Биылғы қаңтар ел өміріндегі елеулі саяси реформаларға өзек болды. Жыл басындағы қаралы оқиғалар қазақстандықтардың әлеуметтік-экономикалық, саяси-рухани кеңістіктерінде қордаланған көптеген мәселелердің шетін шығарды. Әлеуметтік желілер мен қарапайым халық арасында әртүрлі қайшылықты пікірлер орын алды, бұрмаланған негізсіз ақпараттар тарады.
Осындай ақпараттық дүрбелеңге тоқтау салып, мәселенің ақ-қарасын ашып айту үшін Президент Қ.Тоқаев жақында Qazaqstan ұлттық арнасының тілшісі Жайна Сламбекке сұхбат берді. Ол сұхбатта Мемлекет басшысы елдегі қаңтар оқиғалары туралы сұрақтарға жауап беріп, ескертусіз атуға қатысты бұйрығы жайлы, интернетті өшіру мен ақпараттық блокаданың себептерін, Парламенттік жүйені реформалау, қазақстандық олигархтар туралы ойын айтты.
«Нағыз отаншыл азаматтар мұндай опасыздыққа бармайды»
«Бұл оқиғаны ел ішінде әртүрлі атап жүргенін білемін. Қалай болғанда да біз қаралы, қасіретті күндерді бастан өткердік. Оны мойындауымыз керек. Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде көптеген сынаққа тап болдық, оның бәрін ел болып еңсердік. Бірақ, дәл осындай қарақшылардың қатігез әрекетін көрген жоқпыз. Еліне, жеріне адал қызмет ететін, нағыз отаншыл азаматтар мұндай опасыздыққа бармайды. Бұл – анық нәрсе.
Ашығын айту керек, жағдайды өздерінің жеке мүддесіне пайдаланғысы келген адамдар төңкеріс жасауға талпынды. Француз тілінде осындай әрекетті coup d’etat деп айтады. Бұл – төңкеріс деген сөз. Елдігімізге, мемлекеттік тұтастығымызға, халқымыздың қауіпсіздігіне қарсы жасалған әрекет болды. Әрине, халыққа әлі де көп нәрсе түсініксіз. Қарапайым азаматтар өздерінің сүйікті қаласын өз қолымен қиратпайтыны белгілі. Қарақшылар, лаңкестер Алматыға сырттан келді. Мақсат белгілі: кісі өлтіру, қорқыту, дүкендерді тонау, әйелдерді зорлау, ақыр соңында билікті құлату.
Әрине, бастапқыда бейбіт шерулер болды. Мұны бәріміз көрдік. Еліміздің әр аймағында азаматтар алаңға жиналып, өз талаптарын айтты, тіпті, наразылықтарын білдірді. Шынын айтсақ, әуелде ешқандай қирату, қылмыстық әрекеттер болған жоқ. Бірақ, жағдай кейін мүлдем басқа арнаға бұрылып кетті. Арандатушылар мен қарақшылар пайда болды. Олардың шынайы мақсаты бейбіт митингіге қатысу емес, билікке шабуыл жасау болды. Бір сөзбен айтқанда, соңына қарай алаңға нағыз лаңкестер шықты. Бүлікшілер мыңдаған қару-жарақты ұрлап кетті. Қазіргі уақытта полиция оларды іздеп жатыр. Әзірге түгелдей табылған жоқ. Бұзақылар сол қарумен тағы да адам атуы әбден мүмкін. Сонда мұны кім істеді деген сұрақ туады? Кім жасады? Бейбіт шеруге шыққандар ма? Шын мәнінде, бұл – кәсіби қарақшылардың ісі» , – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
«Бұл ешқандай кемсіту емес»
Қазақстандағы соңғы жағдайларға байланысты Президент өзінің алғашқы сұхбатын орыс тілінде «Хабар» телеарнасына берді. Бұл мәселе де үлкен қоғамдық талқыға өзек болған. Мемлекеттік тілдегі сұхбатында Қ.Тоқаев халық наразылығын тудырған осы жағдайға да тоқталды.
«Бұл ешқандай кемсіту емес, ешқандай менсінбеу де емес деп айтуға болады. Көптеген арна осыған дейін менен бірнеше рет сұхбат беруді сұраған. Ешқайсысына келіспедім. Кейін тек «Хабар» арнасына сұхбат беремін дедім. Себебі, ел ішінде көптеген жалған ақпарат тарап жатты, соларға тоқтау салу керек болды. Сол сұхбат орыс тілінде жасалды. Өйткені, Қазақстандағы ахуал жөнінде шынайы ақпаратты, ең алдымен, әлем жұртшылығына беру керек еді. Содан кейін шетелдік ақпарат құралдары сұхбатты кеңінен таратып, барынша пайдаланды. Оны өзіңіз білесіз. Қалай десек те, орыс тілі – Біріккен Ұлттар Ұйымының алты ресми тілінің бірі. Оны мойындауымыз керек. Ал, қазақ тіліндегі сұхбаттың өз аудиториясы бар. Жалпы, мемлекеттің мәселесін мемлекеттік тілде айтуымыз керек. Тіліміздің бізден басқа ешкімге керегі жоқ. Сондықтан, ең алдымен, өзіміз ана тілімізге құрмет көрсетуіміз керек деп ойлаймын» , – деді.
«Құқық қорғау органдарының жұмысына араласпаймын»
Халық көкейіндегі көп сауалдың бірі – тергеу орындарындағы азаптауларға қатысты болатын. Мемлекет басшысының бұл мәселедегі жауабы былай өрбиді: «Кейбір азаматтарымыз менің атыма бейнеүндеу жазып, әлеуметтік желілерде таратып жатыр. Мұны да біліп отырмын. Осыған байланысты мен Ішкі істер министрлігі мен Бас прокуратураға арнайы тапсырма бердім. «Шаш ал десе, бас алатын» әрекеттерге жол беруге болмайды. Қоғамдық комиссиялар өз жұмысына кірісіп кетті. Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімова, белгілі құқық қорғаушылар: Айман Омарова, Жеміс Тұрмағамбетова, Абзал Құспан және басқа да заңгерлер жиналып, арнайы комиссиялар құрды. Олар әр істің заңдылығын қарап жатыр. Қоғамдық комиссияларға сенімсіздік көрсетуге ешқандай себеп те, хақымыз да жоқ. Билік те, құқық қорғау органдары да жұмыстарына араласпайды. Мен де араласпаймын.
Әрбір құқықбұзушылық дерегі бойынша шаралар қабылданады. Кінәлі адамдар жазаға тартылады. Мен үшін азаматтарымыздың құқығы аса маңызды. Әсіресе, қазіргі таңда мұны ең маңызды мәселе деп айтуға болады. Әрбір іс бойынша әділ шешім шығару мен үшін негізгі принцип болып табылады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
«Бұзақылар туралы мәселеге келсек. Кейбір адамдар жазықсыз азаматтарды еш себепсіз қамауға алды деп ойлайды да, осындай жалған ұрандарды ел ішінде таратады. Бірақ, мынаны ұмытпауымыз керек, солардың ішінде лаңкестер де, қылмыскерлер де бар. Қараңызшы, мыңдаған адам қаланы қиратып, нағыз террористік әрекеттерге барды. Бірақ, қазір бәрі жай ғана бейбіт азаматтар болып шықты. Бұған кім сенеді? Жалпы, лаңкестерді, қарақшыларды халық қаһармандары, батырлары деп айтуға болмайды. Бұл ешқандай шындыққа келмейтін жалған уәж. Егер біз ақиқатына көз жеткізбей, олардың айтқанына сенетін болсақ, елімізге тағы бір үлкен қауіп төндіреміз. Бұл қарақшыларды Қазақстанға шақыру деген сөз. Сондықтан аталған мәселеде біз өте сақ болуымыз керек. Әрбір іс бойынша мұқият тергеу жүргізуіміз қажет», – деді Президент Qazaqstan ұлттық арнасына берген сұхбатында.
«Ортақ мүддеміз үшін жасалған әрекет»
Қаңтар оқиғасы кезінде Қ.Тоқаев Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының әскерін көмекке шақырды және ол бұл қадамына өкінбейтінін де айтты. «Бұл ешқандай да өкіндіретін шешім емес. Керісінше дұрыс шешім болды деп ойлаймын. Өйткені, қарулы қарақшылар Алматыны қиратып, өзге қалаларға қауіп төндірді. Осы қарулы контингент болмаса, лаңкестер басқа да қалаларды басып алар еді. Қарулы шайқастар Талдықорғанда, Таразда, Шымкентте, Қызылордада орын алды. Елордада лаңкестердің дайындық жұмыстары байқалды, олар, тіпті, Ақордаға шабуыл жасауға дайын болды». Осындай жағдайда олардың бізге көмекке келуі айтпаса да түсінікті. Мұны құтқару емес, ортақ мүддемізді қорғау үшін жасалған іс-әрекет деп түсінуге болады. Бұл – бір. Екіншіден, аталған мәселеге геосаяси ахуал тұрғысынан да қарау керек. Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы – бәрімізге ортақ құрылым. Ресей және ұйымға мүше мемлекеттер Қазақстанның ғана емес, өздерінің де қауіпсіздігін ойлады. Сол үшін көмек қолын созды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
«Қазақстан мен Ресей арасында мәңгі тату көршілік туралы келісім бар. Ресей – ғасырлар бойы қатар өмір сүріп келе жатқан құдайы көршіміздің бірі. Қазақтың тағдырына осылай жазылған. Мұны біз өзгерте алмаймыз. Саяси, сауда-экономикалық және мәдени байланыстарды нығайта беруіміз керек. Бұл ең алдымен, Қазақстанның стратегиялық мүддесіне сай келеді. Екінші мәселе. Иә, расында да, кейбір ресейлік саясаткерлер тарапынан «Қазақстанның солтүстік облыстарындағы жерлер біздікі» деген сөздер айтылды. Бірден кесіп айтайын. Бұл – ақылға сыймайтын, орынсыз пікір. Ресми билік, яғни, Кремль, әрине, бұл уәжді қолдамайды. Екі елдің басшылығы арасында жер мәселесіне қатысты ешқашан дау туындаған емес. Маған В.Путиннің өзі «жерге қатысты ешқашан мәселе көтермейміз» деп айтқан. Сондықтан алаңдайтын ешнәрсе жоқ. Шекарамыз толық айқындалған, бекітілген. Бұл ақиқатты бүкіл әлем мойындайды. Екі елдің арасындағы байланыстарға сызат түспеген. Ресей Президенті осындай қағидаттарға адалдығын, беріктігін көрсетті», – деді Тоқаев сұхбатта.
«Оның қызметіне әділ баға беруге міндеттіміз»
«Тарихқа қиянат жасамау керек. Нұрсұлтан Назарбаев – мемлекетіміздің іргесін қалаған, мемлекеттігімізді нығайтуға зор үлес қосқан тұлға. Оның қызметіне әділ баға беруге міндеттіміз. Тұңғыш Президенттің кемшіліктері болса, одан жас басшылар сабақ алуы қажет. Қаңтар оқиғасы елімізге де, менің өзіме де үлкен сабақ болғаны сөзсіз. Тиісті қорытынды жасалды. Қазір елімізде болып жатқан саяси шешімдер − соның нәтижесі. Алдымызда өте көп жұмыс бар. Мұны барлығы көріп, біліп отыр деп ойлаймын», – деді Президент.
Бұл сұхбат барысында Қазақстаннан шетелге заңсыз шығарылған ақшалар туралы да айтылды. «Үкіметке тиісті тапсырма бердім. Бұл мәселе бойынша Үкімет екі айдан кейін маған нақты ұсыныстарын айтады. Содан кейін жұмыс басталады. Бұл мәселе бойынша ауқымды сараптама жасау керек. Онсыз болмайды. Содан кейін шетелдегі тиісті мекемелермен келіссөздер жүргізуге кірісеміз. Бұл өте күрделі әрі ұзақ уақытқа созылатын жұмыс болатын сияқты. Оны ашық айтқан жөн. Бірақ әділдікке жету үшін осы жұмысты бастау керек. Шетелге заңсыз шығарылған қаражатты елге қайтаруға тиіспіз», – деді.
Қоғам алдында тұрған мәселелер көп. Қ.Тоқаев оларды да атап өтті. «Қоғамдағы ең маңызды мәселе – заң үстемдігін қамтамасыз ету. Өкінішке қарай, заңды мойындағысы келмейтін азаматтар аз емес. Басқаша айтсақ, құқықтық нигилизм белең алуда. Ағаларымыз «Тәртіпсіз ел болмайды» деп баяғыда айтқан болатын. Менің ұстанымым: қоғамда заң мен тәртіп болса ғана, ел ішінде үйлесім, бейбіт өмір болады. Заң – кез келген өркениетті қоғамның басты өлшемі. Заң үстемдік құрғанда ғана әділетті қоғам қалыптасады. Біз міндетті түрде бұған қол жеткізуіміз керек. Бұл менің нақты ұстанымым», – деді Тоқаев сұхбатында.
«Ақпараттық соғыс» бүкіл әлемде орын алып жатқан үрдіс
Президент қаңтар оқиғасы кезінде интернеттің бұғатталу себебін, одан бөлек, журналистика жайын, шетелде жүрген мамандарымыз жайлы да өз сұхбатында айтып өтті. «Жалпы, қазақ журналистикасының деңгейі төмен деп айтуға болмайды. Керісінше қазақ журналистикасының деңгейі жоғары екені күмәнсіз. Қаңтар оқиғалары кезінде ақпараттық вакум болды. Оны кәсіби тұрғыда дайындалған лаңкестер, қылмыскерлер өз мүддесіне пайдаланды. Интернетті бұғаттауға мәжбүр болдық. Бұл – әлемдік практика. Бірақ, басқа да ақпарат құралдарымыз бар ғой. Содырлар кейбір теле- радио арналардың ғимаратын өртеп, қиратты. Одан басқа ақпарат құралдары үздіксіз хабар таратты. Ешқандай шектеу болған жоқ.
Ал, баспасөз бостандығына келсек, бізде заң бойынша цензура жоқ. Ақпарат еркіндігін барынша қамтамасыз етіп жатырмыз. Бірақ, еркіндік деген ойыңа не келсе, соны айту емес. Кез келген демократиялық елдерде жалған ақпарат таратқан адам жауапқа тартылады. Мен әрбір журналист, ең алдымен, мемлекетшіл азамат болуы керек деп санаймын. Осы орайда Н.Некрасовтың: «Ақын болу шарт емес, азамат болу – міндетің» деген қанатты сөзі бар. Сондықтан әрқайсысымыз еліміздің патриоты болуға тиіспіз.
Қазақта «Айтылған сөз – атылған оқ» деген даналық сөз бар. Осы ретте, өкінішке қарай, кейбір журналистер жалған ақпарат таратып, елдің мүддесіне қарсы жұмыс істейді. Қазіргі заманда блогерлер көбейіп кетті. Олардың кейбір әрекеттері кері әсер етеді. Бір блогерлер жақсы жазады. Ал екінші біреулері мәселенің байыбына бармай, зерттемей, үстірт қарайды. Дегенмен, азаматтарымыз ақ пен қараны ажырата алады деп ойлаймын. Расында, ақпараттық «соғыс» бүкіл әлемде болып жатқан үрдіс. Сондықтан, біз де оған бейімделуіміз керек.
Мен «Егемен Қазақстан», «Айқын», «Астана ақшамы» газеттерін оқимын. «Ана тілі», «Қазақ әдебиеті», «Жас қазақ», «Түркістан» газеттерін де міндетті түрде оқып тұрамын. Жалпы, мен көп оқитын адаммын. Жақсы мақала немесе сұхбат көрсем, астын сызып оқуға тырысамын. Өзекті мәселе байқасам, оған қатысты нақты тапсырма беремін. Әлеуметтік желідегі өткір жазбаларды да үнемі шолып отырамын. Ал, теледидардан жаңалықтар мен сараптамалық бағдарламаларды көремін», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
«Масылдықтан, жалқаулықтан алшақ болған жөн»
Шетелде жүрген білікті мамандар хақында:
– Расында шетелде жүрген білікті мамандарымыз аз емес. Бұл үшін ешкімді айыптауға болмайды. Қазір – жаһандану заманы. Адам қай жерде сұранысқа ие болса, сол жерге барып жұмыс істеуге қақы бар. Оған ешкім кедергі жасамайды. Біз өз саласында табысқа жеткен азаматтарды бұған дейін де шақырғанбыз. Елге қайтып келген отандастарымыз да бар. Бірақ, шындығын айтуымыз керек, елімізге білімі жоғары, парасатты адамдар керек. Жалпы, адами капитал жоғары болуы қажет. Жалпақ тілмен айтсақ, Отанымызға келген адамдардың сапасы неғұрлым жоғары болса, елімізге соғұрлым тиімді болады.
Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі еңбекқорлықтың, біліктіліктің идеологиясын көтеру керектігін баса айтты.
– Ұлтымыз дүние жүзінде, ең алдымен, еңбекқор, жұмысқа адал ұлт ретінде мойындалатын болса, бұл экономикамызға оң әсер етеді. Масылдықтан, жалқаулықтан алшақ болуымыз қажет. Сонда ғана Жаңа Қазақстан тұжырымдамасы іске асады. Меніңше, біз бұрын үлкен идеологиялық қателік жібердік. Шетелге, яғни Орта Азиядан Ресейге кеткен жұмысшыларға күліп, «Қараңыздар, олар қара жұмыспен айналысуға мәжбүр болды, ал біздің бірде-бір қазақ шетелде жұмыс істемейді, жайбарақат жүрміз» деп қатты мақтандық. Кез келген еңбекті жоғары бағалау қажет, солай емес пе? Бүгінгі күні Орта Азиядағы жұмысшылар Ресейде еңбек етіп, күн көріп жатыр. Ал, біздікілер еңбек бәсекесіне шыдай алмайтын болды. Өкінішке қарай, бұл «сырьевое проклятье», яғни «шикізатқа тәуелді болудың салдары», – деді Мемлекет басшысы сұхбатында.
Кең көлемдегі сұхбатта ел көңіліндегі көп мәселе көтерілді. Сөз соңын Президенттің көпшілік алдындағы ағынан жарылған мына бір сөзімен аяқтаған жөн шығар. «Біздің халқымыз талай «тар жол, тайғақ кешуді», қилы заманды басынан өткерген. Қиындықтың бәрін жеңген. Кешегі қасіретті оқиға кезінде халқымыз бірлігін көрсетті. Осы құндылықты келешек ұрпаққа аманат етуіміз керек. Қазақстанның болашағы жарқын болатыны сөзсіз. Мен бұған кәміл сенемін. Біздің бір ғана Отанымыз бар. Басқа Отанымыз жоқ. Болмайды да. Еліміздің Тәуелсіздігі бәрінен қымбат. Бұл – аксиома, ақиқат. Оны көздің қарашығындай сақтау – ортақ парызымыз. Ал, Егемен ел дегеніміз қандай ел? Бұл – әлемдік үдеріске бейімделген біртұтас халық. Дербестігін жалаң сөзбен немесе ұранмен емес, нақты іспен дәлелдей білген ел».
Ж.Құдайберген