке. Ол өмірлік жолдасы Динарамен бір ұл, екі қыз тәрбиелеп отыр.
Әрбір жұмыр басты пенде саналы ғұмырында еліне елеулі қызмет атқарса борышын орындағаны. Ал, өз саласында оза шығып дараланса, нұр үстіне нұр болады дейді Бақытжан… Сөзімізге арқау болған кейіпкеріміз осы ұстанымды өмірлік бағдар еткен.
Бағдарының байыпты екенін біліп отырмыз. Демек, барлық жұмырбасты пенде мамандығы мен адамдығын қатар қамдаса, тіршілік нұрлана түспей ме! Сөзімізді қорытындылай келе, атақ, абыройдың жолы жеңіл емес, қажымай, ерінбей жүрегің мен еңбегіңді халыққа берсең, бұл құрметтер өзі-ақ келеді. Бақытжан Асқарұлы ақылдылығы мен парасаттылығы, қайсарлығы мен қайраты мол, жаны да, ары да таза, шыншыл еңбекқор жан.
Жағымды келбеті, келісті әсем сөзі, жайсаң мінезі, кішіге қамқор, үлкенге ізеттілігі әр уақытта маңайындағыларға сезіліп тұрады. Қазақ даласының ұлан-ғайыр атырабындай мінез-құлқымен, тума табиғи болмысымен жақсы жанға лайықты, өнегелі өмір жолында ғұмыр кешіп отырған жан- Бақытжан Асқарұлы Қалдыбаев. Адамның атын тану оңай. Бірақ, оның бойындағы асыл қасиетін, болмысын тану аса қиын. Жақсыға айтар сөз көп. Азаматтығы мен адами қасиеті бөлек жанымызда жүрген жандарды құрметтеу, мерейін тасытып, еңбегін, асыл ғұмырын еңбекке балап, өткен күн – тарих, бүгінгі күн сый екенін зерделей білсек нұр үстіне нұр болар еді.
Ақпарат: Жаңақорған аудандық сотының баспасөз қызметі