Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ресей Федерациясына сапары туралы айтты, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі egemen.kz сайтына сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы екі күнде, яғни 10-11 ақпанда Мәскеуге, Татарстан Республикасына барды.
«Қазіргідей «ковид» кезінде бұлай жоғары деңгейде қабылдау — сирек кездесетін жағдай. Иран, Франция сияқты елдердің президенттерін салқын қабылдап, олармен үлкен ақ үстелдің екі басында отырып келіссөз жүргізді», — деді Берік Уәли.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путиннің кездесуі Кремль сарайында өтіп, нәтижесінде білім беру, цифрландыру, ғарышты игеру, атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану бойынша мамандар даярлау саласындағы келіссөздерге қол қойылды.
«Қазақстанда Ресейдің жетекші жоғары оқу орындарының филиалдарын көбейту, сондай-ақ, «Болашақ» бағдарламасы аясында қажет мамандар даярлау жөнінде маңызды уағдаластықтарға қол жеткізілді. Бұл бағыт бойынша Алматыда МИФИ-дің, Атырауда Губкин атындағы университеттің филиалдарын ашу жұмыстары басталып та кетті. Бауман атындағы Мәскеу мемлекеттік техникалық университетімен және басқа да бірқатар оқу орнымен олардың өкілдіктерін ашу жайында келіссөздер жүргізіліп жатыр. Қазақстанның «Халықаралық бағдарламалар орталығы» акционерлік қоғамы Ресей Федерациясының МИФИ, МФТИ, Губкин атындағы РМУ, Бауман атындағы ММТУ, ИТМО, МИСиС сияқты жетекші алты техникалық университеті мен «Болашақ» бағдарламасы аясында ынтымақтастық орнату туралы меморандумға қол қойды», — деді ол.
Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Ресей Федерациясы Цифрлық даму, байланыс және бұқаралық коммуникациялар министрлігі цифрландыру саласында тәжірибе алмасу туралы меморандумға қол қойды. Бұл құжат цифрлы даму саласындағы ынтымақтастықты дамытуға, соның ішінде екі елдің мемлекеттік қызметшілеріне қажет техникалық және ұйымдастырушылық дағдыларды үйретуге бағытталған.
Берік Уәлидің айтуынша, тараптардың цифрлық сала басшыларын даярлау бағдарламасын бірлесіп іске асыру, IT мамандарын даярлау және олардың біліктілігін арттырудың қарқынды бағдарламасын іске қосу, Astana Hub халықаралық технопаркі базасында цифрлық трансформация құралдарын қамтамасыз ету және қолдау жөнінде келісім жасалды.
«Келіссөз қорытындысы бойынша «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ мен «Трансмашхолдинг» АҚ арасындағы ынтымақтастық туралы маңызды келісімге қол қойылды. Бұл құжат маневрлі және магистральды локомотивтерді, жүк вагондарын және Ресей теміржол машина жасау саласының басқа да өнімдерін жеткізуді көздейді. «Трансмашхолдинг» — темір жол машинасын жасау саласының ірі өндірушісі және ұзақ жылдан бері Қазақстан темір жолының негізгі серіктестерінің бірі», — деді Берік Уәли.
«Біз Ресей мен Қазақстанның ынтымақтастығы одан әрі кеңейіп, арта түсетініне сенімдіміз. Қазақстан Президенті өз елінде азаматтардың әлеуметтік тұрғыдан қорғалуын қамтамасыз етуге, сыбайлас жемқорлықты жоюға, экономиканы жаңғыртуға, елдің күштік құрылымдарын нығайтуға бағытталған бірінші кезектегі шаралардың кешенді жоспарын іске асыра бастайтынын айтты. Қазақстандық әріптестерімізге бекітілген жоспарларының табысты орындалуына тілектеспіз және бұған жан-жақты көмектесуге дайынбыз», — деді Ресей Президенті.
«Биыл Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы қарым-қатынас тарихында атаулы күн барын айтқым келеді. Бұл — екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастың 30 жылдығы», — Берік Уәли.
Берік Уәлидің айтуынша, Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ресей Федерациясы үкімет төрағасы Михаил Мишустинмен кездесуі өте нәтижелі болды. Бұл кездесу барысында екі ел арасындағы іскерлік серіктестікті одан әрі ілгерілету мәселелері талқыланған.
«Президент барлық күш-жігерді, ең алдымен, сапар барысында қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыруға және нақты нәтижелерге қол жеткізуге шақырды», — деді Берік Уәли.
Мемлекет басшысының Ресей Федерациясына жұмыс сапары Татарстан Республикасында жалғасты.
10 ақпанда Қасым-Жомарт Тоқаевты Республика басшысы Рустам Минниханов пен оның делегациясы қарсы алды.
«Ақын есімінің елімізбен тығыз байланысты болуының да астарында бір сыр бардай. Құйрықты жұлдыздай жарқ еткен Ғабдолла Тоқай небәрі 26 жасының 12 жылын Орал қаласында өткізген. Осы жерде татар әдебиетінің алтын қорына енген бірқатар туындысын жазып үлгерді. Орал қаласында оның құрметіне қойылған бюст пен көше атауы бар. Қазақстанның басқа қалаларында, соның ішінде Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкентте ақын Ғабдолла Тоқай атындағы көшелер бар», — деді Берік Уәли.
Мемлекет басшысының Татарстанға сапары ғасырлық тарихы бар «Қазан Кремлінен» басталды. Қасым-Жомарт Тоқаев мұнда «Құл Шариф» мешіті мен Благовещенский соборын аралап көрді.
«Қазан Кремлі» аумағында Президент сарайы орналасқан. Мұнда Қасым-Жомарт Тоқаев пен Рустам Минниханов ресми делегациялардың қатысуымен екіжақты кездесу өткізді.
«Қазақ көшбасшысының республикаға сапары кезінде Татарстан басшысы бірге жүргенін айтып өткен жөн. Араларында достық қатынас орнағаны айтпаса да түсінікті. Бұл — олардың кейінгі 10 ай ішіндегі үшінші кездесуі. Кездесу басында Президент мемлекеттік тілде сөз сөйлеп, дипломатиялық қызметі аясында және БҰҰ бас хатшысының орынбасары лауазымында жүргенде алты құрылықты араласа да, Қазан қаласына алғаш рет келіп отырғанын айтты.»Мұным ұят болды, бірақ ештен кеш жақсы» деп әзілдеді Президент», — деді Берік Уәли.
Осы кездесуге Татарстандағы қазақтардың ұлттық-мәдени автономиясының басшысы Сағит Жақсыбаев та келіп, Қасым-Жомарт Тоқаевқа қазақ қауымдастығының құрылу тарихы мен қызметі жөнінде айтты. 1992 жылы Татарстан халықтары Ассамблеясы құрылып, ол 2007 жылға дейін осы ұйымды басқарды. Қазір республикада 2 мыңға жуық қазақ тұрады, олардың басым көпшілігі — студенттер.
Татарстан экономикасының флагманы саналатын «ТАНЕКО» мен «КАМАЗ» компанияларын өзара іс-қимылдың жарқын мысалы ретінде атауға болады.
«Қазақстан Президентінің Нижнекамск және Набережные Челны қалаларында орналасқан зауыттарды аралап көруі Татарстанға сапарының ең маңызды бөлігі болды. Бұл корпорациялардың екі ел арасындағы сауда-экономикалық қатынастардың дамуына қосқан үлесі зор екені сөзсіз. Мысалы, қазір Қостанай және Қарағанды облыстарында КАМАЗ автобөлшектері мен «Татнефть» автокөлік дөңгелектерін шығаратын зауыттарды салу бойынша үш жоба белсенді жүзеге асырылады. Бұл компаниялардың қатысуымен тағы да үш ірі жоба қолға алынады. Өз кезегінде Татарстанда қазақстандық капиталдың қатысуымен 40-қа жуық бірлескен кәсіпорын табысты жұмыс істеп жатыр», — деді ол.
Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев Нижнекамск қаласындағы «ТАНЕКО» кешенін аралау барысында «Татнефть» кәсіпорнында тағылымдамадан өтіп жатқан қазақстандық жас мамандармен кездесті. Жуырда «Татнефть» компаниясы мен Семей қаласының геологиялық барлау колледжі арасында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Нәтижесінде, биылдан бастап қазақстандық колледждің студенттері осы кәсіпорында өндірістік тәжірибеден өтеді. Осындай кездесу Набережные Челны қаласында да өтті. «КАМАЗ» компаниясының зауытында біліктілігін арттырған қазақстандықтар, елге оралған соң Қостанайдағы осы кәсіпорынның зауытында жұмыс істейді.
«Қасым-Жомарт Тоқаев әрбір іссапардан елге оралған сайын дәстүрлі түрде ел ішіндегі және шетелдік сапарлардың нәтижесі туралы әсерін бөліседі. Осы сапарға қатысты Мемлекет басшысы Ресей Федерациясына қысқа мерзімді, бірақ өте мазмұнды сапарының нәтижесіне көңілі толатынын, оның Қазақстан мен Ресей арасындағы стратегиялық әріптестік пен одақтастықты одан әрі нығайту тұрғысынан табысты болғанын айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Федерациясына жасаған осы жолғы сапары мен жоғары деңгейде өткен келіссөздерін Қазақстан мен Ресей арасында кейінгі жылдардағы кездесулердің ішіндегі ең маңыздысы деп есептейді. Ресей Президенті де осындай көзқараста деп ойлаймын», — деді Берік Уәли.