— Динар Жүсіпәліқызы, әйелдердің саясаттағы ролі қаншалықты маңызды деп ойлайсыз? Сарапшылардың айтуынша, біздің үкімет отбасы және гендерлік саясат тұжырымдамасында гендерлік теңдік бойынша дербес стратегия құруға қарсы, бұл мәселені отбасылық мәселелермен біріктіргісі келеді. Бұған көзқарасыңыз қандай? Бізге дербес гендерлік саясат керек пе? Әлде шығыстық дәстүрімізге сай ерлерден бір саты төмен тұрғанымыз дұрыс па?
— Жалпы әйелдердің саяси қызметке қатысуы мемлекеттік басқару ісінің демократиялық сипатын қамтамасыз етіп, тиімділігін арттыратын фактор. Өйткені, әйелдер қоғамдық мүдделердің кең ауқымына назар аударып, еркек саясаткерлер тарапынан ескерусіз қалатын мәселелерді көрсете алады. Әйелдердің түйсігі, тәжірибесі бұл тұрғыда еркектерден артық. Жалпы қазақ қоғамында әйелдің бұл қасиеті қашанда айрықша бағаланған. Бұған мысалы Тұмар ханымның, Домалақ ананың, одан беріде Абайдың әжесі Зеренің елдік, ұлттық мәселелерді шешудегі атқарған ролін мысалға келтіруге болады. Шығыстың әйелдерінің табиғаты бөлек, бізде ер адамға деген үлкен құрмет, сый бар. Мен өзім отбасында осыны көріп өстім. 96 жасқа келіп қайтыс болған үлкен әжемнің, анамның ер-азаматқа деген құрметі ерекше еді. Олар қай кезде де тек қана отбасы, ошақ қасының ғана шаруасымен айналысып қана қоймай, өз жұбайларының әр кезде ақылшысы, кеңесшісі болып өтті. «Ер — елдің иесі, әйел — үйдің киесі» деген санамызға сіңген нақыл бар. Отбасы шағын мемлекет десек, әйелдің осы өз шаңырағындағы ролі, қызметі, тәжірибесі саясатқа да керек.
Гендерлік саясат өте нәзік мәселе. Оған қырын қарауға болмайды. Міндетті түрде онда елу пайыз әйел болсын, елу пайыз еркектер болсын деп кесіп-пішу тағы ұшқарылық. Бұл ретте ер адамның да, әйел адамның да мүмкіндіктерін қарау керек деп ойлаймын. Ер адамдарға әйелдерге қарағанда үйдің шаруасы қолбайлау болмайды. Дүниеге бала әкелетін әйел оны өсіріп, жеткізудің негізгі салмағын да өзі арқалайды. Сондықтан көп жағдайда оның саясатқа келуіне мүмкіндігі келе бермейді. Дегенмен де барлығын ақылдасып шешкен дұрыс болады. Бұл ретте әйелдердің әлеуметтік мәселелердің табиғатына ене алатын аналық түйсігін, зердесін бағалау керек. Әлеуметтік мәселе әйелдердің күнделікті өмірінің бір бөлшегі. Ол қайда барса да алдынан шығады. Жайлы баспана, күнкөріс деңгейі, денсаулық сақтау қызметінің сапасы, болашағымыз — балалардың қажеттілігінің кем-кетігін әйелден артық кім бағамдап, түсінеді? Ал, мұның бәрі адам капиталының сапасын арттырып, бәсекеге қабылетті ел болуымыздағы шешуші фактор. Гендерлік стратегияға осы тұрғыда келу керек. Бұл жерде тек әйелдердің санын ерлермен теңестіру ғана көзделмейді. Мақсат әйелдерді саяси билікке тарту арқылы қоғамдағы өзекті мәселелердің жүйесін анықтау, шешімін іздеу. Мысалы қазір біз Парламенттегі әйелдер Ресейдегі секілді Ана капиталын енгізуді көтеріп жатырмыз. Бұған қаржылық мүмкіндігіміз жетеді. Сол секілді үкіметке күнкөріс деңгейін арттыру жөнінде талап қойдық. Қазір оның көлемі 36 мың теңге. Ал кедейлік деңгейі 24 мың теңге. Президентіміз өткенде Парламентте жасаған мәлімдемесінде елімізде 1 миллионға жуық азаматтардың өмірі сүру деңгейінің өте төмендеп кеткенін айтты. Осы күнге дейін ел Үкіметі еңбек нарығын қалыптастыру мен тұрақтандыруға арналған стратегиялық бағдарлама ұсына алмады. Еңбек нарығындағы қайшылықтарды зерделемеуі, бәлкім көзге ілмеуі ел ішінде әлеуметтік шиеленістерді тереңдетіп жіберді.Қаңтар оқиғасы осының бәрін жайып салды, Бұл жерде ең басты мәселе – әлеуметтік жағынан аз қорғалған әлсіз отбасыларға көмектесу, еңбекке жарамды мүшелерінің табыс табуға мүмкіндік туғызу керек. Біз осы мәселені көтеріп жатырмыз.
—Қазіргі таңда әйелдердің саясаттағы үлесі қанша? Бұл тұрғыда әлемдік деңгейге жақындай алатын түріміз бар ма? Парламент депутаттығы үшін әйелдерге бөлек квота енгізу қажеттігі жайлы пікірлер айтылып жатыр? Бұл жөнінде қандай пікірдесіз?
-Қазіргі кезде Сенаттың 49 депутатының 9-ы, яғни 18 пайызы әйелдер. Ал, Мәжілістегі әйелдер барлық депутаттың 27-28 пайызына тең. Онда әлі 30 пайызға жете алмай отырмыз. Бірақ мәслихаттарда осы деңгейге жетіп қалды, кейбірінде тіпті асып кетті. Президенттің тапсырмасы бойынша Сайлау туралы заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, жастар мен әйелдер үшін 30 пайыздық квота енгізілгенін білесіздер. Депутаттық мандатты бөлген кезде әйелдер саны 30 пайыз болу керек еді. Осы уақытқа дейін ол сақталған жоқ. Жуырда тағы аталмыш заңға түзетулер енгізіліп, бұл талаптың сақталуы арнайы нормамен дәйектелді. Енді партиялар бұған міндетті болады. . Сонымен қатар тағы бір енгізілген өзгеріс бойынша аталмыш квотаны енді мүмкіндігі шектеулі жандармен бөлісетін болдық. Негізі әйелдердің өзі осы квотаны иемденсе дұрыс болар еді.Бұл жөнінде Мемлекет басшысы тапсырма берді. Бұған да келерміз деп ойлаймын. Халықаралық тәжірибе бойынша осылай квота енгізе отырып,мемлекеттік қызметте де, саясатта да әйелдер санын арттыруға қол жеткізілген. Мысалы Еуропаның алдыңғы қатарлы мемлекеттері осындай жолмен барлық салада гендерлік теңдікке жетті. Сондықтан бұл қажет шара. Бізде мемлекеттік қызметте әйелдер елу-елу бес пайызға жетіп қалды.
—Десе де әйелдерге қатысты әлі де қысым бары сезіліп тұрады.Олар көбіне әлі де жалақысы аз жұмыстарды атқарады. Бізде әлі де әйелге қоғамның тең құқылы мүшесі, маман ретінде емес, төмен етекті ретінде қарау бар. Келісесіз бе?
—Иә, әйелдер көбіне жалақысы аз денсаулық сақтау саласында, білім беру ұйымдарында, балабақшаларда жұмыс істейді. Жұмыспен қамту орталықтарының да қызметкерлерінің дені әйелдер. Онда жалақының аздығынан кадр тұрақтамайды. Себебі жұмыс табыс деңгейіне сай емес, көп. Айлығы көп ауыр өнеркәсіп ұйымдар қыз-келіншектерді жақындата бермейді. Шын мәнінде олардың арасында бұл саланың мамандары да бар. Бірақ әйелдерді әр түрлі сылтаулармен алмауға тырысады. Олардың отбасын құрғаннан кейін , одан соң бала күту үшін демалысқа кететініне үрке қарап, осыны әйелдердің олқы тұсы ретінде санайды. Бұл — гендерлік теңсіздік. Дамыған елдерде мұндай кемсітушілік жоқ. Қай салаға да бос орын болса алған білімің, біліктілік деңгейің келіп тұрса жұмысқа ала береді. Ал, бізде әйелдің ісі емес деген сияқты, әйелдің мамандығы емес деген сияқты бір түсінік бар. Десе де қазір біртіндеп бұл жағдай өзгеріп келе жатыр. Мәселен, жуырда Шымкент қаласындағы жол жөндеу ұйымындағы басшылық лауазымына әйел тағайындалды. Осылайша бұл көзқарас өзгереді деп ойлаймын. Бұрын мектептерге жалақының аздығынан ерлер бармайтын. «Педогог мәртебесі туралы» заң қабылданғаннан кейін жалақы өсіп, олар бүгінде білім беру ұйымдарына көптеп келе бастады. Денсауық сақтау саласындағылардың да жалақысы артып, ондағы қызметкерлер арасындағы ерлер үлесі артып келеді. Жалпы қай салада болмасын алдымен біліктілік назарға алынып, адамдар жынысына қарай емес, кәсіби деңгейіне қарай бағаланып, жұмысқа алыну керек. Гендерлік теңдік мәселесі сонда өздігінен шешіледі.
-Әйелдер өз қабылетіне сай қоғамнан орнын алу керек дейміз. Ал, замандастардың бір тобы әйелдердің үйде отырғанын қалайды. «Себебі тәрбиедегі көптеген олқылық әйелдердің белсенділігінің салдары.Гендерлік деген қазақтың менталитетіне жат дүние. Әйел үйде отырып, бала тәрбиесімен айналысса қоғамға одан артық пайда болмас еді. Балалардың қартайған ата-аналарына қарамай кетуі, олардан оңай бас тартып, қарттар үйіне өткізуінің себебі олардың өздерін ерте балабақшаға беріп, үнемі жұмыста жүруі, немесе күтушіге бақтыруы, яғни ата-ананың махабатына бөлемеуі» дейді…
— Рас айтасыз, қартайған ата-анасын қарттар үйіне апарып тастап, оларды зейнетақысы түсетін кезде іздейтін балалар бар. Бұл біздің шетелдіктерге көп еліктеуміздің салдары. Оларда туыстар, тіпті әке мен бала бір-біріне бауырмалдық сезіммен емес, экономикалық есеппен қарым-қатынас жасайды. Мысалы, әке мен бала кафеге барса әркім өз тамағының ақшасын бөлек төлейді. Сол секілді бір-бірінің үйіне баратын болса, алдын ала ескертіп, белгіленген уақытта ғана келуді талап етеді. Бұған оларды елдегі жағдай мәжбүр етеді. Расында да шетелдерде бәрі қымбат, адамдардың көбі үйді де, көлікті де біздегідей меншігіне емес, жалға алады. Барлығы үшін төлеуге мәжбүр. Мұның сыртында олар үшін тәуелсіздік деген ұғым осылай әркім өзімен өзі болып, өз қамын өзі күйттеу болып саналады. Ал, бұл туыстық қарым-қатынас ерекше маңызға ие бізге өте жат. Ата-ана сыйлаған, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсеткен, бауырына әрдайым қамқорлық көрсеткен дәстүріміздің осындай еліктеушіліктің көлеңкесінде қалып бара жатқаны өкінішті. Шетелдік киноларды көп көреміз. Оқитынымыз да солардың дүниесі болып, олардың тұрмыс салтын артықшылық, биік мәдениет үлгісі ретінде қабылдаймыз. Бұдан арылу үшін біздің телеарнадағы контенттеріміз ұлттық мән-мазмұнға ие болу керек. Қазақты сақтаған, болмысымызға тән ұлттық дәстүрімізді жаңғыртуымыз керек. Өзіңіз айтыңызшы, қашан қазақтың салтында қыздар жұртшылыққа жар салып, күйеу іздеуші еді. Қазір біздің кейбір телеарналарда осындай бағдарлама жүреді. Бұл да өзге ұлтқа еліктеудің «жемісі».
-Осындай шаралармен кезінде жеңгелер айналысушы еді ғой. «Қалмады баста бөрік, белде белбеу, жеңгесін қызды ауылдың сыйлай, сыйлай» деген өлең жолдары жігіттер үшін жеңгесі бар қыз қадірінің қандай деңгейде болғанын көрсетеді. Жалпы қыз баланың тәрбиесінде маңызды роль атқарған жеңгелер институтын жаңғыртуға қалай қарайсыз? Жеңгелеріңіз болған шығар, солар жайлы айта отырсаңыз?
-Иә, бірнеше жеңгелерім бар. Тұрмысқа шығар кезде әке-шешеге күйеуге шығу туралы айту маған өте қиынға түсті. Біздің кезіміздегі барлық қазақ қызына бұл таныс жағдай деп білемін. Телеарна арқылы күйеу іздеу былай тұрсын, анаңа да айта алмайсың. Әкең жайлы тіпті ойлауға қорқасың. Өйткені, қызын өте жақсы көретін әкеге оны тұрмысқа беру жүрегін жұлып берумен тең жағдай. Біздің қазақта қызымды күйеуге беремін деген сөз ешқашан айтылған емес.Қазір әкелері қызын вальс билеп шығарып салады. Біздің салтымызда келін аламын деп қуанады. Ал, қызын күйеуге беруге келгенде қиналады. Сол себепті қызды қонақ деп қатты аялайды. Осыны жоғалтып алдық. Қазір кейбір ер –азаматтар «мына қыздың күйеуі жоқ, алып қалыңыздар» деп тура қыз баланы мал саудалағандай етіп жатады. Қазақта мұндай болмаған. Оң жақтағы қыздың теңін тауып, тұрмыс құру мәселесімен жеңгелер айналысқан. Жеңгелерімнің алды 75- ке келді. Әлі сырласам. Күйеуге шығатыным туралы жеңгеме айттым.Ол әке-шешімізге жеткізгенде екеуі де бірден қарсы болды. Оларды жеңгем көндірді. Жеңгелерден көп нәрсе үйрендік. Өзіңді күтуден бастап, кіммен қалай сөйлесу, отбасының тірлігін жасау секілді әйелге қажет қасиеттердің бәрін солар арқылы бойымызға сіңірдік. Қазір ауылға келгенде хабарласпасам ренжіп қалады. Міндетті түрде телефон шалып, Мұқағалидың «су сұрасам сүт берген, айран берген, қартайып қалыпсың ғой қайран жеңгем» деген өлеңін айтып, амандасам, қуанып қалады. Жалпы, жеңгелердің отбасы бірлігінде, туыстардың ынтымағында, қыз баланың тәрибесіндегі орнын ешкім алмастыра алмайды ғой. Қыздарымызға жақсы жеңге бола білуді үйретсек, отбасындағы көп түйткіл өздігінен шешілер еді.
— «Жақсы әйел жаман еркекті зор етеді, жаман әйел жақсы әйелді қор етеді» деген жай сөз. Бұл мықты азаматтың құнын төмендету,батыстық ұғым, түсінік» деп жатады? Келісесіз бе?
-Келіспеймін, себебі әрбір мықты ер азаматтың артында мықты әйел тұрады. Соның бір дәлелі — менің анам. Менің анам жетім өскен. Тоғыз жасында анасынан, кейін әкесінен қалған. Үш ағасының бірі соғысқа кетіп қайтпаған. Содан ба еті тірі кісі болды. Оқуға бірнеше рет келіп жүріп, табандылығының арқасында түскен. Қыздар педогикалық институтын бітірді. Зоветеринарлық институтта оқып жүрген әкеммен студент кезінде танысқан. Әкемді инстиутты тәмамдаған соң жолдамамен Талдықорған облысының Алакөл ауданына жіберген. Анам еш қарсы болмай,әкеме еріп жүре берген. Бастарында,баспана жоқ, сол ауылдың ветеринарлық саниатрының үйінде тұруға мәжбүр болады. Одан соң да әкемнің қызметі ауысып, Алматыдан 700 шақырым қашықтықтағы бір кеңшарға қоныс аударуға тура келеді. Әкем осы шаруашылықты көтеріп, оның аты Одақ деңгейінде шығады. Ол кезде қазіргідей қонақ үй, мейрамхана деген жоқ. Жан-жақтан озат шаруашылыққа келетін қонақтар көп. Анам солардың бәрін өзі күтетін. Күн демей, түн демей келген қонақтың бабын келтіруден жалықпаушы еді. Әкемнің де қашанда қас- қабағына қарап, күтімін жасайды. Әкеміз кейде ашуланып, кейде шаршап келеді. Қызметі бірде өсіп, бірде түсіп қалған сәттері де болды. Соның бәрінде анам әкемнің жанына жалау болып, қасынан табылды. Қайда жібере де кері тартпай, қолдап, демеп жүрді. Егер сол кезде келіспей қойса, әкем де оның айтқанынан шыға алмай, қалада қалушы еді. Отбасындағы қамқорлықтың арқасында әрдайым жүзі ашық болып, мерейі тасып жүрді. Ешбір қиындықтан қаймықпай, өзіне жүктелген істің бәрін абыроймен атқарып, аудандық партия комиетінің хатшысы деңгейіне дейін көтерілді. Бұл анамның арқасы. Осыны көріп өстік. Сондықтан ердің басын төрге де, есікке де сүйрейтін әйел деп білемін. Өкінішке орай қазіргі жастарда мұндай түсінік жоқ.
—Иә, қазір бүгін жұптасып, ертең ажырасып жатады…Бұған көбіне әлеуметтік жағдай себеп болады екен…
— Бұл шындық. Жуырда қолыма түскен деректерге қарасам, жұбайлардың ажырасуына себеп болатын негізгі мәселелер: үйсіздік, жұмыссыздық, мінездің үйлеспеуі екен. Қазір әйелдерде өзін өзі жақсы көру деген бір ұстаным пайда болды. Негізі бұл дұрыс мәселе. Псевдопсихологтардан дәріс алғандар оның шынайы мағынасын ұқпай жүр. Шын мәнінде өзін өзі жақсы көру деген адамшылығыңды сақтау арқылы бағаңды көтеру болса керек еді. Адам негізі адамның ортасында ғана адам ғой. Жалғыз жүріп, тек қара басыңды ойлап, қол жеткізген игілігіңнің еш рахаты жоқ. Өзгелерге жақсылық жасау, айналаңа қуаныш шашу арқылы адам шынайы бақыттың дәмін сезіне алады. Өзгелерді бақытты ету арқылы өзіңді бақытыңды табасың.Сондықтан біз деген ұғым үнемі алда жүру керек. Өкінішке орай қазір әйелдер «мен» дегенді көп айтады. «Біз, отбасымызбен, әулетімізбен» деген сөздер лекссикоонан шығып бара жатқандай. Қазақтың болмысында, салт-дәстүрінде «мен» деген сөз айтылмайды. Бұл ер мен әйелдің міндеттерінің арасындағы тепе-теңдіктің болмауының да салдары ма деп қаламын. Ер мен әйелдің отбасындағы жауапкершілігі, атқаратын шаруасы бірдей болу керек. Ерлер әйелдерімен санасу керек. Бұл тәрбие. Мұны балабақшада жүзеге асыру керек. «Тамақты бірінші ер бала жесін, сосын қыз бала жейді» деген түсінікті жою керек. Кейбір ер адамдар балаларымды мектепке барғанда бірақ көріппін деп қуанып айтып отыралы. Бұл баланың психологиясына кері әсер ететін жағдай. Бүгінде қыз секілді ұл балалар бар. Керісінше бар жауапкершілікті мойнына алып жүретін қыздар бар. Әр нәрсе өз шегінде болу керек.Бұл отбасындағы татулықтың ғана емес, қоғамның да үйлесімді дамуының бірден –бірден бір кепілі.
-Ұрпақ мәдениеті ана мәдениетіне байланысты деген пікірге қалай қарайсыз?
-Иә,бәрі анаға байланысты. Бала көргенін істейді. Ал, баламен бірге көп болатын ана. Әркім өзінің анасына ұқсағысы келеді. Сондықтан әйел шуағын шашудан жалықпау керек. Әйел бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербейді деген нақылдың түпкі мағынасы өмірдегі барлық игіліктің аналар пейіліне, ықыласына байланысты екендігінде. Сондықтан осынау көктеммен бірге келетін мереке қарсаңында замандас апайларыма, құрбылар мен сіңлілеріме жүректігің кеңдігін, пейілдің тазалығын тілеймін. Ал, бұл үнемі өзіңді тәрбиелеп, дамытумен келетін қасиет. Қазір бұған мүмкіндік кең. Тек ынтамыз болса болды. Бір ақынның әйел қаласа аспанға шығатын сатыны табады деген мағынадағы жыр жолдарын оқып едім. Бұл шындық. Біз қаласақ өзгермейтін дүние жоқ.
Айша Құрманғали,
«Заң газеті»