Бізге экономиканы әртараптандыру, қаржы-қаражат, осы салалардағы заңсыздықтар мен құқықбұзушылықтар, мемлекеттік ұстаным, кемшіліктер мен жетістіктер төңірегіндегі тұщымды әңгімені отставкадағы қаржы полициясының полковнигі Серік Алпысов сауатты талдап, сараптап берді. Білікті маман – Қазақстанды дамыту, әлеуметтік-экономикалық жағынан бәсекеге айналдыру, осы бағыттағы құқықтық қатынастар төңірегінде жазылған бірнеше сараптамалық, оқу-әдістемелік кітаптардың авторы. Өзінің соңғы кітабында ол Қазақстанды бай, қуатты Норвегиямен салыстырады. Мұның себебін ғалым былай түсіндіреді.
Қаржы-несие саясаты жолға қойылмаған
– Қазақстан сияқты Норвегия да мұнай мен газға бай ел. Олардың ЖІӨ көлемі жан басына шаққанда 75 мың долларды құраса, бізде 9 мың доллардың көлемінде. Біз 7-8 жылдан бері мұнайды Норвегиядан көбірек өндіріп келеміз. Бізде Норвегияда жоқ көп дүниелер бар. Бірақ біздің тұрмысымыз олардан төмен. Олардың зейнетақы қорындағы қаржы 1,3 трлн доллар болса, біздікі 95 млрд доллар көлемінде. Сондықтан ең алдымен біз де сондай ел бола аламыз ба деген сауал төңірегінде ой қозғадым. Екінші, екі елдің негізгі табысының көзі, оны кім, қайда жұмсайтынын және билік органдарының құқықтары мен құзыры, табысы, тұрмыс жағдайы, сөз бостандығы, денсаулық, білім беру сияқты 30 шақты негізгі халықаралық рейтингтерін салыстырдық. Үшінші, олардың бізден қалай озып кеткеніне жауап іздеп, Қазақстан Үкіметіне өз ұсыныстарымызды айттық. Бұл кітаптың маңыздылығы, меніңше, осында.
Менің негізгі мамандығым – заңгер. Бірақ экономикаға студент кезімнен бастап қызықтым. Кеңес дәуірінде кеңшарлардың ысырапқорлығын көріп, неге ақша дұрыс есептелмейді деп жүретінмін. Бұл кейін шаруашылық есеп экономикасын зерттеуге жетеледі. 1997 жылы Жоғарғы Кеңес депутаты болған Татьяна Квятковскаяның «Отечество» деген газетінің екі нөміріне «Инфляциядан саясат пен инвестицияға дейін» деген зерттеу мақалам да шықты. Осылайша байлығымыз ұстағанның қолында, тістегенің аузында кетпесе екен деп осы үшін күресіп жүргендерге әдістеме болсын деген мақсатпен 2005 жылы «Экономика саласындағы қылмыстарды анықтау мен тергеу бойынша әдістемелік нұсқаулық» деген кітабым шықты. Сондай-ақ Парламент Сенатының Конституциялық заңнама, сот жүйесі мен құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы Серік Байсейітұлы Ақылбайға «Көп заңнама сіздің қолыңызда тұр, соны бірлесіп өзгертейік» деген өтініш жасап, бірлесіп жазған «Қазақстан Республикасының антикоррупциялық саясаты» деген тағы бір кітабым 2006 жылы шыққан болатын.
Бізде қаржы-несие саясаты жоқ. Қандай да бір идея немесе жобаны жүзеге асыру үшін, оның басынан аяғына дейінгі бүкіл тетіктері түгел қаралуы керек. Қандай тамаша жоба болса да, оны жүзеге асыру белгілі бір көлемдегі қаржыны талап етеді. Ал қаржыландыру құралдары барлық уақытта қымбат боп шығады. Мәселен, біздің банктер оны 15-20 пайызбен қаржыландырса, Қытай сондай жобаны 3%, АҚШ 2%, Жапония 0,1%-бен қаржыландырады. Соның нәтижесінде біздің кәсіпкерлер өндіріс орнын ашудың бастапқы жобалық кезеңінің өзінде-ақ өз әріптестерінен артта қалып қояды.
Біздің доллармен тапқан көп ақшамыз шетелге кетіп қалды
– Инвесторды көндіру үшін жобаның тартымды болуы жеткіліксіз. Олар алдымен Қазақстанды зерттеп, содан кейін көңілінде күдік қалмау үшін жоба авторларына түрлі сұрақтар қояды. Нақтырақ айтқанда, жүріс-тұрысының қауіпсіздігі, ұрлық-қарлықтың болмауы, жататын қонақ үйінің жайлылығы, инвестициясының қайтуына мемлекеттік кепілдіктің болуы, қаржы салып отырған өндіріс өнімінің сатылуынан бастап елдегі заңның үстемдігі, соттың әділдігі секілді жүз шақты талабының 70-сі оңды болған күннің өзінде, қалған 30-ына келгенде күмән туындаса, ол ұсынысты қабылдаудан бас тартуы әбден мүмкін.
Біз 30 жылда шетелден 370 млрд доллар инвестиция тартқанымызбен, жалпы ішкі өніміміздің көлемі 170 млрд доллар ғана. Инвестицияның заңы бойынша, 1 доллар белгілі бір уақыттан кейін 2 доллар болуы керек. Менің осы 370 млрд доллардың инвестициясына деген өз күмәнім бар. Егер шын болса, біздің жалпы ішкі өнім (ЖІӨ) 15 жылдың өзінде ең құрығанда 600-700 млрд долларға жету керек еді.
Жаңа астананы салар алдында бірінші құрылыс индустриясын қалпына келтіруіміз керек еді. Біз құрылыс материалдарының бәрін доллармен шетелден сатып алдық. Соның салдарынан біздің доллармен тапқан көп ақшамыз шетелге кетіп қалды. «Ертіс-Қарағанды» деген канал бар. Қарағанды үлкен индустриалдық база болғанымен, онда су жеткіліксіз болғандықтан, Ертістің суын тартайық деп 1962 жылы Мәскеуде Кеңес Одағының Саяси бюросында канал салу туралы шешім қабылданған. Содан кейін 7-8 жыл бойы қанша техника, маман, қанша тонна құрылыс материалы қажет және олар қайда сақталуы керек дегенді жоспарлап, жаңа өндіріс орындарын ашып, бәрі дайын болғанда ғана, 1970 жылы оны бастаған. Біз Астананы салмастан бұрын қажетті құрылыс материалдарын өндіретін кәсіпорындарды ашқанымызда, жағдай басқаша болып, ЖІӨ өсер еді. Біз оның орнына мұнайды, темірді, мысты саттық. Одан түскен долларға керекті заттың бәрін шетелден сатып алдық. Сондықтан біздің тапқан табысымыздың тиімділігі болмады.
Егер статистикаға көз жүгіртер болсақ, 30 жылда Қазақстанның экспорттан тапқан табысы 1,1 трлн доллар екен. Сіз оны қайда жұмсадық дейтін болсаңыз, біз оның 600 млрд долларына тауар, 200 млрд долларына қызмет сатып алыппыз. Егер не тауар сатып алдық деп қарасаңыз, төбе шашыңыз тік тұрады. Мәселен, 150 млн долларға төсек жаймасын, 500 млн долларға еден жуатын таяқ, 2 млрд долларға көйлек-көншек, тағы 2 млрд долларға былғарыдан жасалған киімдер сатып алыппыз. Бұл да – Қазақстан экономикасының дамуына кері әсер етіп отырған дүниелер.
Елдегі тұрақсыздық импортқа байланысты
Украинадағы жағдайдан кейін Ұлттық банк теңге бағамын тұрақтандыру үшін 100 млрд доллардан астам қаржы бөліп жатыр. Өз басым бұл нәтиже береді деп есептемеймін. Себебі бізде импорт көп. Импорт деген доллар деген сөз. Біздегі тұрақсыздық импортқа байланысты. Мысалы, 2020 жылы 46 млрд доллар болса, 2021 жылы 38 млрд доллар болды. Бұл көп ақша емес. Біз әлі импортты ішкі өніммен айырбастап үлгерген жоқпыз. Сондықтан ол жақын уақытта оң нәтиже береді деп есептемеймін. Өндіріс көздерін ашпай, теңге бағамы үнемі шетелдегі өзгерістерге тәуелді болып тұра береді. Басқа мемлекеттерге ол неге біз сияқты әсер етпейді десеңіз, елімізде, біріншіден, экспорт пен импорттың қатынасында импорттың көптігі. Екіншіден, сенімсіздік. Теңге тұрақты болып тұрған күннің өзінде ел қалтасындағы артық ақшасына доллар сатып алуды дағдыға айналдырып алды. Мемлекет пен Үкімет басшысы халықты қанша сендіруге тырысқанымен, қазір де қалтасында теңгесі барлар долларға ауыстырып алғанда құнсызданбас еді деп өкініп отыр. Біз неге әлі күнге дейін қорқамыз? Өйткені репрессия санамызда әбден қалып қойған. Экономика қанша жақсы болса да, қалтамыздағы артық ақшаға доллар сатып аламыз. Доллардың бағасы көтеріле беретіні де осы сенімсіздіктен. Үкімет халықтың көңіліне сенімділік ұялату үшін, ашық болу керек, күшті экономикалық бағдарламасы болу керек.
Бізде бағдарламалар бар. Бірақ оны жоспарлау кезінде бір тетігі қалып қойса, қанша жақсы болғанмен, көңілдегідей жүзеге аспайды. Оның бір себебі – қаржы-несие саясатында. Бізде пайыздық мөлшерлеме әлі жоғары. 6 пайызбен берген субсидияның көлемі төмен. Егер экономикаға бір жылға 50 млрд доллар керек болса, біздің субсидиямыз 5 млн доллар ғана болуы мүмкін. Ол экономиканың гүлденуіне ықпал жасай алмайды. Яғни анда-мұнда ашылды деп жатқан бірлі-жарым өндірістің экономикаға жалпы халық сезінетіндей әсері болмайды.
Қай бағдарлама болса да, ашып қарасаңыз, онда ақша-несие саясатын өзгертеміз деген сөз жоқ. Қаржы-несие саясаты деген сөз әрбір ауыл-қалада барлық саладағы өндіріс көзіне деген қажеттіліктен туындайды. Бізде оған қажетті арзан несие аз. Жылына 5-10 зауыт ашылды деп қуанамыз, бұл 500 болуы керек. Егер сіз импорт тізімін қарсаңыз, бізге жылына 500 емес 5 мың зауыт ашуымыз керек деуіңіз де мүмкін.
Ең мықты мамандарды таңдай алмаймыз
«Жаңа Қазақстан» бағдарламасына қатысты үміт пен күдік қатар тұр менде. Егер біз қаржы-несие саясатын бір жүйеге түсірмесек, одан нәтиже шығады деп айта алмаймын. 30 жылғы экономика тарихын қарасаңыз, небір тамаша бағдарламаны көресіз. Олардың ішінде кластерлік бағдарлама деген де болды. Қанша ел сонымен экономикасын көтеріп алды. Біздегі бағдарламаның бір-бірімен келістіретін тетіктері көп. Ол терең білімді, қабілетті талап ететін дүние. Оған маман жетпей ме, шыдам жетпей ме, білмеймін, әйтеуір, жүзеге аспай қалды.
Экономикалық жобалар ұшақ жасап шығарумен бірдей. Бізде детальдау жетпейді. Себебі біз ең мықты мамандарды таңдап алмаймыз. Осы уақытқа дейін 10 мыңнан астам адам шетелде «Болашақ» бағдарламасымен білім алып келді. Соның ішінде де қаншама мамандар жүр? Оларды қалай жұмысқа тарту керек? Мысалы, «Қазақмыс» жылына 500 мың тонна мыс өндіреді. Одан 5 млрд доллар табыс табады. Шетелге жартылай фабрикатты ғана шығарып жатырмыз. «Сендер осыдан 3 жылда 15 млрд табыс табатындай бағдарлама жасап беріңдер» деп байқау жарияласа, бізде оны жасай алатын мамандар бар. Сол сияқты ферроқорытпа мен темір рудасынан жылына 14 млн тонна шикізаттың әр тоннасын 70 доллардан сатамыз. Содан шыққан бұйымдардың тоннасын 900 доллардан сатып аламыз. Айырмашылықты көріп тұрсыз ғой?
Заң қабылдауда мамандар үлкен рөл атқарады. Ең жақсы адамдар билікке келу керек. Бұл не деген сөз? Үкіметке болсын, Парламентке болсын, сотқа болсын, адал, білгір, қажырлы, денсаулығы мықты, қадалған жерінен қан алатындай сайдың тасындай іріктелген, ауыздықпен алысып тұрған жүйріктей бәсекеге сай адамдар сұрыпталып алынуы керек. Бізде министрдің өз ойы бар ма дегенді ешкім сұрап жатқан жоқ. Білім министрі болған бір апайымыздан кезінде Парламенттен шығып келе жатқанда журналистер саланы дамыту жөнінде қандай жоспарыңыз бар деп сұрағанда, жаңа ғана тағайындалдым ғой, 3-4 ай танысайын, сосын айтайын деді. Онда басшы болған адам не істеу керектігін біліп келу керек қой. АҚШ-тың қазіргі басшысы Президент бола салысымен 150-дей жарлыққа қол қойды. Ол бұл қызметке оның дайын болғанын көрсетеді. Бізде ондай жоқ.
Біздің қазақ «тең құрбыңның алды бол» дейді. Яғни кішкентайынан баланы бәсекеге дайындаған. Ол адал, әділ бәсеке болған жерде ғана тең құрбысының алды болады. Әйтпесе, оның бойында басқа жаман қасиеттері дамып кетеді. Ал жағымпаздық қайдан келеді? Жағымпаздар қызметте де лауазымы тез өсіп, өмірде тез байып бара жатқан соң, өзгелер «Адалдан гөрі жағымпаздың жолы болғыш екен ғой. Онда оқудың, жұмыстың қажеті қанша?» деп ойлайды. Сөйтіп, оқудың да, жұмыстың да сапасы төмендейді. Яғни жақсыдан жаман қасиет озық болса, адам да соған тез бейімделе береді.
Жемқорлықты ашықтық жояды
– Қаншама тамаша заң қабылдасаңыз да, оны айналып өтетін жолдарын табуға болады. Бұл өте күрделі дүние. Бәрін тек заңмен реттеу мүмкін емес. Жақсы заң шығарсақ, бәрі тамаша болады деуге болмайды. Заңды жүзеге асыратын нормативтік актілер бар. Нұсқаулықтар, ереже, тәртіп, бұйрықтар көп. Бізде заңға қатысты нормативтік актілерде қарама-қайшы дүние көп боп жатады кейде. Оның өзі заң қабылданған соң бәлен айдан кейін шығып жатады. Әрине, заңда бәрін бүге-шүгесіне дейін айту мүмкін емес. Оның қажеттілігі де жоқ. Заң негізгі концепцияны, платформаны айтады. Егер нормативтік актілерді қабылданатын заңға қосып берсек, көп кемшіліктің алдын алар едік.
Жемқорлықты жоятын нәрсе – ашықтық. Мәселен, бізде мал шаруашылығына бөлінген субсидияны малы жоқтар да алып келгенін енді ғана айтып жүрміз. Ал оны бірден анықтауға болады ғой. Мына ауданға мұнша қаржы бөлінді, оны мына фермерлер алды деп газетке тізімін жарияласа, кімнің қанша малы барын, қанша қаржы алғанын және кімнің қорасында малының жоғын жақсы білген соң, өз көршісі «Бұл қалай?» дейтіні анық. Бізде осы қарапайым жолдың өзі көрсетілмейді.
1995 жылғы Конституция қабылданар кезде, мен Жезқазғанда облыстық прокуратурада жұмыс істеп жүрдім. Жобамен танысқан соң, «Казправда», «Жезказганская правда» деген газеттерге «бұлай қабылдауға болмайды, биліктің тармақтары тең емес» деген өз ұсыныстарымды жаздым. Ешкім басқан жоқ. Оны тек «Жезқазған туы» газеті қазақшаға аударып басты. Арада қанша жыл өтсе де, қазір Парламент де, атқарушы билік те әлсіз. Үкімет билігі тіпті бөлшектеніп кеткен. Полиция, прокурор, есеп комитеті, ҰҚК, қаржы мониторингі, жемқорлыққа қарсы қызмет сияқты бақылаушы органдар оған бағынбайды. Үкімет шешім қабылдағаннан кейін оны өзі бақылауы керек. Сол сияқты Үкімет өзінің билігін облыс әкімдерімен де, кадр жөнінде Президент Әкімшілігімен де, Парламентпен де бөліседі. Үкімет басшысы өз бетімен министрді орнынан босата алмайды. Сондықтан Үкімет әлсіз. Ал Парламент неге әлсіз? Депутаттар сауал жолдайды. Тәртіп бойынша, сайлауда жеңген партия өз бағдарламасымен жұмыс жасап, депутаттар Үкімет жұмысына бақылау жасауы тиіс. Бізде тек депутаттық сауал жолдайды. Оларға Үкімет кейде «тисе терекке, тимесе бұтаққа» деп жаза салады. Депутаттар оған шамданып, тағы жазады. Аяғында шаршаған соң, қолын бір сілтеп қоя салады.
Украинадағы жағдай әлемнің бірлігін көрсетті
Теңге мен доллар қатынасын көрдіңіз. Былтыр 38 млрд доллар импорт болды. Бізде 80% халықтың банкте жинағы жоқ. Яғни теңгені сатып алу мүмкіндігі азаяды. Бұл – халықтың тұрмыс жағдайы төмендейді деген сөз. Оны төмендетпеу үшін жалақыны, зейнетақыны, әлеуметтік төлемді көбейтуіміз керек. Бұл үлкен әсер. Біздің күнделікті тауардың негізгі жеткізушісі – Қытай. Екі арада қатты әсер етпейтін шығар. Санкция жекелеген салаларға ғана қатты әсер етеді. Ресейден алғанымызды алдағы уақытта да ала береміз.
Украинадағы жағдай әлемнің бірлігін көрсетті. Екінші дүниежүзілік соғыс басталғанда, Еуропаның әрбір мемлекеті өз басын алып қалам деп ойлады. Бірақ одан ештеңе шыққан жоқ. Қазір бүкіл әлем Украинамен соғысты дұрыс емес деп жатыр. Біріншісі футбол матчын, екіншісі концертін, үшіншісі, төртіншісі деген сияқты бәрі түрлі іс-шараларды тоқтатып жатыр. Бұл Ресейдің экономикасына өте қатты нұқсан келтіруде. Ең күштісі – 7,5 млрд халықтың 7 млрды бұл соғысты қабылдамай тұр. Өйткені қандай жағдай болса да, соғыссыз дамудың жүздеген жолы бар. Байден: «Әлемдік экономикалық санкция Ресейге үшінші дүниежүзілік соғыспен пара-пар», – деді. Ал олар менен гөрі көбірек біледі деп есептеймін.
Ресейге санкция салған күннің өзінде де ешкім халықтың аштан өлуіне жол бермейді. Оған жеткізбейді. Басшы бір бөлек, халқы бір бөлек деген сияқты. Дәрі-дәрмек пен тамақтан шектемейді.
Жобалық қаржыландыру деген бар. Белгілі бір өндіріс орнын ашар кезде, қандай өнімге сұраныс барын, ондағы импорт көлемін, өндірген өнімді сататын жерлерді, оның бағасын айтасыз. Біз соған көшсек, нақты өндіріске қажетті ақша ғана бөлінеді. Көршілес Қытай солай дамып жатыр. Ақша айналымы бізде ЖІӨ-нің 31-40 пайызындай ғана. Оны Есеп комитетінің төрағасы айтып отыр. Қытайда ЖІӨ 16 трлн доллар болса, ақша айналымы 31 трлн. доллар. Сондықтан Қытай кез келген өндірісті ашады. Ақша қажет болса, барлық өндірісті салады.
Мен импортқа талдау жасадым. Өндіріс құралдары 2020 жылы 38 млрд доллар импорттың 240 млн долларын немесе 0,5 пайызын ғана құрапты. Бізге ЖІӨ көбейту үшін өндіргіш күштерді, станоктарды арттыру қажет. Өйткені өнімнің бәрін станок жасайды. Ал станок болмаған соң, импортқа тәуелдіміз.
Бағаны тұрақтандыру үшін, өндіріс көбейіп, бәсекестік болу керек. Басқа елде ол біздегідей жиі өзгермейтіні содан. «Жаңа Қазақстан» бағдарламасының маңызы енді бізде бұрынғыша болмайды деген сөз. Бұрынғы Қазақстанның өтірікші, парақор, жемқор, бәсекеге қабілетсіз, жағымпаз, экономиканы қаржыландырмайтын, билікке тек өз адамдарын тағайындайтын, өндірушілері кедей, ортадағылары бай, тығырықтан шығудың жолын іздемейтін, өзгеге тәуелді, т.б. белгілері бар. «Жаңа Қазақстан» олардан бас тартып, бәрін басқаша жасауы, ең алдымен, ашық болуы керек.
Дайындаған
Ерлік Ержанұлы,
«Заң газеті»