Мысықтың киесі
Көктен келетін телепатия ма, әлде өзіндік бір қасиет пе, кім білсін, мысықтар ерекше сезімтал болады. Пайғамбар да етегінде ұйықтап жатқан мысыққа тиіспеген, мысық жатқан тұсты қайшымен ойып тастап, намазын оқи берген деседі…
Мысықтан сескенетін де кездер бар. Себебі, қайтыс болған адамның бетін жаппаса, өлексенің иісін алыстан сезетін мысық өліктің бетін тырналап жыртып, жеп кетеді екен. Тіпті, сол үйдің иесі екенін танып тұрса да осындай қадамға баратын көрінеді. Сол үшін адам қайтыс болғанда арнайы бөлме дайындап, бетін жауып, терезені қараңғылап, бөлменің есігін жауып қояды. Бөлмеге мысық кіріп кетпесін деп қасына адам түнетеді. Шам жағып қояды. Айналардың бетін жабады. Себебі, ондағы шағылысқан сәулелер магнит өрістері арқылы мысықтың көзіне сол адам болып елестеп, ызасын тудырады екен.
Сол мысықтар түнде алыс жерлерге, ормандарға барып, саяхаттауды жақсы көреді. Көздері түнде жанады. Көру қабілеттері өте жақсы дамыған. Тағы бір ерекшелігі, мысықты қаншама алыс жерге апарып тастағаныңызбен өзінің тұрған жерін бірнеше жыл болса да тауып келеді. Яғни, мысықта магниттік полис бар. Ал, оның иіс сезгіштік қабілеті мұртында. Бұл ғылымда дәлелденген қағидат. Мысықты жазалағың келсе, мұртын қиып таста, деген тәмсіл содан қалған секілді.
Мысықты неге сонша зерттеп кетті демеңіздер, оның түпкі мәні бар…
Күдік
Тұрғынбек қарт мұнда жақында ғана келген. Тергеуші болып біраз жыл қызмет істеген соң, зейнеткерлікке шыққан беті осы. Балалары қалада. Кемпірі ерте қайтыс болған ол балаларының қолында отырып қалғысы келмей сонау Қарағандыдан Қордайдағы ағайындарының ауылына бір қыстап шығуға тартқан.
«Мал бақсам, даланың кең ауасымен тыныстасам» деп келген зейнеткерді туыстары шет қаққан жоқ. Жылы қабақты көрген соң бұл да елдің арасына тез сіңді. Қаланың қауырт тірлігінен шаршаған бұған бәрі таңсық. Тыныштықты жаны қалайтын ол әрлі-берлі жүретін машина көп болғандықтан, жол жиегіне жақын жерге малды көп жая бермейтін. Қыс аяғына таман, жер қарая бастаған уақытта, малдың бой бермей кететін әдеті емес пе. Бірде алыста қарауытып жатқан нәрседен аты үркіп, тіксіне қалды. Тепсініп көріп еді, аты алға жүре қоймады. Тұлпарынан түскен Тұрғынбек қараңдаған нәрсеге жаяу баруға бекінген. Қолына қамшысы мен мылтығын алып, жақындағаны сол екен, жер бауырлап жатқан адамды байқады. Бетінің жартысы қар мен батпақ аралас, домбыққан. Құлағының түбінде мысық тырнағының ізі жатыр. Жерге қарап, бүк түсіп, қар басып жатқан адамды ешкімге ұқсата алмады. Бұл ауылда өз қожайынынан өзге танитын таныстары да көп емес. Аяғындағы қара туфлиі күзде киілген секілді. Сонау жерде біреуі шоңқиып, шешілген күйі жатыр. Жас шамасы 25-30-дардағы жігіт секілді. Дереу милицияға айту керек деген Тұрғынбектің із кесудегі тәжірибесі аз емес. Пайымынша, мына жігіт те өздігінен өлмеген секілді. Біреулер артынан қуып, жанталаса қашқан ол ентелей келіп, ауыр салмақпен тізерлей құлағандай.
Маңайында жалғыз ғана келіп-кеткен бір із жатыр. Ат үстінде жүріп анша-мұнша іздерге мән бермейтін қарт мынаның мысықтың ізі екенін айнымай таныды. Мысықтан өзге ит-құс маңайламапты. Сол жылы қар қалың жауған болатын. Әлгі адамның бетін ашып көрейін деді де, өз ойынан өзі шошып, қолын кері тартып алды. Ертең тексеріп қалып, менен көріп жүрсе, бәлеге қалармын. Қой, одан да, ауылға хабарлайын, деген ол малын қайыра жүріп кешқұрым ауылға қарай тартты.
Бұл жерде мысық қайдан жүр? Тұрғынбек қартты сол ой мазалады. Әлгі іздің қайда барып тоқтайтынын, ол мысықтың қайдан пайда болғанын өз бетінше зерттеп көрмекші. Бірақ, оны зерттеу үшін біраз уақыт керек. Ол істі ертеңге қалдырды. Өзі жалғыз зерттегенде не табады? «Кінәлі» деп мені тануы мүмкін ғой. Өйткені, өзім ауылға жаңа келген адаммын. Мені мұнда ешкім танымайды да. Бала-шағам болса Қарағандыда.
Екінші жағынан, сол маңайға біреулер барса, оның қар кешіп барған ізі айқын көрініп жатыр. Қожайынға айтып көрмекке, бірге бармаққа бекінді. Мал жайғап біткен соң, қожайынға айтып еді, суыт хабарды естіген үй иесі оқиға орнына түнде бармаққа бекінді. Бірақ, Тұрғынбек қардың еріп, жердің езіліп жатқанын айтып, жер тоңғанда бару керек деп ақыл қосқан. Алайда, екеуі түнде баруға жүрексінді.
Екі ой — бір мақсат
Ертесі ерте тұрған қожайын мен қарт бір атқа міңгесіп, тауға тартты. Малды сол маңайға жеткізіңкіреп жайып, атты тұсаған олар баяғы жерге ентелей жеткен. Әлгі адам сол күйі жатыр екен.
– Мынау, мынау Күләнданың баласы емес пе? Былтыр машинасымен бірге өртенген, Асхат қой мынау! Қожайын кемсеңдеген күйі әлгі баланы көтеріп алмақ болып еді, көпті көрген Тұрғынбек қарт оның қолын қағып жіберді. Шалт бұрылған қожайын Тұрғынбектен бұндайды күтпей тіксініп қалған.
– Тоқтаңыз, – деді шал. – Бұған әлі қолымызды тигізбейік. Өлікті сарапшылар тексеруі керек. Қолымыздың ізі түссе, ертең бізден көруі мүмкін. Одан да мысықтың ізін аңдиық. Жүріңіз, – деп кемсеңдеген қожайынды қолынан тартып, ертіп кетті.
Малды бір жайлы қылып, атқа мініп, мысықтың ізімен сайға қарай беттегенде ғана екеуі тілге келді.
– Бұның дұрыс, – деді қожайын. – Оны өлтірген «иттерді» әлі тергеу керек.
– Бұлар ағайынды жігіттер еді. Екеуі де жоғары білім алған. Бірақ, жұмыс таба алмай жүрген болатын. Екіншісінің есімі Мақсат еді. Ағалы-інілі болғанымен кейде жұрт оларды егіз деп ойлап қалатын. Мақсат Асхатқа қарағанда ірілеу. Ол қайда екен? Ол да тірі емес-ау? Тірі болса, осы уақытқа дейін бір хабар берер еді. Әлгі Күләнда сорлыға обал болды-ау! Өзі жесір қатын еді ауылдағы. Денсаулығының да жетісіп тұрғаны шамалы, әй, сорлы-ай! Күйеуінен де ерте айырылған. Күйеуіне сал ауруы жабысып, бір ай бойы төсек тартып жатып қалғанда бұл байғұстың көрмеген азабы жоқ. Жалғыз қара-ала мысығы бар еді. Ол да балаларының артынан өлі не тірі екені белгісіз, өзінен-өзі жоғалып кетті. Қу тізесін құшақтап қалды деген осы ғой… Кафеге тартып келе жатыр ғой мына із. Сонда кафедегілердің өлтіргені ме? Өзімен-өзі күбірлеген қожайын, жақын маңда «Ақ бастау» деген кафенің бар екенін де айтып қалды.
– Жоқ! Кафедегі адамдардың өлтіруі мүмкін емес. Біз мысықты іздеп келе жатырмыз, – деді Тұрғынбек. Шалдың салмақты сөзі қожайынды таңқалдырды.
– Мысықтың не қатысы бар? Күләнданың қара-ала мысығы ма айтып тұрғаның?
Тұрғынбек қарт бұл сұраққа жауап қатпастан, атты қамшылай берді. Қожайын да үнсіз, әліптің артын баққан күйі шалдың артында үнсіз отырды да қойды. Түс ауа атқа міңгескен екеу кафеге келіп жетті.
– Бұл жерде ішімдік сатыла ма, кафе кімдікі? Есіктен кірмей жатып Тұрғынбек қарт айқай салды. (Бұрын тергеуші болып істегенін ешкімге айтпаған болатын).
– Ішімдігі несі? – деді, аттан түскелі жатқан Қожайын.
– Тергеуші секілді сұрадыңыз ғой, жол болсын! Сатамыз. Бұл өзі жолдың бойында тұрған кафе болса, қыстың көзі қырауда бой жылытар нәрсе сатпағанда не сатамыз, – деді кафедегі қыз шаңқ етіп.
– Осы маңайдан мысық көрмедіңіздер ме? – деді Қожайын да сөзге қыстырылысып.
Үндеме, ол жайында сөз қозғама дегенді шал ымдап түсіндірді.
– Оны қайтесіз? – деді қыз күліп. – Осы жұрттарға мысық керек. Мысық құрсын, бір қара-ала мысық жүреді ылғи. Біреу әкеп тастаса керек. Бәле болды, шықпайды. Тамақ берсек, дұрыстап жемейді де. Не жабайы емес, кімдікі екені белгісіз, жоқ болып кетеді. Біресе, қайта пайда болады. Жүр ғой, аяққа оралып, – дей салды сосын.
Екеуі әрмен қарай әңгімені өрбіткен жоқ. Бір табақ көже ішті де атына мініп, кафені бір айналып шықты. Сонадай жерде қара-ала мысық жүр екен. Аттан түсе сала, шал оны алдап шақырып еді келе қоймады. Сол мысықты екеуі бір жерден көрген секілді, таныс болып көрінді. Күләнданың жоғалған мысығы емес пе екен деген ой екеуінде тұрса да бұл жайында бір-біріне тіс жармады. Ағашқа жортып шыққан мысықтың қасына жақын барған жоқ. Осы маңайдан кете қоймас, мысық қуып жүргенде қойымыздан айырылып қалмайық, кетейік, құрысын, оны қайтеміз – деді қожайын тынышы кетіп. Екеуі атқа қайта мініп, малын түгендеп, үйлеріне келді.
Өртенген шоқты қайта үрлеу
Ертесі қожайын милиция мен сарапшыларды ертіп әкелмекші болып, ауданға аттанды. Бірақ, Күләндаға ол жайында тіс жармады. Әрмен қарай Асхаттың інісі Мақсатты да іздеген жоқ. Іздегенде оның қайда екенін де білмейтін еді. Өздері із кессін, тапсын, дәлелдесін деген оймен ары қарайғы шаруаны соларға қалдырды. Барып, Асхат жатқан жерді де көрсетті. Қарт шопанның айтуы бойынша тергеуді бастайық деп шешті. Мұның бұдан алты ай бұрын болған оқиға екенін тергеуші мамандар да сезді.
Сол кезде Күләнда апай іздеу жариялаған-ды. Жылап-сықтап келген кемпірді алдарқатқан олар балаларының табылатынына сендіріп баққан. Өйткені, өртенген «Ланд Крузерден» ешқандай дерек табылмаған. Машина жолда келе жатып, өздігінен өртенген. Оның ішінде Асхат пен Мақсат болған деген жорамал болғанымен, өлік жоқ. Одан әрмен іс тергелмей, сол жерден жабылған.
Ұлдарының бірнеше күн жоқ болғанына алаңдаған ана байғұс, аудандық тергеу бөліміне шағымданған болатын.
Күләнда апайдың «екі ұлым, Асхат пен Мақсат Қарабаевтар Алматыға «Ланд Крузер» машинасын сатуға кеткен болатын. Машинаны сатып алғанына бес-ақ ай болған. Екеуі де жұмыссыз. Қарызданып, қауғаланып жатып, жерін сатып 4 млн. теңге жиды. Сол 4 млн. теңгенің көлеміндегі машинаны әкелеміз деп, Алматыдағы базарға кеткен-ді. Барды да екеуі бірдей жүріп, қымбат көлікке ұрынды. Негізі, бұл көлік 7 млн. теңгенің көлігі екен. Келісім-шарты, құжаттары бәрі бар. Сонша неменеге қызыққанын қайдам. Бірақ, әлгі көлік сатқан жігіттер балаларымнан ақша талап етіп қоймады. Қанша зарлағаныммен болмады. Қойшы мама, төлейміз, деп қоятын. Ақыры қайтадан барып сатпақ болып, Алматыға кетті. Сол кеткеннен жоқ. Ұлдарымды табуға көмектесіңдерші» деп жылап отырып жазған бір беттік шағымы тіркеліп тұр. Басында ағайындыларды іздеуге талпынған сақшылар өртенген көліктің дерегі шыққан соң істі жылы жауып қоя салған. Бұларға да керегі сол емес пе?
Қожайын Тұрғынбек шалды тергеушілерге қосып беруге келісті. Малды өзі баға тұрмақ. Бірақ, көрген-білгенін Күләндаға айтпады. Себебі, істі әбден тергеп-тексеріп, анық-қанығына жетіп алмай, оған айту ерте еді.
Ендігі кезек Тұрғынбек шалда. Ол кісі тергеушілермен бірге барып, барлық жайдың мәнісін екі-үш күн таныстырды. Кафеге де бірге барып, мысықтың келіп-кетіп жүретін ізін көрсетіп, қара ала мысықты да ұстап, өздерімен бірге алып алды. Кафеге де барып тергеу жүргізді. Екі жігіттің суретін алып, сол маңайдағыларға көрсетті де. Бірақ, онысынан ештеңе шықпады.
Келесі күні мысықтың ізімнен атпен жүріп шықты. Із бірнеше қырдан асып кетті. Ізді қуалаған қарт сол жерден Мақсаттың да бүктеліп жатқан денесінің үстінен шықты. Бірден сараптама жасатқан тергеушілер мұның да бетін мысықтың тырналап тастағанын айтты. Асхаттың да беті дәл солай. Бірақ иесі болғандықтан ба, жей қоймапты. «Ең жұмсақ жері сол болған соң мысық та беттен бастаған болар» деп тергеуші кекесінмен сөз бастай беріп еді, Тұрғынбек шал «Тәйт, әрі! Өлгенді мазақ қылма! Киесі ұрады!» деп бір ауыз сөзбен тыйып тастады.
Шалдың шешімі
Екі денені бір жерге әкелген сақшылар ақыры қаралы хабарды Күләнда апайға айтуға бекінді. Бұлардың адам қолынан қаза тапқаны анық. Сондықтан, жер қойнына тапсыруға әлі ерте. «Бұл жерге әлгі адам өлтірушілерді әкеліп, қылмыстарын көзіне көрсетіп дәлелдеу керек. Оңбаған «иттерге» сазайын тарттырайық. Істі аяғына жеткізейік, жігіттер!» деген шалдың сөзін тергеушілер де қолдай кетті. Ал енді оны қайдан таппақ? Із кесушілер ағайындылар өліміне машина сатып жүрген қулардың қатысы барын болжайды. Өйткені, бұл істің машинамен байланысы бар екені түсінікті. Осылайша тергеуді машина сатушылардан бастайық деген сақшылар шал мен мысықты алып Алматыға жол тартты.
– Құжаттары бойынша іздестірсе іске бір сәуле түсері анық. Бірақ, табу бар да оны мойындату бар ғой. Қиыны сол. Машина сатушыны таптық делік, ол екі жігіт қарыз дейді. Қарыз екені де рас. Қарызын бермедің деп өлтіре сала ма? Машинасын қайтадан тартып алуға да болатын еді ғой. Мүмкін, жігіттердің машинасы өртеніп, айдалада қалған соң тоңып, тауда өлді ме екен? Жолаушылармен ерегісіп мерт болуы, кафедегі мастармен байланысып көз жұмуы да ғажап емес?
Жігіттер осындай күдігін жеткізгенде біраз ойланып тұрған қарт тергеуші:
– Әрине, дөп басып айту қиын. Бірақ, мына мысықты бекер әкелгем жоқ. Осыны базарға жіберіп көрейік, – деді тұспалдап. Сақшылар шалдың не ойлағанын білмесе де үлкенмен келісуді жөн деп шешкен. Осыдан кейін қара- ала мысықты базарға қоя берген, соны күткендей мысық та бірден машина сатып тұрған дембелше бойлы, қарны шыққан сақалды еркектің аяғына мияулап жармаса кетті. Ол бір теуіп еді, қасында қарнын сипап тұрған жігітке барып бұрала оратылды. Қара- ала мысықтың қайдан келе қалғанына аң-таң болып тұрған сәтте, көздері милиция киіміндегі тергеушілер мен шалға түсе кетпесі бар ма? Екеуі сасқалақтап, не қашарын, не тұрарын бірмей қалшиды да қалды. Құрыққа түскенін бірден сезген Талғат пен Сапар өз тегін тергеушілерден естігенде қылмысын мойындамасқа амалы болмады.
Істің қалай болғанын айтқызып, бейнакамераға жазып алу үшін, оларға сол жерде кісен салып, кафеге, содан соң, мысық жүрген ізбен Асхат пен Мақсат жатқан тауға бір-ақ әкелді.
Қордайдағы қырғын
…Асхат пен Мақсат бірнеше ай бойы қарызын бермей жүрген. Олар екі жігітті қаншама қинап, ақшасын тартып алмаққа ниеттенгенмен, ешнәрсе өндіріп ала алмаған. Ақыры, керекті қаражатты бере алмаған соң сатушылар екі жігітке машиналарыңды қайта сатыңдар деп кеңес берген. Аппақ көлікке қызықса да амалдары таусылған ағайындылар машинаны қайта сатпақ болады.
Сол күні бұлар базарда кездескен. «Бүгіннен қалдырмай, қарызды қайтарыңдар, қайтара алмасаңдар бізден оңай құтылмайсыңдар! Өсімін тағы да көбейтеміз немесе басқаша амал қыламыз» деген сатушылардың қабағы қатулы. Амалы таусылған соң бұл шартпен Асхат пен Мақсат та келіскен. Бірақ машинаны арзан бағаға да сата алмаған олар кешті батырады. «Ертең сатайық», дегеніне көнбеген Талғат пен Сапар олармен бірге өз машинасын мініп Қордайға қарай ілескен. Екеуі екі машинада келе жатып жарысқан. Осы сәтте Асхат пен Мақсат ізін жасырмақ болып «Ақбастау» кафесіне қарай бұрылған. Оны Талғат пен Сапар сезіп соңдарынан қалмайды. Кафеде тоқайласқан төртеу түн ортасына дейін кафеде отырып, бірнеше бөтелкені босатқан. «Ішпейміз», дегендеріне қоймай, екеуін де ішкізіп «машинаны қайтарып бересіңдер, үстіндегі ақшаны кешірдік» деген сатушылар ағайындылармен бір сөзге келгендей еді.
Алайда, келіскен сыңай танытқан Асхат пен Мақсат қайтадан машинасына отырып, қашпақшы болғанда, ашуланған бұлар кілтті қолдарынан жұлып алды. Істің насырға шапқанын байқап өз жерлеріне табаны тиген соң бас сауғалап қашпақ болған ағайындылар алысқа ұзамады. Ыза кернеген бұлар қаруы барын пайдаланып екі жігітті де жер жастандырды. Әрі қарай белгілі. Қылмыстарын жасырғысы келген екеу таудай көлікті жолдың шетіне қойып, өртеді де жіберді.
Әсел Назаралы