Ақтөбе облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің жеке құрамы «1 мамыр — Бірлік күні» мерекесі қарсаңында, Ақтөбе қаласындағы №69 жалпы білім беретін орта мектептің облыстық ішкі саясат басқармасы және облыстық ҚХА жанындағы Аналар кеңесімен бірлесіп ұйымдастырған тағылымды-мерекелік іс-шарасына қатысып, атсалысты.
Ақтөбе қаласының Жаңақоныс елді мекеніндегі №69 жалпы білім беретін орта мектепте өткен «Бір шаңырақ астында» тақырыбындағы мәдени-көпшілік іс-шарасы республикалық «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасы аясында жүзеге асты.
«Іс-шараның негізгі мақсаты – бала тәрбиесі ұлт болашағы екендігін назарға салып, ел азаматын тәрбиелеген аналардың озық тәжірибесін ел арасында насихаттау. Оқушыларды қазақстандық патриотизмге, елін, жерін сүюге тәрбиелеу, отбасы құндылықтарын бағалауға және өнегелі істерге баулу»,- дейді ұйымдастырушылар.
Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментінің бастығы әділет полковнигі Руслан Уразбаев жетекшілік еткен департаменттің жеке құрамы мәдени- көпшілік іс- шарасының бірінші бөлімінде «Қазақтың қолөнері – қасиетім» көрмесін тамашалады. Бұдан кейін «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасы аясында «Еліне азамат тәрбиелеген отбасы» тақырыбындағы мектептің психолог маманы жүргізген сыр- сұхбат және тренингте ҚАЖ қызметкерлері мектеп оқушыларының тағылымды шарасын тамашалап, ата-ана ретінде ұрпақ тәрбиесіне өз пікірлерін қосуда белсенділік танытты.
Мәселен, Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментінің сотталғандар арасындағы тәрбие және әлеуметтік-психологиялық жұмыс тобының бас маманы әділет майоры Руслан Тулегенов, тренингте «дәстүрлі қоғам және қазіргі қоғамның айырмашылығы, ұлт ұғымы» жөніндегі сұрақтардың жауабын жан- жақты ашып, толымды жауап берді.
Сонымен қатар, отбасы құндылығы тақырыбында сөз алған ҚАЖ қызметкері әділет майоры Руслан Тулегенов: «Отбасындағы бала тәрбиесі ата-ананың жауапкершілігінде болғандықтан, бала тәрбиесі отбасыдан, тал бесіктен бастау алады. Қазақта «Әке көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» деген жақсы нақыл сөз бар. Сондықтан ата- ана қаншалықты қызмет бабымен жүрсе де, бала тәрбиесіне уақыт тауып, үлкен көңіл бөлуі қажет. Қызды қырық үйден тыйған ата-бабаларымыздың өнегелі істерін үнемі дәріптеп отыру бізге парыз», деді.
«Бір шаңырақ астында» мектеп оқушыларымен дайындалған концерттік бағдарлама қарбалас та, жауапкершілігі зор қызметтен уақыт тауып, ел болашағы – жастардың ертеңі мен өнеріне қолдау көрсеткен ҚАЖ қызметкерлеріне көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Гүлфайруз Төремұратова,
Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаменті,
Фотолар автордыкі