12 маусым - Жалпыұлттық аза тұту күні

spot_img
spot_img
spot_img
0.00₸

Корзина пуста.

Рақымшылық жасаудың да өз талабы бар

Мемлекет басшысы Ішкі істер министрлігінің 2020 жылы өткен алқа мәжілісінде ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығында азаматтар мен мемлекетке қауіп келтірмейтін қылмыстарға рақымшылық жасау қажеттігін айтқан болатын. Соған орай, ҚР Ішкі министрлігі «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» заң дайындап, оған Президент былтырғы 7-желтоқсанда қол қойды.

Жалпы айтқанда, бұл заң онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстық әрекетке барғандарға, оның ішінде кәмелетке толмағандар мен І, ІІ топтағы мүмкіндігі шектеулі жандарға, сондай-ақ, егде жастағыларға, жүкті және жасы 18-ге толмаған баласы бар әйелдерге қолданылады.

Осы заң нормаларына қысқаша тоқталсақ, қылмыстық жауаптылықтан немесе негізгі жазадан босату 2-баптың 1, 2, 3, 4, 5-бөліктерімен сараланған. Яғни, негізгі жазадан теріс қылықтар, онша ауыр емес, сондай-ақ, залал келтірмеген не оны толық өтеген немесе ол бойынша азаматтық талап қойылмаған ауырлығы орташа қылмыс жасағандар босатылады. Айта кетерлігі, әлеуметтік жағынан осал топтағылар залал мен талап-қою бар болса да кешіріледі. Сонымен қатар, рақымшылыққа теріс мінез-құлық танытпаған және жазасын өтеп бітуіне бiр жылдай уақыт қалғандар ілігеді.

Негізгі жазаның мерзім-мөлшерін қысқарту заңдылығы 3-бапта көрсетілген. Әлеуметтік осал топқа жататындарға қатысты айтсақ, жазасын өтеп жүрген немесе оны әлі орындамағандардың ауыр қылмыста негізгі жазасының өтелмеген не орындалмаған бөлігінің екіден бірі, ал, аса ауыр қылмыстар бойынша төрттен бірі қысқартылады.

Осал топқа кірмейтін жазасын өтеп жатқандар мен орындамағандар қылмыстық құқық бұзушылықпен келтірілген залалды және өздеріне қойылған талап қою талаптарын толық өтесе, ауыр қылмыстар бойынша негізгі жазасының үштен бірі, аса ауыр қылмыстарда бір бөлігі қысқарады.

Рақымшылық жасауды қолдану шарттары мен тәртібі қалай жүзеге асады десек, жазаны орындайтын мекемелер мен органдар осы заңның уақтылы орындалуын қамтамасыз ету мақсатында сотқа тиісті құжаттарды беруге міндетті. Атап айтқанда, жазаны өтеуден босату не оның мерзімін қысқарту туралы ұсыным, сотталушыға қатысты сот үкімі мен басқа да сот актілерінің көшірмесі, жазаның өтелген және қалған мерзімі туралы мәліметтер, сотталған адамның жеке немесе бақылау ісі, әлеуметтік жағынан осал жанның мәртебесін растайтын құжаттар.

Тиісті органдар осы заң күшіне енген күннен бастап алты ай ішінде оның орындалуын қамтамасыз етеді. Егер рақымшылық алуға заңды тұрғыда мүмкіндігі бар адам немесе оның заңды өкілі қарсы болса, ол қолданылмайды.

Қазақстанда сотталып, бірақ, жазасын тыс жерде өтеп жатқандар, сондай-ақ, жазасын өтеу үшін біздің елге берілген адамдарға рақымшылық жасауды қолдану ҚР Қылмыстық-процестік кодексінде және Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттарда айқындалатын тәртіппен жүзеге асырылады.

Рақымшылық жасау бойынша жазадан босатылғандар тағдырына мемлекетіміз немқұрайды қарамайды. Бұл тұрғыда ел үкіметі мен облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, сондай-ақ, Елорданың жергілікті атқарушы органдарына жауапкершілік жүктелген. Мысалы, жақындары жоқ әлеуметтік осал топтағы өз-өзіне күтім жасай алмайтын адамдарды стационарлық үлгідегі медициналық-әлеуметтiк мекемелерге орналастыру, кәмелетке толмағандардың орта, техникалық немесе кәсіптік білім алуын жалғастыруына жәрдемдесу, сонымен қатар, ата-аналары немесе оларды алмастыратындар тәрбиесіне не мамандандырылған мемлекеттік органға жіберу, тұрғылықты жері жоқ, өмірлік қиын жағдайда қалғандарды дағдарыс орталықтарына орналастыру, заңмен айқындалған тағы басқа әлеуметтік көмек көрсету жөнінде шаралар қабылдайды.

Өмір болған соң адам баласының сүрініп, қателікке бармауына кепілдік жоқ. Сондықтан, олардың қателіктерін түсініп, қоғамнан өз орындарын табуына атсалысу біздің азаматтық міндетіміз. Кешірім жасап, кеңдік таныту, қашан да ізгілікті іс.

Олжас Күреңбеков,

Қапшағай қалалық сотының төрағасы

Алматы облысы

Сот жүйесіндегі мемлекеттік тілдің маңызы

Тіл – әр ұлттың негізі. Ұлттың ұлт ретінде сақталуы...

Мемлекеттік тілде сөйлеу баршаға міндет

Мемлекеттік тіл ел тәуелсіздігін айқындайтын негізгі белгілердің бірі. Қазақ тілінің...

Мемлекеттік қызмет жүйесінің қалыптасуы мен дамуы

Еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін мемлекеттік қызмет жүйесін қалыптастыру қажеттілігі...

Медиация – бейбітшіл елдің басты миссиясы

Қазақстан – әлемде тұрақтылық пен қауіпсіздікті қолдайтын, көптеген дау-жанжалды...

Жазаны қатаңдату арқылы жауаптылық көтеріледі

Қазақстан Республикасында Конституцияға сәйкес адам құқықтары мен бостандықтары танылады...