– «Варвар» деген жабайыларды да білмеймін.
–Түсінікті, жүр бізбен, бір жерге барып отырайық, батыр. Бұлай далада тұрған ұнамай тұр.
Кафе іші. Қою күңгірт тартқан қабырғалары кеудеге қорқыныш ұялатардай. Шулы кафе емес, қарапайым, қонақтар да аз. Нұрбол Атаманды ертіп кірді. Кірген бетте төрдегі үстелге қарай бастады. Төргі үстелде екі жігіт отырды. Біреуі – Көкжал. Атаман Көкжалды көре сала біреуге ұқсатты. Оған тесіле қарап әбден ойланды, ойлана-ойлана оның Торғынды өлтірген қылмыскер екенін аңғарғандай. Торғынды атып кеткен күні олар бейнебақылауға түсіп қалған болатын. Қылмыскерлер түскен бейнежазбаны бармен жігіт жасырын Атаманға жеткізген. Ол болмаса, кімнің қылмыс жасағаны жабық күйінде қалар ма еді, кім білсін? Атаманның көзіне қан толып өз-өзін әрең ұстап отыр. Төс қалтасындағы қаруды сыртынан сипап қойып, қалай орналасқанын тексеріп алды. Қолына алуға ыңғайлады.
– Ал, жігіттер! Мына батырмен таныса отырыңдар. Бүгін біздің үш жігітті базарда соғып кетіпті, – деп Нұрбол қолын ысқылап, келесі бөлмеге өтіп кетті. Атаман Көкжалға қарсы отырды. Жүзіне әбден анықтап қарап алды.
– Қай жердің мықтысысың? – деді Көкжал Атаманды жақтырмай.
– Осы жердің, – деді Атаман қырсығып. Оған Көкжал менсінбеген күйі мысқылдай күлді де:
– Біз барлық жердің, – деді.
– «Титаник» кафесінен сендерді көрген сияқтымын, – деді Атаман бірден.
– Жүрші, сыртқа шығып шылым шегейік, – деп Көкжал орнынан тұра бастады. Атаман соңынан еріп, кафенің артқы есігінен далаға шықты. Кафе арты қоршаулы, оңаша және ыңғайлы екен. Атаманға бұдан асқан ыңғайлы уақыт пен ыңғайлы жер табылмас.
– Ал, айта бер, әңгімең көп секілді, – деді Көкжал шылымын тұтатып тұрып.
– «Титаник» кафесін білесің ғой, сонда болдың, мен ол жақтан сендерді бірнеше рет көрдім, – деді Атаман сыр білдірмей. Көкейінде еш күмән жоқ Көкжал самарқау жауап бере салды.
– Иә, болдық қой.
– Әкімгер келіншек сондай әдемі, иә, – деді Атаман Көкжалға қарап жымиып.
– Кім әкімгер?… Ә, ақ етікті айтасың ба? – деді Көкжал.
Атаман осы сәтте Торғынның аяғындағы ақ етікті ойлады. «Титаник», әкімгер, ақ етік деген сөздер санасында жаңғырып, басын қатты ауыртып, бойында кек қайнады. Ашуға булыққан ол қалтасынан қаруын суырып алды.
– Ол менің әйелім еді… Түсінесің бе, иттің күшігі, – деп Көкжалдың бір қолымен алқымынан алып қабырғаға тақады. Атаманның қарулы қолына шыдамай Көкжал тұншыға бастады.
– Мен ештеңе білмеймін, шатастырып тұрсың,– деді Көкжал ыңырси.
– Білгенде жақсы білесің, сен ит,– деп Көкжалды кеудеден атып жіберіп. Атаман сәл абдырап қалды. Бірақ, оған еш қиналған жоқ. Терең күрсіне, жылдам демала өзінің іс-әрекетіне қарап жатпай кафе ішіне кіріп келді. Бұл сәтте қарудың даусын естіп Нұрбол да екінші қабаттан түсіп келе жатқан еді. Қолында қаруы бар Атаманды көріп бір орында тұрып қалды.
– Мен итіңді атып тастадым, – деді Атаман саспай.
– Мен қоңырау соғамын. Қылмысыңды мойныңмен көтеруге тиіссің, – деді Нұрбол. Атаманның ойына бірден түрме түсті. Қоңырды есіне алып, күрсініп, өзінің темір торға кететінін түсінді. Нұрбол әлдекімге қоңырау шалып тұрды. Атаман ол полиция шақырып жатыр деп ойлады.
– Басеке, қайырлы кеш тілеймін! Сіз іздеген адамды таптым. Менің ең мықты үш бөрімді сабап, бір көкжалымды шімірікпестен атып тастады. Өзі денелі, мығым және ширақ екен, – деп Нұрбол біреумен көңілді әрі самбырлай сөйлесе жөнелді. Атаман Нұрболдың өзін біреуге тапсырып жатқанын түсінді.
– Жатып демал, батыр, үйіңе қайт. Қолыңды жу, ертең кешке сені біздің жігіттердің өздері тауып алады, – Нұрбол Атаманды кафеден шығарып жіберді.
Көлікке мінген Атаман қалада жүйткіп келеді… Кек қайтты…
Таңда Атаман ұйқысынан оянғанда Қоңырдың сырқаттанып жатқанын аңғарды. Ұлын көтеріп алды да, көлікке отырғызды. Дәрігерге барайын десе, баласын қарататын ақшасы жоқ болып шықты. Қоңыр жүдеп қалыпты. Ауырған Қоңырды Атаман Алматыдағы ең атақты «Ақ әулие» деп аталатын тәуіпке алып келді. Тәуіпке келушілер мұнша көп болар ма? Ұзын-сонар кезек. Бұл күтіп отырған. Тәуіп: «кірсін», – депті. Кезексіз. Таң қалды!..
– Ассалаумағалейкум!– деп амандасты Атаман. Тасбиық тартып отырған тәуіп ернін ғана жыбырлатты. Отыр деп ишарат етті. Қоңырды алдына алып Атаман отырды. Тәуіп балаға тесіліп ұзақ қарады.
– Бер, – деді. Берді. Баланың тамырын ұстап, басын, арқасын, ішін сипап қарады. – Ештеңе етпейді, ем жазып берем жазылады. Атаман қуанып қалды. Енді Атаманға шүйлікті. Көзі тұңғиық екен.
– Мойныңда қан бар, тағдырың таразы үстінде тұр, бәрі өзіңе байланысты. Сол түні әйелің көрген түске мән бергенде мұның бірі де болмас еді. Тағдырдың жазуы, қайтпексің?
– Жол көрсетіңіз, – деді Атаман.
– Ұлыңды сақта! – деп тәуіп ұзақ ойланды.
– Саған баланың алаңсыз өмірі мен амандығы да керек.! Ал біреулер балаға зар, – деп тәуіп жұмбақтады.
– Жақында бір ұсыныс болады, сен мәжбүрсің, бас тартпа, – деді тәуіп. Атаман жақтырмай қарады…
***
Кеш. Алматының шамдары жанып, қала тіршілігі гүрілдеп, қайта жанданғандай болды. Атаман Қоңырды тағы да Әселге тапсырып, өзі Нұрбол шақырған үйге барды. Тау баурайындағы екі қабатты кең үй екен.
– Келдің бе, батыр? Кіреміз,– деп Нұрбол алып қақпаны айқара ашты.
Атаман екеуі ішке кірді. Аула толы шынжырлы алып иттер. Оларға арсалаңдай келіп үргенде жақындап келіп, мойнындағы қарғы бауды тартып кеп жіберіп, иттер іркіліп қалады. Үйге кірді. Жарық шамдар зәулім үйдің шырайын кіргізіп тұр. Ортаңғы кең залда сигараның қою түтініне қақалып отырған ірі денелі, кең қарынды министр отыр. Қылмыстық топқа басшы болып жүрген Нұрболдың өзі кеудесін төмен иіп амандасып жанына жақын келді. Атаман оларға қарап тұрды.
– Басеке, келді, – деді Нұрбол. Министр оларға бұрылып қарады. Атаман өз көзіне өзі сенбеді. Ол күнде теледидардан көретін адамын көрді. Министр әр кеш сайын теледидарда ұлт қауіпсіздігі, ел бірлігі, тұрақтылық пен тыныштық жайлы баяндамалар оқып елдің ықыласына бөленетін.
– Жайғасыңдар! – деді министр көңілді күймен.
– Рақмет, басеке.
– Виски ме?
– Жоқ, басеке, ол ішпейді. Бірден шаруаға көшкісі келеді, – деді Нұрбол.
– Ендеше, оған қаруды бер. Ертең сағат үште Кеңесшілер сарайында жиын өтеді. Жиынға мен де қатысамын. Әлгі менің досым шамамен үш қырық бесте баяндама оқу үшін мінбеге көтеріледі. Қарсыдағы пәтерді жігіттер жалдап қойды. Яғни, арғы жағын өзің түсіндір, Нұрбол, – деді де министр вискиін қолына алып тұра берді.
– Басеке, баласын қайтеміз. Жалғыз ұлы бар екен, – деді Нұрбол. Сол сәтте министр Атаманға жалт қарады. Біраз қарады да, оған қарай жақындап келді.
– Нұрбол, ұлды осында алып кел. Ал сен ешқашан оның болашағына алаңдама. Саған оны сау күйінде, аман-есен тапсырамын, – деп министр уәдесін берді.
– Мені қанша уақыт ұстайды? – деді Атаман.
– Ұлың үшін бәріне төзесің, – деді Нұрбол.
***
Түстен кейінгі уақыт. Кеңесшілер сарайына қарама-қарсы биік үйлердің алтыншы қабатына келіп Атаман орналасты. Қалың да ұзын қара сөмкесінен қашықтықты дәлдеуге арналған винтовкасын алып шықты. Сағат тілі үш жарымды көрсетті. Терезе пердесін ысырды да, Кеңесшілер сарайының терезесінен зал ішін түгел шолып шықты. Кешегі министр мінбеде көсіле сөйлеп тұрды. Қолын оңды-солды сермеп қойып әлденені айтып жатыр, айтып жатыр. Үштен қырық бес минут өткен уақытта тағы бір министр мінбеге көтерілді. Атаман қолындағы суретке қарады. Бурыл қалың шашты елуден асқан кісі екен. Мінбедегі министрдің дәл өзі. Атаман оны біраз көздеп тұрды да, ұлының болашағы үшін, өзінің тағы бір қылмысын жуып-шаю үшін шүріппені басып қалды. Кеңесшілер сарайы азан-қазан шу болып, дүрлігіп кетті. Атаман қаруды бөлмеге лақтырып тастады да, біреудің асыл жарын, тірегін, біреудің әкесін, біреудің бауырын атып тастағанына қатты өкінді. Жанарына мұң толып, сол бір іште қайнаған кектің осындайға әкеліп соққанын енді ғана білді. Зұлымдыққа зұлымдықпен жауап беру кезінде жазықсыздардың қаны төгілетіні несі? Атаман шарасыздан отыра кетті, Қоңырын ойлады, келер күнін ойлады.
Қараңғы бөлме. Тергеу бөлмесі. Төбеден түскен аспалы шам сығырайып қана жанады. Тергеуші бөлмеге кірді де, құжаттарды үстелге лақтыра салды.
– Тапсырма берген кім? Әлде мәжбүрлік пе?
– Өз ісім, ешкім тапсырма бермеді,– деді Атаман сенімді сөйлеп.
– Жеке бас араздығың бар ма еді? – деді тергеуші.
– Жоқ, мен оны емес, жалпы кеңесшілердің бәрін атпақ болдым, өкінішке орай бір министрді атқан соң, зал ішінде дүрбелең болып, бәрі жерге жатып қалды.
– Оларды не үшін атпақ болдың?
– Қолдамаймын.
* * *
Ленинградта оқып жүрген Қоңырға тілдей қағаз келді. «Елге жет, әкең нашар», – депті. Қоңырдан маза кетті. Жедел жолға қамданды. Ұшаққа билет алды. Қоңыр мінген ұшақ түбіт-түбіт бұлттарды тіліп өтіп, бетегелі белдер мен өзен-көлдерді артқа қалдырып ару Алматыға бауырлап қонды. Ұшақтан түскен жігіт таксилетіп тау баурайындағы үйіне тартты. Жүрегі дүрсілдеп келеді. «Әкем тірі болса екен!». Дәл қазіргі арманы осы. Жетелеп жүріп жеткізген әкесін жанындай жақсы көреді. Әкесінің де баласына құрметі ерекше. Үнемі жоғары қызметте жүрсе де, жан дегенде жалғыз баласын көзінен де, ойынан да таса қалдырған емес. Жақсы мектепте оқытты, жақсы тәрбие берді. Қолы қалт етсе, бауырына басып жүріп, өмірге баулыды. Адалдыққа, еңбекқорлыққа үйретті. Қалаған оқуына жіберді. Сүйткен асыл әке xал үстінде жатыр. Мынау тілдей қағаз үрей туғызып келеді.
…Үйге кірген Қоңырды әкесінің қарындасы мен дәрігер қарсы алды. Басқа көңіл сұраушыларды әкесі әдейі басқа жаққа жіберсе керек. Анасы ертеректе дүние салған болатын. Жүздері солғын. Қоңырға қысқа амандасқан екеуі төргі үйде жатқан әкесі жақты ымдады. Тез басып келген Қоңыр басына биік жастық жастап, диванда жатқан әкесіне:
– Ассалаумағалейкүм, – деп оң қолымен төсін басты. Төсін басқаны болмаса, әкесінің дауысы анық естілмеді. Тек «кел!» дегендей ишара етті. Қоңыр еңкейіп қолын қысып еді, әкесі маңдайынан иіскеді. Өңі қашып, көзі шүңірейіп, жүдеп кетіпті. Сырқаты салмақты болса керек.
– Келдің бе, балам?
– Келдім. Жеделхатты ала жеткенім… Тәуірсіз бе? Дәрігерлер не дейді?
– Тәуірмін… Сырқатым салмақты.
– Жазылып кетесіз, әке!
– Сені әдейі шақырттым. Ақтық сапарымның алдында өзіңе айтарым бар еді…
Қарт әке ауыр күрсінді. Әке мен бала іштей түсінісіп, үнсіз қалды. Үнсіздікті әкесі бұзды. Қоңырдың қолын ұстап отырып, қайта құру кезі мен нарық жылдарындағы ұлт тағдырын, жазықсыз құрбандардың жай-күйін, жан азабын, жан жарасын әкесі түгел айтып берді. Қоңырға ең ауыр тигені өзі туралы естіген шындық болды. Мүмкін емес! Адам сенгісіз. Қалай болғаны? Сенбейін десе, өлім мен өмірдің арасында жатқан әкесінен естіп отыр. Өзгеден естісе сенбес еді. Қайдан іздейді? «Оны кешір, тауып ал!» дейді әкесі. Қалай кешіреді? Қайдан табады? Ширек ғасыр өтіпті. Өмір – жұмбақ.
– Біз осылай, сенің туған әкең екеуміз билікті алмастыруға себеп болдық. Ұры-қарыдан қорғадық, – деп министр көзіне жас алды.
…Түрме – шалыс басқанның мекені. Ақиқат іздегендер де аз емес. Сан қилы тағдырдың тоғысқан жері. Түрменің өз заңы бар. Үкіметтің заңы зындан есігінің сыртында қалады. Ішке кіре алмайды. Ішкі заң сыртқы заңнан әлдеқайда қатал. Қауіпті. Қалт бассаңыз, ажал құшасыз. Аман шықпайсыз. Негізгі шарт: адалдық, сөзде тұру, уәдені бұзбау, өзгені сатпау. Осындай болсаңыз, қадірлісіз. Осалдық танытсаңыз, өміріңіз тозаққа айналады. «Ер жақсысы – түрмеде, ат жақсысы – кермеде» дегенді бұндағылар қатты ұстанады. Кім болса да, кім келсе де, ұзақ отырғандарға құрметпен қарайды. Түрмені де солар басқарады. Басынан кестелі тақиясын тастамайтын, жағасына кір қонбайтын осы бір адамды бәрі сыйлайды. Есімі – Атаман. Себебі, ол қаланың қылмыстық топтарынан да, билік басындағылардан да тайсалмаған батыр. Мұндағылардың бәрі солай атайды. Атаман дейді. Түрме бастығының өзі Атаманмен санасады. Сонау ауыр жылдары түрмедегі барлық азаматтарды аштық пен аурудан аман алып қалған да осы Атаман. Тар қапаста отырған талай азаматтың жанына арашашы болыпты. Төбелесі де сойқан дейді. Қазір бетіне келер жан жоқ. Құс жастық, ақ көрпеде жатып, ыммен басқарып отыр. Шау тартып та барады. Күн шаңқай түс. Көзі ілініп кеткен екен. Түс көріпті. Түсінде Торғын екеуі аппақ қарды тізеден кеше жастық шағындағыдай жүгіреді екен. Ақ көбелек жапалақтаған аппақ қар олардың сезімдеріндей таза. Атаман түстен арыла алмады, түс екенін білсе де, көре бергісі келді. Мұрнына Қоңырдың исі келді. Арнайы келіп оятқан капитан ұйқысын бұзды. Түсін жақсылыққа жорыды.
– Не болды?
– Шақырып жатыр.
– Кім?
– Бастық.
– Қазір барам.
Алдына келген Атаманға ештеңе айтпай, бастық сыртқа қарай беттеді. Қара шәугімдей қара құлпы бар темір есік айқара ашылып, еркіндікке шыққан Атаманды шілденің шіліңгір өткір күні қарсы алды. Өткір күнге қарай алмаған Атаман көзін қолымен көлегейлеп, сығалады. Саф ауа! Таза табиғат. Еркін тыныстап жұтты.
– Атаман, билік ауысты. Сен енді қылмыскер емес, түрмеден батыр болып шықтың. Қош! – деді түрме бастығы анадайдан.
Сүліктей қара мерстен түскен екеу бұған қарай жүрді. Бұл есін жия алмай тұр. Мына жұмбақты түсінбеді. Қасына келген жігіт сәлем берді. Қыз ернін жыбырлатып, ізет көрсетті. Жігіт машинаны нұсқап ишарат жасады. Атаманды отырғызған қара мерседес Қаратал өзенінің бойындағы қалың ағаштың аңғарына келіп бір-ақ тоқтады. Ешкім тіл қатпады. Машинадан түскен Атаман өзенді жағалап, суға бетін жуды. Қандай ғажап! Ауылды сағыныпты. Көзіне жас келді. Жігіт өзенді бойлап кетті. Қыз дастарқан жайып, самауырға шай қойды. Күркіреген өзен. Әсем табиғат. Ат шаптырым дастарқан. Үшеуі отыр. Бір-бірінен жатырқайтын секілді.
Шай құйылды. Коньяк ашылды. Үнсіздікті жігіт бұзды.
–Ас алыңыз! Шығуыңызбен, –деп стаканды соғыстырып тартып жіберді. Атаман да қағып салды. Жігіт тағы құйды.
– Қартайыпсыз… Атаман жақтырмай қарады. Жігіттің көзі отты екен.
– Неше жыл отырдыңыз?
– 25 жыл.
– Ширек ғасыр.
– Иә.
– Мынау – әйелім.
– Аа, бақытты болыңдар!
–Мені таныдыңыз ба?
– Жоқ.
– Ұмыттыңыз ба?
– Сен кімсің?
– Мен бе? Баяғыда кек үшін тастап кеткен балаңызбын.
Атаманның жүрегі дүрсілдеп, маңдайынан тер бұрқ ете түсті. Ұлының бетіне тура қарай алмады.
– Мені де кек жолына дайындағанда, мен де сіздей қылмыскер болар ма едім? Әлде бүгінгідей батыр болып шығар ма едім?
Жүрегі ештеңеден қайтпаған, талай сот, сойқан көрген Атаман бүгін ар сотында қиналды. Ақталуды артық санады. Үнсіз ұзақ отырды.
Қоңырдың ары қарай әкесін қинағысы келмеді. Оның да жүрегі езіліп отыр еді. Сөзге келген Атаман ұлына:
– Мені қайтадан түрмеге апарып таста, – деді. Аузына түскен сөзі осы. Қоңыр басын шайқады.
Үш жолаушы мінген қара мерседес кешкі қоңыр салқынмен Алматыға кірді.
Ербол БЕЙІЛХАН