12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

Қорқау

Қайырсызды сот бұл жолы қайта қамады. 2000- жылдары финполда аға инспектор болып жүрген жерінде қылмысқа шатылған. Бұл кез облыстық ішкі істер басқармасының  «Тоғызыншы» бөлімі мен финполдың арасынан «қыра мысық» өтіп кетіп, екі ара асқынып тұрған шақ.

Осы тұста салықты уақытылы төлемей, жалтарған бір фирма бастығының Қайыр­сызға күні түскен. Ол одан 5 мың доллар пара сұраған. Бұл жәйт «Тоғызын­шы» бөлімге мәлім болып, Қайырсыз таңбаланған ақша алып жатқан жерінен ұсталды. Жасалған қылмыс ап-айқын. Кемі бес жыл арқалауы керек.

Бірақ, облыс прокурорының бірінші орынбасары Кесіров Қайырсызға қатысты қылмыстық істі тоқтату туралы қаулыға қол қойды да, бұл абақтыдан аман құтылып кетті. Тек «майлы» қызметімен ғана қош айтысты. Кеңірдегі кең «пуркололмен» екі араға «дорба» жүргені даусыз.

Жаңа кәсіп

Терісі қалың Қайырсыз финполдан кет­кеніне қыңқ деген жоқ. Қайта қаржы поли­циясындағы қызметін жасырын «бизнес­пен» қатар алып келе жатқан ол енді кәсіп­керлікпен шындап шұғылдана бастады. 2004 жылы аудандағы астық қабылдайтын ірі кәсіпорынды сатып алды. Финполда жүріп жинаған «солақай» ақшалары бұған еркін жетті.

Бірақ, барлық заң құжаттарын түгендеуге, ретке келтіруге мойны жар бермеді. Әлде, әдейі солай жасады. Өйткені, дәл осы жай оның кейін түрлі бүлдіргілер істеуіне сеп болды.

Заңға томпақтау серіктестіктің одан кейін­гі бес жыл бойында астық өндіруші­лер­ден өнімді қалай емін-еркін қабылдап жүр­ге­ніне мән берген бірде-бір мемлекеттік бақы­лау органы болсашы, шіркін!

Сонымен, 2008 жылдың қазан айында Қайырсыздың серіктестігі «Азық-түлік­тік контрактілік корпорациясы» Ұлттық ком­пания­сының» П. қаласындағы өкілді­гімен үшінші сұрыпты жеті мың тонна бидайды сақтауға шарттасты. Ал келесі жылдың мамыр айында бидайдың құны күрт өсіп шыға келді де, жаңағы корпорацияның сақтауға қойған жеті мың тоннасының бес мыңға тарта тоннасын білдірмей Өске­мен­дегі ұн тарту комбинатына тонна­сын 35 мың теңгеден сарт еткізіп сатты да жіберді. Ол кезде доллардың бағамы 150 тең­геден айналып тұрған-ды, бұл 1 миллион дол­лардан асатын қып-қызыл ақша еді!

Қайырсыз енді мұның орнын қалай толтырамын деп бас қатырмады. Қалаға жақын екі ауданның шаруа қожалықтары өткізетін биылғы астықты тоннасын он алты мың теңгемен сатып алу жолымен тол­тырамын деп шешті. Ал сақтауға қойыл­ған астықтың жайын білмек болып кел­ген корпорация қызметкерлерін мүлдем жақындатпаңдар  деп күзетшілеріне жарлық берді.

Бұлардың қаржы полициясына хабар­ласудан басқа лажы қалмады. Қыркүйек айының басында Қайырсыздың күзетші­лерінің бетін күшпен қайырып, қойманың есігін болгаркамен кесіп отырып, ішке кірсе, мәссаған, мұнда астық түгілі, сайтан да жоқ, қойма боп-бос тұр.

Есікке мөр салынды. Министрліктің комитет төрағасы Сүйменовтің бұйры­ғымен Айболов деген азамат уақытша бас­қаруды өз қолына алды. Солайы солай ғой, бірақ, Қайырсыз бәрібір жаңа астық­ты қабылдауды жалғастыра берді. Оның бұрынғы әрекеттерінен хабарсыз шаруалар бұған астықты сеніп өткізе берді. Қайыр­сыздың қайырсыз ісін оларға жария­лап, ескерткен бір шенеунік табыл­мады-ау!

Шикілік

Шаруалар да аңқау ғой, өткізген астық­тарына сақтау шартын, қолхат алуды да білмеді. Қайырсыз жаңа астықтың қажетті мөлшері жиналысымен мөр соғып, жабылған қойманың қосалқы есіктерін ашқызып, оның ішіне жаңа астықты толтырып қойды. Сосын ғана бағанағы уақытша басқаруға алған комиссия мүшелерін шақырды.

– Міне, қараңдар, – деді Қайырсыз өр­шелене сөйлеп, – қаржы полициясының көзіне бірдеңе елестеп жүрсе керек. Астық сол бұрынғы орнында тұрған жоқ па?!

Мұны көрген комиссия мүше­лері, амал жоқ, уақытша басқарудан бас тартып, Қайырсызға тағы да еркіндік берді.

Дегенмен, «Азық-түлік корпорация­сының» өкілдері бұл жерде бір шикіліктің бар екенін сезіп, уақытша басқаруды қайта енгізіп, орны толған жеті мың тоннаны аман тұрғанда алып кетуді ұйғарды. Бұл үшін уақытша басқару кіргізудің қажеттігіне Сүйменов­тің көзін жеткізді. 

Жаз жаңбырлы болғандықтан, астықтың сапасы да онша емес-ті. Сол себепті, кор­порация астықты алып кетпей­тін болды да, ол «ЗИП» деп аталатын  тағы бір астық компаниясына кері, екінші қайтара сатылды. Тек содан кейін ғана «Ух!» деп бір кең тыныстады да, келер жылдың ақпан айында Сүйменовке енді уақытша басқаруды алып тастауға болады деп хабарлады.   

Шу неден шықты?

Осы екі аралықта Қайырсызға астық өткізген отыз шақты шаруа қожалығының басшылары шу көтерді. Қайырсыз бұларға өзі қабылдап алған астықты қайтарып бере алмаймын депті. «Өйткені, сендер маған жаңбырлы жазда дұрыс кептірілмеген астықты тығып жібердіңдер»,– деп өздеріне пәле салып, түлкібұлаң қулыққа көшкен.  Қайырсыздың ондағы аяр саясаты – Өске­меннің ұн комбинатына былтыр өткізіп жіберген бес мың тонна астықтың орнын жабу еді.

Қайырсыздың бұл қулығына енді ғана бойлаған шаруалар облыс әкімінің орын­басарына шықты. Ол қамбаға тағы да, бұл жолы үшінші рет уақытша басқару енгізді. Шаруаларға қызып келе жатқан астықтарыңды алып кетіңдер деп жарлық беріліп, ал Қайырсыздың үстінен алаяқтық жасағаны үшін қылмыстық іс қозғады.

Бұл бүкіл республикада біреудің кәсібін рейдерлік басып алуға қарсы ымырасыз күрес басталған кез еді. Қайырсыз осы сәтті қапысыз пайдаланып, Астанадағы агент­тіктің өзіне менің кәсібімді күштеп тартып алып жатыр деп айғай шығарып, шағым түсірді. Ізінше тексеру келді. Расымен де, «мінсіз» кәсіпкерге күш көрсетті деп фин­полдың біраз лауазымды адамдары қыз­меттен шеттетелді. 

Тіпті, әкімнің орынбасарының өзіне қылмыстық іс қозғалды, ал Айболов болса, елу мың тоннаның қыруар ақшасының орнын қалай табамын деп, әбден басы қатып, шарасыздықтан өз-өзіне қол жұмсап, қаза болды.

Астық қабылдау пунктінің директоры Сечев деген азамат, ол да қорыққанынан бесінші қабаттан секіріп кетіп жазым бола жаздап, суішкілігі бар екен, аман қалды.

Министрліктің комитет төрағасы Сүй­менов­тің де үстінен уақытша басқаруды заңсыз жүргіздің деп іс қозғалды. Ол да қорық­қанынан тергеушіге елу мың доллар пара беремін деп, он екі жылға айдалып кете берді.

Айтпақтайын, Өскемен жақтағы «Пред­горный элеваторының» бастығы Сморзлов деген жемқордың мемлекеттің сақтауға қойған астығымен бүлдіргі жасап, 2,5 миллиард теңгені бір-ақ «асағаны» осы жуырда ғана айдай әлемге аян болып еді. Бұл ғаламат кесек ұрлықтың кесірі ойда-қырда алаңсыз бейғам жатқан жұртқа тиіп, аяғы нан бағасының қымбаттауына әкеліп соққан. Сморзлов мырза тергеу кезінде жоғарыда тұрған шенеуніктерге кір жуытпай, оларды шырылдап қорғаштап-ақ  бағыпты. Соған қарағанда, биік креслода отырған шенеуніктер де «сау сиырдың жапасы» болмауы керек. Әйтпесе, жалғыз Сморзловтың өзі ғана осыншама ақшаны  қалай қымқырар еді?! Бұған адам сене ме?!

Есеп

Сүйменовтің кезекті сотында Кемерлі ауданындағы астық қабылдау пункті зардап шегуші ретінде өтіп еді. Бұдан бұрынғы соттың шешімімен астық қабылдау орны “ЗИП” серіктестігі мен басқа да  тоғыз шаруа қожалығына барлығы 145 миллион төлеуге міндеттелген. Сүйменовке қатысты шыққан үкімге сәйкес, одан тәркіленіп алынған 122 мың доллар мен бес миллион теңгеден асатын сома сол астық қабылдау пунктіне берілуі тиіс еді. Ал ол, өз кезегінде, бұл ақшаны «Астықтық интервенциялық пул» ЖШС деп аталатын  “ЗИП” серіктестігімен,  шаруа қожалықтарымен есеп айырысуға жұмсауы тиіс болған. Бұл істің логикасы осылай еді.

Арада біраз күндер өткенде, 2011 жыл­дың сәуір айы басында Қаржы поли­циясы агенттігінен сот орындаушысы Мақсат­қа телефон шалынды. Астық пуктінің адамдары ақша алуға келгені хабарланды. Екінші қабаттағы тергеушінің кабинетіне олармен бірге Қайырсыз да көтерілді. Өзін Кемерлі ауданының астық қабылдау пунктінің құрылтайшысы және қожайыны ретінде  таныстырды.

Cот орындаушысы Қайырсызға ендеше сенім қағазыңызды көрсете қойыңыз деп еді, Қайырсыз айылын жимастан, өзін тіпті еркін сезініп, тергеушінің компьютерін меншіктеп алып, бірдеңені сартылдатып жаза жөнелді. Қағазын басып шығарып алып, кабинеттен сытылып тысқа кетті. Іле қайта кірді де, Мақсатқа әлгі қағазын ұсынды. Ол қағазда «Кемерлі ауданындағы астық қабылдау пункті» ЖШС-сының мөрі тайға басқан таңбадай ап-анық көрініп тұр. Ал енді ақшаны бермей көр! 122 мың доллар мен бес миллион теңгені қалтасына басқан Қайырсыз кабинеттен алшаң-алшаң басып шықты.

Пәле қайдан демеңіз!

Араға ай салып барып, Қайырсыздың үстінен қайтадан іс қозғалды. Үш эпизод бойынша. Анау алыста қалған 2001 жылы алаяқтық жасамақ болғаны үшін. 2009 жыл­ғы басқаның сеніп берген мүлкін  сіңіріп кетіп, ол қаржыны талан-таражға салғаны үшін. Соңғысы – жаңағы. Жалған сенімхат жасап, соншама ақшаны сот орындаушысының аузын аңқайтып алып кеткені үшін. Осы қылмыстары бойынша Қайырсыз жеті жылға бас бостандығынан айырылды.

Қолды болған ақшасын сот арқы­лы кері қайтарып алмақ болған “ЗИП” серіктестігінің талап арызы қанағаттан­дырылмай қалды. Сот процесінде шаруа қожалықтарының басшылары зардап шегуші деп саналған да жоқ. Сол 2001 жылдан бастап Қайырсыздың емін-еркін білгенін істеп, ойына келгенін жасап, қылмыстық істің бірінен кейін бірін жасауына ерік беріп қойған лауазымды адамдардың бірде-біреуі жазаланбады. 

Осыдан он бес жыл бұрын облыс про­курорының бірінші орынбасары Кесіров Қайырсыз Шайқыновқа қатысты қылмыс­тық істі тоқтатып тастамаса, ала жаздай маң­дай терімен өсірген астығын пұлдаған шаруа ағайын да, азық түлік корпорациясы да қаншама әуреге түсіп, шығынға батып, зардап шекпес еді-ау! Астық инспекторы Айболов та өз-өзіне қол жұмсамай, аман жүрер еді…

Тек 2015 жылдың мамыр айында ғана облыстық Ішкі істер департаментінің тергеу басқармасы Шайқыновтың осындай қара басын ойлаған қорқаулығынан жапа шеккен тоғыз шаруа қожалығы басшы­ларының шағымы бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады. Толық өтелмеген қылмыс­тық мер­зімі бостандығын шектеуге алмас­тырылды. Енді Қайырсыздың алаяқтық ісі 177-баптың 6-тармағы бойынша сотта қарала бастады.

Бәрібір Шайқыновтың шымбайына батқан ештеңе жоқ. Шайқап ішіп, шалқып төгіп жүрген ол аса үлкен мөлшерде кепілдік қойып, бостандықта сайрандап жүр.

Кепілдікке беретін мол ақшаны Қайыр­сыз оп-оңай тапты…

Сайлау ТӨЛЕУОВ

Семей

ӘЗ-НАУРЫЗДА ТӨГІЛГЕН НӘРЕСТЕНІҢ БЕЙКҮНӘ ҚАНЫ

«Счастье всего мира не стоит одной слезы на щеке...

Қаралы сырлар

Кешкі сағат сегіздер шамасы. Аспанды көмкерген қалың бұлттанба, жоқ...

ҚОРҚАУЛАР

...Елді қарық қылмай, сананы сансыратқан нарық заманы қысқан сәтте,...

Риэлторы

Эта драматическая история произошла осенью в начале 2000-х. Группа...

САБЫР ИЗ «УБОЙНОГО»

ВЫСТРЕЛ У ПОДЪЕЗДА Время на панели автомобиля высвечивало 05.10,...