– Президент «қасіретті қаңтар» оқиғасынан кейін Парламент Мәжілісінің отырысында сөйлеген сөзінде еліміздің жаңа экономикалық тұғырын қалыптастыруды мықтап қолға алу қажеттігін айтты. Бұл жұмыс неден басталу керек деп ойлайсыз?
– Қазір бізге ұлттық және әлемдік экономикаға деген көзқарасымызды өзгертетін уақыт келді. Нарықтық қоғамда тек материалдық құндылыққа басымдық беріп, оның соңына еру түбінде оларды жарға жығатынын түсіну қажет. Әрине материалдық құндылық керек, бірақ оны өмірдің мақсаты етуге болмайды. Адамның, қоғамның басты мақсаты рухани даму болу керек. Біз қайда бара жатырмыз, біздің болашағымыз не болады деген сұраққа нақты жауап қажет. Бұл тек Қазақстан халқының ғана емес, бүкіл адамзат баласының көкейкесті мәселесі. Бұл жерде ешкімге ешқандай жаңалық ашудың қажеті жоқ.
– Жаңа экономикалық саясаттың негізін қалайтын Президент айтқан негізгі қағидаттар туралы ойыңыз қандай?
– Мемлекет басшысы кәсіпкерлермен кездесуде атаған – жеке меншікке қол сұқпау; инвестициялық климат; шынайы бәсеке; тиімді салық саясаты; сатып алуларды реформалау; мемлекеттің экономикаға араласуын төмендету; әкімшілік кедергілерді жоюдың экономикалық саясаттағы маңызын ешкім жоққа шығармайды. Бұл жердегі негізгі мәселе оларды жүзеге асыруға келіп тіреліп тұр. Біз экономиканы басымдық қыламыз ба, жоқ оны өз орнына қоямыз ба? Соны ашық айтуымыз керек. Мақсатсыз өмір сүруге болмайды.
– Мемлекеттік бюджет кірісінің төмендігінің басты себебі анықталды ма?
– Бюджеттің жағдайы қиын екенін барлық адам түсінуі тиіс. Қазір әлемде экономикалық дағдарыс жүріп жатыр. Бұл пандемияға байланысты болып отыр. Көп бизнес тоқтап қалып жатыр. Соған байланысты өнім өндіру азайды. Бұл бюджеттің жағдайын нашарлатты. Өнім азайған соң кіріс те, салық та азаяды ғой. Қазіргі болып жатқан экономикалық дағдарысты пандемияға байланысты қарау керек. Әрине бұрыннан келе жатқан мәселелер де бар. Бірақ қазіргі таңда көз алдымызға шығып тұрғаны пандемияға байланысты дағдарыс. Медицина мамандары пандемия әлі де жалғасады дейді. Бірақ ол да ерте ме, кеш пе бәрібір өтеді. Сондықтан бұл жағдай түзелген соң біздің жағдайымыз қалай болу керек деген сұраққа осы бастан қам жасауымыз қажет.
Егер мәселенің түбіріне назар аударатын болсақ мемлекеттік бюджет кірісі төмендігінің бір ұшы жемқорлықта жатқанын аңғаруға болады. Жемқорлық ұлғайған сайын мемлекетке түсетін табыс та азаяды. Біздің дамуымызға кедергі болып тұрған негізгі себеп сол. Одан кейін өнім өндіру көлемінің төмендігі. Оны ұлғайту үшін өзімізде өндірілетін шикізатты өңдеу ісін қолға алуды арттыру қажеттігі бұрыннан айтылып келе жатқанымен, әзірге оның нәтижесін көре алмай жүрміз.
– Жемқорлықты жеңудің жолы бар ма?
–Жемқорлықты жеңудің бір жолы – дін. Құдайдан қорыққан адам теріс әрекетке бармайды. Егер экономика таза болса жемқорлық та болмайды. Ондай елдер әлемде бар ғой. Сонымен қатар, әркім өз баласын дұрыс тәрбиелесе ол да жемқорлықты азайтады. Адам үкіметтен, заңнан бұрын Алладан да қорқады.
– Жаңа экономикалық саясаттың үлгісі бар ма?
– Әрине бар. Ислам әлемі рухани дамуды жоғары қояды. Оны күллі әлем іштей мойындайды. Материалдық емес, рухани дамуды басымдық еткен елдердің бәрі бірдей кедей деп ешкім айта алмайды. Бабаларымыздан қалған «Байлық мұрат емес, кедейлік ұят емес» деген нақыл жайдан-жай айтылмаған.
– Болашаққа жасалатын қадамды қалай жасауға болады?
– Оған жауап беру үшін мына түсінікті еске алуымыз керек. Қоғам әлемде дуалды болады. Оның бір жағында материалдық құндылықтар, екінші жағында рухани құндылықтар тұр. Мәселенің бәрі оның қайсысы басым болу керек дегенге тіреледі. Әлемде материалдық байлықты құндылық санайтын елдер өте көп. Қазақстан да соларға еліктеушінің бірі болып отыр. Екінші елдер, әсіресе, ислам әлеміндегі елдер рухани дамуды басымдық санайды. Ондай елде болашақ та болады. Олар асып кеткен бай ел болмайды. Осы тұрғыдан қарағанда біздің Қазақстан қайда бара жатыр деген заңды сұрақ туады.
Біз көп жағдайда материалдық байлықты қуып бара жатқан сияқтымыз. Айтатынымыз бәрі ақша, байлық, экономиканы дамыту. Өзім экономист болсам да экономикалық саясатты бұлай түсіндіру дұрыс емес деп санаймын. Экономикалық даму ең алдымен рухани дамудың қажетін өтеуі керек. Рухани дамуды басымдық ретінде алға қоймаған ел ешқашан алысқа бармайды. Адамзат тарихында оған мысалдар өте көп. Тарихта талай халықтар қалай жойылып кеткенін бәріміз жақсы білеміз ғой. Бұл үрдіс қазір де жалғасып келе жатыр. Аттарын атамай-ай қояйын, жағдайы мүшкіл елдер жеткілікті. Соны біле тұра қалай біз оларға еліктейміз. Үкіметтің айтатыны тек экономика, дамыған АҚШ пен Еуропа елдерінен қалмау. Ал олардың сырты ғана жылтырап тұрғанымен, іші қалай бүлініп жатқанын ешкім елеп-ескеріп жүрген жоқ. Рухани дамуда маңызы зор қоғамдық тәрбиені ешкім еш жерде айтпайды. Ең алдымен соны қолға алу керек. Қоғамды дамытудың негізі мықты болмаса, мемлекеттің сыртқы пішіні сақталғанмен оны ұлттық деп айту қиын.
– Қазақстан 2030 жылға дейін әлемдегі бәсекеге қабілетті елу елдің, ал 2050 жылға қарай озық отыздықтың қатарынан табылуды өзінің даму бағдарламасына стратегиялық мақсат етіп қойған болатын. Оны болашаққа бағдар деп айтуға бола ма?
– Дамыған 30 елге кімдер кіреді? Олар 2050 жылдан кейін қандай ел боларын болжап көрген адам бар ма? Меніңше жоқ. Біз бүгін оларды тек экономикалық өсімнің көрсеткіші бойынша ғана дамыған елдер деп айта аламыз. Ал олардың рухани тұрғыдан дамуы қандай жағдайда екенін жан-жақты зерттеп, талдап, көрсетіп бере алатын рейтинг бар ма? Мен оны әлі естіген де, көрген де жоқпын. Сондықтан материалдық құндылыққа иек артқан, соны басымдық санайтын елді бізге үлгі тұтуға бола ма? Меніңше жоқ. Біз болашаққа бағдар жасаған ел боламыз десек, құндылыққа деген көзқарасты өзгертіп, қоғамның үйлесімді тепе-теңдігін сақтауымыз қажет. Онсыз ешбір стратегиялық бағдарлама, тұжырымдама, жобалар мемлекетті дұрыс жолға түсіре алмайды.
– Қазақстанның жаңа экономикалық саясатын жасайтындар кімдер? Бұл жерде жауапкершілік кімге жүктелген?
– Жаңа экономикалық саясатты ғалымдардың ұсынысы бойынша үкімет жасайды. Ол екі бағытта болу керек. Бүгінгі таңдағы жұмыс пен болашаққа арналған. Онсыз экономикадағы дағдарыс қайталана береді. Оны болдырмаудың бір ғана жолы бар. Ол қоғамды экономика емес, рухани тұрғыдан дамыту. Рухани жағы төмен елде дағдарыс та әрдайым күшті жүреді.
– Ислам әлемі деген кезде қазір көп жағдайда –талибандардың аты аталатыны неліктен?
– Ислам әдемі тек талибандар емес қой. Өкінішке қарай ұлттық, рухани идеологияның әлсіздігінен сіз айтқандай әлемдік саясатта жұрттың бәрі тура жолдағыларды емес, адасқандарды көп айтады. Ал қоғамда әртүрлі адамның болуы заңдылық. Ол ешқашан біркелкі болмайды. Мәселенің бәрі тек қайсысы басым болу керек дегенге келіп тіреледі. Біз қоғамдық дамуда басымдықты рухани емес, экономикалық саясатқа беріп қойғандықтан ойлаудан, ойланудан да айырылып бара жатырмыз. Біз үшін өзгелер ойланып, өзіне тиімді саясатты санамызға әбден сіңіріп қойғандықтан, ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін аңғарудан да қалған жайымыз бар.
– Мемлекет басшысы инфляцияның мақсатты дәлізі 2025 жылға қарай 3-4 пайыз деңгейінде болу керек дегенді айтып отыр. Бұл қаншалықты мүмкін нәрсе?
– Әрине мүмкін. Егер рухани дамуды негізгі басымдыққа айналдырсақ оны 1 пайыз етуге де болады. Байқап отырмын Президенттің атаған жаңа экономикалық саясатының негізгі қағидаттары бойынша сұрақты көп әзірлеп кепсіз. Оның бәрі шешілетін нәрсе. Егер біз тек бүгінгі күнмен ғана өмір сүріп, болашақты ойламасақ ол алдағы уақытта да солай боп қалады. Қоғамды дамытуда үлкен өзгеріс болмайды.
– Сіздің ойыңызша Жаңа Қазақстанның негізгі тұғыры не болу керек?
Бірінші руханият, екінші демография, үшінші демократия, төртінші экономика. Менің ойымша, қазір сіз жоғарыда айтқан экономикалық жағынан бәсекеге қабілетті дамыған 30 елде қазір ұлттық құндылықтар жойылып бара жатыр. Сондықтан, жаңа Қазақстанның негізгі тұғыры руханият, соған сай білім мен ғылым, халықтың ұлттық мінез-құлқы болуы қажет. Руханиятты емес, материалдық құндылықты басымдыққа айналдырған АҚШ пен Еуропа елдерінде туу азайып, халықтың қартаюы белең алуда. Жұмыс күші жетпеген соң олар еңбек мигранттарын көптеп тартуға мәжбүр боп отыр. Сондай-ақ, көпшіліктің ғана емес, азшылықтың да құқын қорғаймыз деп демократияны желеу етіп бір жыныстылардың некесін заңдастыру сияқты адами құндылықтарды аздыру, әлсірету арқылы қоғамды алға дамытудың орнына кері сүйреуде. Олардың әрекеті батпаққа батып бара жатса да, одан құтылуға қам жасаудың орнына өзгелерді де өзімен бірге тартып алып бара жатқан адамның кейпін көзге елестетеді. Бір жыныстылар үйленбесін дегенді Неке және отбасы туралы заңға да енгізу қажет. Әйтпесе, қазір әркім ойына келгенін істеп жатыр. Оның түбі жақсылыққа апармайды
– Конституция бойынша Қазақстан зайырлы мемлекет. Дін мен мемлекет бір-бірінің ісіне араласпайды. Сонда діни мемлекет құрудың болашағы жоқ па?
– Статистика бойынша халықтың 70 пайызы дінге сенеді. Олардың басым бөлігі өзін мұсылман санайды. Сондықтан діни мемлекет құрудан қорқудың керегі жоқ. Зайырлы боламыз деп біржақты болмау керек.
Шындап келгенде зайырлылық деген коммунистердің сөзі ғой. Мұсылмандардың қасиетті Құран кітабында да сендерді рухани даму үшін жараттым деп жазылған. Шынайы дін руханиятты дамытады. Дінсіз елде руханият да болмайды.
– Еуразиялық экономикалық одақтың болашағы бар ма?
– Егер бәрі әділетті түрде жасалып, руханиятқа көбірек көңіл бөлінсе оның болашағы болады. Бірақ ол ЕуроОдақ болып кетпесін. Өйткені, оның рухани негізі жоқ. Онда болашақта ұлттық мемлекеттер болмай қалады. Германия сияқты елдер жұмыс істейтін адамы жоқ болғандықтан мигранттарға есік ашып қойды ғой. Егер демографияны дамытпаса, болашақта немістер ұлт ретінде азшылыққа түсіп, мемлекет ретінде тек сыртқы пішінін ғана сақтап қалуы мүмкін.
– Бізге ортақ валюта керек пе?
– ЕуроОдақтың жақсы жағын алып, жаман жағын қалдыратын болсақ қандай ұйым не одақ болмасын оның зиянынан пайдасы көп болады. Ортақ валюта, ортақ нарық болу керек әрдайым.
– Жұртшылық арасында зейнет жасын төмендетуге қатысты мәселе қызу талқыланып жүр. Ол қаншалықты негізді деп ойлайсыз?
– Ол демографияға байланысты нәрсе. Егер жастар көп болса адамдар зейнетке ерте шығуға мүмкіндік алады. Егер аз болса адамдар қартайғанша жұмыс жасауға мәжбүр болады. Өйткені, бізде ғана емес, бүкіл әлемде жұмысшылар жетіспей жатыр ғой.
– Сұхбатыңызға рақмет.
Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ,
«Заң газеті»