12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

Қарыз қатынас бұзады

«Қарыз қайтарылуымен ғанибет», «Қарыз қатынас бұзады» дейді бабаларымыз. Бұрынғы қарыз­дың орнын бүгінде несие алмастырған. Өркениетті елдерде несиені – жаңа бастама жасаудың, мақсатыңды жүзеге асырудың мүмкіндігі деп бағалайды. Өкінішке қарай, біздің елімізде қарыз алуға жеңіл қарай­тындар жеткілікті. Бұған халықтың құқықтық сауатымен қоса, қаржылық сауатының да кемдігі әсер етуде.
Әсіресе, қаржылық білімінің төмендігінен азаматтар банк пен қаржы ұйымдарынан несие аларда келісімшартқа мән бермей, қол қойып түрлі қиындыққа тап болады. Несиенің үстемесін, өсімпұлын ойламай қарыз алатындар қайтарар кезде ғана тұтылғанын біліп сан соғып жатады. Сонымен бірге, тұрғындардың құжатқа мән бермеуі, жеке басын куаландыратын құжаттарын бейтаныс адамдарға беруі, интернеттегі жеңіл ақша, ұтыс ойындарына көзсіз сенуі, телефон арқылы хабарласатын алаяқтарға жеке басына қатысты мәліметтерді ұсынуы ақшасынан ажырап, сергелдеңге түсуіне себеп болып отыр. Сот жүктемесінің көбеюіне де осындай даулар ықпал етуде.
Жалпы, сот жүктемесіне, сотта жиі қаралатын істерге мониторинг жасағанда азаматтардың онлайн несиелерді рәсімдеу, алаяқтардан қорғау, банкпен арадағы келісімшартты қайта қарау бойынша жиі шағымданатынын байқауға болады. Жаңа технологияның дамуы, интернет алаяқтықтың жыл өткен сайын түрленуі қаржысынан ажыраған азаматтар қатарын көбейтуде. Бұрын азаматтар банктер мен шағын қаржы ұйымдарын жоғары үстемақы, өсімпұл үшін айыптап, сот арқылы құқығын қорғайтын. Оның арасында келісімшарт дұрыс рәсімделмеген, не жазылғанын түсінбедім деп өз қателігі үшін банкті айыпты ететіндер де баршылық еді. Ең бастысы осы тұста қарапайым азаматтардың өз құқығын кімнен, не себепті даулайтыны белгілі еді.
Ал қазір монитордың ар жағында отырып-ақ алаяқтар миллиондарды қалтасына басуда. Қанша жерден қауіпсіздік шараларын қатайтып, алаяқтардың банк операцияларына араласуына жол бермейміз дегенмен, банктер мен шағын қаржы ұйымдарының өзі олардың алдында дәрменсіз екенін мойындауда. Азаматтар да өзінің сенгіштігінен, жеке құжаттарын құпия ұстамағандықтан белгісіз алаяқтарға жем болып, өз шығындарын кімнен өндірерін білмей дал. Кейінгі уақытта сотқа жолданған арыздардың дені осындай.
Мысалы, Медеу аудандық сотына арызданған А.К. деген азаматшаның жағдайын алайық. Былтырғы жылы 23 маусымда өзін банктің қауіпсіздік қызметкері ретінде таныстырған адам А.К.-нің банк шотында күдікті операциялар орын алғанын айтып, сақтық шараларын жасауға шақырады. Ол үшін ұялы телефонға «AnyDesk» қосымшасын жедел жазып алуға кеңес береді. «Банк қызметкері» ескерткен соң азаматша бірден қосымшаны телефонына жазып алады. Ал кешкісін өзінің атына банктен ЕКР007194314 номерлі несие шарты бойынша 4 400 000 теңге берілгенін біледі. Жәбірленуші хабарды ести сала банкке жетем дегенше алаяқтар шоттағы 2 100 000 теңгені үшінші адамның шотына аударып үлгерген екен. Банк қызметкерлері мұның бәрін алаяқтар жасап жатқанын айтып, жәбірленушінің картасын бірден бұғаттайды. Алайда, қолды болған 2 100 000 теңгенің сұрауы кімде?
Қиналған жәбірленуші орын алған жағдайға орай сол күні полицияға шағым түсіреді. Ол бойын­ша қылмыстық іс қозғалған. Сонымен қатар, жәбірленуші ешқандай несие алуға өтініш бермегенін, ешбір келісімшартқа қол қоймағанын, банктен ақша алмағанын алға тартып, ҚР Қаржы нарығын дамыту және бақылау жөніндегі агенттігіне де шағым жазған. Онда қылмыстық іс аяқталғанша банктің несие үстемақысын тоқтатып, айыппұл салмауын құзырлы органнан сұраған. Сонымен бірге, ішкі қызметтік тексеру жүргізуді өтінген. Алайда банк қылмыстық іс қозғалғанына қарамастан, несие келісімшартын тоқтатпаған. Осыны алға тартқан жәбірленуші несие бойынша келісімшарт жасамағандықтан, Азаматтық кодекстің 158-бабын басшылыққа ала отырып келісімшартты жарамсыз деп тануды талап еткен.
Іс материалдарын қарау барысында жәбірленушінің шағымына сәйкес ҚК-нің 190-бабы 2 бөлімі бойынша қылмыстық іс тіркелген. Белгілі болғанындай 23 маусым күні сағат 11.51-де қоңырау шалған белгісіз азамат алдау және сенімге қиянат жасау жолымен А.К. ұсынған анкеталық мәліметтер көмегімен Қазақстан халық банкінен онлайн режимінде несие рәсімдеген. Шотқа түскен 4 400 000 теңгенің 2 100 000 теңгесін белгісіз алаяқтар алып үлгерген. Банк қыз­меткерлері кешігіп болса да карточканы бұғаттаған. Осы арқылы жәбірленушіге екі млн бір жүз мың теңге материалдық залал келген.
Алайда, бұл қылмыстық істе банк кінәлі немесе күдікті ретінде танылмаған. Жауапкер көрсеткендей онлайн несиені рәсімдеудің барлық қадамдарын (қашықтан телефонға қолжетімділікті қамтамасыз ететін бағдарламаның болуы, жеке басты куәландыратын құжаттардың көшірмесі, телефонға жолданған құпия сөздерді жіберу) жәбірленуші еш кедергісіз орындаған.
Ал жәбірленушінің банкке дер кезінде келіп, алаяқтардың онлайн несие рәсімдегені туралы хабарлауы оны қарызды төлеуден құтқара алмайды. Өйткені, бұл жерде үшінші тұлғаның кінәлі екені дәлелденбеген. Осыған орай А.К-нің банкке қатысты арызын сот қанағаттандырмады. Егер қозғалған қылмыстық іс бойынша кінәлілер анықталса, жәбірленушінің өз құқығын қорғап, шығынды қайтарып алуға мүмкіндігі бар.
Осыған ұқсас істерді таразылай келе алдағы уақытта мына жағдайлар жіті ескерілуі тиіс:
Біріншіден, азаматтардың қаржылық сауатын көтеріп, әлеу­меттік желі, ғаламтор алаяқтарының алдау жүйесін түсіндіріп, халықты сақтандыру маңызды. Екіншіден, банктер мен шағын несие беру ұйымдары беретін несие көлемі 1 млн теңгеден жоғары болмауы керек. Несие сомасын тұтынушының жазбаша өтініші негізінде ғана көтерген дұрыс. Үшіншіден, онлайн-несиені беру жүйесін жаңғырту керек. Төртіншіден, үшінші тараптың әрекетінен сақтандыратын қосымша ережелер қарастырған орынды. Бесіншіден, мұндай жағдайлар орын алғанда қылмыстық іс аяқталғанша банктер мен шағын несие беру ұйымдары азаматтарға несиені кешіктіргені үшін айыппұл салуды шегере тұрғаны жөн. Мұның құқықтық қадамдарын пысықтаған дұрыс. Тек сонда ғана азаматтарды алаяқтар алдауынан сақтандыра аламыз.

Д.Акетаев,
Медеу аудандық сотының судьясы
Алматы қаласы

Сот жүйесіндегі мемлекеттік тілдің маңызы

Тіл – әр ұлттың негізі. Ұлттың ұлт ретінде сақталуы...

Мемлекеттік тілде сөйлеу баршаға міндет

Мемлекеттік тіл ел тәуелсіздігін айқындайтын негізгі белгілердің бірі. Қазақ тілінің...

Мемлекеттік қызмет жүйесінің қалыптасуы мен дамуы

Еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін мемлекеттік қызмет жүйесін қалыптастыру қажеттілігі...

Медиация – бейбітшіл елдің басты миссиясы

Қазақстан – әлемде тұрақтылық пен қауіпсіздікті қолдайтын, көптеген дау-жанжалды...

Жазаны қатаңдату арқылы жауаптылық көтеріледі

Қазақстан Республикасында Конституцияға сәйкес адам құқықтары мен бостандықтары танылады...