Еліміз соңғы жылдары электронды қағаз айналымына бет бұрып, заманауи технологияларды қолданысқа енгізуге елеулі түрде бет бұрды. Нәтижесінде көптеген қызметтер автоматтандырылып, жемқорлықтың жолы кесіліп, қоғамда ашықтық пен жариялылық қағидалары үстемдік құра бастады. Қазақстандықтардың көптеген қызметтерді Халыққа қызмет көрсету орталығына немесе мемлекеттік мекемеге бармастан үйде алуына жол ашылды. Әсіресе еліміздің цифрлы жүйеге бет бұруының игілігін карантиндік кезеңде анық сезіндік.
Халық әлеуметтік ара қашықтықты сақтай отырып, қажет еткен қызметтерді үйде онлайн алып, цифрлы жүйенің қолжетімділігі арта түсті. Әсіресе сот саласының цифрлы технологияларға жедел түрде бет бұруы, сот пен халықтың арасын жақындата түсіп, карантиндік кезеңде де сот отырыстарының кейінге шегерілмей дер кезінде сот шешімдерін шығарып отыруына жол ашты. Сот саласындағы енгізілген құқықтық реформалардың қай қайсысы болмасын сала жұмысын жеңілдетіп, оң әсерін тигізді.
Сот төрелігін уақтылы әрі сапалы түрде жүзеге асыру сот қызметінің басты мақсаты екенін ескерсек, елді әбігерге салған карантиндік кезеңде де сот қызметінің жүрісінен жаңылмауы саланың заман сұранысына сай толық бейімделіп үлгергенін аңғартса керек. Сондықтан сот жүйесінің дер кезінде заманауи технологияларға бет бұруының игілігін пандемиялық кезеңде анық сезіндік дей аламыз.
Айта кетер жайт бірнеше жыл бұрын «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдау сот жүйесі саласына нақты міндеттер қойып, халықтың сот жүйесіне деген сенімін арттыру саланың басты мақсаттарының бірі ретінде танылған болатын. Артынша республика судьяларының VII съезінде халықтың сотқа сенімін арттыру жолында қызметтерді қолжетімді ету, сот саласындағы технологияларды осы мақсатта қолдану міндеті айқындалды. Нәтижесінде осы міндеттер сот төрелігінің ашықтығы мен жариялылығы бойынша ауқымды жұмыстың іске асырылуын қамтамасыз етті. Атап айта кетерлік жайт, қазіргі уақытта сот органдарында «Электронды үкімет» бағдарламасы шеңберінде электрондық іс жүргізу толықтай іске қосылған. Аталмыш жүйенің сот органдарына арналған «ТӨРЕЛІК» автоматтандырылған ақпараттық-талдау жүйесі сот қызметін қамтамасыз етеді.
Оның ішінде «ТӨРЕЛІК» жүйесі арқылы сот құжаттарының электрондық мұрағаты, ішкі портал, сот істерін бөлу, кадрлық жүйе, соттардың Интернет-ресурстары, Call-центр, сот құжаттарымен танысу жөніндегі барлық сервистерді біріктіруге мүмкіндік бар. Бұлардың ішінде ең негізгі сервистердің бірі «Сот кабинеті». 2014 жылдан бастап іске қосылған «Сот кабинеті» сервисі сот ісін жүргізуді тұтастай жеңілдету, сондай-ақ сот жүйесінің жеделдігін, қолжетімділігі мен ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған, ең алғашқы іске қосылған электронды қызметтердің бірі. Тұрғындар осы сервис арқылы сотқа жолдайтын талап арыздарын, апелляциялық шағымдар мен сот актілерін кассациялық тәртіпте қайта қарау туралы өтінішхаттарын электронды құжат түрінде жолдай алады. Яғни әрбір азамат үйінен шықпай-ақ өзіне ыңғайлы жерде отырып, интернет арқылы қалаған құжатын жолдаумен бірге мемлекеттік баж салығын онлайн түрінде төлеуге де мүмкіндігі бар. Түсіндіре кетсек, барлық сот актілері электронды санды қолтаңба қойылғаннан кейін бірден «Төрелік» ақпараттық орталықтандырылған жүйе арқылы «Сот кабинеті» сервисіне түседі. Әрбір сотқа қатысушы, сервисті пайдаланушы тарап өзіне қажетті сот актілерінің көшірмелерін, сот актілерін, құжаттарын алып, және істерді іздеуге, істі қарау барысын қадағалауына мүмкіндік ала алады. Ең басты айта кетер жайт, бұл сервистер еліміздегі сот қызметін қолжетімді етіп қана қоймай, ашықтық пен жариялылылықты қаматамасыз етіп, сотқа жүгінушілердің уақытын үнемдеп, сот шығындарын азайтуға мүмкіндік берді. Құқықтық реформалардың мұндай артықшылығын қазір анық сезініп отырмыз.
Қоғам сұранысына сай бейімделіп үлгеріп келе жатқан сот қызметінің тағы бір өзгерісі сот отырыстарында аудио-бейне таспаға жазу құрылғыларын пайдалану мүмкіндігінің берілуі деп айта аламыз. «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарының 20 қадамын іске асыруына орай сот отырыстарында соңғы кездері аудио-бейне таспаға жазу құрылғыларын пайдалану жолға қойыла бастады. Бүгінде еліміздегі барлық сот отырыстарында мұндай мүмкіндік толығымен қарастырылған. Сот өтетін кабинеттер арнайы бейне мен дауысты сапалы жазып алуға арналған заманауи қондырғылармен жабдықталған. Бұл заманауи қондырғылардың басты артықшылығы сот процесіне қатысушыларды тәртіпке келтіруге, даулы кезеңдер туындаған кезде процестің нақты барысын қайта қалпына келтіруге мүмкіндік береді. Сондықтан бұл жүйе де еліміздің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаты шараларының бірі болып табылады. Өйткені аудио-бейнежазба жүйесі деректерді орталықтандырылған сақтау мүмкіндігіне ие. Тараптар қажеттілік туындаған жағдайда жазбаның көшірмесін көшіріп ала алады. Сот жүйесінің жұмысын жеңілдеткен заманауи технологиялар халық тарапынан да жоғары баға алуда. Күн өткен сайын сервисті пайдаланушылар оның ыңғайлылығы мен тиімділігіне орай ризашылықтарын білдіруде. Дегенмен сот саласының мамандары аталмыш жүйелерді оңтайландырып, халыққа ыңғайлап, жаңғырту үстінде. Соның дәлелі бұл сервистердің мобильді нұсқасы іске қосылып, қолданысқа енгізілуде. Өйткені қазір халық қолындағы ұялы телефон арқылы көп ісін бітіріп, мобильдік байланысты белсенді қолдануда. Соған орай қазіргі таңда процесс қатысушыларына сот отырысының орны мен уақыты туралы СМС-хабарлама арқылы хабардар ету механизмі іске қосылған. Алдын ала арнайы хабарламаның келуі процеске қатысушыларға уақытын жоспарлауға, сот отырысына кешікпеуіне мүмкіндік береді. Жүйе жетілдіре түсіп қазір судьяға СМС-хабарламасының жеткені туралы автоматты түрде ақпараттандыру беру де қарастырылған. Сот мамандары қағаз шақырту орнына жіберілетін СМС-хабарламасы уақыт пен бюджет шығынын азайтуға мүмкіндік бергенін айтуда. Яғни қызметтердің қолжетімді болуы шығындарды да азайтып, қоғам үшін барынша қолайлы екенін дәлелдеуде.
Жұмысты барынша қолайлы еткен сервистердің бірі «Талдау» жүйесі. Бұл қызмет судьяға басқа өңірлердің сот практикасымен танысуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ үнемі білімін жетілдіріп, сот практикасының қорытулары мен анықтамаларына қол жеткізіп, ҚР Жоғарғы Сотының нормативтік қаулылары, сот актілерімен танысып отыруына мүмкіндік бар. Яғни бұл судья жұмысын жеңілдетіп отырған сервис деп айта аламыз. Бұл жүйенің ең басты ерекшелігі, қалаған заңгерлерге және сот талқылауының қатысушыларына сот практикасына қатысты пікір бөлісуге немесе өз пікірлерін қалдыруларына мүмкіндік берілген. Қоғаммен кері байланысты қамтамасыз ететін жүйеге қазір заң мен сот саласы мамандарының тарапынан сұраныс жоғары.
Бұл жаңа технологиялардың қай қайсысы болмасын сот жүйесін жүйелеуге мүмкіндік бере отырып, барлық процестерді айқын және түсінікті етуге, құжаттармен жұмыс істеу кезінде адам факторын азайтуға, халықтың сотқа деген сенімімен арттыруға, сот қызметтерін қолжетімді етуге мүмкіндік береді. Саланы қағазбастылықтан арылтып, сол арқылы хат пен құжат тасу қызметіне кететін шығындарды азайтуға септігін тигізуде. Электронды құжат түрінде сақталған сот істері де саланың архивтендіру кезіндегі жұмысын жеңілдетуде.
Осы орайда айта кетер жайт барынша заманауи технологияларды кеңінен қолдану үшін түрлі пилоттық жобаларды енгізу арқылы қоғамға ол жүйенің қажеттілігін шамалауға да мүмкіндік беруде. Мәселен «Жаза тағайындау» сервисі жасаған қылмысқа және сотталған адамның жеке басына шамалас жаза тағайындауды дұрыс бағдарлауға мүмкіндік беретін сервис. Бұл жүйе сот шешімдерін дайындау кезінде қолданыстағы қылмыстық процестік және қылмыстық кодекстердің нормаларына қатысты сәйкессіздіктерді автоматты түрде көрсете отырып, барынша сот шешімінің әділдігін бағалауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ қылмыстық істерді қараудың жеделдігін арттыруға, қылмыстық құқық бұзушылықтарды және оларды жасаған адамдарды, алдын ала тергеп-тексеру барысында қабылданған шешімдерді бірыңғай есепке алуды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Яғни электронды құжаттандыру сот жүйесіндегі құжаттарды жүйелеуге жол ашты. Сондықтан саладағы жемқорлықтың жолын кесуге мүмкіндік беріп, ашықтық әкелген, уақыт пен қаржыны үнемдеуге жол ашатын замануи технологиялардан алдағы уақытта да күтер игілігіміз көп.
Қалима Дуанбекова, Алматы қаласы Әуезов аудандық сотының судьясы