Шерхан Мұртазаның тұсында «Арқалағаны алтын, жегені жантақ» деп еңбегі бағаланған журналистердің жағдайы бүгінге дейін түк өзгерген жоқ. Елдің мұңын мұңдап, жоғын жоқтап келе жатқан кәсіп иелерінің өз мәселесі шашетектен. Бұл жөнінде осы аптада өткен Парламент Мәжілісінің отырысында депутат Мейрамбек Төлепберген мәлімдеді. Ол Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановқа Палатаның бір топ депутаттарының атынан депутаттық сауал жолдаған болатын.
Қоғамның бүкіл мәселесіне қалам қуатымен үн қосып, ел мүддесі үшін отқа да, суға түсіп жүрген бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің еңбегі еш, тұзы сор болып жүргенін былайғы жұрт біле бермейді. Әріптестің жайын әріптестен артық кім түсінер? Жоғарғы заң шығарушы билік құрамындағы бір топ журналист өз қаламдастарының жайын Үкімет назарына жеткізуге бел байлапты. Депутаттық сауалда бүгінгі таңда қаламгерлер үшін арманға айналған қаламақы жайы көтерілген екен.
Халық қалаулылары бұл мәселенің өзектілігін ел Президенті Қ.Тоқаев айтқан Жаңа Қазақстанды құруда түсінікті және әділ мемлекеттік саясат жүргізу үшін билік пен қоғамның адал еңбек пен әділ ынталандыру идеологиясын ұстану жайлы сөзімен айқындай түсіпті. Осы міндетті жүзеге асырудағы бұқаралық ақпарат құралдарының атқаратын қызметінің маңызын көрсете келе, елімізде тіркелген 4750-ден астам бұқаралық ақпарат құралдарында қызмет ететін сан мыңдаған журналист қауымының жағдайын ортаға салған.
Жалпы, мемлекет тарапынан оларды қолдауға мейлінше көңіл бөлініп келе жатыр. Депутаттардың айтуынша, бұл ретте биыл да мемлекеттік ақпараттық тапсырысқа 50,8 млрд теңге бөлінсе, 2023 жылы – 48,4 млрд теңге, ал 2024 жылы – 47 млрд теңге бөлу көзделіп отыр екен. Алайда БАҚ сапасына, таралымына қатысты проблемалар толыққанды шешілмей келеді. Солардың бірі – журналистерді ынталандыру жайы.
Депутаттар осы орайда отандық БАҚ (газеттер мен журналдар, радиолар, телевидение және ақпараттық агенттіктер мен желілік басылымдар) өз авторларына қаламақы төлеуді тоқтатқалы көп жылдың жүзі болғанына алаңдаушылық білдірді. Бұл шындық. Соңғы жылдары олардың авторлары ғана емес, бірлі-жарым редакцияның аздаған тиын-тебен беретінін айтпағанда, түгелге жуық баспасөз бен телевидениеде қаламақыны тілші-редакторлар да алмайды. Ал, қаламақы дегеніміз – шығармашыл адамдардың, журналистер мен саналы ойлы авторлардың интеллектуалдық-рухани байлығының жемісі. Нарық жағдайындағы бірден-бір табыс көзі. Дамыған елдердегі шығармашылық адамдар – ақындар, жазушылар, журналистер, режиссерлер, композиторлар, суретшілер өз туындыларына бұйыртқан қаламақыларын алып отырғанын, дамыған елдерде тіпті, сол қаламақымен күн көретін қаламгерлер де бар екені депутаттық сауалда орынды атап өтілген. Сонымен қатар, онда айтылғандай, журналистің еңбегіне төленетін қаламақының терең әлеуметтік факторы барлығы, оқырмандар мен көрермендер негізінен репутациясына дақ түспеген, кісілік ұстанымы мықты, сөзі дуалы, ойлы авторлардың туындыларын көріп, тыңдап, оқығанды қалайтыны да әрбір көзіқарақты жанның көкірегіндегі ой екені анық. Демек, қоғамдық пікір туғызушы мұндай тұлғалар мен әйгілі адамдарды тарту үшін ынталандыру тетіктерінің қажеттігі айқын көрініп тұр. Жалпы, шығармашылық еңбекті тиісті дәрежеде бағалау мен ұшқыр қаламның ақысын қайтару – журналистиканың байырғы және жаңа заманғы рухани-әлеуметтік құндылықтарын қайтару болса керек.
Тоқетерін айтқанда, депутаттар атап көрсеткендей, нарық заманында елімізде ерекше сұранысқа ие журналист мамандығының қадір-қасиетін бағалап, шығармашылық қарым-қабілетін барынша көрсетуге әлеуметтік-материалдық қолайлы, тиімді жағдай туғызуға да жаңаша көзқарас керек. Олай болса олар көтеріп отырған Қаржы министрлігі мен Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің аталмыш саладағы әлемдік тәжірибені зерттеп, қаламақы жүйесін қайта енгізуге байланысты тиісті ұсыныстар әзірлеуі, екіншіден, түрлі деңгейдегі мерзімді және электронды басылымдарға жылма-жыл беріліп келе жатқан мемлекеттік ақпаратттық саясат жөніндегі тапсырыстар аясында журналистер мен тұрақты авторларға нарық жүйесіндегі талаптарды сақтай отырып, «қаламақы қоры» деген арнайы тармақша енгізуі уақыт күттірмейтін мәселе.
Күләш Ахметова, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты:
– Тәуелсіз елімізге жазушылар, журналистер керек болмай қалған сияқты. Мұны өзім де сезініп келемін. Соңғы жылдары бірнеше кітап шығардық. «Отан» деген көлемді бір жинақ өз ақшамызбен жарық көрді. Одан қаламақы да дәметкен жоқпыз. Бірақ сонша дүниені кім үшін жазып отырмыз деген ой келеді. Шын мәнінде бұл біздің елімізге айтқан жырымыз, сырымыз ғой. Ана тілімізді байыту, өмірдің көркем шындығын жасау, елге ой салу жолындағы көз майымыз, шығармашылық қуатымыз жұмсалған еңбегіміз ғой. Ертеңгі ұрпаққа қалатын рухани мұра емес пе? Осы тұрғыда депутаттардың мына көтерген мәселесі көптен көкейде жүрген тілегімізді дөп басты.
Расында халқымыз көп емес, оларға шаққанда қаламгердің саны да аз. Жазушы, журналистерді қолдамасақ бұл ұлттың сөзін, рухын жаныштау болып шықпай ма? Қаламгерлер өмірдің шындығын көркем кестелеп, тіршіліктің философиясын, мәнін ашып, тарихымыздың шежіресін жасап жатыр. Бұл керек қой. Жалпы қайда барамыз, не істейміз, неге мән беру керек, дамудың сара жолы қандай болмақ дегеннің жауабы осы қаламгерлер туындыларында. Тарих, мәдениет қайталана бермейтін құндылық. Сондықтан, қаламгерлерді ынталандыру, еңбегіне сай ақы төлеу өте қажет. Орынды айтылған ұсыныстар құзырлы орындар назарынан тыс қалмай, ақырына жетуі керек.
А.Тұрмағанбетова,
«Заң газеті»