Бала – бауыр етің. Қылығы тәтті, тілі балдай баланы еркіне жіберсең есіртіп, екпінін бассаң ез ететініңді әрдайым жадыңда ұстауың керек. Бұған әр сот процесін өткізген сайын көз жеткізіп келеді. Қанатбек Досайұлының Түркістан облысының кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына төраға болып тағайындалғанына міне төрт жылдың жүзі болған екен. Осы аралықта байқағаны заң шеңберінен шығатындардың көбі «тек» дегенді білмей өскендер. Жалғыз ұлымыз деп бұлғақтатқан баланың да бетімен кететін кезі көп. Ал соңғы жылдары толық емес отбасында әке тәрбиесін көрмеген балалардан түрлі басбұзарлық шығып жатыр. Осындайда «Отыз мектеп жабылып бір әкенің тәлімін бере алмайды» деген даналық еріксіз еске оралады.
ерегіс
Сот мәжіліс залына беттеген Қанатбек Қоңырбаев бүгін ісі қаралатын жасөспірімнің іс-әрекетін түсінбей дал. Ата-анасы өте зиялы, ауыл-аймағына сыйлы жандар. Айыпты орындығында отырған Құрал сол үлгілі отбасында өскен көп баланың бірі. Жанұядағы жылу мен махаббатты тең көріп ер жеткен баланың теріс жолға түсуіне не себеп?
Құрал Лепесов (аты-жөні өзгертілді) оқыс оқиға орын алған кезде Шымкенттегі М.Әуезов атындағы университетте білім алып жатқан еді. Болашағын біліммен байланыстырған баланың ортасы да жақсы. Ал сол күні… Сабырлы баланы не түрткені белгісіз.
Сол күні достары Асқар мен Ермекті үйіне жинаған Құрал жаңа сойылған мал етін мүшелеп отырған. Анасының айтуы бойынша әр жілікті бөлек жинап, сұрп еттерді тілшелей бастаған жігіттер шыр ете қалған телефон қоңырауына елеңдеп құлақ түрді. Хабарласқан Құралдың танысы Дамир болып шықты. Басында екеуі хал сұрасып, әп-әдемі сөйлесіп тұрған. Артынша Құрал шақ ете қалды да, Дамирмен телефонда тәжікелесіп кетті.
– Сен немене дікіңдейсің? Маған бұйрық беретін сен кімсің а? – деген Құрал ашуға мінген. Екі дос ар жақтан ышқына жетіп жатқан дауыстан Дамирдің де телефоннан шығып кетейін деп тұрғанын сезді.
– Қойсаңшы болды. Ата-анаң естіп қалар, – деп сабырға шақырмақ болған Ермектің сөзін Құрал елең қылмады. Телефонын құлағына қыстырып алып бөлмені басына көтеріп айқайлап жүр. Ақыры ерегіскен екеу: «Кешке кел, жігіт болсаң сол кезде айт айтарыңды» деп барып әрең басылды.
Содан бастап Құралдан дегбір кетті. Бар ашуын үстелдегі еттен алған бозбала асхана пышағын жалаңдатып қояр емес. Екі досы тіпті мынау қолын жаралап алмас па екен деп алаңдаған. Тездетіп өздеріне жүктелген шаруаны бітіреміз дегенше күн батып, қас қарайған. Үш жігіт ананы-мынаны әңгімелеп, сыртқа беттегенде Дамирдің «Құрал, шық бері!» деген өктем дауысы ап-анық естілді. Бағанағы егесті енді ұмыта бастаған үшеуі дегбірсіздене далаға шықты.
ыза
Қараса Дамир тұр. Бөтен адамның ауласында тұрмын деген ой қаперіне кірсейші. Аяғын алшаң-алшаң басып тура қақпаның алдынан бір-ақ шығыпты. Жақындағанда бір-ақ байқады. Мұны батыл етіп тұрған асқазанына түскен 40 градустық арақ секілді. Көзі алайып, жұдырығы жұмылған Дамир ә дегеннен Құралға сөз бермеді.
– Телефонда батырсың, ал көрсетсеңші неге шамаңның келетінін, – деген ол алдымен шатаққа өзі сұранды.
Құрал да күмілжіп қалған жоқ. Достарына сенгені ме, әлде бағанадан жиналған ашу-ызаның әсері ме Дамирге тап-тап берді. Терісіне сыймай тұрған жігіт екі досының алдында үндемей, бұқпантайлап қалмайтыны белгілі. Екіленген ол Дамирдің жалғыз өзі именбей үйіне іздеп келгеніне тіпті ашуланды. «Өзінше менсінбегені, мені басынғаны ғой» деген ой басына келген сайын жүрегіне кек шемен болып қата түсті. Ал мұның жұдырығы түйіліп, тіл қатпай тұрғанын Дамир қорыққаны деп түсінсе керек. Әлде іштегі заһардың әсерінен бе, бет қаратар емес. Тіпті ақылға шақырмақ болған Ермекті кеудесінен итеріп қалып, оңбай құлатты. Осы сәтте Құрал жасырып тұрған асхана пышағын жарқ еткізіп қалтасынан шығарған…
… Дамир итеріп жібергенде денемді игере алмай жалп ете қалдым. Мұндай қадам күтпеген едім. Үйелеп отыра кеттім. Орнымнан тұра бергенімде Құралдың қолындағы жарқыраған пышақты көзім шалды. Бағанадан бері өзіміз ет жаймалаған кәдімгі асхана пышағы. Қайтер екен деп ойлап та үлгергем жоқ, пышақтың кірш еткен дауысы түнді тіліп өткендей болды. Артынша Дамир де кескен томардай тізерлеп отыра кетті, – деді сот отырысында куәгер ретінде сұралған Ермек Жұбаниязов.
көмек
Дамирдің жүректі, мықты екенін Құрал бұрыннан білетін. Қанша айтқанмен бір ортада өсті. Осы бір шатақтау, жігітпен кейде сөзге келмей қалатын кездері де көп еді. Бірақ, әйтеуір тез табысып, тез достасу әдеттері. Ал бүгінгі қылығын тіпті түсіну қиын. Құралдың жанында екі досының бар екенін біле тұрып үйге арнайы іздеп келгені қалай? Мұнысы әпенделік пе, әлде өзінше сынаған түрі ме? Бағанағы телефондағы қылығы да тым ерсі. Дамирдің мақсаты не сонда?
Аз ғана уақытта шырмауық ойлар құрсауында қалған жігіт өзін барынша сабырлы ұстауға тырысқан. Бірақ арақтың буымен арындаған Дамир бұларға дес берер емес. Жапырып, жайпап барады. Әуелі жанында тыныш тұрған, сабырға шақырған Ермекті жалп еткізіп, қалпақтай ұшырды. Сонысына мәз болған Дамир енді Құралдың өзін біраз қыспаққа алып, тәубесіне түсірмек еді. Біресе иығынан қағып, енді бірде кеудесінен нұқып тентектік танытып әлек. Қарсыласы бірдеңе десе оңдырмайтын түрі бар. Басында шыдап баққанымен, қалтасын қыздырған пышақ Құралды шайтанша азғырып, сыртқа сұранып тұрғандай әсер қалдырды. Онсыз да өзін барынша сабырлы ұстағысы келген жігітті енді ұстап тұратын ештеңе жоқтай. Еліріп келе жатқан Дамирді тоқтатпақ болған ол қолындағы пышақты қарсыласының дәл кіндік тұсына қалай сұғып алғанын сезбей де қалды. Пышақты бар күшімен Дамирдің ішіне бағыттағанын біледі, қалғаны бұлдыр. Ермек пен Асқардың жанұшырып мұны ұстап, Дамирді шыр айналып жүргендері еміс-еміс есінде. Артынша жедел жәрдем жетті, оның артынан бұлардың қолына кісен салған полиция қызметкерлері жағдайды нақтылау үшін үшеуін де ішкі істер департаментіне жеткізген болатын. Енді міне, сот алдында жауап беретін күн де туды.
өкініш
Қайта кәмелет жасқа толмағаны ескеріліп сотқа дейін үйқамақта отырды. Ал темір торда отырса қайтер еді? Жасөспірім болған соң полиция қызметкерлері де тым қыспаққа ала қойған жоқ. Оның үстіне, екі досын куәгер еткен мұның қылмысты бірден мойындағанын да сақшылар ескерсе керек. Әрі кәмелетке толмағандарды заңды өкілдің қатысуынсыз сұраққа алуға болмайтынын да құзырлы орындағылар қаперден шығармады.
Алайда, көңілі алай-дүлей. Ашумен, сабырсыздықпен шалт қимылдаған Құрал ауруханаға жеткізілген Дамирдің тілеуін шын тілеумен болды. Қанша дегенмен көзі ашық. Егер қарсыласы көз жұматын болса, өмірінің тозаққа айналарын жақсы түсініп тұр. Абырой болғанда Дамир аман екен. Бірден жасалған отадан кейін сақайып, аяғынан тұрып кеткенін білді. Дамир өмір мен өлімнің арасында жатқанда бұдан да, мұның ата-анасынан да не жан қалды дейсіз. Күні-түні тілеу тілеген жақындарының ұйқысыз-күлкісіз жүрген сәттерін ойласа Құрал жерге кірердей қысылады.
Мұның болашағына алаңдаған ата-
анасы Дамирдің тезірек жазылып кетуін сұрап аурухана мен жәбірленуші тараптың үйінің ортасында дәрі-дәрмек, ас-ауқат тасып сабылып жүр. Сол оқиғадан кейін анасы байғұстың көз жасы бір құрғамады-ау. Не бұған батып қатты ұрса алмайды. Онсыз да мысы басылып, төменшіктеп қалған ұлы бірдеңеге арандап қала ма деп қорқатын шығар. Ал Құралдың анасына қарайтын беті жоқ. Бұл осындай ойсыз әрекет жасамаса, анасы өзге біреудің есігіне барып, еңкейіп кешірім сұрамас еді ғой. Ешкімге кеудесін бастырмайтын әкесі де аурухана мен полицияның есігіне телміріп есеңгіреп бітті. Сондағысы – жаңа өмір бастап, бірінші курсты енді бітірген балаларын қатаң жазадан аман алып қалу, түрменің дәмін татқызбау. Сырт көзге сыр білдірмегенмен, әке-шешесінің ұнжырғасы түсіп, көңілі бәсеңсіп қалған.
Шіркін-ай… Сол күн қайта келгенде ғой. Онда төбелеске сұранып тұрған танысын алдап-сулап үйіне қайтарып жіберер еді. Болмаса, Дамирдің айғайын естігеннен есікті тарс жауып жатып қалғанда мына әуренің бірі де болмас еді. Енді бәрі кеш… Туыстарының жүгіріп, жанталасып жүргеніне қарай Дамирдің ата-анасы кешірім беріп, қатаң жазадан құтқарып қалса жақсы. Ал, кешірім бермесе ше? Онда өзінің, ата-анасының тағдыры не болмақ? Мұның түрмеге түскенін көрген анасы қандай күй кешпек?
Төрелік
Қанатбек Досайұлы бірінен кейін бірі келіп жауап беріп жатқан жасөспірімдерге сынай көз тастады. Осылардың барлығы тәуелсіздік кезінде, бейбіт елде, баршылықта дүниеге келіп, ер жеткен балалар. Барлығы да жоқшылықтың не екенін білмей өскен. Содан болар, сот залында тұрса да еркін, ашық. Қалай болғанда да ата-анасы далада қалдырмайтынына, қол ұшын беретініне сенімді. Кәмелетке толмаған ұлдары үшін ата-аналарының қандай күйде отырғанын судья да жүрегімен сезіп, біліп отыр. Өйткені өзінің де үлпілдетіп өсіріп отырған ұл-қызы бар. Олар үшін мұның да ешбір қиындықтан бас тартпайтыны, кез келген тәуекелге баратыны анық. Бірақ, дұрысы баланы теріс жолға түспейтіндей тәрбиелеу керек. Әр істен кейін ұл-қызына тұспалдап отырып ненің дұрыс, ненің зиян екенін айтып, жұмысының қауырттығына қарамастан тәрбиеге көңіл бөлетіні де сондықтан. Қоғамның өзі судьяның ғана емес, судьяның баласының да қателігін сынауға, талқыға салуға құштар емес пе? Осыны ұл-қызының санасына жеткізсем дейді.
Мына балалардың ата-анасы да баласы жаман болсын, қылмыс жасасын деп тәрбиелемегені анық. Бірақ, кейде ұл-қызыңның араласатын ортасына, достарының кім екеніне көңіл бөлмеудің зардабы басым. Мына іс сол ұл өсіріп отырған жанұядағы кезекті қателіктің көрінісі.
Үкім
Сот үкім оқуға келгенде екі тарап та сілтідей тына қалған. Жәбірленуші кешірімін беріп, материалдық, моральдық тұрғыдан келген залалдың толық өтелгенін айтса, кінәлі жігіт өз қатесін мойындап, жасаған әрекетіне өкінетінін, енді мұндай заңсыздыққа бармайтынын алға тартты. Әрине, кәмелетке толмаған баланы темір қапасқа қамап, қатаң жаза тағайындаудың зардабы болмай қалмайды. Өйткені түрме сотталғанның бәрін түзей бермейді. Керісінше, түзеу мекемесінде сынып кетіп, өмірін бүлдіргендер қаншама? Жаза белгілегенде мұны да ескерген жөн.
Одан бөлек, Құрал Лепесовке достары да, білім алып жатқан ордасы да жақсы мінездеме беріпті. Жәбірленуші жақ та кешірім жасап, бостандығынан айырумен байланысты жаза тағайындамауды сұрап отыр. Дегенмен, қылмыстың өтеуі – жаза.
Кеңесу бөлмесінен шыққан судьяның үкімін екі жақ та асыға күткен.
– Құрал Лепесовке Қылмыстық кодекстің 106-бабының 2-бөлігі 11- тармағында көзделген қылмыстық құқық-
бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танып, оған 6 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын! – деп сот төрағасы бір тоқтағанда Құралдың көзі шарасынан шығып кете жаздады. «Бітті ғой, анам қиналатын болды-ау» деді іштей. Осы сәтте төраға қолындағы қағазға қайта үңілді.
– Қылмыстық кодекстің 63-бабын қолданып Құрал Лепесовке тағайындалған жазаны шартты деп санап, 1 жыл мерзімге пробациялық бақылау белгіленсін! – дегенде барып екі жақтың да иығынан ауыр жүк түскендей болды.
Кеше ғана араздасып, бір-бірін көрместей болған екі тараптың сот үкімін ести салып қол соққанына төраға таңданыспен қарады. Тордан шыққан жасөспірімді құшақтап, бірінен кейін бірі құттықтап жатыр. Арасында Дамир де бар. Соттасқан қос тараптың татуласып тарқасқанына төраға да риза болды. Адамның адамдығы осы кеңдігінде ғой.
Алмаз Әсенғазы
Өмірдерек
Шығармаға өзек болған қылмыстық істі Түрістан облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Қанатбек Қоңырбаев қараған. Қанатбек Досайұлы Оңтүстік Қазақстан облысы Бөген ауданының тумасы. Алматы қаласындағы Қазақ Мемлекеттік университетін заңгер мамандығы бойынша тәмамдаған ол әр жылдары прокуратура, әділет саласында жемісті еңбек еткен. Сот саласындағы жұмысы 1997 жылдан басталады. Осы жылы Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының судьясы болған Қанатбек Досайұлы кейіннен Отырар аудандық сотының төрағасы, Қазығұрт аудандық сотының төрағасы қызметтерін атқарған. 2017 жылдың 14 маусымынан бері Түрістан облысы кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында төраға лауазымын атқаруда.