12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

Теміржан Құдабаев,
Алматы қаласы Бостандық ауданы №2 сотының судьясы:
«Абыроймен зейнетке шығу – әрбір судьяның арманы»

– Сот саласында отыз жыл еңбек еткен тәжірибесі мол судьясыз. Осы уақытқа дейін салада не өзгерді? Сіз судья болып жұмыс бастаған кез бен қазіргі кездің айырмашылығы қандай?
– Тәжірибе, кәсіби шеберлік уақытпен, еңбекпен келеді. Сот саласындағы ұзақ жылғы қызметтің арқасында ақ пен қараны айыруға, өтірік пен шындықтың арасын ажыратуға төселдік. Іздене жүріп кемелдендік.
Сот жүйесінің қаншалықты өскені, жанданғаны күні бүгінге дейін көз алдымызда. Мен судьялықты Алматы облысының Шелек ауданынан бастадым. Ол кезде соттың үкімін қолмен жазамыз. Сол үкімнің түпнұсқасы саналады. Одан кейін әр сотта машинистер бюросы деген болатын. Онда машинкаларын сатырлатып бірнеше адам біз жазған үкімді қағазға басып көбейтумен айналысады. Қаншама уақыт, қаншама еңбек десеңізші. Ал қазір заманауи технологияның арқасында жұмысымыз көп ілгеріледі. Істер мен материалдар компьютердің көмегімен автоматты түрде бөлінетіндіктен, судьялардың жүктемесі бірдей. Ешкімді алалап, артықшылық беруге жол жоқ. Арыз-шағымын айтып сот ғимаратының алдында иіріліп тұратын жұртты да көзің шалмайды. Себебі, бүгінде өзіне керекті анықтама, құжаттың бәрін халық «Сот кабинеті» сервисі арқылы алады. Сот отырыстарының дыбыс-бейне таспаға жазылуының да артықшылығы аз емес. Бұл адамдарды жауаптылыққа, сотты сыйлауға, негізсіз арыз-шағымның алдын алуға көмектеседі. Тәуелсіздіктің отыз жылында атқарылған елеулі өзгерістің бұл бір парасы ғана.
– Отандық заңдардың жиі өзгертіліп, толықтырылатыны байқалады. Оның сот жұмысына әсері қандай?
– Заң – елдегі теңдіктің, құқықтық кемелдіктің, әділдіктің кепілі. Сондықтан заңдарды заман талабына сай жаңартып, жаңғыртып отыру өзекті. Мысалы, осыдан отыз жыл бұрынғы Қылмыстық кодекс көлемі жұқа кі­тапша еді. Қазір ондағы баптар көбейген. Неге? Себебі, қылмыс жыл сайын түрленуде. Жаңа технологияның өзі қаншама қылмыс түрін туындатып отыр. Оларды әділ саралау үшін міндетті түрде заңды жаңғырту керек. Яғни, өзгеріс қажеттіліктер, қоғамның сұранысынан туындайды. Жаңашылдық сот жұмысын жеңілдету бағытында да жасалады. Айталық бұрын бір істі бастап қараған судья оны аяқтап, үкім шығарғанша келесі істі бастамайтын. Кейде бірнеше эпизодтан тұратын, том-томға жүк болған күрделі істерді қарауға тура келеді. Ал оларды қарау апта емес, айларға созылуы мүмкін. Судья осы істің нүктесін қоям дегенше өндірістегі талай іс жатып қалатын. Заңнамадағы өзгерістерге сай бүгінде судья бірнеше істі қатар қарай береді. Бұл қысқа, терең зерделеуді қажет етпейтін айқындалған істерді кешеуілдетпей қарауға мүмкіндік туғызды.
– Осы уақытқа дейін өзіңіз де бірнеше аудандық сотқа төраға болдыңыз. Сонымен бірге, талай төрағаның жетекшілігімен қызмет жасадыңыз. Облыстық сот төрағаларының ішінде қайсысы жүрегіңізге жақын?
– Тегін адам төраға болмайды. Оның ішінде ірі қала, облыстық соттарға үлкен ұжымды ұйыта алатын, көпшілікке сөзін тыңдата алатын азаматтардың таңдалатыны түсінікті. Алматы облыс­тық сотына да талай мықты ағаларымыз төраға болды. Сот саласында өзіндік орны бар сол төрағалардың ішінде Серік Байбатыров ағамыздың еңбегін ерекше айтар едім. Ол кісінің біліктілігіне, кәсіби шеберлігіне құрметім шексіз. Серік ағамыз қоғамдық шаралардан да, спорттан да қол үзбеген арда азамат. Ағамыздың бастамасымен Алматы облыстық сотының судьяларынан құрылған волейбол командасы Судьялар одағы ұйымдастыратын жыл сайынғы спартакиадада 6 рет бас жүлдені иеленді. Бұл Серік Кәтенұлы араласқан істің жеңіссіз, жеміссіз болмайтынын көрсетсе керек.
Серік ағамыз облыс судьяларының жұмысына ғана емес, отбасылық жағдайына да алаңдайтын. Керек кезде қолдау көрсетуге тырысатын. Жұбайым аяқ астынан көз жұмып, үлкен күйзеліске түскен кезімде де демеу берген, жол көрсеткен жанның бірі Серік Кәтенұлы еді. Осындай біліктілігін ғана емес, жүрегінің кеңдігін де көрсететін ағаларымыз көп болғай.
– Судья ретінде сізді не алаңдатады?
– Бұрын айыпты орындығынан қыз-келіншектерді сирек кездестіретін едік. Қазір ұрлық жасаған, адам өлтірген, алаяқтықпен талай адамды зар қақсатқан әйелдер көбейді. Солардың басым бөлігі ажырасқан, баласын жалғыз өзі тәрбиелеп отырған аналар. Бірақ баласын бағамын деп қылмыс жасаған адамды еш ақтауға болмайды. Олар ұл-қызына не үлгі көрсетпек? Жалпы, осы қылмыстардың тамырын қаузап қарағанда отбасылық құндылықтың тым арзандап, тәрбиенің ақсап жатқанын еріксіз мойындайсың. Әйелдер арасындағы қылмыстың артында ажырасу тұр. Сондықтан алдағы уақытта неке бұзу мәселесіне жеңіл қарамай, бұл мәселеге бала тәрбиесі, ұрпақ болашағы тұрғысынан баға берген орынды.
Күнкөріс үшін елді алдаған, өзгелердің есебінен табыс тапқан әйелдер ұрпағына не тәрбие беруі мүмкін? Мен алаяқтықты кәсіп еткен бір әйелге қатысты екі рет іс қарадым. Бірінші жолы ол әйелге келтірген залалды орнына қойып, өз қатесін мойындағаннан кейін бостандығынан айырмайтын жаза тағайындаған едім. Араға көп уақыт салмай әлгі әйелге қатысты екінші іс түсті. Бұл жолы да алаяқтықпен істі болған. Жәбірленушілер оның өзін-өзі ұстау шеберлігіне, «таныстарының мықтылығына» таңқалған. Бірі пәтер алуға, енді бірі жақсы жұмысқа орналасуға, тағы бірі қаланың көрікті жерінен жер алуға көмек сұраған жәбірленушілер «дөкей» әйелдің сұраған ақшасын сөзге келмей алақанына ұстатқан. Елді алдап жеңіл ақша табуға төселген бұл әйелдің қателіктен сабақ алмауының өзі, түрмесіз түзелмейтінін көрсетті. Соған орай жаза да қатаң болды.
– Теміржан аға, судья ретіндегі алаңыңыз орынды. Ал осы қоғамның бір мүшесі, қарапайым азамат ретінде сізді не толғандырады?
– Азамат ретінде туған тіліміздің ертеңіне қатты алаңдаймын. Мемлекеттік тілдің өз биігіне көтеріле алмауына баршамыз кінәліміз. Басқа саланы айтпай-ақ қояйын. Бүгінде сот отырысында қаралатын істердің басым бөлігі орыс тілінде таразыланады. Мұны қанша жазып, айтып жатсақ та отыз жылда ештеңе өзгерте алмадық. Сот отырысында жауапкер – қазақ, жәбірленуші – қазақ, судья, адвокат, прокурор – қазақ. Бір өзге ұлт өкілі жоқ, кілең қазақ орысша іс жүргіземіз. Нағыз анекдот. Кейде қазақ пен қазақ аудармашы арқылы түсінісіп отырады. Бұдан артық қандай қасірет болуы мүмкін? Көшеге шықсақ шүлдірлеген қазақтар, аулада орысша сөйлеп жүгіріп жүрген балалар да өзіміздің қарадомалақтар. Бұл мәселеге үнсіз қарап отыруға болмайды. Мемлекет тарапынан міндетті шаралар қолға алынуы керек.
– Абыроймен зейнетке шығу – әрбір судьяның арманы. Осы уақытқа дейін сот саласында мінсіз қызмет атқардыңыз. Ендігі жоспарыңыз қандай?
– Иә, атыңа кір жұқтырмай қызмет ету де үлкен бақыт. Зейнетке шыққан соң балаларыма көмектескім келеді. Үлкен қызым мен ұлым заңгер. Екеуі де жүрек қалауымен жұмыс істеп жүр. Кіші қызым мен ұлым мектепте озат оқушылардың бірі. Жұмыс деп жүріп балаларыма көп көңіл бөле алмадым. Сол олқылықты енді толтырсам деймін.
– Тілегіңізге жетіңіз! Уақыт тауып ой бөліскеніңізге рақмет!

А.Сатыбалды

ДИПЛОМДЫ КАДРЛАР НЕГЕ ЖҰМЫССЫЗДАР ҚАТАРЫН ТОЛТЫРЫП ОТЫР?

Елдегі мемлекеттік бағдарламалар аясында құрылатын жұмыс орындарының көбі уақытша. Жаңа жұмыс орындарының дені негізінен төмен және орташа өнім беретін секторларда құрылады әрі олар уақытша сипатқа ие.

Плата за безнаказанность

Осень выдалась тяжелой. Мы испытали шок от череды суицидов,...

Жыл басынан бері қанша қазақстандық жүргізуші куәлігінен айырылды?

Олардың басым бөлігі, яғни 18 мыңнан аса жүргізуші көлікті мас күйінде тізгіндеген.

Полиция алматылық көлік жүргізушілеріне маңызды ескерту жасады

Алматының полиция департаменті көлік жүргізушілеріне маңызды үндеу жасады.

Қазақстандықтар қарашада қалай демалады?

Қазақстанда күздің соңғы айы мемлекеттік немесе ұлттық мерекелерсіз өтеді, сондықтан ел тұрғындары тек демалыс күндері демалады.