12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

«Дәстүрге жол» – ұлттық
құндылықтың насихатшысы

Дәстүр – әр халықтың ғасырлар бойы қалыптасып, тарихи сүзгіден өткен құндылықтар қағидасы. Бүгінгі жаһанданған заманда ұлттық бірегейлікті ғана емес, бірлікті, татулықты сақтаудың бірден-бір жолы дәстүрді ұлықтап, жас ұрпақтың бойына сіңіру. Жалпы, дамудың, жаңғырудың қайнар көзі ұлттық кодта жатыр. Осыны терең түсінген Жапония өзінің самурайлық дәстүрін ұлттық идеяның қазығы етті. Соның арқасында ешқандай қазба байлығы болмаса да бұл ел бар болғаны жиырма жыл ішінде әлемдік өркениет көшінің алдына шығып, алып империяға айналды.
Тарихымызға қарап отырсақ, қазақ халқының өмірінде дәстүрдің рөлі заңға тең болған. Зерделей алған жанға Алатаудан Атырауға дейін созылған жерімізді мекендеген халықты сымсыз хабар алысып, кітапханасыз білім беріп, театрсыз өнерін дамытқан, дәрігерсіз денсаулығын сақтап, ұрпағын мектепсіз тәрбиелеген, түрмесіз тентегін тыйған дәстүрдің ғажайып күші айқын көрінеді. Ең бастысы бұл құндылықтар біздің халқымыздың бірлігіне, ынтымағына қызмет етті. Ұрпақ сабақтастығының теңгерімді түрде жүзеге асуына ықпалын тигізді. Баланың ана құрсағына түскеннен бастап жер бесікке дейінгі өмірі салт-дәстүріміз негізінде реттелді. Тоқетерін айтқанда, дәстүр біздің текті ұлт болып қалыптасып, ұлы далалық сән-салтанатымыз бен ен жайлауымыздың тұғыры болды. Дәстүрдің осынау миссиясын Әлихан Бөкейханов: «Халықтың ең күшті, қуатты құралы салт-дәстүрі» деп бағаласа, заң саласының бірегей маманы марқұм Нағашыбай Шәйкенов: «Халықтың салт-дәстүрі заңнан биік» деп көкке көтерді.
Өкінішке орай, осындай бай тарихқа, алып күшке ие қазақ дәстүрі Кеңестік саясаттың құрбанына айналды. Дәстүрдің халқымызды біріктіріп тұрған ғажайып қуат екенін бірден ұққан қызыл империя айтқанына көнгізіп, айдағанына жүргізу үшін осы құндылығымыздан айыруға күш салды. Мақсатына жетті де. Дәстүрі жойылған халықтың өзінің ұлт ретіндегі коды, бірегейлік қасиеті жойылады екен. Қазақ еркін ойлы, әділетсіздікке төзбейтін, имандылықты ұлықтаған халық болса, бүгінде кез келген саланың дерті болып отырған әділетсіздік, жемқорлық, тіліміздің босағада қалуы, қыздан иба, ұлдан ұяттың кетіп, үлкенге құрмет, кішіге ізеттің жоғалуы осы дәстүрден көз жазып қалған жылдардың салдары десек қателес­пейміз. Бұл ойымыздың дұрыстығын философ ғалым Кеңшілік Тышқанның төмендегі пікірі қуаттай түседі:
– Рухани-мәдени, моральдық құндылықтар бұлжымайтындығымен құнды.

Ол ғылым мен технология сияқ­ты өзгермейді. Үлкендерге құрмет, адамгершілік, имандылық, біреудің ала жібін аттамау, қиянат жасамау – шығыстық құндылық. Өкінішке қарай осы құндылықтардың дәріптелмеуі жастардың өзге мәдениеттің ықпалында кетуіне әсер етіп жатыр. Сол секілді, бүгіндегі көптеген проблемалар да осы дәстүрден ажырауымыздың салдары. Дәстүрді жаңғырту арқылы біз мықты қоғам құра аламыз. Өйткені, біздің ұлттың дәстүрінде берік орын алған үлкенге құрмет, обал-сауапқа қатысты қағидалар ұлтымыздың сақталуына ғана емес, бай-қуатты өмір сүруінің кепілі». Ол сонымен қатар дәстүрдің сақталуында аналар рөлінің маңыздылығына айрықша тоқталды.
Халық даналығы айтқандай, «Алып анадан туады». Қоғамның басты құндылығы – адам десек, біздің дүниеге келгеннен бастап бүкіл тәрбиеміз ананың тәрбиесімен қалыптасады. Қазақтың «Руыңды түзегің келсе – ұлыңды, ұлтыңды түзегің келсе – қызыңды түзе» деуі әйел-ананың адамзат өміріндегі теңдессіз орнын көрсетсе керек. Расында, қазақтың ұлы ұстазы Абайды дана еткен оның аналары Зере әжеміз бен Ұлпан анамыздың тағылымы болса, әл-Фарабиді әлемнің ғұламасына айналдырған анасының өнегесі екенін тарихтан біліп отырмыз. Әрбір табысты азаматтың артында мықты әйел тұрады деген тәмсілдің өзі отбасынан құралатын мемлекеттің де тағдырын аналар рухы мен тәлімі шешетіндігін білдіреді. Сондықтан да, ананың ұрпақты, елді сақтауда маңызы зор, ұлттық құндылықтарды ұлықтап, өмірімізге оралту, жастардың санасына сіңіру мақсатында құрылған қазақ аналарының «Дәстүрге жол» атты бірлестігін ғасырдың ең мықты жобасы деп айтпасқа хақымыз жоқ сияқты. Өйткені, бұл ұйым бүгінде еліміздің жүздеген әйел-ана, қыз- келіншектерін біріктіріп отыр. Бірлестік өткен жылдың шілде айында құрылған болатын. Бұл уақыт пандемия лаңынан қарым-қатынас шектеліп, әр отбасының өз мәселесімен бетпе-бет қалған шағы еді. Карантиндік шектеулер, жұмыс орындарының уақытша жабылуы көптеген замандастарымыз үшін қаржымен қатар, моральдық-психологиялық тұрғыда да қиындықтар тудырғанын білеміз. Мұндай сәт әйелдің бұрынғыдан да мықты, бұрынғыдан дана, бұрынғыдан жауапты болуын қажет етеді. Ал бұл асыл қасиеттердің қайнар көзі ұлттық құндылықтарда. «Дәстүрге жол» жобасының мақсаты осы қиын кезеңде аналарды дәстүрімізді сақтауға шақыру арқылы елдің еңсесін көтеріп, ұрпақ тәрбиесіндегі жоғалтқанымызды тауып, барымызды жаңғыртып, санаға сіңіру болды. Жоба жетекшісі белгілі актриса, қазақ эстрадасына ұлттық бояу сіңіріп, тіліміздің өрісін ұзартуға өзіндік үлесін қосып жүрген ағайынды Жүгінісовтердің анасы, ең бастысы бала қыздан дана анаға дейінгі жолда өнегелі ізі бар Айнұр Жүгінісова. Қазақтың салт-дәстүріне берік отбасында әже тәрбиесі, ата тағылымымен төл тіліміздің уызына қанып өскен, үлкенмен үлкендей, кішімен кішідей сөйлесіп, әрбір іс-әрекетімен апалық ізет, сіңілілік ілтипат, келіндік иба, енелік жол көрсете алатын бұл замандасымыздың осы игілікті істің басынан табылуының өзі қазақ үшін олжа деуге болады.
Жобаның негізгі имиджі ұлттық киім, оның ішінде қазақ әйелінің ұлттық бас киімдерінің бірі – кимешек. Жалпы, біздегі әйелдерге арналған ұлттық бас киімдер әйелдер мәртебесінен хабар беретіні белгілі. Мысалы жасөспірім қыздың үкілі тақия, тұрмысқа шыққан қыздың сәукеле киетіндігі секілді кимешек балалы болған әйелдің киетін бас киімі. Қазақтың бұл бас киімі әйелдің салиқалы болмысын паш етеді. Ақжаулықты ана болудың бақытын, қасиетін ұқтырады. Өн бойын үнемі жинақы етіп, ашық-шашық жүрмеуіне ықпал етеді. Осылайша әйел-ананың өзінің шаңырақтағы, ұрпақ тәрбиесіндегі орнын айшықтап тұрады. Жалпы, сыртқы бейне ішкі дүниенің әлемі десек, жоба арқылы осындай ұлттық киімдердің насихатталуы және оларды тұрақты киіп жүрудің үнделуі ұлттық ерекшелігімізді көрсетіп қана қомай, әйел-аналардың ақ жаулығын ары деп санаған ізгі қасиетін еселейтіні анық. Өз кезегінде бұл үрдіс кимешек, қажекей, бүрмелі көйлекке сұранысты арттырып, өз нәсібін тігін өнерінен тауып жүрген қыз-келіншектеріміздің ісін жандандыруда.
Жоба негізінен уатсап әлеуметтік желісінде құрылған чаттар арқылы жыл бойы жұмыс істеуде. Қазіргі таңда еліміздің барлық өңірі бойынша құрылған бұл топтар қыз-келіншек, әйел-аналар үшін диалог алаңы, тәрбие мектебі, семинар-тернингтер жүйесі, қарым-қатынас құралы болып отыр. Оларға қосылғандар арасында бала күтімімен үйде отырған әйел, ғалым, бизнесмен, мұғалім, әнші, журналист, қысқасы сан-салалы мамандық иелері секілді әр түрлі әлеуметтік топ өкілдері бар. Топ мүшелері күн сайын белгіленіп отыратын тақырыптарды талқылап, өздерінің көрген-түйгендерін ортаға салады. Білмегенін сұрап кеңес алады. Тақырып әже тағылымы, әке айбыны, бала тәрбиесі, шаңырақ берекесі, ене өнегесі, келін міндеті, жеңге рөлі, қонақ күтудің әдебі, құдалық жоралғысы, ырымдар мен тыйымдар сынды өмірлік мәселелердің барлық қырын ұлттық дәстүрімізбен байланыстыра қамтиды. Бәрі де қазақтың көнекөз қариялары, бойжетіп келе жатқан қызы, жаңадан түскен келін, ана-енелер үшін баға жетпес ғибрат.
Жобаның келесі бағыты – кездесулер. Бұл жүзбе-жүз кездесулердің жөні тіптен бөлек.Оларды жандүниеге жасалатын ем десе де болады. Бұл басқосуларда бір-бірімен жүздесіп, танысқандар өздеріне дос, туыс тауып, ортасын кеңейтуде. Белгілі бір тақырыпқа құрылатын жиындарда сонымен қатар дәстүрлер бойынша сахналық қойылымдар көрсетіледі. Ондағы актерлердің бәрі де сол чаттарға тіркелген қыз-келіншектер, апа-әжелер. Белгілі тұлғалардың тәрбиелік мәні зор шығармалары да осы бас қосулар арқылы өз өрісін тауып жатады. Солардың бірі мәселен хакім Абайдың шығармашылығына арналды. Онда біздің қазақ аналары ақынның өлең, қара сөздерін оқып, шығармаларынан қойылым жасады. Ұлттық дәстүрлер, құндылықтар жайлы сұрақтардың жауабы осындай жүздесудің көрігін қыздырып, аналардың елдікке қызмет ететін құндылықтары жайлы мағлұматты арттырып, сананы сілкінтіп жатады.
Бүгінде бірлестіктің аймақтарда филиалдары біртіндеп ашылуда. Қазіргі таңда Алматы, Тараз, Маңғыстау, Жезқазған, Шымкент өңірінде осындай ұйымдардың тұсауы кесіліп үлгерді. Бұл шаралар да дәстүрлеріміздің, қазақ аналарының рухани бірлігінің салтанатына айналуда. Әр кездесудің өзінің тарихи миссиясы бар. Соның арқасында бүгінде аймақтардағы қыз-келіншектер мен апа-әжелеріміз де ұлттық киімдерімізді киюге, дәстүрлі тағамдарымызды дайындауға, ұрпақ тәрбиесінде маңызы зор құндылықтарды бойларына сіңіріп, күнделікті тұрмыста қолдануға деген ынтасы артып келеді. Осылайша бұл жоба қазақ екенімізді қандастармыздың бұрынғыдай тек Наурызда ғана емес, әр күні сезінуіне ықпал етуде. Қазақ болудың даналық, даралық, сұлулық екенін ұқтыруда. Ең ғажабы осының бәрі ешбір үкіметтік ұйымның қолдауынсыз, бай демеушінің көмегінсіз аналардың өздерінің жүрек қалауымен, шынайы ынтасымен жүзеге асуда. Қазаққа бұл жоба осынау қиын кезеңде өз дәстүрін жаңғырту арқылы оянуға, арман-мүдделерін тоғыстыруға берілген зор мүмкіндік, тағдырдың сыйы болғандай. Сондықтан оның аясы кеңіп, барша қазақ аналарының ынтымағын нығайтып, сол арқылы бүкіл қазақтың деңгейін көтерері анық.

Айша Құрманғали,
«Заң газеті»

ТЕХНИКАЛЫҚ ҚАДАҒАЛАУ ҚЫЗМЕТІНІҢ ЖҰМЫСЫ ӘЛСІЗ

Еліміздің жолдары сапа талаптарына сай емес. Əсіресе, жергілікті жолдар сын көтермейді. Өйткені, олардың деніне қиыршық, ұсақ тастар мен топырақ төселген. Тек 44 пайызы ғана асфальт-бетонмен қапталыпты. Бірақ соған қарамастан, олардың бəрінің жағдайы қанағаттанарлық деп саналады. Мұның зардабын жол жүргендер көріп жатыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев Мұхтар Мағауиннің жақындарына көңіл айтты

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев аса көрнекті жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Мұхтар Мағауиннің дүниеден өтуіне байланысты оның отбасы мен жақын-жуықтарына көңіл айтты.

Жазушы Мұхтар Мағауин қайтыс болды

Халық жазушысы Мұхтар Мағауин 85 жасқа қараған шағында қайтыс болды.

Насыщенный старт года 

Начало 2025 года ознаменовалось для Президента Республики Казахстан плотным графиком встреч и рабочих поездок, каждая из которых стала ярким подтверждением его курса на модернизацию страны и укрепление ее позиций на мировой арене. Все события недели, от интервью до осмотра современных спортивных комплексов и заводов, демонстрируют многогранность задач, стоящих перед нашей страной в наступившем году.

Қазақстанның қай қалаларында тұрғын үй бағасы қымбаттады?

Ұлттық статистика бюросы 2024 жылғы желтоқсан айында Қазақстандағы тұрғын үй нарығындағы бағалар мен бағамдар туралы деректерді жариялады.