Қай саланың болмасын жетістігі ең алдымен кадрлардың білімі мен біліктілігіне байланысты. Құқық қорғау органдары үшін білікті кадрлар даярлаудың жауапкершілігі – ел қауіпсіздігінің жауапкершілігі.
Кешегі қаңтар оқиғасы кезінде тәуелсіздігімізді сақтап қалу үшін кеудесін оққа тосқан жауынгерлердің бірі де бірегейі – полиция қызметкерлері болды. Қаншама полиция қызметкері қаза тауып, көбісі мүгедек болып қалды. Ауыр жарақаттан әлі де айыға алмай жүргендері қаншама. Ел басына күн туған қиын сәтте өздерінің антына адалдық танытқан қызметкерлердің ерлігі ұрпаққа өнеге, елге ұран болып қала береді.
Десек те күтпеген жерден басталған қарулы шабуыл кезінде тәртіп сақшыларына дұрыс пәрмен беру басшы құрамның іскерлігі мен кәсібилігіне байланысты. Қазақстан полициясы осы үддеден абыроймен шықты деп нық сеніммен айтуға болады. Қоғамның қандай кезеңінде болмасын құқық қорғау органдарына қойылатын талаптар ерекше. Ал, ішкі істер органдарында жүргізіліп жатқан реформалардың аясында жаңа форматтағы басшыларды даярлау ел болашағының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жасалған салмақты қадамдардың бірі.
Биыл Қазақстан полициясының құрылғанына 30 жыл толады. Бұл айтулы дата Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың жаңа Қазақстан құру бастамасымен тұспа тұс келіп отыр. Жаңа Қазақстан құрудағы талаптардың бірі – полиция мен қоғам арасында әрiптестiк орнату, полицияны басқару деңгейiн жоғары сапаға көтеру.
Бұл орайда Ішкі істер министрлігінің М.Есболатов атындағы Алматы академиясында 2021 жылдың наурыз айында жаңаша ойлайтын және ішкі істер органдарын мемлекет сұранысына сай тиімді басқара алатын басшы құрамды оқыту қолға алынған болатын.
Содан бері жоғары басшы құрамды даярлайтын №1 факультетті 19 маман, орта басшы құрамды даярлайтын № 2 факультетті 39 маман бітіріп шықты. Аталған факультеттерді бітіру жоғары лауазымға тағайындалудың кепілі болып табылады. Факультеттер ашылғаннан бері білім алған түлектер Солтүстік Қазақстан, Павлодар және Атырау облыстарындағы облыстық полиция департаменттерінің бірінші басшысы лауазымдарына тағайындалды. Сонымен қатар 5 түлек Полиция департаменттері басшыларының орынбасары лауазымына тағайындалды.
Мемлекет басшысының жаңа Қазақстан құру жөніндегі тапсырмаларын орындау мақсатында Ішкі істер министрлігінде ауқымды жұмыстар атқарылуда. Ең бастысы ішкі істер органдарына полиция қызметінің ашықтығы мен жариялылығын жүзеге асыра алатын жоғары білікті мамандар мен менеджерлер қажет десек, Алматы академиясы осы міндетті орындауды қолға алған алғашқы ведомстволық оқу орны.
Тыңдаушыларды оқытуда бірқатар шетелдердің басқарушы кадрларды даярлау тәжірибесі, кәсіптік оқытудың ұтымды механизмін құруға ықпал ететін инновациялық стратегиялар зерделенді. Тәжірибе алмасу барысында қазақ полициясының форматы мен үлгісін өзгертуге негізделген оқу жүйесі ескерілді.
Үміткерлерді сапалы іріктеу мақсатында қатаң конкурс ұйымдастырылып, ең алдымен олардың ішкі істер органдарына басшылық жасау қабілеттері анықталады. Бұл конкурс арқылы академия басқару ісіне ең қабылетті үміткерлерді таңдауға мүмкіндік беретін бәсекелестік орта құра алды деп айтуға болады.
Басшылық құрамды оқытатын факультеттерде заман талабына сай әкімшілік-шаруашылық қызмет, қаржылық-құқықтық сауаттылық, HR-менеджмент, шешендік өнер, бұқаралық ақпарат құралдарымен жұмыс істеу тәсілдері толыққанды оқытылады.
Оқыту процесіне Ішкі істер министрлігі мен мемлекеттік органдардың қызметкерлері ғана емес, азаматтық қоғам институттарының өкілдері, көрнекті ғалымдар мен қоғам қайраткерлері де тартылады. Атап айтқанда Эльвира Азимова, Артур Платонов, Игорь Рогов, Нұрлан Әбдіров, Рахим Ошақбаев, Георгий Ким, Жеміс Тұрмаганбетова, Саясат Нұрбек, Аружан Саин, Марат Қоғамов, Исидор Борчашвили сияқты белгілі спикерлер дәріс оқыды.
Басшы мамандарды академия қабырғасында даярлаудың Қазақстан полициясын жаңғыртуға оң ықпал ететінін бүгінгі нәтиже анық көрсетіп отыр. Олар ішкі істер органдарын реформалауды жүзеге асыруға ықпал ететін жаңа форматтағы басшылардың айқын бейнесі.
Қайғылы қаңтар оқиғасы ішкі істер органдары үшін үлкен сын болды. Күштік құрылымдардың іскерлігі мен кәсібилігін таразыға салған оқиға кезінде Академия түлектері өздерінің басқару қабілеттерін іс жүзінде көрсете білді. Олар Қазақстан халқын қорғауда адалдығын паш етумен қатар, психологиялық күйзеліске төзіммен төтеп бере алды.
Полиция басшылығы лауазымына тағайындау кезінде Алматы академиясындағы жоғары басшы құрамды және орта басшы құрамды даярлайтын факультеттерден міндетті түрде білім алу шарты полицияны сапалық жағынан нығайтатынына деген сенім мол.
Қазіргі заманда бұрынғыдай бір рет алған жоғары біліммен өмір бойы жұмыс істеу мүмкін емес. Осыны ескере отырып, аталған академияда жеке құрамды қайта даярлау және полиция қызметкерлерінің біліктілігін арттыру аясында қосымша білім берудің көпсалалы бағдарламасы жасалды. Мұндағы мақсат – ішкі істер органдары жеке құрамының біліктілігін қызмет өткерудің барлық кезеңінде арттыру. Өйткені заңнамалық база жиі өзгеріп жатқан бүгінгі күні бұл аса қажет әрекет.
Мемлекет басшысының жаңа Қазақстан құрудағы алға қойған міндеттерін орындауға ІІМ Алматы академиясының профессорлық-оқытушылық құрамының да қосар үлесі ерекше.
Бұл оқу орны өзінің 1956 жылдан бергі тарихында Қазақстанның ондаған генералдарын тәрбиелеп, өсірген «кадрлар ұстаханасы». Қазақстанның осындай полиция кадрларын даярлаудағы бұл жауапты миссияның ІІМ Алматы академиясына жүктелуі де бекер емес. 65 жылдан астам бай тарихы мен дәстүр сабақтастығы бар Академия республиканың ішкі істер органдары үшін кадрлар даярлауда баға жетпес тәжірибе жинақтаған оқу орны.
Алайда қазіргі уақытта ведомстволық білім беретін оқу орындары педагогтарының мәртебесін көтеру қажеттілігі туындап отыр. Педагогикалық қызметке тәжірибелі ұстаздарды тартудың оңтайлы жолдарының бірі – олардың жалақысын көтеру. Жасыратыны жоқ, Ішкі істер министрлігі қызметкерлері мен ІІМ-ге қарасты оқу орындары қызметкерлерінің лауазымдық жалақыларында айтарлықтай айырмашылық бар, сонымен қатар оларға тұрғын үйді жалға алу өтемақысы да төленбейді. Мұндай айырмашылықтар жас қызметкерлердің ғылыми және оқытушылық қызметпен кәсіби тұрғыда айналысуларына құлықсыздық танытуларына әкеліп соқтырады.
Ведомстволық оқу орындарына жүргізілген реформа барысында орын алған кемшіліктердің бірі – ішкі істер органына азаматтық жоғары оқу орындары заң факультеттерінің түлектерін қабылдаудың тиімсіздігі. Ел басшылығы да мойындаған аталған тәжірибенің тиімсіздігі ішкі істер органдарына үміткерлер іріктеу сапасына кері әсерін тигізуде.
Білім беру сапасы күмәнді жекеменшік жоғары оқу орындарының түлектерін Ішкі істер органдарына қабылдау кадр сапасын төмендетіп жіберетіні анық.
Үміткерлердің көпшілігі Қазақстандағы мемлекеттік қызметті реттейтін заңнамалық базаны білмегендіктен, іріктеудің бастапқы кезеңінде-ақ сүрінеді. Сонымен қатар үміткерлердің басым бөлігі денсаулық жағдайының әлсіздігінен іріктеуден өте алмайды.
Ведомстволық оқу орындарында ішкі істер органдарын жаңғырту басталғанға дейін де үміткерлер қатаң іріктеуден өтетін болған. Өйткені кәсіби кадрлар даярлау жүйесі үшін өз түлектерінің қызметте жоғары жетістіктер мен нәтижеге жетуі аса маңызды.
Бұл форматта оқыту айтарлықтай қаржылық ресурстарды талап етеді, алайда қоғамның қауіпсіздігі мен заңның үстемдігі таразыда тұрғанда, мұндай шығындар өте орынды және қажет шығын деп есептеймін.
Менің ойымша, ұзақ уақыт бойы қалыптасқан және сынақтан өткен оқыту тәжірибесін ескере отырып қазіргі уақытта Ішкі істер министрлігінің барлық жоғары оқу орындарында полиция қызметкерлерін бакалавриат білім беру бағдарламалары бойынша оқытуды қайта бастау қажет.
Тіптен кадрлар іріктеудің екі бағытын да қолданып, олардың әрқайсысының өміршеңдігі мен өзектілігін айқындау да артық емес.
Біз, ішкі істер органдарының ардагерлері, Қазақстан полициясының болашағына бейжай қарай алмаймыз. Өйткені біз ең жақсы жылдарымызды ішкі істер органдарына бердік, барлық қиындықтарды бастан өткердік, сондықтан бізден кейінгілерді мұқият бақылап отыру аға ұрпақ өкілінің міндеті. Жетістігіне қуанамыз, кемшілігін айтамыз.
Біз әрқашанда ішкі істер министрлігіне Қазақстан полициясының басшылығын жалықпай шыңдай беруіне тілектеспіз.
Талап Қабденұлы Қабденов,
ҚР ІІМ М.Есболатов атындағы Алматы Академиясы Ардагерлер кеңесінің төрағасы, құқықтану доценті, профессор, ҚР ІІМ еңбек сіңірген қызметкері, ішкі қызмет генерал-майоры