Халықтың ұдайы назары тігілген сот жүйесінде саналы ғұмырын сот саласына арнаған, ерекше қасиеті бар тұлғалар аз болмаған.
Солардың қатарында Сыр елінде қазақ қыздарының арасынан сот билігін жүргізіп, жастай халыққа қызмет ете бастаған Ғалия Шакетқызы Шыңғысова туралы «Судья және сот қызметкері күні» қарсаңында ерекше атап өтпеуге болмайды деп санаймын.
«Құрметті судья» атағының иегері — Ғалия Шакетқызы 1971 жылдан бастап Қазақстан Республикасының Әділет Министрлігінде жауапты қызметтер атқарып, 1979 жылдан бастап зейнет жасына дейін, отыз жылға жуық уақыт аралығында осы өлкенің облыстық сотында сот төрелігін асырумен айналысқан.
Сол уақыттың ішінде ол 1993-2002 жылдар аралығында тоғыз жыл Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасын басқарып, 2001-2002 жылдар аралығында облыстық сот төрағасының міндетін абыроймен атқарған жалғыз әйел азаматы.
Қазіргі таңда ол өзінің бүкіл өмірін арнаған сот саласынан құрметті демалысына шығып, жетінші асуына көтеріліп, қажымас еңбектің зейнетін көріп отырған абзал ана, ардақты әже, қажы апа.
Қазақтың даласында әлемді танытқан абзал аналар, үкілі қыздардың аз болмағаны белгілі. Сақ дәуірінен бастап Зарина, Томиристер тек қана әскер басқарып ғана қоймай, бүкіл сақ патшалығын басқарған. Қарашаш ана, Домалақ ана, Ақбике, Айша бибі, Дарабоз ана, Төле бидің келіні – Данагүл, Бопай-Бәтима ханым… Бұл тізімді бүгінгі дәуірде жалғастыра беруге болады.
Ғалия Шакетқызы апамыз да бүгінгі күннің осы тізімді жалғастыратын, қазақ елінің батыр, ақылды, дана қыздарының қатарында тұруға лайық, өз саласының майталманы деп айтуға болатын тұлға.
Сот әділдігін жүзеге асыру барысында мүлтіксіз еңбек етіп, сот саласының дамуына елеулі үлестерін қосқаны үшін Қазақстан Республикасы Президентінің медалімен, Қазақстан Республикасы Әділет Министрінің, Жоғарғы Соты төрағасының құрмет грамоталарымен марапатталған. Ғалия Шакетқызы Қазақстан Республикасының Судьялар Одағының «Үш би» белгісінің, «Сот саласының құрметті қызметкері», Судьялар Одағының «Құрметті мүшесі» белгілерінің иегері болды. Мысыр елінің Әділет Министрінің қолынан күміс медаль алды.
Табандылығы, білімділігі мен қайсарлығының арқасында отыз жыл сот саласындағы ғұмырында істің ақ-қарасын айырып шешкен даулары, талай қылмыс пен жазаның, әділдік пен заңсыздықтың аражігін ажыратып, сабырлықпен зерттеп қаралған адам тағдырлары, қызметінің қиындығына төзіп, ер-азаматтармен қатар жасаған ерең еңбегі, төрелікті жүзеге асырған қызметі туралы емес бүгін Ғалия Шакетқызының жалпы адами қасиеттері туралы жазуды жөн көрдім.
Үлкен мәдениет пен парасат иесі бола білген Ғалия Шакетқызы сот жүйесінің елеулі үлесін қосумен қатар өзінен кейінгі ұрпаққа үлгі бола білген тұлға деп білеміз.
Өзінің қадір – қасиетімен көпке сыйлы болған Ғалия апамыз өмірлік жолында және қызмет жолында өзінен кейінге ұрпаққа өнеге беріп, шәкірттерін тәрбиелей білген ерекше кісі.
Сот саласына сол уақыттарда қызметке келген жас буындар өз қызметтік жолдарында тағдырдың Ғалия Шакетқызымен қызметтес болып кезіктіргеніне дән риза деп ойлаймын.
Айналасына берері көп жеміс ағашы секілді Ғалия Шакетқызынан алатын даналық, парасаттылық, үйренетін тәлімдік тәрбиесі көп болды. Әр кезге дейін қызмет барысында, жалпы өмірде жекелеген ситуациялар кезіккен жағдайда менің орнымда Ғалия Шакетқызы болса не істер еді деген ой келіп тұрады. Себебі ол кісі қандай жағдайда болмасын кез келген мәселеге өзінің парасаттылығымен қарап, салмақпен баға беретін ерекше қасиеттің иесі.
Қазіргі уақытта егеменді еліміздің сот жүйесінде елеулі өзгерістер орын алып, билік институтының айтарлықтай дамуы, жалпы сот өндірісінің жаңа деңгейге көтерілуі орын алды. Дегенмен, сот жүйесіндегі басты тұлға-судьяға қойылатын талаптардың ішіндегі судьяның моральдық бет-бейнесіне қойылатын талаптар өзгермеген.
«Ханда қырық кісінің ақылы бар, биде қырық кісінің білімі мен ары бар» деген халқымыздың әлімсақтан келе жатқан бұл ұстанымы байтақ қазақ даласындағы бағзы замандардан бастап билердің адами қасиеті мен арының тазалығын талап еткенін айқындайды. От ауызды, орақ тілді болумен қатар, мықты би болу үшін міндетті түрде парасаттылық, даналық талап етілген.
Қай уақытта да судьяға қойылатын ең басты талап оның моральдық қасиетіне, адамгершілігі мен парасаттылығына бағытталады. Ғалия апамыз судьяларға қойылған талаптардың барлығына өзінің мінез–құлқымен, ой-өрісімен, ішкі жан-дүниесімен сәйкес келетін судья бейнесінің ерекше үлгісі болғанын көп адам мойындайды.
Өзінің сезімталдық қасиеті оған әр адамның ойын түсінуге мүмкіндік беретін. «Дүниеде терең теңіз емес, әйелдің жаны терең» деген. Жаны терең Ғалия апамыздың өмірлік жолы өнеге етерлік. Көңілі жомарт, жайсан, еліне сыйлы Ғалия Шакетқызы өз мүддесінен халық аманатын жоғары қойып, адал қызмет атқарған баға жетпес тәлімгер.
Қазақта «Екі адам мақтаса атың шығады, одан көп адам мақтаса даңқың шығады» дейді, осындай Ғалия Шакетқызы сияқты қазақтың маңдайына біткен асыл азаматтарының даңқын шығару еліміз үшін аса қажет деп есептеймін.
Құрметті Ғалия Шакетқызын елімізде алғашқы рет белгіленген «Судья және сот қызметкері күні» қарсаңында шын жүректен құттықтаймыз!
Қызылорда облысының мамандандырылған
ауданаралық әкімшілік сотының төрағасы
Мырзатаева Гүлжан Жалғасбайқызы