ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетімен ынтымақтастық модельдерін талқылау үшін University of Arizona өкілдерімен кездесті, деп хабарлайды Zakon.kz.
University of Arizona – 136 жылдық тарихы бар қоғамдық ғылыми-зерттеу университеті. «Карнеги классификациясы» бойынша университет R1 санатына жатады, яғни бұл зерттеу қызметінің жоғары деңгейіндегі университет екенін білдіреді.
Сонымен қатар University of Arizona Шанхай рейтингісінде (ARWU) 101-150, Times Higher Education-да 124 орында.
2021 жылы Білім және ғылым министрлігі, University of Arizona және М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Кездесу барысында сонымен қатар қазақстандық жоғары оқу орнын University of Arizona сенімді басқаруына беру мәселесі қаралды.
Өңірлік университеттің бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін білім беру процесінде University of Arizona-ның үздік тәжірибесі қолданылады. Осылайша ынтымақтастық шеңберінде University of Arizona моделі бойынша білім беру бағдарламасы әзірленеді.
Қазақстандық студенттер үшін қос диплом алу мүмкіндігі беріледі: қазақстандық ЖОО және Universitу of Arizona. Академиялық бағдарламалар белсенді дамитын болады.
Вице-Премьер Білім және ғылым министрлігіне және басқа да уәкілетті мемлекеттік органдарға барлық қажет ұйымдастыру жұмысын жүргізуді және биыл қыркүйекте СҚУ-да Arizona университеті филиалына студенттерді алғашқы қабылдауды жүзеге асыруды тапсырды. Шетелдік профессорларды, сонымен қатар жетекші отандық ғалымдарды тарту жоспарланып отыр.