Сот актілерін дер кезінде орындау жеке сот орындаушылардың қызметтік міндеті. Өйткені, әрбір сот актісінің артында адамның тағдыры тұр. Өз құқығын сот арқылы қорғаған азаматтар шешімнің шығуын асыға күтеді. Ал сол шешім орындалмай орта жолда қалса, сотқа, сот орындаушыларға, сол арқылы мемлекеттік билікке деген сенім төмендейді. Соған орай, біз өзімізге жүктелген міндетті мінсіз, жедел, сапалы орындауға барымызды саламыз. Әрі сот актілерін дер кезінде орындаудың маңыздылығын түсіндіру бағытында да ауқымды жұмыстар жүргіземіз.
Жақында Алматы облыстық атқарушылық округінің жеке сот орындаушысы ретінде рейд ұйымдастыруға ұйытқы болдым. Бұл шараға Алматы облысы Мемлекеттік кірістер басқармасының Іле аудандық бөлімінің басшысы Дархан Сагитденов те қатысқан болатын. Бірлесіп өткізген рейд барысында борышкерлердің көліктерін тәркілеу және басқа да борышкерлерден мәжбүрлі түрде сот актілерін орындау жұмысы жүргізілді. Нәтижесінде бір күнде 314 533 теңге берешек қарызы өндірілді.
Жалпы ізденіспен, ұмтылыспен жұмыс істеудің нәтижесі жоғары. Оған мысал, алғашқы тоқсанда тынымсыз еңбектің арқасында мемлекет пайдасына өндірілген төлем қомақты болғанын ауыз толтырып айтуға болады. Айталық осы уақыт аралығында көліктік салық қарызынан, мүліктік салық қарызынан, айыппұл төлемінен, баж салығынен, жалпы сот актілерінің талаптарын мәжбүрлі түрде орындатудан мемлекет пайдасына 6 716 084 теңге өндірілген екен. Яғни, биылғы үш айда 250 атқару құжатының талабы толығымен орындалып, істер қысқартылды, яғни жабылды.
Мұндай ізгі істің білікті басшының қолдауымен жүзеге асатыны рас. Алматы облыстық Жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасының басшысы Аян Қасымберкебаев сот актілерінің мінсіз орындалуына ерекше мән береді. Жеке сот орындаушыларынан жауаптылық пен сапалы жұмысты талап ететін басшы азаматтардың талап-тілегін ескеріп, ұсыныс-пікірін үнемі басты назарында ұстайтынын айта кеткеніміз жөн. Бүгінде азаматтардың құқықтық сауалдарына жауап беру, өтініштерін ескеру бағытында көп шаралар атқарылды. Сонымен бірге сот актілерінің талабын, оның ішінде әлеуметтік маңызы бар істер санатына жататын алимент өндіру бойынша көптеген шаралар қолға алынды. Аян Касымберкебаевтың бастамасымен және жұмыспен қамту орталығының қолдауымен алиментке берешегін бере алмай жүргендер мен тағы басқа қарызы бар борышкерлерге бірнеше рет әр ауданда бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Бұл қарызын қайтаруға ниетті, бірақ жұмысы жоқтықтан ақшадан қиналып жүрген жандарға берілген үлкен мүмкіндік. Бүгінде біршама борышкер жұмысқа орналасып, қарызын өтеп, ата-аналық міндеттерін атқарып жатыр. Статистикаға сүйенсек, республикалық көрсеткіш бойынша Алматы облысының сот актілерін орындау көрсеткіші алдыңғы қатарда. Осы межеден түспеу баршамыздың парызымыз.
Тимур Қапанов,
Алматы облыстық атқарушылық округының жеке сот орындаушысы