Зайырлы, өркениетті елде азаматтардың құқығы мен бостандығын қорғау бірінші басымдыққа ие. Бұл еліміздің сот саласы мен құқықтық жүйеде үнемі жаңа реформалардың қолға алынып, жаңғыртулардың жүргізілуіне себеп болып отыр.
Жаңашылдықтар Президенттің жыл сайынғы жолдауларында берілген тапсырмаларымен өзектес. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кезекті жолдауында құқық қорғаудың үш буынды моделін құруды тапсырғаны мәлім. Дәл осы мәселенің таңдалуы тегіннен-тегін емес. Шындығында құқық қорғау жүйесінің жұмысы азаматтар тарапынан жиі сыналады. Өйткені, қылмыстық іс жүргізу саласы Кеңес өкіметінің құқықтық жүйесінен қалған айыптау сарынынан толық арыла қоймады. Мұның соңы азаматтар мен құқық қорғаушылар арасын алшақтатып, полицияға деген сенімді төмендетіп келгені рас. Ал үш буынды модель осы қалыптасқан кемшілікті кешенді түрде жоя отырып, сала жұмысына серпін беруді көздейді.
Құқық қорғаудың үш буынды моделі қажеттіліктен қолға алынған бастама. Бұл модель азаматтар құқығын заманауи тұрғыдан қорғауды қамтамасыз етеді. Сонымен бірге, бұл жүйе халықаралық талаптарға сай келетін соны үлгі. Үш буынды модельдің түпкі мақсаты – полиция, прокуратура, сот құзыретін нақтылап, жұмысты жандандыру.
Президент тапсырмасынан кейін еліміздің даму дағдысына, ұлттық болмысына қарай жаңа модельді қолданысқа енгізу бойынша кешенді жұмыстар қолға алынды. Еліміз 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап құқық қорғаудың үш буынды жүйесіне көшті. Осыған орай, алғашқы қадам құқық қорғаудың негізгі үш буыны – полиция, прокуратура, соттың өзіне ғана тиесілі функцияларын айқындап, қызметтерін нақтылауға бағытталды. Жаңа модельді құру арқылы қоғамдық мүдде мен адам құқықтарын қорғауда тепе-теңдікке қол жеткізу көзделді.
Үш буынды модель кезіндегі қылмыстық процесті үш кезеңге бөлуге болады: қылмысты анықтау және дәлелдемелер жинау; жиналған дәлелдемелерге баға беру және айыптауды дайындау; істі мәні бойынша шешу, яғни кінәлілігін анықтап, жаза тағайындау. Бір-біріне жалғасқан бұл тізбектегі полицияның негізгі міндеті дәлелдемелерді жинақтап, бекітуге бағытталған. Осыдан кейін материал прокурордың құзырына өтеді. Өз кезегінде прокурор тергеуге басшылық етіп, полиция ұсынған дәлелдемелерді бағалап, құқықтық тұрғыдан саралаумен айналысады. Жұмыс барысында прокурор істі қысқартуға, құжаттарды қайта тергеуге жіберіп, полицияға тапсырма беруге толық құзырлы.
Бұл жаңашылдықтағы соттың да рөлі жоғары. Үш буынды модель шеңберінде сотқа екі функцияны жүзеге асыру жүктеліп отыр. Яғни, сот алдымен тергеу сатысында адамның құқығы мен бостандығының сақталуына қадағалау жүргізсе, ал сот талқылауы сатысында үкім шығарып, азаматтың кінәлі екенін немесе кінәсіздігін анықтайды.
Осыдан көріп тұрғанымыздай үш буынды модель жас мемлекеттегі құқық қорғау ісін дамыған елдер стандартына жақындата түсті.
Жайық Жанболатов,
Қапшағай қалалық сотының судьясы
Алматы облысы