12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

ЖЕТІНШІ МҮРДЕ

– Тұнық, қайдасың?
– Ваннадан шықтым, енді бір аптаның ұйқысын ұйықтасам деп тұрмын…
– Қайдағы ұйқы? Киін де, тез жет! Мекенжайды телефоныңа жібердім.
– Тағы не боп қалды?
– Келген соң көрерсің…
– Құрып кеткір, – деп, басындағы сүлгіні төсектің үстіне лақтырып жіберген Тұнық асығыс киіне бастады. К.Дойл, Э.По, А.Кристи сынды жазушылардың шығармаларын оқи-оқи, шытырман оқиғалардың бел ортасында жүрсем, түрлі жұмбақ қылмыстарды ашсам, кәнігі ізкесуші болсам деген арманды бала күнінен санасына құйған қыз бұл күнде біраз жасқа келген…
Әріптесі айтқан жерге жеткенше жедел жәрдем мен сақшылар да келіп үлгеріпті. Төргі бөлмеде денесі шүберекпен жабылған мүрде жатыр.
– Ал бұған не дейсің? – деді әріптесі, шүберекті сәл ашып. – Дәл сол қолтаңба!
– Дәліздегі бейнебақылау істей ме екен, көре алдың ба?
– Көрдім. Осыдан үш сағат бұрын жанында бір ер бала бар, екеуі үйге кірген. Бірақ мына жұмысты бір ғана адам істеген деп айту қиын.
– Сендерге кім хабар берді?
– Көрші кемпір бірер күнге саяжайына барып келетін болып, мысығын, гүлдерін табыстайын деп есігін қағыпты, ешкім жауап бермеген соң есікті тартып көрсе, ашық екен. Кірсе, міне, осы жағдай.
– Жалғыз тұра ма екен?
– Үш қыз бірігіп пәтер жалдапты. Қазір жанындағы екі қызды іздестіріп жатырмыз.
– Түсінікті…
Мүрдені бастан-аяқ тағы бір шолып шыққан Тұнық балконға шықты да, айналасына мұқият қараған соң, телефонын қолына алды.
– Осының бәрінің артында өз ісін өте жақсы меңгерген бір ғана топтың тұрғаны анық, – деді, көп ұзамай соңынан шыққан әріптесі темекісін тұтатып жатып.
– Бұл жаңалықты өзің аштың ба? – деп, Тұнық мырс ете қалды. Оған әріптесінің әр жерге тұмсығын тығып, тіміскіленіп, түрлі болжам жасап, сол болжамын өзі жорып отыратын езбелігі ұнамайтын.
– Әрине, өзім! Қара, соңғы жарты жылда жеті мүрде. Жетеуі де жас, жетеуінің де өлімі ұқсас. Ең бастысы, мұның бәрін бір ғана адам істей алмайды. Бұл – адам ағзасын сыртқа жасырын жолмен шығарып жүрген үлкен қылмыстық топтың шаруасы.
– Бүгінге осы жетер, Шерлок Холмс. Мен өзіме керекті ақпарды алдым, енді кетуге рұқсат бер.
– Айтпақшы, бұл іске бас-көз болуға үлкен қаладан арнайы маман жіберіпті. Қазір ұшақтан түсіп, бірден осында келмек. Мүмкін танысарсың?
– Бүгін ешкіммен танысуға құлқым жоқ. Ертең де күн бар ғой. Көріскенше!
– Жолың болсын! – деген әріптесі шылымын төменге шертіп жіберді де, көп ұзамай ішке кірді. Жедел жәрдем дәрігерлері әлденені даурыға талқылап сыртқа шығып барады екен. «Бұлар үлкен қаладан шыққан ізкесуші келгенше осында болуы керек емес пе?» деген оймен соңдарынан жүгіре шыққан ол, аңтарылып тұрып қалды. Есік алдында жедел жәрдем көлігі де, жаңа ғана дабырласып жүрген дәрігерлер де жоқ. «Қас-қағым сәтте қайда кетіп үлгерді?..» Ойын телефон шырылы бұзды.
– Алло…
– Құсұйқы, бұл мен ғой, қонағыңа мән-жайды түсіндір де, қонақ үйге орналастыр. Сұраса, керек-жарағын тауып берерсің…
– Түсіндім, – деп, ол телефонын қал­тасына салды да, «Дәрігерлерді жер жұтты ма?» деп ойлап үлгергенше аулаға бас­тығының көлігі келіп тоқтап, ішінен жасы отыздың о жақ, бұ жағындағы қағілез жігіт түсті. «О, тоба! Мұндай боқ­мұрындар өзімізде де өріп жүр ғой. Мынаны бізге не үйретеді деп жіберіп отыр?» Алыстан келген жаңа әріптесіне селқос қол созған ол: «Бері жүріңіз», – деді де, алға түсіп, аяңдай жөнелді. Өзін мазалаған ойға еріксіз қайта оралған Құсұйқы екінші қабатқа көтеріліп, мүрде жатқан есікті ашқанда тағы есеңгіреп қалды. Жаңа ғана өзі артынан қуа шыққан дәрігерлер іште отыр…
– Оқиғаны қысқаша баяндап беріңізші, – деді оған үлкен қаладан келген ізкесуші.
– Баяндайтын несі бар? Бұл осымен бір қолтаңбамен іске асырылған жетінші қылмыс. Өз болжамымша, адамның ішкі ағзаларын қара базарда саудалайтын қылмыстық топтың жұмысы.
– Осы күнге дейін жеті іс те ашылған жоқ қой?
– Иә. Барлық дайындықтан өткен, әбден әзірленген кәнігілердің ісі. Із тастамайды, иттер.
Екі бөлмені толық сүзіп шыққан қалалық ізкесуші:
– Сіздер жолдаған істермен толық танысып шықтым. Рас, бәрінің тарихы ұқсас. Тек, менің түсінбегенім, телефондарында, компьютерлерінде бір ілік шынымен жоқ па? Әлдекіммен хат жазыс­паулары мүмкін емес қой, – деді Құсұйқыға таңдана қарап. Бұл, «Болса, жасырып отыр дейсің бе?» дегендей, үлкен қаладан келген маманға жақтырмай қарады да:
– Бәрінің байланыс құралдарын, әлеу­меттік желілерін түк қалдырмай зерттеп шықтық. Бір ілік табылса, іске тіркейтін едік қой, – деді.
– Иә, қиын, қиын…
– Істі неден бастамақсыз? Менен қандай көмек керек?
– Әзірге телефон нөміріңізді берсеңіз болғаны.
– А, әрине. Мен де сіздікін жазып алайын, – деп, телефонын қолына алған Құсұйқы, жаңа әріптесінің нөмірін жазып болып, – Қонақ үйіңіз дайын, шаршап келген боларсыз… – деді байыппен.
– Ниетіңізге көп рақмет, мен бүгінше осында болам.
– Осында болғаны несі?
– Бұл – менің байырғы әдетім, алаң болмай жүре беріңіз. Айтқандай, сіздің бұдан өзге жасырын немесе қосымша телефон нөміріңіз жоқ па?
– Жоқ, оны неге сұрадыңыз?
– Жәй, көңіліңізге алмаңыз. Бұл нө­міріңіз өшіп тұрған жағдайда керек бола ма дегенім ғой… Сау болыңыз!
– Жақсы, ертеңге дейін, – деп, есік алдына қайта шыққан Құсұйқыны қағып-соғып, екі-үш тәртіп сақшысы асығыс ішке кіріп кетті. «Мыналарды жын соққан ба? Іште онсыз да сеңдей соғылысып бір қорасы жүр емес пе?» деп ойлаған Құсұйқы бастығының көлігіне келіп отырды да:
– Бұларға қашан ес кірер екен? Бірдеңеден құр қалғандай ентелеп, – деді.
– Кімді айтасың?
– Сақшыларды айтам. Іштегі адам аздай, қазір тағы келді ғой.
– Қазір?
– Иә, қазір ғана мені қағып-соғып іш­ке кіріп кетті ғой.
– Оу, басеке, түс көрдің бе, бағанадан бері осында отырмын, сенен басқа тырс еткен пенде көрсем, көзім шықсын.
– Сонда мен жындымын ба? Қане, көп сөзді қойып, үйге айдашы. Ұйықтамағалы он күн болған шығар. Біреуін аяғына шығара алмай жүргенде енді бұл қосылды.
– Дұрыс, әбден демалмасаң болмас. Түріңнен адам шошиды.
Түн ортасында қайтса да бастықтарының кабинетіне ертелете келген Құсұйқыны Тұнық пен үлкен қаладан келген ізкесуші күтіп отыр екен.
– Кеше танысып үлгерген боларсыңдар, дегенмен артық болмас, біздің жаңа әріптесіміз – Нұрлы! Лақап аты «Белгісіз» екен.
– Алғашқы алты істі қоя тұрайық, түнде өзі басы-қасында болған жетінші қылмыс бойынша Белгісіз бізге не айтар екен? – деп, Құсұйқы жаңа әріптесіне сынай қарады.
– Әзірге ештеңе айта алмаймын. «Істі кәнігі қылмыскерлер жүзеге асырған», – деген кешегі сө­зіңіздің жаны бар. Қыз­бен кірген жігіттің бет-бейнесі мүлде көрінбейді. Айналасына жалтақтамаған, камераға мүлде қарамаған, сырт көзге күдік алдырмаған. Тек, сұлбасынан спортпен айналысқан жиырманың ішіндегі жас жігіт екенін аңғаруға болады.
– Бұл бізге де белгілі жәйт қой. Сонда түнімен мүрдені күзеткенде көңіліңізге түйгеніңіз осы ғана ма?
– Жарар, қазір тәжікелесіп отыратын уақыт емес! – деп, сөзді бөлген бастық Тұныққа қарады да: – Сен жаңа әріптесіңнің жанында бол. Қандай шешімге келсеңдер де мені құлағдар етіп отырарсыңдар. Ал сен менімен жүр, – деп, Құсұйқыны ертіп сыртқа беттеді.


Олардың ізін ала шыққан Тұнық, көлігіне отырып жатып:
– Сіздің не ойыңыз бар? – деді жаңа серігіне.
– «Олар қылмыс жасаған жеріне таяу арада бір соқпай кетпейді» дегенді білесіз ғой. Мен сол маңды тағы біраз шолғанды жөн көріп тұрмын.
– Арзан детективтерді көп оқығансыз-ау. Ескірген әрі көп жеміс бермеген әдіс қой ол. Дегенмен, еркіңіз білсін, сізді сол маңға жеткізіп салайын. Ал сіз мені бірер сағат мазаламаңыз. Келістік пе?
– Келісуін келісем ғой. Тек, қайда баратыныңызды білуге бола ма?
– Кәсіби қызығушылық па? Әзірге жұмбақ бола тұрсын, шаруам сәтімен аяқталса, сізге бірінші айтуға уәде берейін.
– Келістік. Айтпақшы, Тұнық сөзі түсінікті, қыз баласына жарасып та тұр. Құсұйқыны ұқпадым, расымен құсұйқы ма жаңағы әріптесіміз?
– Иә, ешқандай астары жоқ, тура ма­ғынасындағы құсұйқы. Тәулікті қойшы, апталап ұйқысыз жүре беруге бар.
– Таптырмайтын кадр екен.
– Оныңыз рас. Міне, келіп те қалдық. Ана бес қабатты сары үйді ұмытпаған боларсыз. Әлдене байқасаңыз, хабарласыңыз.
– Жақсы.
Көліктен түсіп қалған жаңа маман Тұнық кеткен тұсқа біраз қарап тұрды да, жолды жауып қалған сары жапырақтарды кешіп, үйге беттеді. «Бірер сағатта не бітірмек? Айналдырған жарты жылда жеті өлім. Сонда бұлар не істеп жүр?» деп ойлады жолай. Бұл уақытта екі көшеден өтіп үлгерген Тұнық әлдекімге телефон соқты.
– Қалай, бәрі дұрыс па?
– Дұрыс!
– Көзге түсіп қалған жоқсыңдар ма?
– О не дегеніңіз, қарындас…
– Жарайды, қылжақты қой. Мен де көп ұзамаймын.
– Ұқтым.
Бес қабатты үйді бір емес, екі айналып шыққан Белгісіз күдіктенер еш себеп таба алмады. «Не деген сұмпайылар? Әзірге тіркелгені жеті мүрде. Бізге беймәлімі қанша екенін сайтан білсін…» Саяжайға кетпек болған кемпірден бастап, көрші-қолаңды түгел аралап, бәрінен сыр суыртпақтап көргенімен, бәрі бекер сияқты.
Қала шетіне шығып, көлігін бір тасаға қойған Тұнық сырт киімін ауыстырып, телпегін баса киді де, шағын қала мен саяжайлардың арасына қатынайтын таксилердің біріне отырды. Қазіргі түрін менмін деген кәсіпқой да тани қоймас. Тауға қарай ентіге ұмтылып келе жатқан көлік терезесінен сыртқа қарап отырған Тұнықтың ойына ішкі ағзалары тоналған қыздар түсті…
– Келдік, қызым, – деген жүргізушінің дауысынан селк ете қалған ол жолақысын төледі де, сыртқа шықты. Қайың жапырағын сарыға, тобылғы, тораңғы жапырағын қызғылт, қоңыр түске бояған, шырша қылқанын мәңгі жасыл қалпында сақтаған құдіретке тәнті болып, төңіректі көмкерген сұлулыққа сұқтана көз салған Тұнық, «апам марқұм бұл мезгілді мизамшуақ деуші еді. Осы таңғажайып көркемдікті армансыз тамашалай алмай-ақ өміріміз от пен судың арасында өте шығар ма екен?» деп бір күрсінді де, саяжайдың біріне бақша жағынан кіріп кетті.
– Келдіңіз бе, ханым?
– Не боп жатыр? Бастадыңдар ма?
– Бастадық. Міне.
…Тоңазытқышты ашқан жиырмадан енді асқан жігіт ораудағы заттарды алып, қораптарға сала бастады. Зейін қоя қараған адамға шағын қораптардың да тоңазытқыш екені белгілі еді. Көп ұзамай бөлмеге екі адам кірді.


– Ана жақпен хабарластыңдар ма? – деді, жас жігіт.
– Иә. Бізден хабар күтіп отыр, – деді біріншісі.
– Айтпақшы, ана бөлмедегі тоңазытқыштардағы тауарды қайтеміз? – деді екіншісі.
– Қайдағы тоңазытқышты айтып тұрсың? – деп, жас жігіт ашулана қарады.
– Ана бөлмеде екі тоңазытқыш тұр емес пе?
– Мынаны жын соққан шығар.
Жас жігіт біріншіге қарады. Ол иығын қиқаң еткізді де:
– Шал кейінгі кезде қатты шаршап жүр, көңіліңе алма, – деп, кеңк-кеңк күлді.
– Ой, сенбесеңдер, жүріңдерші, – деп, бөлмеден шығып кеткен екінші ұзақ айналды.
– Осыдан баяғыда құтылу керек еді. Өс­тіп сандырақтап жүріп, бұл бір күні бәріміздің түбімізге жетеді, – деді бі­рінші.
– Әкемнің қарғылы төбеті ғой. Артымызды жауып отырған осы. Дегенмен, рас, сақ болу керек. Бұлар екі жаққа да ойнауы әбден мүмкін.
Бөлмеге қайта кірген екінші аң-таң.
– Осыдан өтірік айтсам, өліп кетейін, жаңа ғана кіргенімде ана бөлмеде екі тоңазытқыш тұрған. Есігін ашып көріп ем, тауар толы екен.
– Енді қайда ұшып кетіпті ол тоңазытқышың?
– Ит біліп пе? Әлде сендер менен әлдене жасырып тұрсыңдар ма?
– Сенен не жасырамыз? – деп, жас жігіт екіншінің жағасынан ала түсті де, қабырғаға тақап, – Осы сен бәрін әдейі істейсің бе? Жоқ, бізді сынап жүрсің бе? Не керек өзіңе? – деді.
– Оңбай кетейін, көргенім рас!
– Есіңді жи. Болмаса, бір күні мына қораптың ішінде өзің жатарсың!
– Ех, осы іске қайдан шатылдым, қайдан?
– Не тантып тұрсың? Қызың өлім аузында жатқанда темтеңдеп күллі қаланы кезгенің, донар іздеп күллі елге сұрау салғаның есіңнен шығып кетті ме? Байқа, жақсылықты ұмытсаң, қызыңның қайда тұрып, қайда жүргені бізге аян. Бәрін есіңе түсіреміз!
– Қызымды ойыңа ала көрме, кез келген адамның қолыңда өлем!
– Онда сандырақтамай өз жұмысыңды біл. Бұл істен ши шығушы болмасын!
– Менен ши шықпас, бірақ үлкен қаладан келген ізкесушісымақ сені жорамалдап отыр. Сен де байқа!
– Сонда не дейді оның?
– «Жасы жиырмалардың үстіндегі дене тұрқына қарасаң, спортпен айналысқан жігіт», – дейді.
Сақ-сақ күлген жас жігіт марқайған көңілмен:
– Бастығың не деп жатыр? – деді.
– Ол не десін? Зейнетке абыроймен шығып алайын деп жүргенде, мынау үсті-үстіне үдеп кетті ғой деп, шақшадай басы шарадай болып жүр.
Жамырай күлген топ шағын қораптарды ауладағы терезесінің бәрі қараңғыланған көлікке тией бастады…


Тұнық пен үлкен қаладан келген ізкесуші көлік ішінде әңгімелесіп отыр.
– Сонда Құсұйқыдан қашан күдіктендің?
– Жалғыз Құсұйқыдан ғана емес, бас­тығымнан да күдіктендім. Екеуі менен бірдеңені жасырып жүргендей болды. Содан екеуінің де соңына тыңшы қойдым. Бесінші мүрде табылған кезде есіктегі, балкондағы саусақ іздері мен Құсұйқының жұмыстағы саусақ іздері сәйкес келді. Бірақ бұл дәлел аздық ететін. Оның үстіне, бұлардың артында кім тұрғанын білу маңызды емес пе?
– Құсұйқының саусақ іздері із кесуге келгенде қалған шығар деген ой болмады ма?
– Жоқ. Өйткені қылмыс жасалған төртінші және бесінші жерге мен бірінші келіп, ол жеткенше саусақ іздерін алып үлгергем.
– Содан?
– Содан ол көп ұзамай саяжайға келді, бір емес, бірнеше рет. Күтіп отырып, үйде ешкім қалмады-ау деген кезде әр бөлмеге, аулаға жасырын камералар қойдық. Таяу жерден өзіміз де бір саяжайды жалға алып, сенімді адамдарымызды ерлі-за­йыпты ретінде орналастырдық. Олар көз жазбай компьютер арқылы бейнекамераларды бақылады да отырды.
– Жас жігіттің әкесі шіріген бай боп шықты. Сол байлық жетпеді ме екен? Екі ортада өз баласын күйдірді.
– Адал жолмен байыды дейсіз бе? Бірақ о баста бұл іске әкесінің қатысы болмаған сияқты. Өзіңіз де білесіз, қылмыс әлемінде байлардың, жоғары қызметтегілердің балаларын құрал ретінде пайдалану көптеп кездеседі. Мұны да солай тұзаққа түсіріп, баласы арқылы кіріптар қылып қойған ба деймін.
– Ол да әбден мүмкін, тергеу әділ жүрсе, бәрінің ақ-қарасы анықталар. Ең бастысы, күллі елдің төбе құйқасын шымырлатқан қылмысты оңай аштыңыз. Мықты екенсіз!
– Бізге қайдағы мықтылық? Оңай деп те айтпас едім… Әр қазаны көрген сайын денем түршігеді.
– Бастығым сіздің жұмысқа тәнті болып отыр. Мүмкін бізге келерсіз?
– Көңіліңізге мың алғыс. Маған осы шағын қаланың да лаңы жетер.
– Ал онда мен жүрейін, шығарып салғаныңызға көп рақмет! Жол түссе, хабарласарсыз.
Әуежайдан түсіп қалған Белгісіз із­кесуші ұзап бара жатқан Тұнықтың кө­лі­гіне бұл жолы да біраз қарап тұрды да, ішке беттеді. «Үлкен қалада менмін деп жүрген мамандардан мың есе артық қой. Еңбегі бағаланбай қаншама кәсіпқой осылай қағаберісте қалып жатыр» деп ойлады ол.

Мөлдір Райымбек

ӘЗ-НАУРЫЗДА ТӨГІЛГЕН НӘРЕСТЕНІҢ БЕЙКҮНӘ ҚАНЫ

«Счастье всего мира не стоит одной слезы на щеке...

Қаралы сырлар

Кешкі сағат сегіздер шамасы. Аспанды көмкерген қалың бұлттанба, жоқ...

ҚОРҚАУЛАР

...Елді қарық қылмай, сананы сансыратқан нарық заманы қысқан сәтте,...

Риэлторы

Эта драматическая история произошла осенью в начале 2000-х. Группа...

САБЫР ИЗ «УБОЙНОГО»

ВЫСТРЕЛ У ПОДЪЕЗДА Время на панели автомобиля высвечивало 05.10,...