12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

Мемлекеттіліктің мызғымас негізі — әділеттілік

Біздің дәуірімізге де­йінгі алғашқы жүзжылдықта Римде өмір сүрген Марк Туллий Цицеронның «Сот – сөйлеуші заң, ал заң – мылқау сот» деген сөзін естімеген адам аз. Ол зайырлы қоғам құруды алдына мақсат етіп қойған елдер үшін темірқазық іспетті болып отыр. Әділдіктің бас­ты тірегі саналатын сот, прокуратура және полиция қызметіндегі реформалар елдегі тұрақты­лықтың негізін қалауда.

Бұл бағытта Қазақстанда да шетелдік тәжірибе бойынша түрлі іс-шаралар қолға алынғанымен, олар ғылыми тұрғыдан негізделіп, кешенді түрде жүргізілмегендіктен оның нәтижесі аса жоғары бола қойған жоқ. Мәселен, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылғы «Сындарлы қоғамдық диа­лог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» деп аталатын жолдауында: «Құқық қорғау жүйесін толық реформалау – аса маңызды міндеттердің бірі. Полицияның мемлекеттің күштік құрылымындағы бейнесі бірте-бірте өзгеріп, қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін азаматтарға қызмет көрсететін органға айналады. Полицейлер жұмысының тиімділігі полиция қызметінің беделді болуына байланысты. Ішкі істер министрлігін реформалауға алдағы үш жыл ішінде 173 миллиард теңге бөлінеді. Бұл қаражат еңбекақыны көбейтуге, баспананы жалға алуға, халыққа қызмет көрсету қағидаты бойынша полицияның заманауи фронт-кеңселерін ашуға жұмсалады» деген еді.
2020 жылғы «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс қимыл кезеңі» деп аталатын жолдауында заң үстемдігі орнықпаса және азаматтардың қауіпсіздігіне ке­пілдік берілмесе, әлеуметтік-экономикалық дамудың бірде-бір міндеті табысты жүзеге асырылмайтынын ашық айтты. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» – шын мәнісінде, әділетті мемлекет құру тұжырымдамасында азаматтардың мәселелерін тыңдап, көріп қана қою жеткіліксіз. Мұнда ең бастысы – дұрыс және әділ шешім шығару қажеттігіне қоғам назарын аударды. Құқық қорғау жүйесінің жұмысында бұрынғы дағды бойынша айыптауға бейімділік басым екенін, сондықтан азаматтардың қылмыстық жауапкершілікке негізсіз тартылатын жағдайлары да аз кездеспейтінін жасырмады.
– Бізге азаматтардың құқығын заманауи тұрғыдан қорғауды қамтамасыз ететін және жоғары халықаралық талаптарға жауап беретін үлгі керек. Қазақстанда өкілеттіктердің ара жігі нақты ажыратылған үш буынды модель құру керек деп санаймын. Полиция қылмысты анықтап, оған қатысы бар адамдарды тауып, айғақ жинап, оны тиянақтап беруге тиіс. Прокурор жиналған дәлелдемелерге тәуелсіз баға беруге, азаматтар құқығын бұзудың жолын кесуге, кінәсіз адамдардың қылмыс үдерісіне тартылуына жол бермеуге, сотта айыптау жағын қолдауға міндетті. Сот органдардың әрекетіне  қатысты шағымды қарайды және іс бойынша ақтық үкім шығарады. Мұндай тәсіл тежемелік және тепе-теңдік жүйесін нығайтып, әр кезеңде тиімді саралау жүргізіп отыруға мүмкіндік береді, – деген Мемлекет басшысы заңнаманы қолдануға қатысты шешім қабылдау кезінде көбіне тиісті талдау мен болжам жасалмайтынын да сынға алды. «Шешім заң қолданушыларға ыңғайлы болу тұрғысынан қабылданады. Сондықтан «әкімшілік және қылмыстық» құқықбұзушылықтың жаңа ұғымын қалыптастыру керек. Қоғамға және заң қауымдастығына құқық бұзушылық үшін жаза белгілеудің қисыны түсінікті болады. Барлық озық елдерде полиция институты сервистік модель негізінде дамып келеді. Біз де мұндай үлгіге көшетінімізді мәлімдедік. Бірақ жұмыс барысында аз ғана нәтижеге қол жеткізілді. «Жұртқа жақын полиция» қағидаты бойынша жергілікті полиция қызметінің мейлінше тұтас реформасын жасау қажеттігі пісіп-жетілді. Осыған орай учаскелік инспектордың рөліне баса мән берілетін болады. Учаскелік инспектордың мәртебесін заңнама арқылы арттырып, оның өнімді жұмыс істеуіне мол мүмкіндік берген жөн. Ол азаматтар алдында танымал, қолжетімді әрі беделді болуға, солардың құқықтарын қорғауға тиіс. Құқық қорғау органдары қызметкерлерін жұртпен ашық әңгіме жүргізуге үйретудің маңызы зор. Бұл бағыт кадрларды даярлау және іріктеу жүйесінде басымдыққа айналуы қажет. Бейнебақылау жүйесін дамыту жөнінде көп айтылады. Бірақ соған қарамастан құқық қорғау органдары көбінесе өздерінің ғимараттарында құрылғысыз отырады. Түзеу мекемелеріне және полицияның қызметтік ғимараттарына жаппай бейнебақылау орнатуды тапсырамын. Ішкі істер министрлігі құрылымын қайта қарап, оны саладан алшақ міндеттерден арылту керек. Бұл маңызды ведомство жұмысының тиімділігін арттырады» деді. Ал былтырғы «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты жолдауында үш буынды модель енгізілгеннен кейін қылмыстық процеске қатысушыларды қорғау күшейіп, жыл басынан бері екі мыңнан астам азаматты қылмыстық жауапқа негізсіз тартуға жол берілмегенін айтты. Прокурорлық қадағалаудың жеделдігі артқанын, негізсіз шешімдердің 98 пайызы үш тәуліктің ішінде күшін жойғанын хабарлаған Президент прокурорлардың айыптау актілерін дайындау жөніндегі құзыреті алдағы уақытта да біртіндеп кеңейтіле беретінін жеткізді. «Ішкі істер органдары осы салаға тән емес бірқатар функциядан арылды. Учаскелік инспекторлардың мәртебесі артты. Олар құқықбұзушылықтардың алдын алу саласында қосымша өкілеттікке ие болды. Бірнеше өңірде полицияның сервистік моделі пилоттық режимде жұмыс істей бастады. Келесі кезең – оның ауқымын кеңейту. Бұл жұмыстың табысты болуы көбіне жергілікті билік органдарының осы үдеріске қатысуына байланысты болады. Олар жаңа өзгерістердің мән-маңызын түсініп, полицияға қолғабыс етуге тиіс. Сонымен қатар, қылмыспен күресудің практикалық мәселелерін назардан тыс қалдырмау керек» деген Қасым-Жомарт Кемелұлына сенім артушылар аз болған жоқ. Бұл Ұлттық статистика бюросының полиция мен прокуратура органдарына респонденттердің сенімділік дәрежесін анықтауға бағытталған жыл сайын жүргізетін зерттеулерінен де көрініс тапты. Мәселен, былтыр полиция органдарына қаншалықты сенуге болады деген пікірге респонденттердің 50,5 пайызы толық сенемін; 41,4 пайызы ішінара келісемін; 5,4 пайызы ішінара келіспеймін; 2,2 пайызы толық келіспеймін деп жауап берген. Ал прокуратура органдарына қаншалықты сенуге болады деген пікірге 54,1 пайызы толық келісемін; 39,1 пайызы ішінара келісемін; 4,4 пайы­зы ішінара келіспеймін; 2,4 пайызы толық келіспеймін деген. Бұл жағдай қаңтардағы қасіретті күндер кезінде де байқалды. Елдің түрлі аймақтарында өткен бейбіт шерудің соңы теріс ниетті адамдардың кесірінен жергілікті билік органдарын басып алып, өртеп, қаржы ұйымдары мен сауда орындарын тонау­ға ұласқан кезде халықтың бір бөлігі ереуілшілерді қолдаса, екінші бір бөлігі Мемлекет басшысының мәлімдемесінен кейін үйлеріне қайта бастады. Кейін қақтығыс кезінде қайтыс болғандар мен жараланғандарға және күдікті ретінде тергеуге алынған азаматтарға қатысты ақпараттың дұрыс жеткізілмеуінен құзырлы органдарға деген халықтың сенімі күрт төмендеп кетті. Бұған азаматтарымыздың құқықтарын қорғаудың және олардың қауіпсіздігін күшейтудің негізгі факторы болуы тиіс сот және құқық қорғау жүйесіндегі реформалардың әлі де бір жүйеге түспеуі өз ықпалын тигізуде. Егер күдікті ретінде ұсталған азаматтарға күш қолдануға қатысты әрбір факт бойынша қызметтік тексеру жүргізіліп, кінәлілер әділ жазаланбайтын болса полиция, прокуратура, сот органдары әділдіктің жақтаушысы ретінде емес, жазықсызды жазалаушы ретінде өз атына келген кірді кетіруі енді оңайға түспеуі мүмкін.

Мирлан ҚЫЗЫЛОВ,
доғарыстағы полиция генерал-майоры, профессор:

– Ішкі істер саласының қызметінсіз мемлекеттің дамуы, мықтылар қатарынан көрінуі екіталай. Полиция қызметкерінің кәсіби қызметін «тәуекелді мамандықтар» қатарына жатқызуға болады. Өйткені, қызмет тәжірибесінде экстремалды жағдай түсінігі «қалыпты шектен шығу қаупі», «сындарлы  жағдай», «стандартты емес төтенше жағдай» деп түсіндіріледі. Бұл мамандықтың негізгі қызметі – жағдайға қарсы тұру, оны бақылауға алу ғана емес, сонымен қатар жедел және қызметтік міндеттерді тиімді орындауға мүмкіндік беретін адекватты мінез-құлық түрін дұрыс таңдау. Полицейдің жұмысы әркімнің қолынан келе бермейді, өйткені, ол адамнан барынша тиімділікті талап етеді, үнемі жағымсыз эмоциялар мен психологиялық күйзелістерге ұшырауымен байланысты.
Полиция қызметкері күн сайын адам мінезінің ең азапты, қауіпті көрініс­терімен, зорлық-зомбылықпен, жемқорлықпен бетпе-бет келеді, оған қарсы тұру қиын моральдық-психологиялық міндет болып табылады. Мұндай жағдайларда жазадан қорқудан және материалдық әл-ауқаттың кепілінен емес, полиция қызметкерінің моральдық-психологиялық жағдайы, оның кәсіби жауапкершілігі қандай да болмасын құқықбұзушылық әрекеттерді жасамаудың кепілі болуы керек. Бұл бағытта қоғамдағы адамгершілік атмосфераны қалыптастырып, қазақстандық ақпараттық кеңістікті құрушылардың барлығының күш-жігерін біріктіру қажет.

Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ,
«Заң газеті»

ДИПЛОМДЫ КАДРЛАР НЕГЕ ЖҰМЫССЫЗДАР ҚАТАРЫН ТОЛТЫРЫП ОТЫР?

Елдегі мемлекеттік бағдарламалар аясында құрылатын жұмыс орындарының көбі уақытша. Жаңа жұмыс орындарының дені негізінен төмен және орташа өнім беретін секторларда құрылады әрі олар уақытша сипатқа ие.

Плата за безнаказанность

Осень выдалась тяжелой. Мы испытали шок от череды суицидов,...

Жыл басынан бері қанша қазақстандық жүргізуші куәлігінен айырылды?

Олардың басым бөлігі, яғни 18 мыңнан аса жүргізуші көлікті мас күйінде тізгіндеген.

Полиция алматылық көлік жүргізушілеріне маңызды ескерту жасады

Алматының полиция департаменті көлік жүргізушілеріне маңызды үндеу жасады.

Қазақстандықтар қарашада қалай демалады?

Қазақстанда күздің соңғы айы мемлекеттік немесе ұлттық мерекелерсіз өтеді, сондықтан ел тұрғындары тек демалыс күндері демалады.