Қазіргі кезде әлемде оқытудың дуальды жүйесі-техникалық және кәсіптік мамандар даярлаудың ең тиімді жолдарының бірі болып отыр. Сондықтан біздің елімізде де дуальды білім беру жүйесі енгізіліп сәтті жүзеге асуда. Осы орайда атап өтер жайт нақты өндіріс жағдайларына бейімделген, жұмыс орнында дағды мен білімді тікелей игеруге бағытталған, практикалық сағаттардың оқыту бағдарламасына барынша үйлесіммен біріктірілетін білікті мамандарды дайындауға бағытталған дуалды білім беру жүйесінің маңызы зор! Дуальды білім беру жүйесі ең алдымен теория мен тәжірибені ұштастыруға мүмкіндік беруімен құнды болып отыр.
Кеңірек атап өтсек, дуальдық жүйе бойынша оқыту білім алушылардың кәсіби біліктері мен дағдыларын, іскерліктерді тікелей жұмыс орнында меңгеріп, жан-жақты кәсіби дамуына мүмкіндік беріп, түрлі жүйелердің, білім, ғылым, өндірістің өзара байланысы мен әсерін, енгізілу тәжірибесін қамтамасыз ету арқылы кәсіптік білім беру жүйесінің сапасын арттыруда. Ең бастысы дуальды білім беру жүйесі еңбек нарығында сұранысқа ие мамандарды даярлауға мүмкіндік беріп, әрбір түлектің оқу орнын бітіріп шыққан соң жұмысқа орналаса алуына кепілдік береді.
Еліміз кәсіптік білім беруге көңіл бөліп, тіпті тегін оқыта бастағалы жастардың да кәсіптік білім беруге ынталары ашылып келеді. Демек елімізде кәсіптік-техникалық білім алуға сұраныс жоғары. Сәйкесінше кәсіптік білім беру мекемелерінің түлектері де еңбек нарығында сұранысқа ие екенін сезініп отырмыз. Сондықтан уақыт сұранысынан туындап отырған мамандықтарды кәсіптік білім беру мекемелеріне енгізіп, дуальды білім беру жүйесі арқылы білім ала отырып, тәжірибемен шыңдалуына ықпал ете алсақ қоғамымызда жұмыс күші жеткілікті болар еді. Өйткені бүгінгі күннің болмысы кәсіби білім жүйесі алдында еңбек нарығында бәсекеге қабілетті білікті мамандар даярлау, өз мамандықтарын жетік меңгерген, өз мамандығы бойынша тиімді жұмыс жасауға қабілетті, тұрақты кәсіби өсуге дайын, әлеуметтік және оңтайлы кадрларды даярлауды талап етеді.
Техникалық және кәсіптік білім беруге қазіргі уақытта ел көлемінде айрықша мән беріліп отырғаны қуантады. Осы орайда техникалық және кәсіптік-білімнің бәсекеге лайық ілгерілеп дамуы мемлекет, бизнес құрылымдарының және азаматтардың әлеуметтік жағдайына орасан серпін берері сөзсіз. Бұл өндіріс орны үшін экономикалық жағынан тиімді. Маманды қайта даярлауға, жұмыс орнына бейімдеуге уақыт кетпейді. Білім алушы жастар үшін өмірдегі өз орнын ерте табуға мүмкіндік туады, жұмысқа ерте араласып, бейімделеді.
Бүгінгі күні дуальды оқытудың артықшылығы ең алдымен жас мамандардың жұмысқа орналасуының жоғарғы пайызын көрсетіп отыр. Өйткені олар жұмыс берушінің талаптарына толығымен жауап бере алады. Яғни мамандық алып, сосын дипломын сандыққа салып қою арқылы жұмыссыздардың қатарын толықтырмай нағыз қоғамға қажетті мамандарды дайындау жағынан кәсіптік білім беру мекемелерінің ұтып отырғанын байқаймыз. Сондықтан еліміздің кәсіптік техникалық білім беруге деген бетбұрысы қуантады!
Алиева Кунзираш Ахметовна, Қызылорда облысы Арал ауданы индустриалды-техникалық колледжінің өндірістік оқу шебері