Нала жібермеді
Ертелі-кеш бір тыным таппай баққан ақ адал малының орнын сипап қалған Қылыш күйігін немен басарын, ашуын кімнен аларын білмей аһ ұрды. Осы түні оны қара басты. Әшейінде екі-үш рет тұрып қора жаққа көз салатын әдетінен жаңылды. Сеспей қатып ұйықтапты. Көзінің қарашығындай көріп, қызғыштай қорыған қайран малдары. Әр қойын 40, ешкісін 30 мың теңгеден бағалап отыр еді. Бес қойы мен бір ешкісі көзден бұл-бұл ұшты. Жолың болмағырлардың бір түнде таңдап жүріп, ең семіздерін олжалап кеткендерін қарашы.
Бұл былтырғы жылдың 31 қазаны болатын. Бетпақ дала ортасында орналасқан ауыл халқының бар байлығы мал. Егіс егу бұл ауылға мүлде жат тірлік. Айнала сусыған құм, суды ауыл шетіндегі артезианнан тасып ішеді. Жұмыс көзі мектеп пен шағын аурухана. Жолы болып, көзін тапқандар маңайдағы уран шығаратын өндіріс орындарына кіріп алған. Қалғандарының күнкөрісі малмен байланысты. Соңғы жылдары шалғайда жатқан шағын ауылдың шырқы бұзылды. Қанша аңдып, сақтық жасаса да араға апта салып ақ адал малынан айырылып қалушылар саны артты.
Дәл сол жылдың 5 қарашасы күні ауыл шетінде орналасқан шаруа қожалығының иесі Жәнібек қарт та Қылыштың кебін киді. Оның да төрт қой, бір ешкісі қолды болды. Көкке ұшып кеткендей, із-түзсіз. Ауылда күмәнданатын, бар бәле осыдан келді-ау дейтіндей адам да жоқ. Барлығы көз алдында өскен, көріп-біліп жүрген жандар. Сырттан келіп-кетіп жатқан, бейсауыт жүрістілер тағы байқалмайды.
Ұрылардың дандайсығаны соншалық, ауыл малына, тіпті, бес күн сайын ауыз салатынды шығарды. 10 қараша түні Айнабековтер отбасының екі бұзауы мен үш қойын үптеп кетті.
Темір тордың дәмін төрт жыл татқан Дәурен шыға сала Шымқалаға да, туған жеріне де соқпай сыныптасы тұратын ауылға тартты. Жомарттың жолы болыпты. Алтын асықтай ұл-қызы, әдемі жары, даңғарадай үйі, тұрақты жұмысы бар екен. Дәуренді құшақ жайып қарсы алды. Қанша дегенмен бала күнгі қимас досы ғой, көрмегеніне көп жылдың жүзі болған. Бір қойдың басын мүжитіндей жөні бар. Баласын өрістен қой әкелуге жұмсады. Ұлы мен келіншегі бар жұмысты әп-сәтте бітіріп, бұларды дастарқанға шақырды.
Екі дос өткен-кеткенді еске алып, армансыз сырласты, риясыз күлді. Жомарт жұмысынан қалып, досын үш күн қонақ етті. Дәурен сыртқа шығып жан-жағына мұқият қарады. Көршісінің қорасы Жомарттың бақшасымен іргелес, анық көрінеді екен. Атшаптырым қорадағы қоңды малдар назарына бірден ілікті. Бабына келіп бағылғанын ауыл баласының қырағы көзі қалт жібермей, бірден байқады.
Оңай олжа
Жастайынан жұмысқа қыры жоқ жігіттің бар ой-арманы жеңіл өмір болды. Жұмыс істеу, ай сайынғы жалақыға телміру Дәуреннің жаратылысына жат қасиет. Содан болар ол жемтігін күннің әрбір минуты мен сағатынан іздейді. Қора жаққа қарап тұрып, көкірегіне үміт оты жағылғандай болды. Несі бар, бұл жерде мұны ешкім танымайды. Таяқ лақтырса туысына немесе танысына тиетін өз ауылы емес. Мұның қайда жүргенін шешесі де білмейді. Әдемі қиял мен мың-сан арманға берілген ол досымен қош айтысты. Оның бұл ауылға келіп-кеткенін байқағандар бола да қойған жоқ.
Бетпақтың көз алдайтын сар даласы. Бар назарын сыртқа аударғанымен көз алдынан күйлі қойлар кетер емес. Сәті түссе бір байып қалмақ. Тек сыбайлас табу керек. Ауылдағы ескі таныстармен байланыспауды жөн санады. Не болса да қаладағы қалтақағарларды қолайлы көрді. Өзі де кезінде қалта қағып жүріп түрмеге түсті. Төрт жыл хабар-ошарсыз қалса да Еділді оңай тапты. Екі туып бір қалғанындай шұрқырасып көрісті. Көзтанысының келу құрметіне Еділ екі-үш досын шақырып, шағын дастарқан ұйымдастырды. Мұрат пен Жолан жүзіктің көзінен өткендей ылдым-жылдым жігіттер екен Дәукелеп мұның асты-үстіне түсті. Олар үшін теміртордың тірлігін көріп келгендер «авторитет». Мұны Дәурен бірден байқады.
Қолпаштауларға марқайып, қызара бөрткен Дәурен қасындағыларға алдағы жоспарын жайып салды. Бұлай жүре беруге болмайды, қолыңнан келсе қонышынан басып, қалта көтерсе қалағаныңды алу керек деп көсемсіді. Бөтелкелестері де бас шұлғып, малға бай ауыл жайлы естігенде жерден жеті қоян тапқандай алақайлап, қолдарын ысқылады. Ең тиімдісі малды бірден боршалап етке өткізу, сонда іздері ізім-қайым жоғалуы мүмкін. Тірідей сату қауіпті, көзге түсеміз деген Дәурен өзі көрген қой-ешкілердің нағыз бабында тұрғанын жеткізіп, барынша мақтады. Кеу-кеулеген үшеудің көздері қызып, көңілдеріне желік кірді. Көлік жайын шешу мәселесіне келгенде бір-бірінің бетіне сұраулы жүзбен қарады.
Түрмеден шыққан Төреханның машинасынан ыңғайлы ештеңе таппасын айтқан Еділ бұл жағын өз мойнына алды. Ертесіне бір жартыны қалтасына салып қала іргесіндегі құрдасының ауылына барды. Аудан орталығы мен ауыл арасын шаңдатқаннан басқа тірлігі жоқ әумесер жанның сыры өзіне мәлім. Оның қарсы болмасын әу баста-ақ шамалаған. Ойы алдамапты. Тіпті, ол кәнігі қасапшы болып шықты.
Түнгі жоспар
Сол түні Еділдің екі бөлмелі пәтерінде бесеуі бас қосты. Дәуреннің есебінше бесеуі барған жерден кемі бес малдан алып шығу керек. Бұлар машинаны қораның алдына апара алмайды. Оларды ауылдың шетіне дейін көтеріп шығудан басқа амал жоқ. Бесеуі кештетіп теріскейге жол тартты.
Түнгі бір жарымда ауылға жетті. Өлі тыныштық, тас қараңғы. Арасына бес минуттан салып, бір-бірінің қарасын көретін қашықтықта Дәуреннің соңынан жүріп отырды. Осы түні бұл ауылдың иттері де ұйықтап қалғандай. Жолдары болды. Өздері ойлағандарынан да асып түсіп қанжығалары майланды бес емес, алты малды бір-ақ алып шықты. Таусоғардай Төрехан бір қойды місе тұтпай, екінші иығына ешкіні де салып алды. Төте жолмен суыт жүріп отырып төрт сағатта олжаларын алдын ала келісіп қойған, қорғаннан соғылған қораға жеткізді.
Қалталары қалыңдағандар бұл тірлікке бел шешіп кірісті. Әсіресе, шалғайдағы малды ауылдардың мазасын қашырды. Ірі ме, ұсақ па, арық па, семіз бе таңдап жатпады. Тірідей де сатты, сойып, базарларға да өткізді. Ұзынқұлақтан малды бай Әнуар туралы естіді. Алдын ала барлауға Дәурен мен Еділ баратын болып шешті. Жеке қожалығы бар Әнуар айтса айтқандай ауқатты екен. Жүздеген жылқы, сол шамалас сиыр, ұсақ малдардан көз тұнады. Көп ұзамай Дәурендер де жетті. Әдеттегідей жоспар құрылып, уақыты белгіленді.
Тұзақ
Сол түні бұларды қырсық шалды. Алдарында он бас жылқы мен бір тай жер-көкке сыймай, шаба жөнелді. Оны тоқтатпақ болған Дәуреннің аты сүрініп құлады. Не қара басқанын өзі де білмейді жалма-жан мылтығын қолына алған Еділ түнді жаңғырта көкке атты. Оқыс дауыстан үркіген ат көзді ашып-жұмғанша өзін қалай лақтырып жібергенін байқап та үлгермеді.
Ауыл-аймақта мал ұрлығы күннен-күнге белең алып, полицейлердің басы қатты. Ешқандай із жоқ. Көкке ұшқандай бір түнде бірнеше мал жоқ болып кетеді. Тұрғындардың бұларға деген өкпесі қара қазандай. Соңғы күндері ауданда ұрлық араға ай салмай қайталанатын болды. Аудандық полиция бөлімінің басшысы бастықпын деп кабинетте отырмады. Қарауындағылармен бірдей қимылдады. Із кесіп аудан маңайының бәрін адақтап шықты. Ұрлықты тоқтатуға алыс-жақын ауылдардағы әріптестерін де тартты. Қылмысқа жақын-ау деген адамдарды қатаң бақылауға алды.
Ауыл адамдарын түнді жаңғыртқан мылтық дауысы оятты. Учасковой Ерманның машинасымен дауыс шыққан бағытқа бет алды. Ол көлігінің жарығын жақпауды ойлады. Бұл жердің ұңғыл-шұңғылына дейін өзіне таныс. Бір қырқаның астына көлігін тоқтатып, жаяу жүрді.
Аттарынан омақаса құлаған Дәурен мен Еділ аяқ астынан жылқы тұрмақ өз бастарымен қайғы болып қалды. Жоландарға кеткен Төреханнан да хабар жоқ. Не болса да таңның атуын күтпекке бел байлады. Дәуреннің аяғы қақсап, жанын көзіне көрсетіп барады. Мысықтабандап келген Ерман екі адамның сұлбасын байқады. Алдымен тың тыңдауға кірісті.
– Төрехандардан хабар болмаса қайтеміз?
– Бір-екі сағат күтейік, болмаса жақын маңдағылардың үйін паналармыз.
– Сен ана тайды қайдан қосып алып едің? – деп бір-бірімен әңгімелескендердің тегін адамдар емес екенін полицей бірден шамалады. Тапаншасын нығырлай ұстап, «қолдарыңды арттарыңа ұстап жерге жатыңдар» деп саңқ ете қалды.
Оқыстан шыққан дауыстан шошып кеткен ұрылар не істерлерін білмей қалбалақтап, айтқанын екі етпеді. Талай жанның еңбекақы, маңдай терін далаға ұшырғандардың түбіне оңай олжалары жетті.
Қазіргі таңда ұрлық-қарлық біртіндеп дендеп барады. Ұрлық түбі – қорлық екенін көпшілік білсе де, пендешілікке салынып, тура жолдан адасады. Кейбіреуді ұрлыққа баруға кедейшілік мәжбүрлесе, енді бірі бұл қылмысты кәсіп көзіне айналдырған. Әсіресе, ауылдағы ағайынның жалғыз күнкөріс көзі болып отырған төрт түлігі – ұрылар үшін оңай олжа табудың жолы болып отыр. Бұған дейін де істі болған тепсе темір үзетін жастардың өз қателіктерінен сабақ алмауы кімді де болса қынжылтады.
Дәл осындай қылмыстық істі Бәйдібек аудандық сотының төрағасы Е.Қарақұлов қарап, соңғы нүктесін қойды. Кінәлілер 6 жыл 6 айдан бас бостандықтарынан айырылды.
Асыл Аманбаева
Өмірдерек
Қарақұлов Ермек Жаңабайұлы Түркістан облысының тумасы. Е.Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген соң өзі туып-өскен облыстың прокуратурасына жұмысқа қабылданды. Бұдан кейін Төлеби аудандық прокурорының көмекшісі, облыстық прокуратураның басқарма прокуроры, Ақмола гарнизоны әскери прокурорының орынбасары, Ақтөбе гарнизоны әскери прокурорының көмекшісі, Батыс аймағы әскери прокурорының аға көмекшісі, Жамбыл облысы, Жамбыл ауданы прокурорының көмекшісі, Жамбыл облыстық прокуратурасының Басқарма прокуроры қызметтерін атқарды. 2009 жылы ҚР Президентінің Жарлығымен Түлкібас аудандық сотына судья болып тағайындалды. Қазіргі күні Бәйдібек аудандық сотының төрағасы.