Үкіметтің 2022 жылғы 31 наурыздағы қаулысымен еліміздегі кәсіби мерекелер тізбесі жаңа күнмен толықты. Биылдан бастап 24 маусым «Судья және сот қызметкері күні» ретінде атап өтілмек.
Кәсіби мерекенің бекітілуін сот саласында еңбек етіп жүрген әрбір маман асыға күтті. Осы мәселені көтеріп бұқаралық ақпарат құралдарында қаншама мақалалар жарияланды. Онда өз ұсыныс-тілегін айтқан әріптестеріміздің бірі сот жұмысына серпін беріп, судьялар тәуелсіздігін нығайтқан негізгі құжат — «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» заң қабылданған күнді кәсіби мереке ретінде белгілеуді ұсынды. Бұл заңның 2000 жылы 25 желтоқсанда қабылданғаны белгілі. Сәйкесінше, судьялар мен сот қызметкрлерінің кәсіби мерекесі де 25 желтоқсанда атап өтілуі керек деген ой айтылды. Бұл ұсыныстың да қисыны бар. Себебі, судьялар сүйенетін, судьялар тірек етер заңның қабылдануы — сала үшін үлкен қолдау. Сондықтан, мұндай атаулы сәттің мереке ретінде белгіленуі орынды еді.
Сонымен қатар кейбір әріптестеріміз Конституция қабылданған 30 тамызды судьялардың кәсіби меркесі болуға лайықты деген пікір білдірді. «Судья — сөйлейтін заң» деген тіркес көңілде жатталып, жүрекке жылы қабылданған. Ендеше, елдің бас құжаты, Ата заңның қабылданған күнін неге судьялардың төл мерекесі деп танымасқа? Мұндай уәжді де құптаушылар аз болған жоқ.
Ал Үкімет қаулысымен 24 маусымның белгіленуіне үлкен мағына жатыр. Бұл тарихпен, сотқа қатысты заңдармен тамырлас. Еліміз егемендігін алғаннан кейін 1992 жылы 24 маусымда «Қазақ КСР-нің сот жүйесі туралы» Заңға алғашқы түзетулер енгізілген Заң қабылданды. Осы заң Жоғарғы Соттың, облыстық, қалалық, аудандық соттардың, сондай-ақ жаңадан құрылған әскери соттардың сот төрелігін жүзеге асыру тәртібін қамтамасыз етті. Қабылданғаннан бергі отыз жыл ішінде сот жүйесі талау реформаны басынан кешті. Заманауаи жаңғыртудың бірнеше кезеңінен сәтті өтті. Міне, сондықтан да игілікті істердің басында тұрған аталмыш заңның сот тарихындағы орны ерекше. Сондықтан, сот тарихы бастау алған заңның кәсіби мереке ретінде белгіленуі орынды.
Атаулы дата, кәсіби мерекенің бекітілуі мерейімізді өсірді. Осындай айтулы датамен судьяларды, сот қызметкерлерін құттықтаймын. Сот саласын дамытуда жасаған еңбектеріңіз елене берсін! Отандық соттың абыройы асқақ, беделі биіктей берсін!
Ғалия Әбимұрат,
Алматы қаласы
Әуезов аудандық №2 сотының судьясы