Алаштың аяулы ұлы Әлихан Бөкейхан кезінде «Заң адам пайдасына жазылады, адам заң үшін тумайды ғой» деген екен. Жөн сөз. Бұл даналықтың маңызы ешқашан кеміген емес.
Соңғы жылдары тіпті, заңнаманы ізгілендіру, жазаны жеңілдету, татуластыру рәсімдерін кеңейту бағытында атқарылған шаралар ұшан-теңіз. Әсіресе, жаза басқандардың қателігін түсініп, қайта өмір бастауына барынша мүмкіндік берілуде. Оны «Медиация туралы» заңнан да, күні кеше қолданысқа енгізілген «Қазақстан Республикасының рақымшылық туралы» заңынан да байқауға болады. Осы ретте қылмыстық процесте кең қолданылып келе жатқан процессуалдық келісім институтының орны айрықша.
2010–2020 жылдарға арналған Құқықтық саясат тұжырымдамасында қылмыстық сот ісінің оңтайлы моделін жасап, қылмыстық іс жүргізу құқығын жетілдірудің басым бағыттары айқындалған еді. Соның негізінде 2014 жылы Қылмыстық-процестік кодексі қабылданып, онда процестік келісім институты тәжірибеге енгізілген болатын. Жаңа құжатта тұтастай бір тарау процестік келісім жасау институтына, оны жасаудың ерекше тәртібіне арналған.
Бұл институт өзінің шалыс қадам басқанын түсініп, оған шын өкінген, қылмысын мойындап, сабақ алуға нық бекінген азаматтардың түзелуіне мүмкіндік беруді көздейді. Бірақ, солай екен деп қылмысына өкінген жандардың бәрімен процестік келісім жасауға болады екен деген түсінік туындамаса керек. Себебі, Қылмыстық-процестік кодекске сай процестік келісім жасаудың тәртібі реттелген. Оған сәйкес, келісім онша ауыр емес, ауырлығы орташа не ауыр қылмыстар бойынша күдіктімен жасалады. Бірақ қылмысты есі дұрыс емес күйде жасаған немесе қылмыс жасағаннан кейін психикасы бұзылған адамдармен процестік келісім жасалмайды. Сонымен қатар, кодекстің 613-бабында айқындалғандай кінәні мойындау туралы мәміле нысанындағы процестік келісімді жасау үшін күдікті, айыпталушы ең алдымен оған ерікті түрде ниет білдіруі керек. Бұған қоса, ол өзіне келтірілген күдікке, іс бойынша жинақталған дәлелдемелерге, өзі келтірген зиянның мөлшеріне дауласпауы тиіс. Мұндағы тағы бір ерекше талап – процестік келісім жасауға ең әуелі жәбірленушінің келісімі керек.
Процестік келісім сотқа дейінгі іс жүргізу сатысында және сот талқылауы барысында қолданылады. Ал енді келісу іс жүргізуінде шығарылған үкім мен әдеттегі тәртіппен қаралған үкімде айырмашылық болатынын айта кеткен жөн. Әдеттегі қылмыстық іс жүргізу біршама уақытты алады. Оған қатысатын тараптар, шақырылатын куәлар бар. Ақиқатты анықтау үшін көптеген сараптама сараланып, дәлелдемелер сүзгіден өтіп, қаншама куәнің сөзі таразыланады. Ал процестік келісіммен келіп түскен іс бойынша шығарылған үкім қысқаша. Сот үкімде сотталушының кінәсін дәлелдемейді. Тек сотталушымен және прокурормен іс жүргізу келісімі жасалғанын көрсетсе болғаны.
Осыдан көріп тұрғанымыздай қылмыстық істердегі процессуалдық келісімнің жаза басқандарға көмегі көп. Сонымен бірге, мұндай институт қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі іс жүргізуді жеделдетіп, сот талқылауын барынша оңайлатады. Бұған қоса, сот актісінің орындалуында да кешігу, созбалаңға салу болмайды. Кінәні мойындау туралы келісімнің жасалуы жәбірленушіге де тиімді. Өйткені, азаматтар үшін қылмыспен келтірілген зиян үшін өтемақы алу маңызды.
Н.Батырхан,
Алматы қаласы Жетісу аудандық №2 сотының судьясы