Түс ауған кез. Бұл уақытта түрлі өнімдерді сатумен айналысатын компанияға қарасты мекемеде көп адам бола қоймайтын. Жапондық «Джип» үнсіз келіп ғимарат алдына тоқтағанда айналадан күдікті ештеңе байқалмаған. Бір-біріне дене бітімі жағынан да, киім киісі жағынан да ұқсас үш күзетші өздеріне сеніп тапсырылған үлкен кейсті көтеріп көліктен түсе бергенде қатты жылдамдықпен келе жатқан ЗИЛ машинасын байқап, сақтық шараларын жасамақ болған. Бірақ бұлар қаруларын аламын дегенше ту сыртынан атылған бірнеше оқ екі күзетшіні бірден жер қаптырды. Қолындағы кейсін ұстаған қалпы көлікке кері жүгірмек болған үшіншісінің алдын ЗИЛ орағытып, төпеп өтті. Оның қолындағы кісенмен бекітілген кейсті алмақ болған қарулы топ уақыт оздырғысы келмеген. Көздегеніне қандай жолмен болсын жетуді ойлайтын қарулылар ақыры ақша толы сөмкені күзетшінің қолын кесіп тұрып жұлып әкетті…
Тасадан атылған оқ
Оқиға орнына жедел жәрдем қызметкерлері мен шұғыл іздеу тобы келгенде қарақшылар іздерін жасырып үлгерген еді. Куәгерлердің айтуынша, бетперде жамылған бірнеше адам шетте тұрған ақ «жигулимен» бой тасалаған. Республиканың әр облысынан келіп сапырылысып жатқан үлкен қаладан жигулиді, оның ішінде ақ жигулиді іздеп табу, әрине, оңай емес. Оның үстіне, қаңғыған оқ тиіп кетер деп қорыққан тұрғындар қарақшылардың санын да нақты айта алмады. Атыс болған жерден ЗИЛ көлігі мен тоғызыншы үлгідегі «жигули» көлігі табылды. Дегенмен бұлардың да қылмыскерлерге апарар жол болмасы белгілі.
Жедел топтың шақыртуымен келген ұйымдасқан қылмысты іздеу бөлімінің жігіттері алғашқы жұмыстарын оқиға орнынан ілік іздеуден бастаған. Бұл салада үлкен тәжірибесі бар Ермек Сағынтаев қарулы топтың операцияға дайындықсыз келмегенін топшылап тұр. Қанша іздегенмен қарақшылардың саусақ таңбаларын қалдырып кете қоймайтыны жасырын болмас. Соңынан із қалдырмауды әдет еткен қорқаулардың жаңылыспасы айдан анық. Мына тұрған екі көліктің де бұларға пайдасы тиері неғайбыл. Егер арнайы дайындалған топ болса, бұл көліктердің ұрланған болуы ғажап емес. Осылай ой қорытқан полиция полковнигі сот-медициналық сарапшылар мен фотограф жұмыстарын жасап жатқанда шетте жатқан күзетшіге оқтың жотадан тигенін аңғарып қалды. Куәгерлер көрсеткен ЗИЛ мен девятканың көшеден келіп киліккені рас болса, бұған кім тасадан оқ атқан? Және оқ киім тұрмақ, жігіттің жон арқасын тас талқан етіпті. Бұл дегеніңіз, оқтың жақыннан атылғанын көрсетпей ме?
Күдікті
Осындай оймен Сағынтаев атыстан кейін қарбаласқа толып кеткен кеңсеге бет алды. Бұл ішке енгенде оқиғаны алғаш байқаған хатшы қызбен жедел уәкіл Тайыр Босынов сөйлесіп тұр екен. Есі шыққан қыздың шатып-пұтып айтқан сөзінен бірдеңені түсіну қиын. Тек «Мені де өлтіріп кетуі мүмкін еді ғой» – дегенді ғана анық ажыратасың. Абыржыған қызды сабырға шақырғысы келген бұл:
– Қарындасым, енді қорықпасаң да болады, біз жаныңдамыз, – деді. Содан соң:
– Қарындас, атыс болардың алдында бөтен ешкім келмеді ме? – деп сұраққа тартқан. Осы сөздерді естісімен өзінің бір пайдаға жарайтынына қуанған қыз жұлып алғандай:
– Жиырма минуттай бұрын бір ер адам келген. Арзан бағадан қант сататынын айтып басшымен жолықпақ болды. Бірақ, сол кұні басшы іссапарға кеткендіктен келіссөз жүргізудің сәті түспейтінін айттым. Кейіннен дәретханаға бет алғанын байқадым. Одан кейін қай кезде, қалай шығып кеткенін аңғармаған екенмін.
– Қолында ештеңе жоқ па еді?
– Қолтығына целлофан қап қысып тұрғандай болған. Бірақ… Мен не екеніне онша мән бермеппін…
Қызға алғысын айтқан Сағынтаев ілікті дәл осы жерден табатынына күмән келтірмеген. Өйткені қанша сақтық жасағанымен, өзіне күдік туғызбас үшін кімнің де болса кеңсеге қолғаппен келмесі белгілі. Және оның қолтығына қысқаны кольт болуы ғажап емес. Қарудың осы түрі құрастыруға да оңай, шашып, тығып тастауға да жеңіл. Неде болса ол қаруды дәретханада кұрастырған болуы керек. Ал егер ондағы ізді біреулер жоғалтып жіберсе… Онда… Онда ілікті тағы басқа тұстан іздеуге тура келмек.
Ойынан күзетшілерді жақыннан жаралаған жанның кім екені шықпай қойған ізкесуші үлкен ғимаратты жіті шолып келеді. Астыңғы қабаттағы бөлмелердің есігін тартып көрген ол күдіктінің бұл бөлмелерге кірмегенін түсінді. Осыдан кейін дәретхананы жіті тексеріске алған полковник үшінші есікті ашқанда суағардың артына жасырылған целлофанды аңғарды. Айғақ ретінде табылған затты бірден сараптау орталығына жөнелтіп, сол кабинадағы саусақ таңбаларын түсіруге бұйрық берген ол көршілерді сөзге тартпақ болып сыртқа шықты. Бір үміт, бір күдік… Көршілер сөзінен іске саңылау түсірердей ілік таппаған полковник енді тек жаралы күзетшінің ес жиюын асыға күткен.
Бұйрық қатты…
Көпшіліктің алаңдаушылығын тудырған бұл оқиға сол күні-ақ Ішкі істер министрлігінің бақылауына алынып, іздестіру жұмыстары Президент әкімшілігіне тікелей баяндалып отыратын болып шешілді. Шұғыл кеңес өткізген ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес бөлімінің мамандары қолда бар деректерді талқыға салған. Дәретханадан табылған саусақ іздері болмаса, әзірге бәлендей ештеңе жоқ. Таңбалар қазір орталыққа жіберіліп, картотекадағы саусақ іздерімен салыстырылып жатыр. Ал оқиға орнынан табылған көліктерге келер болсақ, полковниктің шамалағанындай екеуі де бір апта бұрын жақын маңдағы елді мекендерден ұрланған болып шықты. Осыдан-ақ топтың бұл іске айрықша дайындалғаны аңғарылады. Жан сақтау бөлімінде жатқан күзетшіні қоспағанда, екі бірдей жанның өмірін жалмап, қауіп-қатерге бас тіккен топтың алғаны не болды сонда? Салықты көп төлемес үшін шынайы табысын жасырып үйренген компания басшысы алғашында ұрланған соманың нақты қанша екенін айтпай, біраз бұлтақтады. Алайда, жеме-жемге келгенде шындықты жайып салды. Оның айтуынша, қолды болған кейсте жаңа тауар сатып алуға дайындалған 700 мың АҚШ доллары болған.
Нысанада – 700 мың доллар
Иә, қарақшылар қолын бекер қандамаған секілді. Әңгіме осынша үлкен көлемдегі ақша туралы болып тұрғандықтан компания басшылығының сақтық жасағаны рас. Мұны компания жетекшісі де растады. Қомақты қаржы тасымалданатын кезде үш күзетші жалданатыны, олар арнайы дайындықтан өтіп, қарумен қамтылады, жүретін бағыттары алдын ала тексеріліп, мақұлданатыны белгілі. Бұл жолы да осы тәртіп сақталған. Ақпараттың сыртқа шығып кетпеуі қадағаланған. Сонда құпияны сыртқа жеткізуші кім, қателік кімнен кетті? Әр қадамына дейін есептеген қылмыстық топқа нақты деректерді беріп отырған біреу бар ғой. Компаниядағы ақпаратқа қолжетімділігі бар қызметкерлердің тізімін алдырып, таразылаған ол 700 мың доллардың жеткізілетінін компания басшысы, бас есепші мен күзет бөлімінің жетекшісі ғана білгенін естіді. Яғни, күдікті үшеу! Компания басшысының өз айналымындағы ақшаны тонамасы түсінікті. Ендеше, ақпараттың сыртқа тарауына соңғы екеудің бірі кінәлі болуы әбден мүмкін.
Көп сұраққа жауап іздеген полковник сараптама орталығының қорытынды қағазын оқығанда қуаныштан орнынан атып тұрды. Көктен іздегені жерден табылды деген осы. Картотекадағы саусақ іздерін салыстырған мамандар дәретхана есігі мен целлофаннан табылған саусақ іздерінің 35 жастағы, бұрын екі рет сотталған Серікбаевқа тиесілі екенін растап жазыпты.
Қылмыс әлемінде «Сері» деген лақап атпен танымал болған бұл жігіт мықты спортшы, кик-боксер. Бірнеше рет қарақшылық жасап, ақша бопсалағаны, әлімжеттік жасағаны үшін сотталған ол спорттық карьерасын түрмемен алмастырған екен. Әрине, дәретханадан саусақ таңбасы табылды екен деп оған қылмысты таңа алмайсың. Дегенмен бұл да болса үлкен көмек. Сол күннен бастап «Серінің» айналасындағылар іздестіріле бастады. Ал «Серінің» өзі құмға сіңген судай хабарсыз.
Бұдан бөлек іздестіру тобы қомақты ақшаның келетінінен хабары бар деген компания қызметкерлерін тексеруге алған. Жауапты жандардың түсініктерін оқып шыққан полковник күзет бөлімінің басшысы жазған түсінікті бірнеше қайтара оқып шықты. Ішкі бір түйсік осы жанның қылмысқа қатысы барлығын меңзейтіндей. Алақаңдай ақ парақтағы жазуларды қайта-қайта оқыды. Жаттаңды, арнайы дайындалған адамның сөзіндей тым күдікті көрінеді. Осыдан кейін ол жедел уәкілдің біріне күзет басшысы жайлы ақпарат жинауға тапсырма берді.
Күзет
Жедел топтың бас күзетшіге қатысты мәлімет сұратуын басшылық аса қабылдай қойған жоқ. Тіпті, компания жетекшісінің өзі бірнеше жылдан бері жауаптылығымен көзге түсіп, сенімнен шыққан қызмекерінің жақсы қырларын айтып, күдіктенудің орынсыз екенін нығырлай айтқан. Алайда, қылмысты ашамын десең, қылаудай күмән қалдырмауға тиіссің. Мұнда кез келген деталь тексеруден өтуі тиіс. Полковниктің алған бетінен қайтпайтынын аңғарған компания қожайыны ақыры қызметкеріне қатысты мәліметтерді жедел әкелуді тапсырған. Міне, Ермек Сағынтаевтың алдында қалың папка жатыр.
Виктор Степанов жайлы мәліметтен:
Бұрынғы полиция подполковнигі. Ішкі істер саласында он алты жыл қызмет еткен. 1998 жылы қызмет бабын пайдаланып пара алу кезінде қолға түскенімен, қылмысы дәлелденбеген. Бірақ, бұдан кейін шенін сақтап қалған Степанов күштік құрылымнан өз еркімен шыққан екен. Одан бері бірнеше жеке күзет фирмаларында қызмет еткен. Бір жылдан бері «Альт» компаниясының күзет бөлімін басқарып келеді.
Мынадай құжаттармен адамның бүкіл болмысын білу мүмкін емес. Сондықтан, ойына күдік кірген полковник Степанов жайлы әріптестерінен де сынамалап сұрап көрген. Сол арқылы бұл адамның құмар ойындарына жақын екені анықталды. Оқиға болардан екі апта бұрын казинода мың долларға жуық ақшасын ұтқызған жанды кедей деуге келмес. Бұл оның табысының да қомақты, соған сай, ақшаны жаратуда да тарылмайтынын айғақтайды.
Аңду
Сол күні дәрігерлерден үшінші күзетшінің өз-өзіне келіп, оңала бастағаны туралы хабар келген. Артық ештеңе айтпасын білсе де полковник күзетшіні сөзге тартпақ болған.
– Оқиға болған күні ешқандай өзгеріс байқаған жоқсың ба? – деп сауал қойған полковниктің күдігі күзетшінің «Неге екенін қайдам, күнделікті бес-он минут жасайтын жаттығуымызды күзет басшысы сол күні жарты сағат бойы қайталатты. Сосын біз ақшаға баратын кезде «бағытты өзгертпеңдер, уақыттан бір минут кешігуші болмаңдар» дегенді кетер-кеткенше қайталаумен болды. Ол біздің міндетіміз әрі күндегі жұмысымыз ғой. Неге осынша қайталағанын түсінбедім» – деген сөзінен кейін күдік қоюлана түсті. Осыдан кейін басқарма басшылығымен бәтуаласқан полковник прокуратура мамандарымен келісіп, күзет басшысының телефонын тыңдауға және соңынан аңдуға рұқсат алған.
Арада оншақты күн өткенде күзет басшысының өз еркімен жұмыстан кеткені мәлім болды. «Балалардың бетіне қарай алмай жүрмін. Бұл жерде дұрыс шешім шығарып, күзетті мықты ұйымдастыра білмеген менің кінәм көбірек» деген оның нені меңзегені белгісіз. Бірақ, телефонды үздіксіз тыңдаған сақшылар араға екі күн салмай-ақ оның нені айтпақ болғанын бірден ұқты.
«Жиендеріңді күтіп алыңдар» – деп тұспалдап Новосібірге телефон шалған оның ешқандай туысының Ресейде тұрмайтынын сақшылар лезде білді. Сонда бұл кімге жиендік жасағалы жүр? Ресейлік әріптестерімен келіскен қазақстандық сақшылар осы сәттен бастап Новосібірдегі пәтерді жіті бақылауға алды. Қонақ көп күттірген жоқ. Күзет бастығын пойыздан «Серінің» өзі жігіттерімен қолпаштап қарсы алды. Неткен құрмет! Адам көп жүретін вокзал маңынан қылмыскерлерді ұстау мүмкін емес. Өз жандарын сақтап қалу үшін олардың неден болсын бас тартпасы белгілі. Дұрысы бұларды оңаша жерде залалсыздандырған жөн. Осы күні қылмыстық топ қала шетіне орналасқан пәтерде кеш батқанша тойлады. Кешкісін лепірген олар жарнама арқылы қыздарды алдырып, көңіл көтермек болған. Олардың телефондарын тыңдаған сақшылардың түнгі көбелектерді жолдан қайтарып, орнына әдемі сақшы қыздарды жібергенін күдіктілер әрине білген жоқ. Есікті бірінші ашқан «Серінің» өзі қыздармен бірге арнаулы жасақ басып кіргенде еш қарсылықсыз қолын көтере берген. Тек қашуға әрекет еткен Степанов болды. Үшінші қабаттан секірмек болған оны полицейлер аяғын сындырып алып домалап жатқан жерінен қолға түсірді.
Жаза
Жиырма бір күннің ішінде 700 мың доллардың 250 мыңын жұмсап үлгерген топтың кінәсін мойындатуға дәлел жеткілікті. Табылған ақша ғана емес, қару-жарақтың өзі олардың ендігі жиырма жылын түрмеде өткізуіне кепіл бола алатын еді.
Сержанәлі Бөкенов