Оңтүстік астаналықтар Қазақстан халқының бірлігі күнін тойлап жатыр. Республика сарайының алдында көптеген ұлттардың салт-дәстүріне сай қолөнер туындылары мен ұлттық тамағы, киімдері қойылған отыз бірлестік үйі тігілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Абай алаңына халық көп жиналды. Көңілдері көтерінкі, бір-бірін құттықтап жатыр. Әрбір ұлт өзінің мәдениетінен сыр шертетін көрме ұсынды. Әнін шырқап, биін биледі. Ынтымағы жарасқан елде тұрып жатқандарын мақтан тұтатындарын таласа айтты.
«Достық пен ынтымақ бар жерде, береке мен ырыс болары айдан анық. Бірлігі берекелі, тірлігі мерекелі, ынтымағы жарасқан елдің ғана ырысы мен табысы мол болмақ. Ауызбірлік пен түсіністік, қарапайым сыйластық үстемдік құрған жерлерге қашанда нәтижелі істердің үйір болатыны белгілі. Ұлт пен ұлыстың татулығы арқасында, бүгінде, мемлекетіміз өркендеп, ілгері дамып келе жатыр. Жаңа Қазақстан кезеңі басталды. Осы орайда, мамыражай мамырдың алғашқы мерекесінде Қазақстандағы барша ұлыс көңілі даладай дархан қазақ жұртына ризашылығын білдіріп жатыр», – дейді түрік ұлтының өкілі Зарина Ахметова.
Мерекелік шараға жиналғандар қазақ қашаннан да бауырмал халық екенін тілге тиек етті.
«Әр кезеңдерде елімізден пана іздеп келген өзге ұлт өкілдерін жатсынбай бәрін бауырына басып, төрінен орын беріп, қандай қиын кезеңдердің өзінде бір үзім нанды бөліп жеді. Бүгін елімізде 130- дан астам ұлт пен ұлыстың өкілдері бір тудың астында тату-тәтті ғұмыр кешіп жатыр. Барлығымыз туған жердің төсінде, құшағын жайған бейбіт елдің ішінде ел бірлігін сақтауға атсалысайық»,- деді қала тұрғыны Берік Әбдірешов.
Армян этномәдени бірлестігінің өкілі Анна Торасьян бірлік мерекесін жастар жете түсінуі керек екенін айтты.
«Мен барша қазақстандықтарды 1 мамыр — Қазақстан халықтарының бірлігі мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Әсіресе, жастар бұл мейрамның мән-мағынасын жақсы түсінсе екен деймін. Бір шаңырақтың астындағы халқымыздың достығы мен өзара түсіністігі одан әрі жалғасып, еліміздегі ұлтаралық татулық әрдайым берік болып, қашан да ынтымақ, бірлік мәңгі жасай берсін»,- Анна Торасьян Армян этномәдени бірлестігінің өкілі.
Меркелік шара концерттік бағдарламамен ұласты.
Айта кетейік, Қазақстан Халықтарының Бірлігі күнініне арналған іс-шаралар қаланың барлық ауданында тойланып жатыр.