Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданындағы «Модуль» спорттық кешенінде 25 наурызда «Шынықсаң шымыр боласың» деген атпен ерекше спорттық шара өткізілді.
Оған Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің (ҚАЖД) Үржар аудандық №1 пробация қызметінің есебіндегі жиырма тоғыз жасқа дейінгі сотталған азаматтар қатысты. Мақсат – жастар арасындағы құқық-бұзушылық деректерінің алдын-алу, сотталған азаматтармен тәрбие жұмыстарын жүргізу және олардың өмір салтын дұрыс қалыптастыруына ықпал ету болып табылады.
– Мен пробация қызметінің есебінде тұратын екі баланың әкесімін. Спортпен шұғылданғанды жақсы көремін. Бұрын жұмыссыз едім. Кейін пробация қызметінің ықпалымен жұмысқа орналастым. Енді осындай іс-шараларға да қатысып, өз мүмкіндігімді сынауға мүмкіндік алдым. Бұған өзге де азаматтарды да шақырам, – дейді қатысушылардың бірі.
Тұрсын АЗАМАТ,
ШҚО бойынша ҚАЖД Үржар аудандық №1 ПҚБ аға инспекторы
әділет капитаны