Жаңаөзен қаласында кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы (КҚКО) ашылды. Бұл қызмет «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы Жаңаөзен қалалық филиалының жанынан құрылды. Орталықтың ашылуына Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев тікелей қолдау білдірді. Ресми ашылу салтанатына шаһардың кәсіпкерлері, кеңес мүшелері, жергілікті әкімдік өкілдері қатысты.
Кәсіпкерлерге қызмет көрсеті орталығында 3 қызмет түрі көрсетіледі: заң қызметі, менеджер маркетолог және несие бойынша құжаттарды сүйемелдеу қызметі.
«Мен өзіме қажетті заңгер кеңесінің қызметін алып шықтым. «Өзенмұнайгаз» компаниясымен келісімшарт жасасқан едім. Бірақ карантинге байланысты тапсырысты толық орындай алмай қалдым. Сол себепті КҚКО-нан орындау мерзімін создыруға көмек сұрадым. Тиісті жауап алдым, енді бірлесіп әрекет ететін боламыз. Біздің қаламыздан осындай орталықтың ашылғанына қуаныштымыз. Бұрын өз мәселемізбен жекеменшік заңгерлерге жүгінетін едік»,- дейді кәсіпкер Қуандық Есболғанов.
Ашылуы рәсімі кезінде мұнайлы қаланың 30 кәсіпкеріне тегін кеңес берілді.
«Орталықта кәсіпкерлер үшін барлық қызмет тегін беріледі. Алдағы уақытта семинар ұйымдастырылып, бизнес өкілдеріне электронды сатып алулар мен салық есебін тапсыру жолдары үйретіледі. Орталықтың жұмысы үшін жергілікті атқарушы органдардан 8 млн 730 мың теңге бөлінді. Қаражат аудару жалпы конкурс негізінде электронды сатып алулар арқылы жүргізілді»,- дейді «Маңғыстау КҚКО» ЖШС директоры Аманат Махмутов.
Алдағы уақытта жаңаөзендік кәсіпкерлер үшін ауыл шаруашылығы саласына тағы 4 млн тг қарастырылады. Ал, Ақтау қаласы іскерлері үшін биыл 13 млн тг бөлінеді.
Жазира Қуанышбекқызы