Бүгін Талдықорған жұртшылығы мемлекет және қоғам қайраткері, 3 мәрте Социалистік Еңбек Ері Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаев ескерткішіне гүл шоқтарын қойды, — деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Ескерткіш басында сөз алған Алматы облысының әкімі Қанат Бозымбаев кеше елордадан сүйінші хабар жеткенін айтты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Қапшағай қаласына Қонаев есімі берілді.
Осыған орай, біртуар тұлғаның құрметіне арналған еске алу шарасы өткізіліп отырғанын атап өтті.
Сол сияқты бүгін Талдықорған қаласында арнайы ғылыми–практикалық конференция өткізіледі.
— Қапшағай қаласының атауы Қонаев болып өзгеруі Дінмұхамед Ахметұлының елге сіңірген қызметіне, қаланың негізін салушы ретіндегі ерен еңбегіне берілген лайықты баға деп білеміз.
Бұл – тарихи әділдік. Есімі аңызға айналған ардақты тұлғаны халқы ешқашан ұмытпайды, — деді Қанат Бозымбаев.
Биыл Дінмұхамед Қонаевтың туғанына 110 жыл толып отыр. Жыл басынан бері осы мерейлі датаға орай облыста атаулы іс-шаралар өтті.
Алдағы 8 мамырда Қонаев аталуына байланысты сол қалада зиялы қауымның қатысуымен мерекелік шара ұйымдастырылады.
Өз тілшіміз.
Алматы облысы.