Алматы қалалық төтенше жағдайлар департаментінде 262 бос жұмыс орны бар. Бұл туралы онлайн брифинг барысында департаменттің кадр саясаты басқармасының басшысы Сәуле Шакалова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оның айтуынша, ҚР Үкіметінің қаулысына сәйкес осы жылдың басынан бері Алматы қаласы ТЖД-нің өрт сөндіру мен апаттық қызметінде штаттық жұмыс орны артты. «Осыған байланысты қатардағы және кiшi басқарушы құрамды қосқанда 262 бос орын бар. Атап айтқанда, өрт сөндірушілер, жүргізушілер және радиотелефоншылар»,- дейді спикер. Сонымен қатар, ол азаматтық қорғау органдарына жұмысшылар қандай тәртіппен іріктеп алтынатынын айтып берді. «Біздің қызметке 18 бен 35 жас аралығындағы азаматтар жұмысқа орналаса алады. Олар әскери борышын өтеген немесе ҚР-ның заңына сай әскери міндетін кейінге шегерген болуы керек. Білімі орташадан төмен болмауы керек. Сондай-ақ кәсіпкерлікпен айналыспайтын және қылмыстық жауапқа тартылмаған болуы шарт. Азамат өзінің жеке және іскерлік қасиеттерімен дене дайындығы мен денсаулық жағдайы бойынша өзіне жүктелген қызметтік міндеттерді орындауға қабілетті болуы керек»,- дейді Сәуле Шакалова. Кадр саясаты басқармасының басшысы қызметке кіру үшін азаматтар «Құқық қорғау қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңында айқындалған біліктілік талаптарына сәйкес келуі қажет екенін атап өтті. «Азаматтарды қызметке іріктеу бірнеше кезеңнен тұрады. Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасын білуге тест тапсыру, әскери-дәрігерлік комиссиядан өту, дене шынықтыру даярлығы нормативтерін тапсыру. Барлық кезеңдерден ойдағыдай өткен үміткер бастапқы кәсіби дайындықтан өту үшін Алматы қаласында орналасқан Оқу орталығына жіберіледі. Оқу орталығына қатысып жатқандар үш уақыт тамақпен және жатын орынмен қамтамасыз етіледі. Оған қоса 100 мың теңге көлемінде еңбекақы төленеді,-деді Сәуле Шакалова. Өрт сөндірушілер үшін бастапқы кәсіби дайындық — 35 күнтізбе күні. Жүргізушілер үшін – 14 күн, өзге қызметтер бойынша – 7 күн.