Тозығы жеткен мектепті жаңартуды «мәслихат құптамады»

Әлем озық технологиясымен, жаңа жетістікте­рімен жарысып жатқанда Қазақ­стан­ның кейбір мектептері тозығы жеткен ғимараттың зарын айтып, тиісті нәтижеге қол жеткізе алмай отыр. Талғар ауданы, Кеңдала ауылындағы №38 мектептің сынық орындықтары мен шірік парталарын кеңес өкіметінің көзі дерсіз. Қыстың суығы ұрып, жел азынап тұрған ғимарат, ондағы оқушы мен ұстаздың жайкүйін айтып, мектеп ұжымы ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовке базына жазды.

Құрметті Асхат Қанатұлы!
Алматы облысы, Талғар ауданы, Кеңдала ауылдық №38 мектеп ұжымы Сізден көмек сұрайды. Неше жылдан бері аудан басшылығына жолдаған ұсынысымыз жауапсыз қалып отыр. Ол – тозығы жеткен мектебімізді күрделі жөндеуден өткізу. 2018 жылдан бері басшылық тарапынан тек құрғақ уәдеге қарық болып жатырмыз. Біресе мекемеге кететін шығынды есептеу құжаттары әзірленіп жатыр десе, енді, міне, «мәслихат құптамады» деген сылтау айтып отыр.
Биыл күзде аудандық білім бөлімінің басшысы Қарлыға Садвакасова мектебімізге өзі келіп, мұғалімдермен жиналыс өткізген еді. Сол жиналыс барысында 2022 жылдың жазында жөндеу жұмыстарының нақты болатынын айтып еді. Жақында естідік, №38 мектепке жөндеу жұмыстары жүргізілмейтін болыпты. Өйткені біздің мектептің мұңы ауданнан арыға аспай отыр. Талғар аудандық білім бөлімі облысқа қажетті құжаттарды өткізбеген. 2020 жылы сметалық-жобалау құжаттарына
8 626 950 теңге көлемінде қаражат бөлінген деседі. Бірақ сол бір жылдың ішінде сараптамалық құжаттардың дайын болмай қалғанына таңданып, мемлекеттік сатып алулар туралы ақпарат жарияланған сайт­қа да үңілдік. Ол жерде бұл мектеп жа­йында бірде-бір сатып алу көрсетілмеген. Яғни бұл аудандық білім бөлімінің басшысы Қарлыға Садвакасованың сөзінің жалған екендігін көрсетеді десек, артық айтпаған болармыз. Ал аудандық білім бөлімі басшысының айтуынша, облыс тапсырылған құжаттар бойынша №38 мектепке жөндеу жұмыстарын жүргізуді кейінге шегерген.
Құрметті министр мырза, мектебіміз әлі күнге кеңес дәуірінен қалған жабдықтармен тұр. Олардың да тозығы жеткен. Парталар, орындықтар сынған. Терезелерінен қыстыгүні суық жел соғып тұрады. Едендердің тозығы шыққан. Мектебімізде спорт алаңы атымен болмаған. Балалар ауладағы алаңқайда ойнайды. Жазда шаң көтеріп далада ойнаса, қыста кабинетке тығылып отырады. Мәдени шараларды өткізу тіпті қиын. Өйткені акт залының тозығы жеткен, талапқа сай емес. Соңғы жылдарда бүкіл мектептерді қамтып жатқан технологиялық құралдар орналастырылғанмен, олардың да жұмыс істеп тұрғаны шамалы. Кілең сапасыз дүниелер. Бір-екі мәрте қолданған соң, жарамсыз болып қалды. Бір сөзбен айтқанда, бұл мектептің ұжымы ілдәлдалап бала оқытып отырған жайы бар.
Министр мырза, Президент өз сөзінде «Жаңа Қазақстан құрамыз» деген еді. Бірақ, тозығы жеткен мұндай білім ордасының шәкірттері мен түлектері «Жаңа Қазақстанның» кетігіне кірпіш боп қалана алмайды деген қаупіміз бар. Сондықтан да осы мәселені өз назарыңызға ұсынғанды жөн көрдік.

Құрметпен,
№38 мектеп ұжымы
Алматы облысы
Талғар ауданы

“Наурызды жазда өлтіріп көмген болуы мүмкін“. Жоғалған отбасыға қатысты тағы бір дерек шықты

Атырау облысында жоғалған отбасыға қатысты қанды қылмыстың мән-жайы белгілі болды.

Air Astana Дубайға рейстерді уақытша тоқтатты

Әуе компания мәліметінше, наурыздың аяғына дейін Дубайға рейстер тоқтатылған.

IBF боксшы Жәнібек Әлімханұлын әлем чемпионы атағынан айырды

Халықаралық бокс федерациясы (IBF) қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлын орта салмақтағы әлем чемпионы атағынан айырды.

Референдум алдындағы тыныштық күні не істеуге болмайды?

Қазақстандықтарға Конституция бойынша референдум алдындағы тыныштық күнгі жауапкершілік туралы ескертілді.

Таяу Шығыстан 8585 қазақстандық елге қайтарылды  

Таяу Шығыс елдеріндегі жағдайға байланысты жүргізілген эвакуация басталғалы бері 8585 қазақстандық елге қайтарылды.