Мемлекет басшысы лаңкестік актілер себептерін және ұйымдастырушыларын анықтау бойынша тергеуді Бас прокуратураға тапсырды. Бұл жөнінде Ішкі істер министрлігі тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов мәлімдеді. Сондықтан аталған санаттағы және онымен байланысты барлық қылмыстық істер арнайы прокурорлар басшылық ететін ведомствоаралық жедел-тергеу топтарының өндірісіне берілді. Қалған қылмыстық істер бойынша тергеуді ішкі істер, ұлттық қауіпсіздік, экономикалық тергеу және сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет органдары жүргізуде.
Алматы, Талдықорған, Тараз, Шымкент, Қызылорда, Өскемен, Ақтөбе, Атырау және Семей қалаларында 1 466 әртүрлі үй-жайларға шабуыл жасалған. 71 мемлекеттік мекеменің 12-сі әкімшілік ғимараттар, 27-сі полиция объектілері екені белгілі болып отыр. Ең көп зардап шеккен – бизнес объектілері. 1 395 бизнес нысанына тек зақым келтіріліп қана қоймай, толықтай тоналған. Сонымен қатар, 700-ден астам автокөлік зақымдалып, жойылды, оның 500-ден астамы полицияның, қорғаныс және төтенше жағдай министрліктерінің, жедел жәрдем және өзге органдардың қызметтік көліктері болса, 116-сы жеке адамдар меншігі. 7 аңшылық дүкенге шабуыл жасалып, тоналды, олардан 1 564 дана азаматтық қару ұрланған.
Бүгінгі таңда 127 қылмыстық іс атыс қаруы мен оқ-дәрілерді заңсыз сақтау фактілері бойынша, тағы 30 іс оларды ұрлау фактілері бойынша тергеліп жатыр. Сонымен қатар, 63 мүлікті қасақана бүлдіру және жою, 12 автокөлікті айдап кету, 24 – қарақшылық және тонау, 23 – құқық қорғау органдары қызметкерлеріне күш қолдану және олардың өміріне қол сұғу фактілері бойынша қылмыстық істер тіркелді. Ұрлық пен тонау жасағаны үшін 274 адам уақытша ұстау абақтысына қамалды. Оларды тергеу ұрланған тауарлар мен қару түріндегі алынған заттай дәлелдемелермен, сондай-ақ бейнебақылау камераларының жазбаларымен, әлеуметтік желілердегі роликтермен, күдіктілердің өздерінің ұялы телефондарынан табылған деректерге негізделіп жүргізіледі. Мысалы, 19 қаңтарда Алматы қаласында 18 жастағы тұрғын ұсталды, оның ұялы телефонынан азық-түлік дүкендерінің бірінде ұрлық жасаған бейнежазба, ұрланған заттар аясында «селфи» және ең сорақысы көшеде бір полиция қызметкерін топ болып қатыгездікпен ұрып-соғуға қатысқанын айғақтайтын фотосуреттер табылды. Бұл бейнежазбалардың барлығын күдіктінің өзі жасағаны анықталып, ол уақытша ұстау абақтысына қамауға алынды. Мұндай фактілер көп.
Қазіргі уақытта өндірістегі қылмыстық істер бойынша келген залал қомақты. Зардап шеккендердің арыздануы барысында шығын сомасы ұлғаю үстінде.
Ішкі істер органдары тергеушілерінің қылмыстық істер бойынша барлық шешімдері заңнама талаптарымен қатаң сәйкестікте, атап айтқанда қылмыстық процестің үш буынды моделі шеңберінде қабылданады. Күдіктіні ұстау, олардың іс-әрекеттерін саралау, сондай-ақ бұлтартпау шараларын таңдау сияқты барлық негізгі іс жүргізу шешімдері тек прокурормен келісіледі. Одан өзге, тінту, сараптама үшін үлгілерді алу, санкциялау сияқты іс жүргізу әрекеттері тергеу соттарының қаулысы негізінде жүргізіледі.
Қылмыс жасады деген күдік бойынша ұсталған барлық адамдар дене жарақаттарының болуына медициналық куәландыру жүргізілгеннен кейін ғана, оларды алу мән-жайлары анықтала отырып, уақытша ұстау абақтысына қамалады. Себебі кейбіреулері тәртіпсіздік орнынан тікелей медициналық мекемелерге жеткізілген. Бұдан басқа, ұсталған күдіктілердің адвокаттарға қолжетімділігі қамтамасыз етіледі, қажет болған жағдайда мемлекет қаражаты есебінен тегін қорғаушылар қызметі ұсынылады.
Құқық қорғау органдары қызметкерлерінің лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдалануы және құзыретін асыра қолдануы туралы әрбір шағымға прокуратура органдарымен қатар Ішкі істер министрінің тапсырмасымен құзырлы орынның өзіндік қауіпсіздік бөліністері тексеру жүргізеді. Олардың байланыс деректері бірінші күннен бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған. Сонымен қатар, арнайы мекемелердің медицина қызметкерлерінің ұсынымдары бойынша денсаулық жағдайына байланысты бірқатар күдіктілерге қатысты бұлтартпау шараларын өзгерту мәселелері қарастырылуда. Бүгінге осы негіздер бойынша және жеке басын ескере отырып бірқатар күдіктілер күзеттен босатылды, оларға қатысты қоғамнан оқшауламайтын бұлтартпау шаралары қолданылды.
Терроризмге қарсы операцияны жүргізу барысында ұрланған қарудың 515 бірлігі табылып, тәркіленді. Оның ішінде 75 автомат, 133 пистолет, 2 пулемет; 47 ойық, 103 тегіс ұңғылы қарулар, 100-ден астам гранаттар, 9 мың данадан астам оқ-дәрі. Қаруды ұрлағаны үшін 98 адам ұсталып, уақытша ұстау абақтысына қамалды және оларды заңсыз сақтағаны үшін 61 адам ұсталды. Осы ретте Санжар Аскенұлы, азаматтардың назарын ұрланған қару халықтың өмірі мен қауіпсіздігіне қауіп төндіретініне аударуы қажеттігін атап көрсетті. Оның айтуынша, олар енді кез келген заңсыз әрекеттерге қолданыла алады. Барлық адамдардың қаруды ұрлауға қатысы болмауы мүмкін екендігін ескере отырып, тауып алған азаматтарды оларды ерікті түрде тапсыруға тағы да шақыратынын жеткізді.
Оның айтуынша, бүгінгі таңда 31 қару ерікті түрде тапсырылғанын атап өткім келеді. Арнайы жедел-тергеу топтары құрылды және жұмыс жасап жатыр, кәсіби көмек көрсету үшін ІІМ Орталық аппаратынан тәжірибелі қызметкерлер жіберілді.
А.Тұрмағанбетова,
«Заң газеті»