Заңдардың өзгертіліп, толықтырылып отыруы қалыпты үрдіс. Бұл тіпті заманның дамуына, азаматтардың талап-тілегіне қарай орын алатын қажетті шара. Өйткені қоғам ілгерілеген сайын заңның да ескіретіні түсінікті. Былтырғы жылы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтық іс жүргізу заңнамасын жетілдіру және дауларды соттан тыс және сотқа дейін реттеу институттарын дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңы қабылданғаны белгілі. Бұл заңның қолданысқа енгізілуі бұған дейін тәжірибеде қолданылған бірқатар маңызды құжаттарға өзгерістер мен толықтырулар енгізуге түрткі болды. Олардың қатарында «Азаматтық процестік кодексі», «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодексі, «Нотариат туралы», «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы», «Медиация туралы» заңы бар.
2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізілген бұл жаңашылдықтар заң үстемдігін қамтамасыз етуді, азаматтардың құқығы мен бостандығын мінсіз қорғауды, тараптарды әуре-сарсаңнан құтқаруды, сонымен бірге дауларды татуластыру тәртібімен шешуді көздейді.
Азаматтық процестегі өзгерістердің бірі ретінде сотқа дейінгі хаттама институтын атауға болады. Жаңа институт тараптар арасынлағы шиеленісті азайтуды, дауды бейбіт шешуге ынталандыруды көздейді. Ол үшін судья-бітімгер ең алдымен талап қою келіп түскеннен кейін 5 жұмыс күн ішінде құқық нормаларының жиынтығын тексереді. Соған сәйкес көрсетілген мерзімде талап қоюды қайтару не қабылдаудан бас тарту туралы мәселені шешеді. Ал татуластыру рәсімдерін жүргізу кезінде талап қоюды қабылдау 10 жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады.
Сотқа дейінгі хаттама жасаудың да өзіндік тәртібі бар. Сотқа дейінгі хатттама Азаматтық процестік кодекстің 73-бабының 1, 2 бөліктеріне сүйене отырып жасалады. Мұндай хаттама жасалған жағдайда талап қоюды қабылдау ол келіп түскен күннен бастап 15 жұмыс күн ішінде жүзеге асырылады. Татуластырушы судья сотқа талап қою келіп түскеннен кейін келесі күннен кешіктірмей тараптарға татуластыру рәсіміне қатысу үшін шақыру және сотқа дейінгі хаттаманың үлгісін жібереді. Сотқа дейінгі хаттамада тараптар өз талаптарының немесе қарсылықтарының негізін, дәлелдерін ұсынуы керек.
АПК-ның 73-бабы 2-бөлігінде көрсетілгендей, сотқа дейінгі хаттаманы жасамаудың салдары бар. Мұны хаттаманы жолдаған кезде тараптарға түсіндіру міндет. Өйткені, тараптар сот отырысы барысында тек сотқа дейінгі хаттамада көрсетілген дәлелдемелерге сілтеме жасауға құқылы. Яғни, егер тараптар мұндай құқықты пайдаланбаса, онда сот отырысында олардың дәлелдемелерді ұсыну құқығы шектеледі. Осыдан кейін олар дайындық кезінде дәлел келтірмеу себебін дәлелдеуге мәжбүр болады. Бұл жаңа институт біріншіден тараптарды өз мүмкіндіктерін саралауға, нақты шешім қабылдауға көмектеседі. Сондықтан жаңа институттың маңызын әлі де жұртшылыққа насихаттағанымыз орынды.
Г.Бейсенова,
Алматы қаласы Медеу аудандық сотының судьясы