Ақмола облыстық сотының төрағасы Досжан Әмір өңірлік коммуникация қызметінің медиа-орталығында БАҚ өкілдерімен кездесіп облыс соттарының 2021 жылғы жұмысының қорытындысы туралы баяндама жасады және де журналистердің сұрақтарына жауап берді.
Іс-шараға Ақмола облыстық соты сот алқаларының төрағалары, Ақмола облыстық сотының судьялары БАҚ-пен жұмысты үйлестірушілер, Ақмола облыстық сотының баспасөз қызметі және журналистер қатысты.
«Сотқа деген халықтың сенімін арттыру, сот төрелігінің әділдігін, оның жауапкершілігі мен тәуелсіздігін, сот шешімдерінің жоғары сапасын және судьялардың біліктілігін арттыру бағытында Ақмола облыстық соттары көптеген іс-шаралар атқарып жатыр» – деді Д.Әмір. ҚР Жоғарғы Соты төрағасының бастамасымен, Мемлекет басшысының қолдауымен бірқатар заңдарға өзгерістер енгізіліп, соның арқасында жалпы қаралған істер мен материалдар саны соңғы төрт жылға қарағанда едәуір азайып, судьяның жүктемесі төрт есе төмендеді (2018ж. – 166 077 іс, судьяның жүктемесі – 162,3; 2021 ж.– 40 803 іс, судьяның жүктемесі – 43,1).
Ақмола облысының жергілікті соттарымен өткен жылы 1 223 қылмыстық,
15 005 азаматтық, 13 063 әкімшілік құқық бұзушылық туралы, апелляциялық сатыда 321 қылмыстық, 2 559 азаматтық, 492 әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер қаралды. 2021 жылдың екінші жартыжылдығында Ақмола облысы соттарына 618 әкімшілік талап түсті, әкімшілік істер жөніндегі сот алқасына 120 іс түскен.
Төраға журналистерге қаралған істердің санаттары бойынша, шығарылған жекеше қаулылар, тағайындалған жаза түрлері, сот төрелігін жүзеге асыру сапасы, медиацияны қолдану, электронды істерді қарау тәртібі, судьялардың білімін жетілдіру және басқа да соттардың жұмыс бағыттары бойынша айтты.
Ақмола облысы соттарымен мемлекеттік тілде қаралып жатқан барлық істер мен материалдардың пайыздық көрсеткіші 17 % құрады. Мемлекеттік тілде қаралып жатқан істердің үлесі соңғы төрт жылда 13 есе өсті.
2021 жылы 3 судья тәртіптік жазаға тартылды, 3 судьяға қатысты материал Сот жюриінің қарауына жолданды.
БАҚ-пен ықпалдаса соттар 5 611 іс-шара атқарды, 2 кітап жарыққа шығарылды, «KOKSHE» облыстық телеарнамен бірлесіп мемлекеттік тілде «Төрелік» атты бағдарлама ашылды. «Қазақ билері туралы не білеміз?» айдарында би-шешендер туралы ақпараттар жарияланды, ӘРПК мен жаңа әкімшілік соттың жұмысы туралы судьялардың бейнетүсіндірмелері шығарылды, «Мен қазақша сөйлеймін» акциясы ұйымдастырылды және т.б.
Журналистермен кездесуде Д.Әмір: «Соттар бүгінгі күні Мемлекет басшысы қойып отырған, еститін мемлекет құру жолындағы міндетті толық орындауға дайын, алдағы уақытта жұмысты одан әрі жалғастырып, халықтың сотқа деген сенім биігінен көрініп, әрбір іс бойынша заңды да әділ сот актілерді шығаруға, қойылған мақсаттарды жүзеге асыруға облыс соттарының мүмкіндігі толық жетеді», – деді.
Ақмола облыстық сотының баспасөз қызметі